• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Кітапхана 23 Қазан, 2023

Ауыл кітапханаларын жаңғырту қажет

359 рет
көрсетілді

Үлкен шаһарларды қо­йып,­ қазір ауылдық жер­лер­­дегі кі­тап­ханалар да за­ман­ға сай өзгеріске ұшы­рап жа­тыр.­ Көпшілік оқыр­ман­ның­ бос уақытына орай бе­­­йім­деліп, кітап оқу­шы­лар­­ санын еселей түс­кен­ ауыл кітап­ха­на­шы­ла­­­ры­ның­ еңбегі баға­лау­ға тұ­­рар­­­лық. Тек кейде қысқа жіп­­­ күрмеуге келмей жата­ды.

Айман Бейсекова Май ауда­нын­дағы кітапханалар желісінде 20 жылға жуық қызмет етіп келеді. Үнемі оқырмандардың үдесінен шығатын іс-шараларға бір өзі бас болып жүреді. Кітап­ха­наға жиі бас сұғатын бала­ла­р­ мен ересектер оны жақсы көре­ді.­ Себебі Айман апай оларға әр­дайым қызықты кітап­тар мен әдебиеттер ұсынып, бос уа­қыттарын тиімді өткізудің түрлі әдіс-амалын ойлас­тырады. Өз мамандығына адал жан бүгінгі кітапхана тек кітап оқитын жер емес, ол әр ауыл­дағы мультимедиялық-ком­муни­ка­ция­лық­ орталыққа айналуы керек деп есеп­тейді.

– Кітапханашы әр келушінің көңілінен шығатын кітапты дәл тауып, оны насихаттап, қажеті болса сол кітаптағы образдардың кейпіне кіріп актер болуға да да­йын тұруы керек. Ақпараттық технология дамыған заманда адам­дарды рухани дүниеге, әде­биет­ті оқуға тарту оңай шаруа емес. Бір жағынан көп адам­дар­дың жұмысбасты екенін ес­кере отырып, кітапхана меке­мелерін олардың бос уақыт­та­рына орайластырған дұрыс деп ойлаймын. Мысалға, біз­дің аудандағы 14 ауыл­­дық кітапханада кешкі сағат 19.00-ден 21.00-ге дейін «Кеш­кі­ кітапхана» жұмыс істей­ді. Бала­лар­ мен ересектердің бар­лы­ғы­ біз­ге кітап немесе газет-журнал оқу үшін келмейтіні анық. Өзара ара­ласып, әңгіме айтып, жаңа­лық­тарымен бөлісіп жатады. Мұн­да тұрақты келіп дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ ойнап, асық ата­тындар да бар. Мезгіл сайын қа­зақ әдебиеті тарландарының бел­гілі шығармаларының желісі бо­йын­ша театрландырылған көрі­ністер қоя­мыз. Биыл Сұлтан­мах­мұт Торай­­­ғы­р­­ұлының «Қамар сұлуы», Жүсіп­­бек Аймауытұлының «Ақбі­ле­­г­інен» келтірілген үзінділер сәт­ті шықты, – дейді ауыл кітап­хана­­шысы.

Ол бүгінде аудандық орта­лық­тандырылған кітап­ха­на­ның әдіскері болып жұмыс істей­ді. Айтуынша, соңғы 9 айда жер­гілікті кітапханаларға 2244 оқыр­ман­ келген. Оқырмандардың дені 15 жастан асқан балалар мен бозбала-бойжеткендер және жасы 40-тан асқан тұрғындар. Аудан көлемінде 153 мың кітап қоры бар болса, соның небәрі 12 мыңдайы ғана қазақ тіліндегі кітаптар. Соңғы жылдары ауыл кітапханаларына кітап сатып алу үшін бюджеттен ақша бөлінгенімен, әлі де аз екенін жеткізді. Әсіресе 4D, 5D форматындағы кітаптарды қызық көретін балалар көп көрінеді. Жер­гілікті педагогикалық және психологиялық түзету каби­неті әдістемелік тұрғыда осы оқулықтардың көмегіне жүгі­не­тінін байқаған мамандар әлгіндей заманауи өнімдер көбі­рек­ алынса деп өтініш айтады. Қазір жергілікті халықтың сұра­нысы да өзгерген. Көбіне тари­хи кітаптарды оқығанды ұна­тады. Детектив жанрындағы әде­биеттер мен жергілікті автор­лар­дың кітаптарына да сұраныс бар­шылық. Тек қаржының азды­ғы­нан жаңа әдебиеттерді әкелу әзір­ше мүмкін болмай тұр.

«Біздің кітапханашылар бір орында отыра беруді ұнатпайды. «Кітап терапиясы» жобасы бо­йынша үйдегі зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға кітап апарып береміз. «Кітап дайджесті» жобасы аясында жергілікті басылымда жаңа әдебиеттер туралы насихаттаймыз. Көпшілік Ілияс Есенберлиннің, Мұхтар Мағауиннің, Қабдеш Жұмаділов пен Немат Келімбетовтің кітаптарын жиі сұрап жатады. Заманға сай кітапхана болуға ұмтыламыз. Бұл үшін алдағы уақытта жаңадан ноутбуктер мен принтерлер, дыбыс жазғыштар сатып алу қажет. Оқырмандар өзі ұнатқан кітабынан үзінділерді мәнерлеп оқып, дыбыс аппаратына жазса, оны ұялы телефонына жүктеп естіп жүрсе, ғанибет емес пе?! Бәрімізге ортақ негізгі мәселе – ауылдағы кітапханаларда кітап сөрелері әбден ескірген. Интернет желісі 11 кітапханада ғана бар. Ауыл кітапханаларында зияткерлік, ақпараттық және демалыс орталықтары ашылса. Осыған Үкімет деңгейінде назар аударып, арнайы бағдарлама қабылдап жіберсе жаман болмас еді. Кітапханалардың іші-сырты бірдей жарқырап тұрса, оқырман да бізді жиі іздеп тұрар еді», деген ойын жеткізді Айман Өмірбекқызы.

Кітапханаға бару пайдалы деп мораль айту қазіргі жастарға әсте өтпейтіні белгілі. Оларды заман талабына сай реттеп, сұранысқа сай етсе, көпшілік өздері-ақ іздеп келер еді. Айман Өмірбекқызы сияқты өз ісінің энтузиаст мамандары барда ауылдағы кітапханалардың жұмысы тоқырамайтыны анық.

 

Павлодар облысы,

Май ауданы