«Бірде республикада шың асқан шәкіртіммен Мәскеудегі төрткіл дүниенің дарынды балалары жиналған білім сынына бардық. Сонда Қазақстандағы Қаныш ауылынан келгенімізді білген ресейлік оқымыстылар бізді көпке дейін жібергілері келмеп еді. Туған үйден 4 мың шақырым жерде жүрсек те, Қаныш ағаның шапағатын сезіндік. Академиктің ауылында туу бір бөлек, ал оған лайықты болудың салмағы зіл батпан екен...».
Сәбит Ибадуллин – қарапайым ауыл мұғалімі. Ауыл балаларының сауатын ашуға арнаған 32 жылдық еңбегінің жемісі болар, жуықта Мемлекет басшысының қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын иеленді. Құрмет биігінен көрінген ұстаздың жоғары мәртебесі тұтас облысымыздың мерейін асырды. Педагог бұл жетістігін Қаныш ағаның шапағаты деп біледі.
Мұса Шорман ауылындағы академик Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу-тәрбие кешені құрылғанынан бері дарындылар ордасы. Бұл мектептің атақ-даңқы дәуірлеуіне ондағы Сәбит сияқты өз ісінің майталмандарының қосқан үлесі зор. Лев Толстой: «Мұғалім өз ісіне деген сүйіспеншілікті оқушыға деген сүйіспеншілікпен ұштастыра алғанда ғана шын мәніндегі мұғалім болмақ», дейді. Дөп айтылған. Мұнда жемісті еңбек етіп келе жатқан мұғалімдер жан-жақтан сайдың тасындай сұрыпталып жиналды десеңіз, қателесесіз. Барлығы осы жердің топырағында аунап өскен ел азаматтары. Бір қызығы, қаладағы мектептердегідей емес, білім ордасында ер мұғалімдердің көптігі назарымызды еріксіз аударды. Елдің тұтқасы болар ел ертеңдерін оқытып жатқан әр ұстаз білімнің нәрін ерінбей-жалықпай сіңдіру үстінде. Сәбит Әбдікенұлының да бұл педагогикалық ұжымдағы еңбегі елеулі, орны – төрде.
Әкесі Әбдікен Баянауыл өңіріне аты мәлім жылқышы болған еді. Бірақ бала Сәбиттің арман-аңсары ата кәсібінен ауып, жүрегі шәкірт тәрбиелеуді қалады. Мектептен соң құжатын арқалап Қарағанды қаласына тартты. Сәті түсіп, Бөкетов атындағы мемлекеттік университетке қабылданып, арада жылдар өткенде математика пәні мұғалімі мамандығын меңгеріп шығады. Азаматтың содан кейінгі ғұмыры тек өзі туған ауылындағы білім ордасында өріліпті.
– Біз университетте оқып жүргенде жаңа заманға орай құрылған мектеп қой бұл. Кезінде Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу-тәрбие кешеніне марқұм Бегендік Әліпбайұлы 40 жылдай директорлық етіп, алыс-жақынға абыройымызды асырды. Сол нәтижелі педагогикалық үрдіс күні бүгінге дейін жалғасын тауып отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ұлтымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын қайта жаңғырту мақсатымен оқушылар үшін ұйымдастырмаған іс-шарамыз жоқ. Ұлттық құндылықтардан нәр алсын деп, тіпті математика сабақтарының өзінде дәстүр үлгілерін паш ететінбіз. Қазіргі күні ол аманатты заманауи компьютерлік құралдар атқарып тұрғаны тамаша емей немене. Есесіне педагогтер баланың зейінін арттырумен айналысып, ғылыми ізденістеріне жол ашып жатыр. Әр заманның өзіне бұйыратын игіліктері болады, – дейді ұстаз.
Осы уақытқа дейін Сәбит Әбдікенұлы жүздеген оқушыны түрлі деңгейдегі білім додаларына үкілеп қосып, талапты шәкірттері бәсі жоғары бәсекелерден жүлдесіз оралмапты. Бала бойындағы білімге деген қызығушылықты оятып, шетсіз-шексіз ғылым әлеміне жетелей білгенінің нәтижесінде талай шәкірті шың асты. Жемісті жобаларының бірі – «Қ.Сәтбаевтың «Алгебра» оқулығындағы әдіс-тәсілдердің қазіргі замандағы алгебрамен сабақтастығы» тақырыбындағы ғылыми жұмысы. Айтуынша, академиктің «Алгебрасын» қазіргі уақытқа бейімдеп енгізсе, ұтарымыз мол болмақ. Бүгінгі оқулықтардағы кейбір математикалық тапсырма-есептерді оқушы тұрмақ, педагогтердің түсінуі қиынға соғып жататыны рас қой. Ал Қаныш Имантайұлы жазып кеткен «Алгебрадағы» барлық тапсырма, амалдар көңілге қонымды, жатық келеді. Кейбір тәсілдер тіпті тиімді дейді ол.
«Әнуарбек Мақсат деген оқушым екеуіміз 2014 жылы бұл жобамен республикада озық шығып, Мәскеуде өткен халықаралық олимпиадаға жол тарттық. Әлгі жерде Ресейдің өңкей мықты математик ғалымдары жиналғанын көрдім. Біздің Қаныш ағаның ауылынан екенімізді естіп алыпты. Орталарына алып, ананы-мынаны сұрап жібергілері жоқ. Сол додадан мерейіміз тасып, мәртебеміз өсіп оралған едік», деп еске алды қуанышты сәттерінің бірін. Тағы бір дарынды шәкірті Мақсұт Аян 2017 жылы Үндістан елінде өткен халықаралық білім сайысында жоғары нәтиже көрсетіп қайтқан. Жыл сайын оның ондаған шәкірті облыстық, республикалық пән олимпиадалары мен білім додаларына қатысып, кемі алтау-жетеуі жеңімпаз болады. Мектеп бітіріп кеткен оқушыларының біразы өзі сияқты білім саласын таңдапты. Ұстаздың айтуынша, бүгінгі ауыл балалары өте тәрбиелі. «Қалалық жерлерде оқушыларға қатысты небір сұмдықтарды естиміз, бірақ ондай тентектікке біздің балаларымыз бара қоймайтынына сенімдіміз. Білім ордасындағы 120 оқушы бір үйдің балаларындай қоғамдық істерге ұмтылып, бір-біріне қамқорлық жасап, мейірбандық танытуға талпынып тұрады», дейді ол.
Сәбит мұғалімнің өмірлік жары Жанаргүл Манзуованың мамандығы да – мұғалім. Педагогика саласындағы еңбек өтілі 30 жылдан асады. Бүгінде 5 баланы өсіріп отырған, тату-тәтті отбасы. Балаларының үлкені университет бітіріп, ол да ұстаздық жолды таңдаған. Екінші баласы да жоғары оқу орнында білім алып жатыр.
Айтып өтейік, Сәбит Ибадуллин математика пәнін оқытудың өзіндік жүйелерін ойлап тауып, авторлық бағдарламалары мен ғылыми еңбектері негізінде әр сабағын қызықты жүргізуге тырысады. Оның әдістемелері өзге мектептерде енгізіліп, мыңдаған әріптесіне бағыт-бағдар болып отыр. Өткен оқу жылында мектеп бітірген шәкірттерінің барлығы мемлекеттік грантты жеңіп алыпты. Бұл да мерей.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Мұса Шорман ауылы