Жасанды интеллект осы жүрісінен жаңылыспаса, бірер жылдан кейін адам еңбегі көзге көрінбей қалуы мүмкін. Себебі «ChapGPT»-тің бір өзі бірнеше маманның жұмысын атқарып, журналистердің орнына мақала, ақын-жазушылар үшін шығарма жазуға қабілетті. Алайда жасанды интеллектінің жаңа дәуірінде жауапкершілікке жүрдім-бардым қарауға болмайды. Кеше бұл мәселе Астанада өткен журналистикадағы жасанды интеллект болашағына арналған «Media Vision 2023: Ai in Journalism» форумында ортақ тақырыпқа айналды.
Медиа индустрияға жасанды интеллект әсерін зерттеп жүрген әлемдегі жетекші сарапшылар мен мамандардың басын қосқан коммуникациялық платформа бірнеше панельдік сессияда жұмыс істеді. Халықаралық форум Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігінің, Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы елшілігінің және «Trend buro» коммуникациялар бюросының қолдауымен Қазақстан мен ЕО елдеріндегі журналистика мен медиа саласындағы негізгі ойыншылар арасында диалог пен пікір алмасуды ынталандыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Жиынның іскерлік бағдарламасын Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы елшісі Кестутис Янкаускас пен Германияның Қазақстандағы елшісі Моника Иверсен құттықтау сөзімен ашты. Спикерлер өз сөзінде медиадағы мемлекеттік саясаттың өзекті тақырыптарын көтеріп, фактчекинг және журналистикадағы смарт-технологияларды қолдану перспективалары, сондай-ақ этикалық және нормативтік стандарттарды әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.
«Әлеуметтік желі қолданушылары мен БАҚ оқырманына ақиқаттың ақ-қарасын ажырату өзекті бола түсті. Қазір жасанды интеллектінің көмегімен жазылған мақала саңырауқұлақтай қаптап кетті. ЖИ деректер базасын қолданып, бізге мол ақпарат беруі мүмкін. Алайда осы арқылы біз авторлық құқықты бұзамыз және жауапкершілікті де ұмыта бастаймыз. Расында оның қолынан келмейтіні жоқ. Тіпті пандемия кезінде жасанды интеллектінің арқасында шетелге шықпай-ақ ел мен жер көруге мүмкіндік бары айтылған. Алайда жасанды интеллект көзбен көріп, қолмен ұстағандай әсер қалдыра алмайды. Сондықтан кейбір дүниелерді керемет істеуі мүмкін, бірақ адамның ойлаған, сезінгеніндей әсерлі етіп беруге қабілетсіз», деді К.Янкаускас. Ал Моника Иверсеннің сөзінше, бұл күні жасанды интеллектінің арқасында ұзын-сонар баяндама жазуға болады. Осы тұрғыдан алғанда жасанды интеллект жұмысты жеңілдетіп, ақпаратты қолжетімді ете алады. Сондықтан БАҚ үшін жасанды интеллектінің берер жемісі көп. Бірақ оның жұмысын пайдаланған кезде әрбір деректі жеті рет өлшеу артықтық етпейді. Себебі жалған ақпарат тарап кетсе, жасанды интеллект емес, оның мәліметін алған адам жауапкершілік арқалайды. Мәселен, тексерілмеген ақпарат бұқараға жетсе, қоғамдық пікір қалыптастырып, елдер арасындағы қақтығысқа әкелуі мүмкін. Сол үшін алатын ақпарат шынайылыққа негізделуге тиіс.
«Deutshe Welle» жобасының менеджері, digital сарапшы Баия Альбрехт те «жасанды интеллект – құрал, оны қолдану немесе қолданбау еркі бізде» дегенді айтты. «Ал біз оны қалай таңдауымыз керек? Қалай қолдану қажет? Оның айтуынша, ЖИ ақпаратты тез талдайды, бірақ ашықтық жоқ. Бұл өз кезегінде жалған ақпараттың таралуына жол беруі мүмкін. Одан бөлек, инвестиция салуды талап етеді. Тіпті ақпарат алу барысында ақпараттық қауіпсіздік мәселесі туындауы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда біз үшін жарты сағатта кітап жаза алатын жасанды интеллект зерттеу журналистикасын алмастыруы неғайбіл», дейді шетелдік сарапшы.
Іс-шара аясында «Перспективалар мен сын-тегеуріндер»: халықаралық журналистиканың болашағындағы медиа этикасы мен ЖИ арасындағы теңгерімді өзара әрекеттесу», «Хайп, кликбейт және фейктер – «дамудың салдары» немесе жаһандық желінің бұлтартпас құбылыстары: олармен қалай күресуге болады?» деген тақырыпта сессия ұйымдастырылды. Көріп отырғандай, қазіргі цифрландыру дәуірінде медиадағы өзекті мәселелерді талдап, тиімді шешімдер табу маңызды бола түсті.
«Журналистика мен ЖИ-ді реттеудің халықаралық стандарттары мен тәжірибесі» деп аталатын қорытынды сессия Парламент депутаттарының, медиа сарапшылар мен халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен пікірталас алаңына айналады. Форум қатысушыларға заманауи технологиялардың журналистиканың болашағы үшін тудыратын қиындықтары мен беретін мүмкіндіктерін талқылауға бірегей алаң ұсынды. Пікірталас инновациялар ақпарат сапасын жақсартуға және аудитория сенімін нығайтуға бағытталуға тиіс деген тұжырымға келді.
Шындығында да ЖИ пайдаланудың тиімді әрі этикалық тәжірибелерін дамыту үшін медиа және технологиялық компаниялар, мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығы жоғары. Сондықтан журналистерді ЖИ-мен жұмыс істеуге дайындау қажеттілігіне, осы саладағы білімдерін кеңейту мен құзыреттілік деңгейін арттыруға назар аудару – уақыт талабы. Бұл үшін технология мен сөз өнері арасындағы симбиозда техникалық мүмкіндіктер мен адами құндылықтар арасында тепе-теңдік те қажет.