Биыл мемлекеттік органдар мен ұйымдар азаматтардың 202,2 миллионнан астам өтінішін қанағаттандырса, оның 98 пайызы электронды түрде жүзеге асты. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жан-жақты айтылды.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау және мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту мәселелері туралы баяндама жасаған Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов: «Агенттік мемлекеттік қызмет алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған алдын алу шараларына басымдық береді. Осыған байланысты жүргізілетін тексерулер қызмет берушілердің құқыққа қайшы әрекеттерінің себептері мен жағдайларын анықтауға бағытталған», деді.
Осы мақсатта өткізілген 195 профилактикалық іс-шарада 45 мыңнан астам бұзушылық анықталса, оның 58 пайызы әкімдіктерге тиесілі болған. Көрсетілген бұзушылықтар санының 51%-ы мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін бұзу (18,8%), артық құжаттарды талап ету (29,5%) және негізсіз бас тартуға (2,8%) байланысты. Сондай-ақ жыл басынан бері агенттік сапасыз мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты 629 өтінішті қараған. Шағымдардың көпшілігі мемлекеттік органдардың жер қатынастары, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру салаларында мемлекеттік қызметтер көрсету кезіндегі іс-әрекеттеріне қатысты болып отыр. Өтініштерді қарау қорытындысы бойынша 181 көрсетілетін қызметті алушының құқықтары қалпына келтірілген.
Спикердің айтуынша, келіп түскен әрбір өтінішке жан-жақты талдау жүргізіледі. Одан бөлек, азаматтардың мүдделері мен сұраныстарын ескере отырып, көрсетілетін қызметті берушілердің жұмысы мен тиімділігі бағаланады. «Қызмет алушылардың құқықтарын проактивті түрде қорғау және қалпына келтіруге ерекше назар аударылады. Осылайша, қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын олардың өтініштерін күтпестен проактивті түрде қашықтан мониторинг жүргізу жолымен қалпына келтіру тәжірибесі іске асырылып келеді. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде бас тарту себептерін толық көрсетпеудің 571 фактісі анықталды. Профилактика мақсатында мемлекеттік органдарға көрсетілетін қызметті берушілер тарапынан болған жүйелі бұзушылықтарға жол бермеу жөнінде ұсынымдарды қарастыратын талдау жолданды», дейді С.Мүксімов. Айталық, жыл басынан 577 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке, ал 298 мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мемлекет кірісіне 22,1 миллион теңге өндірілген.
Сонымен бірге агенттік жыл сайын қоғамдық мониторинг жүргізеді. Оның аясында мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты халық пікірі, мүддесі, ұсыныстары мен қалауы зерттеледі. Одан бөлек, «электрондық үкімет» порталында онлайн сауалдама іске қосылған. Онда кез келген азаматқа ұсынылған мемлекеттік қызметтің сапасын өз бетінше бағалауға мүмкіндік қарастырылған.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында агенттік мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жөнінде шаралар қабылдап, бұл бағытта жүргізілген мониторинг пен талдау нәтижесінде 373 ұсыныс әзірленген. Бұл ұсыныстар бизнес-үдерістерді реинжинирингтеу, артық құқықтық реттеуді, жоғары талаптарды алып тастауға, функцияларды орталықсыздандыруға және лауазымды тұлғалардың дербес жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.