Керекуде жергілікті полиция пункттерін оңтайландыру жүріп жатыр. Павлодар қаласында бұрын олардың саны 23 болса, қазіргі күні небәрі 16 полиция пункті жұмыс істеп тұр.
Полиция органдары сервистік моделге көшкелі тәртіп сақшыларының жұмысы да жақсара түскен. Жыл басынан өңірдегі құқық бұзушылықтардың саны шамамен 13 пайызға төмендегені байқалады. Павлодар облысы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыровтың мәліметінше, тіркелген қылмыстардың үлесі 10 мың адамға шаққанда 67 жағдайды көрсетіп отыр.
«Бұл – республикадағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі, – дейді ол. – Қылмысты ізін суытпай ашудағы полицейлердің белсенділігі өскен. Жалпы, жасалған қылмыстардың 59,2 пайызы жедел іс-қимылдың арқасында аз уақыт ішінде ашылған. Олар бойынша 121 қылмыстық іс ашылып, 51 қылмыстық топ қолға түсті. Заңсыз қару-жарақ айналымынан ешбір жерде тіркелмеген 40 қару тәркіленді. Тергеу-тексеру органдарының өндірісінде 8,6 мың қылмыстық іс тіркелсе, оның жартысынан астамы сотқа бағытталды. Биыл алғашқы 9 айда өңір азаматтары 120 мың рет заң бұзған. Олардың екі мыңнан астамы отбасы-тұрмыстық қатынастар саласына тиесілі.
Жол-көлік оқиғаларының саны да едәуір төмендегені байқалып отыр. Былтырмен салыстырғанда, жолдағы апат 9,1 пайызға кемімген. Алайда көлік апатынан қайтыс болғандар саны керісінше 10 пайызға көбейген. Жол патрульдері өзге саланың мамандарымен бірге автожолдарды зерделеп шығып, екі мыңнан астам кемшілікті анықтапты. Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде олқылықтарды орнына келтіру туралы жауапты мекемелерге ұйғарымдар жөнелтілген. Жолдардың күтіміне салғырт қараған және ондағы өндіріс қағидаларын бұзғаны үшін 171 лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылған.
Жоғарыда атап өткендей, қазіргі таңда өңірде «Полицияның сервистік моделі» жобасы аясындағы жүйені дамыту жалғасын тауып жатыр. Полиция жұмысын тұрғындар үшін тиімді ете түсуді көздейтін жобаға полицияның сапалы қызметі, клиентке бағдарлану, үкіметтік емес ұйымдармен, мемлекеттік мекемелермен тұрақты серіктестік жасау бағыттары енген.
«Полицияның сервистік моделі – билік органдарына деген сенімді арттыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полицияның қоғаммен бірлескен қызметі. Яғни қоғам мүшелерінің қауіпсіздік мәселелерін анықтау үдерісіне белсенді қатысуы дегенді білдіреді. «Азаматтарды қатыстыру шеңберінде құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмысқа қарсы күрес кеңінен, жан-жақты қарастырылады. Бұл полиция қызметіне терең өзгерістер енгізіп келеді. Мәселен, бұған дейін «Жұртқа жақын полиция» қағидаты жергілікті полиция қызметінің жұмысына жаңа серпін берді. Қоғаммен ашық тіл табысу, азаматтардың сеніміне ие болу, атқарылған жұмыстарды ашық көрсету және көпшілікпен бірлесе қылмыстың алдын алу жұмыстары әрбір учаскелік полиция инспекторының басты мақсатына айналды», деп атап өтті Ж.Қайыров.
Бұған дейін облыс орталығында еліміз бойынша алғаш рет сервистік қызмет көрсететін учаскелік полиция пункті ашылды. Мұнда азаматтар полицияның құзырындағы кез келген қызметті ала алады. Қоғамдық орындарда полицияның тұрақты болуына және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған сервистік орталық 57 мыңнан астам адам тұратын «Усолка» шағын ауданында орналасқан. Нысанда азаматтарды қабылдауға және жұртшылықпен жұмыс істеуге арналған бөлмелер, ана мен бала бөлмесі, мәжіліс залы, қызметтік, демалыс және тамақтануға арналған бөлмелер бар. Орталықта жалпы саны 16 тәртіп сақшысы қызмет көрсетеді.
Павлодар облысы