• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
09 Маусым, 2010

“БОЛАШАҚ” АРҚЫЛЫ АУЫЛ БАЛАСЫ ДА ОҚЫП ЖАТЫР

523 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың тікелей бастамасымен жұмыс істеп келе жатқан “Бола­шақ” халықаралық стипен­диясы арқылы 16 жылдың ішінде мың­даған ел жастары төрткүл дүниенің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орын­дарында білімдерін толық­тырып, Отанымыздың өркендеуіне өз үлестерін қосып жүр. Өткен жылдардағыдай биыл да Прези­денттің халықаралық стипен­диясына үміткерлердің құжатын қабылдау басталды. Соған орай, “Халықаралық бағдарламалар орталығы” АҚ баспасөз мәсли­хатын өткізді. Акционерлік қоғамның пре­зи­денті Данияр Бектұрғанов биылғы құжат қабылдау жайы туралы жан-жақты мәлімет берді. Акаде­мия­лық оқу үшін кешеден бастап 30 шілдеге дейін, ал ғылыми тағы­лымдама бойынша 7 мау­сымнан 30 қыркүйекке дейін үміткерлер өз өтініштерін бере ала­тынын тілге тиек етіп, олар үш тур негізінде білімдері мен біліктерін таразы­лайтынын айтты. Бірінші турда талапкерлер алдымен шет тілінен алған білімін анықтау үшін тест тапсырса, бұдан кейін мемлекеттік тілді меңгеруі жайлы ҚАЗТЕСТ жүйесінің көмегімен сынақ өт­кізеді. Айталық, мем­ле­кеттік тілді меңгергенін анықтау үшін тесте 150 сұрақ берілген болса, соның 90-ына дұрыс жауап берген жағдайда ғана екінші турға жі­бе­ріледі. Осы арада бірінші сынақта талапкерлер таңдаған еліндегі жоғары оқу орындарына түсу үшін сол мемлекеттің тілінен емтихан беретінін айта кетуіміз керек. Жоғарыдағы екі турдан сүрін­бей өткендер психологиялық тестілеуге жіберіледі. Одан кейінгі шешімді тәуелсіз комиссия шығарады. Сол секілді Білім және ғылым министрлігі стратегия депар­та­менті директорының орынбасары Ақерке Абылайхан 2010 жылы басым мамандықтар тізбесіне ака­демиялық оқу үшін – 87, ғы­лыми тағылымдар үшін 100 мамандық енгізілгенін, жалпы биыл тілек білдірушілер 23 елдің 200 жоғары оқу орындарында білімдерін жетілдіретінін, 24 елдің 105 оқу орнында ғылыми тағылымдардан өтетінін алған тартты. Биыл “Болашақ” бағдарламасымен ше­тел­дерде оқитындарға 1007 орын бөлініпті. Оған қажет қаржы мемлекет бюджетінен толығымен қарастырылған. Кешеден бастап 15 шілдеге дейін шетелдердің жоғары оқу орындарына өз бет­терімен барып түскендерден құжат қабыл­дау басталыпты. Құжат қабылдау негізінен Астана мен Алматы қа­ла­ла­рында жүргі­зі­ле­тінін талап­кер­лердің назарына сала кетсек дейміз. Қазір Отаны­мызда бірыңғай ұлттық тестілеу өтіп жатқаны белгілі. Оның нәтижесі бұған әсер етпейтінін айта отырып, тек аттестаттағы балл 4,5-тен кем болмау ке­ре­к­тігін, үміт­керлер мектеп бі­тірушілермен қатар, мамандықтар тізбесіне қарай жоғары оқу орнын бітіргендер де қатыса алатынын назарға сала кетсек дейміз. Баспасөз мәслихатында 2008 жылдан бастап ауыл жастарына, мемлекеттік және ғылыми қыз­мет­керлерге квота қарастырыл­ғанына нақты дәлелдер келтірілді. Мы­салы, өткен жылы 47 ауыл баласы өздері таңдаған елдердің жоғары оқу орындарына жолдама алса, биыл бұл көрсеткіш 65 орынға артыпты. Әрине, ауыл бала­ла­рының шет тілден қина­ла­тыны белгілі. Соны ес­кер­ген­діктен, олардың барған елінде бір жыл бойы тіл үйренуге мүмкіндік жасалған. Қазір әлемнің өрке­ниетті елдерінде Отанымыздан 2257 талапкер білім алып жатыр екен. Жалпы, үміткерлерді іріктеу ережесі, басым мамандықтар тіз­бесі, қажетті құжаттар, талап­керлердің сұрақтарына берілген жа­уаптар, қосымша ақпараттар акцио­­нерлік қоғамның (www.educіp.kz) ресми сайтында берілген. Сүлеймен МӘМЕТ.