Зайсан ауданының тұрғындары көгілдір отынның мәселесін айтып, редакциямызға бір емес, бірнеше рет хат жолдады. «Egemen Qazaqstan» газеті арқылы аймақтағы мәселені Президент назарына жеткізсек деген. Аудан тұрғындарының айтуына қарағанда, 2013 жылдан бері 8 ауылға газ тарту үшін бірнеше рет қаржы бөлінген екен. Алайда газ әлі жоқ. Осындайда Шерхан Мұртазаның «Алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырмыз» деген сөзін мысал еткің келеді.
«2013 жылдан бері 8 ауылға газ тарту үшін бірнеше рет қаржы бөлінгенімен нәтиже жоқ. Биыл Дайыр ауылында газдандыру жұмыстары басталған. Алайда қадағалау кемшін, ауылдықтар бейнетін көрді. Ала жаздай көшелерді қазып, қыруар қаржы шашып, қысқа қарай сол шұңқырлардың құбыр салмастан көме салды. Басы дардай, аяғы қылдай жұмыстар үшін ауыл көшелеріне төселетін асфальт та жайылмай қалды. Көшелер ми батпақ. Соның кесірінен тұрғындар үйді-үйге отын-көмір жеткізе алмай отыр. Жаз бойы траншея қазамыз деп, бақшаға келетін арықтарды да құртты. Көрген көзде жазық жоқ, газдың құбырларын жалғау жұмыстарын 7-8-сынып оқушылары жасады. Бұл бассыздыққа бақылау бар ма? Ендігі үмітіміз – Президентте», дейді Дайыр ауылының тұрғыны, қоғам белсендісі Әйгерім Оралханқызы.
Айтса айтқандай-ақ, ауыл ішінің астаң-кестеңі шығып жатыр. Қазылған шұңқырларға ауылдықтардың малы түсіп те өлген. Қыл аяғы көгілдір отын тартылады деген сегіз ауыл газсыз қалды. Жұрт табан астындағы байлықтың игілігін көре алмай отыр. Есесіне, Қытайға тонналап экспорттаған деседі жергілікті ел. Ауыл тұрғыны Айгерімнің айтуынша, газ тарту жұмысын ұтып алған компанияның басшысымен тұрғындар тілдеспек болған. Тіпті аудан басшылығы да мердігерді таппай келе жатқан көрінеді. Кейбір көшелердегі шұңқырлар алаң-ашық қалған. Қараусыз қалған газдың құбырлары қолды болып та кетіп жатқан секілді. Көгілдір отын ауданда өткір тұрған проблемалардың бірі екенін аудан басшылығы да айтып отыр. Бірақ мәселе шешімін табатын сияқты.
«Зайсандағы қазіргі газ қоры 7 жылға жетіп тұр. Тағы да зерттеледі. Егер қосымша қор дәлелденіп жатса, 11 жылға жетер еді. Яғни 125 млн текше метр газ әлі барланбаған», дейді Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Ришат Рамазанов.
Ал сегіз ауылға тартылмаған газдың мәселесін айтып, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке ресми хат жолдадық. Әуелі сұрағанымыз, осы уақытқа дейін Қытай мемлекетіне қанша көлемде газ жіберілді? Қытайға жіберілген газдан Қазақстанға қанша пайда түсті? Осыған жауап берген министрліктің мәліметінше, 2022 жылы Қытайға газ экспорты 4,4 млрд текше метрді құраған екен. Экспорттық газ жеткізуден түскен табыс туралы ақпарат коммерциялық құпия деді министрлік өкілдері.
Карикатураны салған – автор
Газ өндірілетін Зайсан ауданының бірнеше ауылына (Дайыр, Сарытерек, Біржан, Қуаныш, Көкжыра, Бақасу, Жарсу...) көгілдір отынның жеткізілмеу себебіне келер болсақ, 2023 жылы министрліктің 003 «Облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне газ тасымалдау жүйесін дамытуға берілетін нысаналы даму трансферттері» бюджеттік бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен «Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының 8 елді мекенінде (Дайыр, Көкжыра, Қуаныш, Біржан, Сарытерек, Жарсу, Бақасу, Саржыра) кент ішіндегі және орам ішіндегі газдандыру желілерін салу» жобасын жүзеге асыруды жалғастыруға 939 млн 950 мың теңге бөлу көзделді. Алайда 2023 жылға арналған республикалық бюджетті түзету кезінде Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі аталған жобаға түзетулер енгізуіне байланысты бөлінген қаржыны республикалық бюджетке қайтарған.
Иә, халық көтерген сұрақтардың барлығын министрлікке жолдадық. Мәселен, тұрғын үйлерді айтпағанда, газ магистралі өтіп тұрған Қарабұлақ ауылының мектебі, мәдениет үйі көгілдір отынға қол жеткізе алмай отыр. Себебі қандай? Жалпы, мемлекеттік мекемелер көгілдір отынға қашан қосылады? Келіп түскен жауапқа көз жүгіртсек, министрлік 00 3 бюджеттік бағдарламасының әкімшісі ретінде жергілікті атқарушы органдардың бюджеттік өтінімдерін қарайды және өтінімдерді одан әрі Қаржы министрлігіне жолдайды. Яғни министрлік елді мекендерге жеткізуші және газ таратушы желілерін салуға бағытталған жобаларға қаражат бөледі. Бұл ретте «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңның 12-бабының 4-тармағына сәйкес газ тарату жүйесіне қосылуға арналған техникалық шарттарды осындай объектіні пайдаланушы газ тасымалдау, газ тарату ұйымы немесе топтық резервуарлық қондырғының иесі береді. Бұл ретте берілген техникалық шарттар газбен жабдықтау жүйелерінің жаңадан салынып жатқан, жаңғыртылатын және реконструкцияланатын объектілерін жобалау үшін негіз болып табылады. Осыған байланысты газға қосылу үшін тұтынушы (мемлекеттік мекеме, жеке немесе заңды тұлға және т.б.) газ тарату ұйымынан (мысалы, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ) техникалық шарт алып, өз қаражаты есебінен тиісті жоба әзірлеп, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуі қажет.
Аудан әкімінің орынбасары Ришат Рамазанов мәлімдегендей, Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов та газдың қалдық қоры Зайсан ауданын 10-11 жыл бойы көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтты. Бірақ қашан? Бұл сауалды Зайсан аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының басшысы Данияр Серіковке қойғанбыз.
«Ең бастысы, газ тарту жұмыстары аяқталады. Жобаға түзету енгізу үшін бөлінген қаржыны республикалық бюджетке қайтардық. Қайта қарау жұмыстары үш айға созылады. Жобаның жаңа бағасы әзір белгісіз. Шұңқырларды құбырсыз жауып жатыр дейді тұрғындар. Айта кетейін, газ тарту жұмыстары 11 шақырымға арналған. Ал мердігерлер шұңқырды артығымен қазып тастаған. Олар сол жерлерді құбырсыз жауып жатыр. Оған мемлекеттен шығын шығып жатқан жоқ. Газ тарту жұмыстары қатаң қадағалауымызда, – дейді Зайсан аудандық ТҮКШ басшысы Данияр Серіков.
Сегіз ауылдың сенімі ақталып, өз байлықтарын өз игіліктеріне пайдаланса екен дейміз. Рас, қыруар қаржы жұмсалған нысанға қадағалау қажет. Билік тарапынан ғана емес, қоғамдық қадағалаудың болғаны да дұрыс шығар.
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы