• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мәселе 10 Қараша, 2023

Асханадағы дау: Тексеру жұмыстары басталды

268 рет
көрсетілді

Мектеп асханасынан шыққан дау бітер емес. Біршама уақыт бұрын Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты білім ошақтарының бірінде оқушыларға мерзімі өтіп кеткен иогурт берілгені туралы ақпарат тараған еді. Енді, міне, Байзақ ауданындағы Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп-гимназия асханасындағы тамақтан 44 оқушы, 2 ұстаз уланды деген ақпарат желдей есіп тұр.

Деректерге жүгінсек, аудан орталы­ғы Сарыкемер ауылындағы мектеп-гим­на­зия оқушыларының бойын­дағы әлсіздік пен лоқсу белгілері жетінші қа­ра­ша күні анықталған. Алғашқы ша­ғым да дәл сол күні түс ауғанда тір­кел­ген. Жалпы саны 46 адам түн мез­гіліне дейін өтініш білдіріп үлгерген.

Жұртты даурықтырған мәселеге қа­тыс­­ты облыс әкімдігі ресми хабарлама тарат­ты. Сондай-ақ өңір басшысы Ербол Қарашөкеев Нығметулла Киікбаев атын­да­ғы мектеп-гимназиядағы шудан кейін аудандық орталық ауруханаға ар­найы барып, білім алушылар мен ұстаз­дар­дың жағдайымен танысты.

Қазіргі кезде өңір басшысы Ербол Қара­шөкеевтің тапсырмасы негізінде ар­найы комиссия құрылып, жағдайды толықтай бақылауға алып отыр. Білім алушылар мен ересектер шынында да асханадағы астан уланған ба, әлде басқа себеп бар ма? Бұл мәселе алдағы уақытта толықтай зерделенбек.

«Байзақ ауданының орталық ауруханасына жатқызылған 35 адамның жағдайы орташа тұрақты. Науқастарға бар­лық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Бұл мәселе бойынша Жамбыл об­лы­сы­ның әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсыр­масымен арнайы комиссия құ­рылды.

Сарыкемер ауылындағы Н. Киікбаев атындағы мектеп-гимназия оқу­шы­сының әлсіздік, құсу бойынша ша­ғым­данған алғашқы өтініші 7 қараша күні түстен кейін тіркелді. Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес республикалық мамандардан, анестезиологтерден, педиатрлардан, токсикологтерден, инфекционистерден тұратын комиссия құрылды.

Сағат 23.00-ге дейін өтініш біл­дір­ген­дер­дің жалпы саны 46 адамды құрады (2 мұғалім, 44 бала). 46 адамның 33-і ауруханаға жат­қызылды, жағдайлары орташа тұрақты. Ауру­­ханаға жатқызылғандарға де­ток­­­си­кация терапиясы жүргізілді. Антибио­ти­ка­лық емдеуді қажет ет­пей­тін 11 адам ме­дициналық кеңес алғаннан кейін амбулаторлық емдеу және үйден бақылау үшін қайтарылды.

Жалпы практика дәрігерлерінен, педиатрдан, учаскелік медбикеден тұратын 16 мобильді топ 205 ауланы аралап, осы күні оқу ошағының асханасына келген оқушыларды тексеруден өткізді. Тексеру қоры­тындысында олардың жағдайы қана­ғат­танарлық, шағымдар мен ауру бел­гілері жоқ.

Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназияны тамақпен қамтуға жауапты «Тоқсейітов» жеке кәсіпкерлігінің жұ­мысы мән-жайлар нақтыланғанға дейін тоқ­та­тылды. Мек­теп оқшауланған, бак­териологиялық зерттеу шаралары жүр­гізіліп жатыр», де­лінген облыс әкім­дігі таратқан ресми ха­барламада.

Аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Жандос Рысқұловтың айтуынша, бойын әлсіздік билеген азаматтар әуелде бір-бірден келген. Кейіннен ауруханаға қайырылушылардың қа­та­ры күрт көбейген. Қазіргі кезде шағым­дан­ғандардың жағдайы тұрақты. Жүрек айну, лоқсу, дене қызуының көтерілуі секілді белгілер жоқ. Сондай-ақ түнгі үшке дейін жүздеген бала қаралыпты. Олар­дың да жағдайы тұ­рақты. Алаңдауға негіз жоқ.

Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимна­зия­ның білім алушылары оқу үдерісіне бұрынғыдай қатысып жатыр. Дерек­тер­ге жүгінсек, білім ордасын аспен қам­та­масыз ету қызметімен айналысқан «Тоқ­сейітов» атауымен тіркелген жеке кә­сіп­кер аудан бойынша 13 мекемеге азық-түлік тасымалдайтын көрінеді.

Соңғы деректерге сенсек, астан ұшын­ған азаматтардың саны алпысқа дейін жетіпті. Қазіргі кезде прокуратура, СЭС қызметкерлері және арнайы ко­миссия өкілдерінің қатысуымен оқи­ғаға қатысты тергеп-тексеру жұмыс­та­ры басталды. Нақтырақ айтсақ, «Сани­та­р­лық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша сотқа дейінгі тексеру жұмыстары басталды.

Мектеп оқушылары мен ұстаздар асханадағы астан ұшынған ба? Әлде басқа да бір себептер бар ма? Қателік кім­нен кетті? Бұл сұрақтарға алдағы уақытта толыққанды жауап берілмек. Бір белгілісі, науқастар мектеп асханасынан күріш жеп, компот сусынын ішкен.

 

Жамбыл облысы,

Байзақ ауданы