• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 10 Қазан, 2023

Алты қаламгерге бұйырған арнайы сыйлық

347 рет
көрсетілді

«Әкімі ақынын іздеген ел бақытты» деген тәмсілдің Кереку өңіріндегі рухани саладан байқалып отырғаны ел-жұртты қуантты. Жуықта Қазақстан Жазушылар одағы мен Павлодар облысы әкімдігінің бірлескен жобасы аясында еліміздегі 6 бірдей танымал қаламгер қаржылай сыйақыға ие болды.

Ертіс-Баян өңірінде дүниеге келген Алаш ардақтыларының есімін ұлықтау әрі бүгінгі әде­биетте жарқырай көрініп, со­ңында қалың оқырманы қалып­тасып қалған отандық ақын-жа­зушыларды қолдау мақса­тын­­да қолға алынған жоба өңі­рі­мізде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Қазақстан Жазушылар ода­­ғының арнайы ұсынысымен «Сұл­танмахмұт Торайғыров атындағы сыйлық» – ақын, жазушы Нұржан Қуантайұлына, «Мұзафар Әлімбаев атындағы сыйлық» – жазушы Мағрипа Қожахметоваға, «Иса Байзақов атындағы сыйлық» – әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдекеге, «Жүсіпбек Аймауытұлы атын­дағы сыйлық» – ақын, жазушы, публицист Сайлау Байбосынға, «Ра­мазан Тоқтаров атындағы сый­лық» – ақын, жазушы Ақын Алақанұлына, ал «Мәшһүр Жү­сіп атын­дағы сыйлық» ақын, жазу­шы, әдебиеттанушы Серік Елік­­байға берілді. Соңғы аталған үш қаламгер – керекулік.

Әу баста өңірлік әкімдікпен келісім бойынша алты сыйлықтың төртеуі өзге аймақтарға бұйыруы керек-тін. Дейтұрғанмен ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төр­ағасының орынбасары Қа­сым­хан Бегманов соңғы сәтте өзі ұсы­нылған сыйлықтан бас тар­тып, бұл мәртебеге Серік Тө­леутайұлы әбден лайықты деп ше­шімін айтқан. Себебі С.Елік­бай Мәшһүр Жүсіптің феноменін зерттеуде әдеби тұрғыдан жаңа­лық әкеліп, «Мәшһүрдің мұңы» романын жазды. Осы еңбегі ла­йықты бағасын алды деп есеп­тейміз.

Жазушылар одағының Павло­дар облыстық филиалының директоры Серік Елікбайдың ай­туын­ша, ақын-жазушыларды ын­­таландыруға бағытталған мате­риалдық қолдау өңір басшысы Асайын Байхановтың жана­шыр­­лығымен жүзеге асқан. Ал әдебиет майданында жүрген қа­­лам­герлерді сұрыптап, еңбе­гіне қа­рай сыйлыққа ұсынуды рес­пуб­­ликалық одақ өз жауап­кершілігіне алды.

– Біздің өңірімізден Ақын Алақанұлы мен Сайлау Байбо­сынның бұл сыйлыққа алғашқы болып ілігіп отырғанына қуаныш­тымыз. Ақын Алақанұлы биыл 80 жасқа келген қарт қаламгер, Моңғолия мен еліміздің әде­биет саласына елеулі үлес қосты. Ал биыл 65 жасқа толып отыр­ған публицист Сайлау Бай­бо­­сын­ның әдебиеттен бөлек, Алаш арыстарының ғұмырын зерт­теудегі еңбегі ерен.

Сыйлықтар өңірімізден шық­қан 6 тарланымыздың есім­де­рімен аталды. Бұл тұлғалардың қай-қайсысы болсын отандық ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетін дамытуға заманында септігі тиді. Қазақтың халық ақыны, әнші, актер, композитор, домбырашы Иса Байзақовтың есімі бүгінде көп айтыла бермейтіні өкінішті. Иса – арқалы ақын, кезінде барша қазақ даласын өзінің отты жырларымен аузына қаратты. Алайда әйгілі жерлесіміздің есімі мектеп оқулығына енбей отыр. Енді бір танымал тұлғамыз – жазушы Рамазан Тоқтаров француз тілінің маманы болған. Абайды өзгеше қырынан зерттеп, отандық әдебиетте ерекше құбылыс тудырған романдар жаз­ды. Жүсіпбек Аймауытұлы қазақ әде­биетіндегі алғашқы кәсіби про­заға сүрлеу салған сол еді. Мұх­­тар Әуезов Жүсекеңді прозада ұстазым деп таныған. Әйгілі жер­лестеріміздің есімін таныту, өнегесін жұртқа жария етуде мұн­дай жобалардың өміршеңдігі зор. Жалпы, әдебиет саласындағы шы­ғармашыл қауым әр кезеңде де материалдық тұрғыдан әлсіз. Оларды қаржылай қолдау бүгінде мемлекетіміз маңыз беретін ша­руа­ның бірі болуға тиіс. Оның үстіне ана тілімізде оқитын контент те азайғаны байқалады. Әде­биет саласының мықтыларын жар­намалау, оларды жақсы дү­ние жазуға талпындыру үшін дәл осын­дай қолдаулар ауадай қа­жет, – дейді Серік Елікбай.

Бірнеше романның авторы, республикалық жыр мүшәй­раларының жеңімпазы, сатирашы әрі публицист Сайлау Бай­­босын ақын-жазушыларды қолдау шаралары бұған дейін Ақтөбе, Қара­ғанды, Семей, Ақ­мола өңір­лерінде тұрақты өткі­зіліп келе жат­қанын жеткізді. «Жүсіпбек пен Сұлтанмахмұт» атты дастаны кезінде республи­када жүлде алған қаламгер бү­гінде Алаш ардақтыларының өмірін зерделеу үстінде. Осының барлығы арнайы сыйлықтың иегері атануы­на негіз болған. «Соңғы уа­қыт­та өңіріміздегі рухани саланы қол­дауға баса маңыз беріліп отырғаны бай­қалады. Павлодар облысында одақтың небәрі 20-дан астам мүшесі бармыз. Оларды ын­таландыруға жергілікті филиа­л тарапынан да, әкім-қа­ралар тарапынан да оң істер жасалып жатыр. Әрі-беріден соң со­ңымыздан ілескен жастарға қа­нат бітіреді. Шығармашыл адам өзіне халықтан ғана емес, билік та­рапынан да дұрыс назар болғанын қалайды. Себебі мемле­кетшілдік идеяларды халық­­­тың жүрегіне шеберлікпен жет­­кізетін, оқырманды зиялы болуға ынталандыратын – ақын-жазу­­шылар. Олардың көңіл күйі дұрыс болса, әдебиет те суыры­лып алға шығады. Рухани сала­да жүргізіп отырған шаруа­ла­рымыздың барлығы айналып келгенде ана тіліміздің аясын кеңейтуге бағытталатыны рас», деп өз пікірімен бөлісті Сайлау Әшенұлы. Қаламгер бүгінде өңірімізде «Ақбеттау» журналын тұрақты шығарып келе жатқанын да атап өту керек. Отандық әде­биет­ті дамытуға мер­зімді басылым сүбелі үлес қосып отыр.

 

Павлодар облысы