Былтырғы қасіретті қаңтар қоғамымызды дүр сілкіндіріп, тәуелсіздік жылдарында тындырылған істерді сыни тұрғыдан қайта бағалауға түрткі болды. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі жылдары еліміздің дамуына кедергі келтірген суперпрезиденттік билік жүйесінен өз еркімен бас тартып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын және Әділетті Қазақстан құру идеясын ұсынды. Ал 2022 жылғы 1 қыркүйекте жариялаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет», деп мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент мандатының ұзақтығын 7 жылдық бір мерзіммен шектеу және қайта сайлануға тыйым салу жөніндегі бастамасы ешкім күтпеген тосын да аса маңызды жаңалық болды. «Бұл бастаманың негізі қандай? Бір жағынан, 7 жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді. Мен ұсынып отырған конституциялық жаңалық билікті монополизациялау қаупін айтарлықтай азайтады. Дәл осы себепті, мен Президентті бір мерзімге ғана сайлау нормасын енгізуді ұсынып отырмын. Біз билікті жасақтаудың және оның қызметін қамтамасыз етудің өркениетті қағидаттарын бекітуге тиіспіз. Жаңа президенттік жүйе саяси тұрақтылықты нығайтып, қоғамдық құрылыстың қазақстандық үлгісін орнықтырады», деді Мемлекет басшысы. Осындай батыл да тағдыршешті қадамдар халқымыздың көңілінен шығып, еліміздің ертеңіне деген үміт отын лаулатқаны анық. Өткен жылғы 20 қарашада болған кезектен тыс Президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын сайлаушылардың 81,31 пайызы қолдап дауыс бергені – соның айғағы.
Алғашқы Жарлық – ауыл жайында
Мемлекет басшысы былтырғы 26 қарашада болған ұлықтау рәсімінен кейін, сол күні қол қойған №1 Жарлығын ауылды көркейтуге арнап, Үкіметке 2023 жылғы 31 наурызға дейін Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдауды тапсырды. Оның мақсаты ауылдық аумақтарды дамыту тәсілдерінің институттық жағынан қамтамасыз етілуін дамытып, тиімділігін арттыру, ауылды жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту және жайлы өмір сүру ортасын жасау екендігі атап көрсетілді.
Аталған тұжырымдаманы Үкімет биылғы 28 наурызда қабылдады. Онда 2027 жылы ауылды жерлерде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен тұрғындардың үлесін – 5,8 пайызға дейін азайту (2022 жылғы 3 тоқсанда – 7,3 пайыз), жұмыссыздық деңгейін – 4,2 пайызға дейін төмендету (2022 жылғы 4 тоқсанда – 4,9 пайыз), елді мекендерді сумен 100 пайыз жабдықтау (2022 жылы – 94,5 пайыз), Интернет желісін пайдаланушылар санын 97 пайызға дейін көбейту (2022 жылы – 91,7 пайыз), жай-күйі нормативтік деңгейдегі облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесін 95 пайызға жеткізу (2022 жылы – 86 пайыз), шекара маңындағы аудандар тұрғындарының санын 4 миллионға дейін арттыру (2022 жылы – 3,4 млн) сияқты нысаналы индикаторлар белгіленген. Сондай-ақ даму әлеуеті бар 3,5 мың ауылдық елді мекеннің (АЕМ) инфрақұрылымын жаңғырту (оларда еліміздегі ауыл халқының 90 пайызы тұрады), ауыл тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығын 73,5 жасқа дейін ұлғайту (2021 жылы – 70,8 жас), ауылды жерлерде 655 денсаулық сақтау объектісін, 183 мектеп және 100 спорт ғимаратын, 650 мәдениет ошағын салу және жөндеу көзделіп отыр.
Жұмыс күші жетіспейтін облыстардың шекара маңындағы аумақтарының демографиялық ахуалын жақсарту мақсатында қандастар қоныстандырылатын өңірлердің тізбесінен Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарын, ал қоныс аударушылар келетін өңірлер тізбесінен шекара маңы болып саналмайтын облыстарды алып тастау ұйғарылғаны – құптарлық шешімдер.
Тағы бір елең еткізген жаңалық – жұмыс күші тапшы облыстардың шалғайдағы солтүстік және шығыс шекара маңындағы ауылдық округтерінде жұмыс істеу үшін бюджеттік ұйымдарда сұранысқа ие мамандықтар бойынша жалақыға 50 пайыздық үстемеақы енгізу мәселесі қарастырылмақшы.
Мемлекет басшысы биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында да ауыл шаруашылығы саласына ерекше назар аударды. «Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет», деді Президент.
Мемлекет басшысы өндірілген өнімді өңдеуге ынталандыру мақсатында Үкіметке салық саясатын қайта қарауды тапсырды. Сондай-ақ осы салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болатынын, экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұру үшін сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажеттігін айтты. Осы ретте «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы көрсетілген 100 млрд теңге мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде бүгінде 100-ден аса ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктерін өзге өңірлерге үлгі етіп, құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде де солтүстікқазақстандықтардың тәжірибесін басшылыққа алуды тапсырды. Ал Ауыл шаруашылығы министрі болып әдеттегідей «асфальтта өскен» теорияшылар емес, Қызылжар өңірінде ұзақ жылдар бойы шаруашылықты да, ауылдық ауданды да, өңірдің ауыл шаруашылығы саласын да табысты басқарған тәжірибелі маман Айдарбек Сапаровтың тағайындалғаны – осы салада алға қойылған айбынды міндетті жүзеге асыру үшін қисынды кадрлық шешім деп білеміз.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамытуда ірі компанияларға арқа сүйеу қажеттігі туралы пайымы тәуелсіздік жылдарындағы өмір шындығын және халықаралық тәжірибені талдаудан туындаған тәрізді. Себебі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы кеңшарларды жаппай жекешелендіру ауыл шаруашылығын құлдыратып, ауылдардың көпшілігінің тоз-тозы шығуына әкеліп соққаны мәлім. Ал кеңшарларын таратпай сақтап қалған Беларусь бүгінде азық-түлік өнімдерін өндіру мен өңдеуде елеулі жетістікке жетіп, Еуразиялық экономикалық одақ нарығына бәсекеге қабілетті тауарларды молынан шығарып отыр.
Биылғы жыл ауыл шаруашылығы үшін аса күрделі болғаны анық. Маусым-шілде айларындағы аптап ыстық пен қуаңшылық, тамызда негізгі астықты өңірлерде басталған ұзақ жауын кей аудандарда төтенше жағдай туғызып, егін шығымдылығын кемітіп жіберді. Соған қарамастан орта есеппен әр гектардан 9,7 центнер астық жиналып, жалпы түсім 16,4 млн тоннаны құрады. Бұған қоса элеваторларда былтырғы жылдың 3 млн тонна астығы сақтаулы. Бұл халқымызды ас атасы – нанмен және ұнмен қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Ал табиғи апаттан зардап шеккен шаруашылықтарға Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша субсидияны толық көлемінде төлеу, қаржы институттарының берген қарызын өтеу мерзімін айыппұл салмай ұзарту, форвардтық сатып алу және тауарлық кредит бойынша міндеттемелерді 1 жылға шегеру, астықты кептіру үшін 62,5 мың тонна дизель отынын жеңілдікті бағамен бөлу, азық-түлік корпорациясы арқылы 350 мың тонна бидайды тікелей сатып алу және оның ресурсы негізінде тұқым қорын қалыптастыру шаралары қолданылып жатыр.
Елден заңсыз шығарылған активтер – заңды иесінің игілігіне
Мемлекет басшысы қол қойған алғашқы құжаттардың бірі – «Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы» Жарлық. Онда Үкіметке мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, заңсыз шығарылған активтердің шығу тегін ашу, растау және оларды қайтару тетіктерін регламенттеуге, заңсыз шығарылған активтерді қайтару рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге, заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке өз еркімен беруді ынталандыруға, активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен себептер мен шарттарды жоюға бағытталған жүйелі шараларды қабылдауға, заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші органды құруға, келіп түсетін заңсыз шығарылған активтерді жинақтайтын және оларды Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыру үшін басқаратын арнаулы мемлекеттік қорды құруға бағытталған заң жобасын әзірлеу, заңсыз шығарылған активтерді анықтау және мемлекетке қайтару үшін шетелдермен және халықаралық ұйымдармен тиімді өзара іс-қимылды жүйелі негізде қамтамасыз ету, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға маманданатын бөлімшелерді айқындау тапсырылды. Осыған орай Үкімет әзірлеп, Парламент депутаттары қызу талқылап, қабылдаған «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға Мемлекет басшысы биылғы 12 шiлдеде қол қойды. Президенттің тапсырмасына сәйкес заңсыз иемденілген және шығарылған активтерді қайтару мәселелері бойынша ұсыныстарды тұжырымдау мақсатында арнайы комиссия құрылды. Оны Премьер-министр басқарады. Сондай-ақ Үкімет қаулысымен «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылды. Оның жарғылық капиталының 100 пайызы мемлекетке тиесілі. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму жобаларын қаржыландыру мақсатында ақша түсімдерін есептеу және жұмсау үшін Арнаулы қор да құрылды. Оған түскен қаражатты бөлу туралы орталық мемлекеттік органдардың ұсыныстары Бюджет кодексіне сәйкес Республикалық бюджет комиссиясында қарала отырып, жүзеге асырылатын болады. Өз кезегінде, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Арнаулы қор қаражатының түсімдері мен жұмсалуы туралы ақпаратты жыл сайын жариялап отыратын болады. Бұған қоса Президент биылғы жылғы 5 қазандағы Жарлығымен Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитетін құрды. Ол – Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның жұмыс органы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттіктің мәліметіне қарағанда, 2022 жылдан бері бюджет пен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жалпы сомасы 857 млрд теңгені құрайтын мүліктік активтер мен ақшалай қаражат қайтарылған. Соның ішінде 159,8 млрд теңге – шетелдерден қайтарылған ақша. Нақты айтқанда, 36,8 млрд теңге Аустриядан, 116,7 млрд теңге Лихтенштейннен, 6,3 млрд теңге Біріккен Араб Әмірліктерінен, 253 млн теңге Түркиядан қайтарылыпты.
Қайтарылған қаржыға әлеуметтік нысандар, соның ішінде мектеп салу басталып кетті. Себебі өңірлерде үш ауысымды оқытуды болдырмау және тозығы жеткен білім беру мекемелерін жаңарту мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Осы орайда Парламент мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршиннің жуырда Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында: «Өңірлеріміздің тұрғындарын су, электр энергиясымен, жылумен қамтамасыз ету өте өзекті болып отыр. Өйткені энергетикалық нысандардың қазіргі жағдайы сын көтермейді. Кейбір нысандардың тозуы 100 пайызға жеткен, электр желілерінің тозуы орташа есеппен 66 пайыз болып отыр. Биылдың өзінде энергетикалық орталықтардағы апаттардың салдарын жою үшін республикалық бюджет резервінен Көкшетаудағы қазандықтарды жөндеуге 2,0 млрд теңге, Екібастұздағы жылу электр орталығына – 7,4 млрд теңге, Ақтаудағы МАЭК-ке – 4,9 млрд теңге, Риддердегі жылу электр орталығына 7,2 млрд теңге бөлінді. Әбден тозған энергетикалық жабдықтарды жаңалауға және Президенттің Жолдауында міндеттелген 14 ГВт қуатты салу үшін қомақты қаржы қажет. Ал қуаттарды тарифті өсіріп, халыққа жүктеме салып немесе бюджет арқылы іске асыру мүмкін емес. Өйткені азаматтарымыздың көпшілігі тапқан табысын күн көрісіне әрең жеткізіп отыр, бюджеттің де мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан тарифті көтеруден және бюджеттен басқа қаржы көздерін іздеуіміз қажет. Сондай қаржының көзі – елімізден әртүрлі жолмен шетелге шығарылған миллиардтаған доллардай активтер», деген пікірімен келіспеу қиын.
Халықаралық рейтингтер бойынша Қазақстан капиталдың шетелге жылыстатылуы жөнінен дүниежүзіндегі 20 елдің қатарына кірген екен. Сарапшылардың болжамына қарағанда, кейінгі отыз жыл ішінде елімізден 200 млрд-тай долларға тең қаржы шет мемлекеттерге шығарылған көрінеді. Демек, заңсыз шығарылған активтерді елімізге қайтарып, олардың заңды иесі – халықтың игілігіне жарату мәселесі күн тәртібінен түспек емес. Оған Мемлекет басшысы ұдайы назар аударып, өзінің тұрақты бақылауында ұстап отыр.
Түйіндеп айтқанда, былтырғы кезектен тыс Президент сайлауынан бергі аралықта өткен бір жылға жуық уақыт қай салада болсын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған саяси-экономикалық реформалар бағытының дәйектілігін аңғартып, еліміздегі түбегейлі бетбұрысты бекемдей түскен белес болды деуге болады.