• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Қазан, 2023

Апатты үйден көше бастады

225 рет
көрсетілді

Ертіс өзені жағалауына жақын орналасқан көпқабатты ескі үй апатты деп танылып, комиссия шешімімен бас­пана тұрғындары өзге пәтерлерге көше бастады. Бетон плиталарының арасы ажырап, іргесі сөгілгелі тұрған үй кезіндегі құрылыс-монтаждау жұмыстарындағы қателіктен осындай күйге түскен.

Центральная көшесі, №6 үй­дің­ апаттық жағдайы туралы пәтер иелері жыл ортасынан бері да­был қағып, төтенше жағдай қыз­меті мен жергілікті билік арнайы комиссия құруын сұраған. Бақсақ, бұл мәселе тек аталған баспанаға ғана қатысты емес екен. Дәл сондай жобалық технологиямен салынған №2 және №8 көпқабатты үйлер де (сол көшеде орналасқан) алдынғысының кебін кигелі тұр. Жергілікті әкімдік дереу комиссия құрып, арнайы құрылыс ұйымы сараптама жүргізді. Мамандар №6 үй­дің бетон плиталары тігісінен ажырап, үйдің құрылысына үлкен нұқсан келген деген ше­шім­ шығарды. Ең әуелі бұл бас­пананың жан-жағына металл­ тіректер қойып, құрсаулап тас­таймыз деп әрекеттенген. Алай­да нысан жөндеу жүргізіп жат­қан уақытта құлап кетуі мүм­кін екен. Сондықтан үйді бір­жола бұзу туралы шешімге кел­ді. Павлодар қалалық төтен­ше­ жағдайлар басқармасы бас­ты­­ғының міндетін атқарушы Тілек­жан­ Галямовтың айтуын­ша,­ үй айтар­лықтай ескі емес, 1989 жы­лы­ салыныпты. Құ­ры­лыс нормалары дұрыс сақ­тал­ма­ған­дықтан осындай жағ­дайға жеткен.

«Центральная көшесі, 6-үй­дің, шын мәнінде, төбесі мен іргесі құлағалы тұрғанын көріп отырмыз. Ал жанындағы өзге екі үйде соншалықты күрделі ахуал байқалмайды. Мұндағы 24 пәтерде 80 адам тұрып жатса, оның төртеуі – балалар. Тұрғындардың біраз бөлігі пәтерлерді ипотекаға алған. Әзірше біз азаматтарға жалдамалы пәтерлерді ұсынып отырмыз. Апаттық жағдайда тұрған баспананың орны әуелі мемлекет қажеттілігіне алынуға тиіс. Бұл процедура аяқ­тал­ғанша тұрғындар уақытша жалданған үйлерде тұрады. Бұл жердегі шағын ауданды қайта салу бойынша бірнеше нұсқа қарастырылып жатыр. Апат алдында тұрған қос үйдің де мәселесі жақын уақытта шешілуі керек», дейді Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева.

Әкімдіктегілердің сөзіне сүйенсек, мемлекет меншігіне алынатын жер теліміне (апаттық үй орналасқан жер) болашақта мектеп, балабақша немесе медициналық мекеме салынуы мүмкін. Бұл үшін ең әуелі нақты жоспарлау әзірленуі керек. Оған шамамен 6-9 ай уақыт жұмсалады. Жер мемлекет меншігіне алынған сәттен бастап қазіргі күні жалдамалы пәтерлерге көшіріліп жатқан үй иелеріне тұрақты пәтерлер сатып әперіледі деп уәде етіліп отыр. Болмаса пәтердің нарықтық құны бойынша ақшалай өтемақы төленеді. Бұл адамдар орнынан сүріліп тасталған Алюминий қалашығындағы немесе апаттық үйлерде тұрған көпшілікпен бірге кезекте тұрмайтыны да белгілі болды. Төтенше жағдайға жататындықтан және жер мемлекет меншігіне алынатындықтан барлық көмек кезектен тыс көрсетіледі.

Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Кенжегүл Жолжақсынова уақытша жал­ға алынатын пәтерлердің арен­далық ақысын қала бюджеті көтеретінін айтады. Жыл соңына дейін бұл мақсатқа 15 млн теңге бөлінген. Жалға төленетін ақша тұрғындарға берілмейді, пәтерлерді конкурс арқылы ұсынып отырған фирмалардың есепшотына тікелей аударылмақ. Әзірше апаттық үйден бес отбасы ғана жалдамалы пәтерлерге көшкен. Мамандар қоныс аудару мәселесін жеделдету керек екенін ескертіп отыр.

 

ПАВЛОДАР