БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою конвенциясына сәйкес 25 қарашадан 10 желтоқсанға дейін еліміз бойынша «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» атты республикалық акция жүріп жатыр. Акцияның басты мақсаты – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, болдырмау және жолын кесу, ана мен баланы, олардың өмірін қорғау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған.
Іс-шара аясында Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдерін, барша халықты акцияға белсенді қатысуға шақырады. Әкімшілік полиция комитетінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Ақмарал Серікбаеваның айтуынша, акция барысында ішкі істер органдарының қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Акция басталған күннен бастап барлық өңірде 50-ден астам баспасөз мәслихаты өткізілді.
«Ақпараттық түсіндіру жұмыстары аясында әйелдерге қатысты барлық зорлық-зомбылықтың алдын алу және болдырмау, халыққа осы салада істеліп жатқан шаралар мен заңнамалардағы өзгерістерді таныстыруды мақсат етіп отырмыз. Сондықтан іс-шаралар ауқымы халық көп жиналатын жерлерде өтіп жатыр. Қазір еліміз бойынша халық көп жиналатын қоғамдық жерлерде 3 күннің өзінде ғана 70-тен аса іс-шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ оқу орындарында, еңбек ұжымдарында түрлі дәріс ұйымдастырылып, заңдағы соңғы өзгерістер мен толықтырулар, республика көлемінде жұмыс істеп тұрған сенім телефондары туралы ақпараттандыру жұмыстары жүріп жатыр», дейді Ақмарал Абзалқызы.
Бүгінде елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша соғылған қоңырау мен қозғалған істердің статистикасы жаға ұстатады. Мәселен, он айдың қорытындысы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 82 мыңға жуық әкімшілік шағым мен хабарлама түскен. Оның ішінде 60 мыңнан астамына әкімшілік іс қозғалды. Былтырмен салыстырғанда әкімшілік іс қозғау 20 пайызға өскен. Оның себебі 1 шілдеден бастап әкімшілік іс қозғау арызданудан анықтау сипатына көшті. Заңнамадағы жаңа өзгерістер он айдағы отбасылық зорлық-зомбылық қылмыстарының төрттен екі пайызға төмендеуіне де септігін тигізген.
Сондай-ақ А.Серікбаеваның сөзінше, заң шығарушы орган үкіметтік емес ұйымдардың петициясын негізге алып, заңдарға өзгерту енгізсе, тиісті тапсырманы орындау заңға сәйкес құқық қорғау органдарына жүктеледі.
«Бұрын құқық қорғау қызметкері жәбірленушінің арызынсыз әкімшілік іс қозғай алмайтын. Мысалы, былтыр 115 мыңнан астам арыз-шағым келіп түсті. Оның 75 мыңнан астамы жәбірленушінің арызды кері қайтарып алуы себебінен жабулы күйінде қалды. Ол уақытта арыз бойынша істі қарамау секілді бірді-екілі факті болды. Қазір бізге ешкімнің арызы керек емес. Құқық бұзушылық фактісі болса, бірден әкімшілік іс қозғалады. Заңдағы бұл өзгеріске сай әрекет етпеген құқық қорғау қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал қоғамдық резонанс тудырған Қызылорда қаласындағы қылмыстық оқиға бойынша ішкі істер органдарының қызметкерлерінің соты аяқталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды», дейді ол.
Қоғамдағы құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділікті арттырып, халықтың отбасылық зорлық-зомбылық туралы ақпараттануы маңызды. Сондықтан құзырлы орган имидждік іс-шаралардан бөлек отбасында құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды, сондай-ақ жайсыз отбасыларды тұрғылықты жері бойынша тексеруді де жоспарлап отыр.