Алдағы қараша айында Павлодар облысының Ақтоғай, Железин, Шарбақты аудандары әкімдерінің сайлауы өтеді. Қоғам өкілдерінің пікірінше, бұл пилоттық жоба – жергілікті басқару халықтың қолына беріле бастағанының айғағы. Қазірде аталған үш өңірге жетекшілік етуге 19 азамат үміт етіп отыр.
Ел билігінің демократиялық қоғам құрудағы талпынысы соңғы уақытта өз нәтижесін бере бастағанына халық куә. Былтырдан бері ауыл әкімдерін сайлау қалыпты үрдіске айнала бастады. Ендігі жерде аудан әкімдерінің сайлауы демократиялық жаңарудағы маңызды белес болмақ. Аудан, қала әкімдерінің сайлауы – еліміздегі саяси реформаларды одан әрі дамытып, халықтың өзіне билік беру тұжырымын нақтылай түседі. Осы арқылы қоғамның билікке деген сенімі күшейіп, мемлекеттік қызметтің басқару буынына білікті әрі мықты азаматтар топтасады деп есептейді сарапшылар.
Өңірлік аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Аманжолованың хабарлауынша, 5 қараша күні өтетін Ақтоғай, Железин, Шарбақты аудандары әкімдерінің сайлауына үміткерлердің өзін-өзі ұсыну кезеңі аяқталды. «Бұл кезеңнің қорытындысында әкім лауазымына 19 азамат үміткер ретінде тіркелді. Атап айтқанда, Ақтоғай ауданында 6 үміткер, Железинде – 8, ал Шарбақтыда 5 үміткер бар. Олардың ішінде 9 кандидат саяси партиялардың атынан қатысуды жөн деп шешсе, өзгесі – өзін өзі ұсынғандар. Яғни бұл жерде жеке азаматтар тарапынан ерекше белсенділікті байқап отырмыз. Үміткерлер арасында 2 әйел тіркелді. Барлық үміткердің орташа жасы – 43 жас болса, ең кішісі 31-де, ең ересегі 55 жаста. Этностық құрамы жөнінде айтсақ, арасында 16 қазақ, 2 орыс және біреуі неміс ұлтынан» деп атап өтті ол.
Аудан әкімі лауазымына үміткерлер арасында мемлекеттік мекемелердің 11 қызметкері, коммерциялық ұйымдардың 5 өкілі және бір қоғам белсендісі мен екі уақытша жұмыссыз жүрген азамат бары анықталды. Үміткерлердің мамандықтары да әртүрлі, төртеуі – экономикалық арнайы білімді игерсе, өзгелері инженер, педагог, мемлекеттік және жергілікті басқару, заңгер, зоотехник мамандықтарында оқыған. Қазіргі күні аудандардағы аумақтық сайлау комиссиялары үміткерлер ұсынған құжаттардың дұрыстығын тексеріп, нақты тіркеуге алу жұмыстарын жүргізіп отыр. 5 қарашада өтетін сайлау күні аталған үш өңірде жалпы саны 87 сайлау учаскесі жұмыс істеп, 90-нан астам ауыл тұрғындары дауыс беру мүмкіндігіне ие болады.
Саясаттану ғылымдарының магистранты Дәурен Ғазиз алдағы сайлау еліміздің саяси өмірі үшін үлкен серпіліс болады деген пікірде. Ауылдық аумақтарды дамыту үшін халықтың сенімінен шығатын адамды таңдап қою жұрттың көкейінде көптен жүргені анық. Ендеше, ендігі кезекте ауыл халқы белсенділік танытуы керек. Жаңадан сайланатын азаматтар жаңаша көзқараста, тың идеялармен жұмысқа кірісіп, барлық күш-жігерін өңір халқының игілігіне жұмсайтыны анық. Осы ретте аудандардағы басқару формалары да өзгеріске ұшырап, жаңа әкімдер өзіне жүктелген сенімді абыроймен алып шығуға, жергілікті жердің экономикасын барынша өрге сүйреуге тырысады. Ал экономикалық көрсеткіштер артса, аумақта тұратын тұрғындардың тұрмысы да түзелетіні мәлім.
Демографиялық ерекшелік тұрғысынан алып қарайтын болсақ, Ақтоғай – қазағы басым өңір, мұнда 13 мыңға тарта халық тұрады. 7 ауылдық округте 21 елді мекен бар. Ауданда сүт бағытындағы мал шаруашылығы және егін шаруашылығы жақсы дамыған. 364 шағын бизнес субъектісі бар.
Ал теріскейдегі Железин мен Шарбақты аудандарында егін шаруашылығының әлеуеті мықты. Топырақ құнары жоғары болуына орай әрі фермерлердің көбі заманға сай суару құрылғыларымен қамтылғандықтан, астық өсіретіндер қуаңшылық уақытта да аса зардап шекпейді. Алғашқысында – 33, соңғысында 27 ауылдық округ тіркелген. Мұндағы демографиялық жағдай өзгешелеу. Қос ауданның шекаралары Ресейдің Омбы және Алтай өлкелерімен шектескендіктен болар, өзге ұлт өкілдерінің ара салмағы басым. Железиндегі 15,2 мың тұрғынның 39 пайызы, Шарбақтыдағы 18,9 мың халықтың 43,5 пайызы – өзіміздің қандастар. Соған орай бұл аймақтарда мемлекеттік тілдің қолданыс аясына, соның ішінде қазақ мектептерінің аздығы мен елді мекендердің атауларына қатысты түйткілдер жетерлік. Мектеп бітіретін түлектердің басым бөлігі Ресейдің жоғары оқу орындарын таңдап, реті келсе сол жақта қалып қоюды аңсап тұратындары да жасырын емес.
Жаңадан сайланатын әкімдердің шешуі тиіс мәселелердің ең басында жайылым жерлердің тапшылығы мен ауылдық жерлердегі кадрлар мәселесі де тұр. Жоғарыда үш өңірдің де астықты өлкелер екенін атап өттік. Соған орай бұл аумақтарда мал өсіріп отырған ағайындарға жайылымдық жерлер жетпейді. Кейбір ауылдардың маңайындағы мыңдаған гектар жер тұтасымен үлкен шаруашылықтардың иелігіне өтіп кеткен. Бұл түйткілдің түйінін тарқату әзірше мүмкін болмай тұр. Жергілікті билік соңғы екі жылда жүздеген, мыңдаған гектар жерді мемлекет иелігіне қайтардық, жайылымдар кеңейді деп есеп беріп жатқаны мәлім. Шындап келгенде, қайтарылған аумақтар жайылымды аңсап отырған ауылдардан өте шалғай жерде орналасқан немесе шаңы шығып, қу тақырға айналған жер телімдері. Мұндай жерлер ит байласа тұрғысыз. Сондықтан айналасының барлығында егін жайқалған ауылдарда жайылым тапшылығын түпкілікті шешу әзірше мүмкін болмай тұр.
Өңірлік қоғамдық кеңестің мүшесі Еркеғали Жанғазы ауылдық жерлердегі назар аударарлық екінші мәселе – білікті кадрлардың жетіспеушілігі дейді. «Оңтүстіктен – солтүстікке» бағдарламасының нәтижесінде Павлодар облысына қаншама жас отбасылар, түрлі мамандық иелері көшіп келіп жатыр. Өкінішке қарай, олардың көбі қалаларға немесе қала маңындағы ауылдарға тұрақтап қалғанды жөн көреді. Себебі шалғай ауылдарда бүгінде дені дұрыс баспана жоқ. Қолданыстағыларының басым бөлігі әбден ескірген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шекара маңындағы ауылдарда үй салғандарға субсидия төленсін деген пәрмен берді. Бұл мүмкіндікті қаперде ұстап отырған инвесторлар өте сирек. Сондықтан алдағы уақытта жаңадан сайланатын аудан басшылары осы проблемалы жайтқа назар аударуы керек. Үшіншіден, ауылдарда жұмыссыздық әлі де көп. Жұмыспен қамту органдары оларды өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр деп көрсетеді. Шын мәнінде бұл азаматтардың қолында не мал, не кәсіппен айналысуға мүлік жоқ. «Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар» санатын қаперге алатын уақыт жетті. Олардың арасында жергілікті экономиканың негізгі тірегі бола алатын қаншама жұмыссыз жастар, білікті мамандар баршылық. Бұл әлеуетті орнымен пайдалануымыз керек», дейді қоғам белсендісі.
Е.Жанғазы демократиялық ашық қоғам құру үшін саяси жаңару бағытындағы кез келген қадам маңызды болады деп есептейді. Қазіргі күні қалалық жерлерде билікті қоғамдық бақылаудың әлеуеті мықты. Кез келген жағдай, өзгеріс әлеуметтік желіде талқыланып, атқарушы биліктің тармақтары халықтың сондағы ой-пікірімен санасып отырады. Ал ауыл-аудандардағы мұндай әлеуметтік бақылау қалыптаса қоймаған. Жергілікті мәселелер көбіне сыртқа шығарылмай, қордаланып қалады. Көп әкімдерге жергілікті халық сенбейді. Мұндай келеңсіздіктердің соңы наразылыққа ұласып жатады. Сондықтан алдағы әкімдер сайлауы – осы кемшіліктерді жоюға бағыт бұрған саяси реформаның алғашқы баспалдағы. Тұрғындар сайлауда белсенділік танытып, өздері таңдаған үміткер жеңіске жетіп жатса, билікке деген сенім күшейеді. Ал халықтың сеніміне ие болған азамат өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен арқалайтыны айқын. Әрі келешекте жергілікті қауымдастық рөлі күшейе түссе, тұрғындардың бастапқы кезекте нені күтетінін әкім де біліп отырар еді. Сондықтан бұл сайлау – ауыл халқының өз аумағындағы көшбасшыны дұрыс таңдауына, ауыл берекесін арттыруға ерік беретін саяси талпыныс деп ұққанымыз абзал.
Павлодар облысы