Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде мегаполистің үздік студенттері бас қосты. «Музейдегі сол бір кеш» деп аталған рухани-танымдық іс-шарада жалынды жастар халқымыздың тарихи құндылықтарымен танысып, өнерлерін ортаға салды.
Жастардың шығармашылық қабілетін ұштауға бағытталған жоба еркін форматта өтуімен ерекшеленді. Студенттер «Домбыра пати» бағдарламасында Абай Құнанбайұлы, Махамбет Өтемісұлы, Біржан сал домбыраларының көшірмелерінде ойнау мүмкіндігіне ие болса, «Ойшылдар алаңы» ғылыми-танымдық ойынында тапқырлықтарын ортаға салды. Кештің көркін қыздыру үшін жоғары оқу орындары студенттерінен құралған КВН командалары «Музей кубогін» сарапқа салып, қоғамдағы келеңсіздіктерді астарлы әзілмен сынға алған қыз-жігіттер жиналғандарды тәнті етті. Ал жобаның бас серіктесі – Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының талантты студенттерінің шығармашылық концерті кеш мазмұнын байыта түсті.
Тағылымды шара әрі қарай бірнеше жылы жүздесуге ұласты. Қазақ өнерінің майталмандары Болат Әбділманов, Есенгелді Тұяқов, танымал былғары қолғап шебері Қанат Ислам студенттерге өз өмір белестері туралы жарқын естеліктермен бөлісіп, шеберлік сабақтарын өткізді.
– Студенттік шақ – адам өмірінің ең бір шуақты кезеңі. Оның үстіне Алматы – шығармашыл жастардың қайнаған ортасы. Талантты студенттерді бір алаңда тоғыстыру, сол арқылы олардың шығармашылық әлеуетін арттырып, шабыттандыру көптен ойға алған ісіміз болатын. Жобаның ұлт тарихы мен мәдениетінің ең мәйекті мұралары сақталған музейде өтуінің де символикалық мәні зор. Жастарды халқының рухани мұрасын танып білуге, музей қызметкерінің кәсібіне деген қызығушылықтарын оятуға сеп болғымыз келді. Рухани танымы берік ұрпақ – тарихымыз бен мәдениетіміздің ертеңгі жанашыры. Сол себепті де қазақ өнеріне, спортына, мәдениетіне қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан аға-апаларын арнайы шақырып, студенттерге мотивация беруді көздедік, – дейді Мемлекеттік орталық музей директоры Рашида Харипова.
Музейдің барлық залын еркін аралаған қонақтар әсем айшықтармен бедерленген фотоаймақта суретке түсті. Іс-шараның арнайы хештегін желіге жүктеп көп пікір мен қаралым жинаған жастарға мұражайдың «Ашық қор» және «Антропология» залдарына тегін билет ұсынылды. Таным ордасына алғаш аяқ басқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Алина Ғалымжанқызы музейдегі қылқалам шеберлерінің классикалық туындыларын өз көзімен көргеніне дән риза. Ол бұдан былай музейге айына бір мәрте келіп тұруды әдетке айналдырғысы келетінін айтады.
АЛМАТЫ