• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жұмыс 29 Қараша, 2023

Жұмыспен қамтудың тың ізденістері

193 рет
көрсетілді

Әулиеатада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық көрсету жұмыстары жоспарға сәйкес іске асырылып жатыр. Біршама уақыт бұрын облыс орталығында 150 орындық оңалту орталығы ашылды. Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев бұл бағыттағы жұмыстың үздіксіз жалғасатынын айтып жүр.

Облыс әкімдігі Жұмыспен қамту­ды үйлестіру және әлеуметтік бағдар­ла­ма­лар басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, өңірде мүгедектігі бар 45 601 азамат тіркелген. Бұл көрсеткіш облыс халқының 3,7 па­йызын құрайды.

«Осы жылы мүгедектігі бар адамдар­дың жеке абилитациялау және оңалту бағдарламаларына бюджеттен 3,4 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржының жартысы республикалық бюджеттен қарастырылса, қалғаны жергілікті бюджеттен берілді. Ал өткен жылы 1,9 млрд теңге бөлінген еді. Кейінгі 10 айда әлеу­мет­тік қызметтер ұсыну порталында мүм­кіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы 93 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша өңірлер арасында көш бас­тап тұрмыз. Яғни порталға тіркелген азаматтардың 24 719 өтінішінің, 22 967-сі қанағаттандырылды. Жалпы алғанда, өңіріміз бойынша 45 601 мүгедектігі бар адам тіркелген болса, оның 6 824-і – балалар. Өкінішке қарай, бұл санаттағы балалардың саны жылдан-жылға артып бара жатыр. Олардың 2 мыңға жуығы тірек-қимыл аппараттары бұзылған және жүйке ауытқулары бар балалардың санатына қосылып отыр. Өткен жылы басқармаға қарасты 12 медициналық-әлеуметтік мекемелерде 1 291 адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді», дейді басқарма басшысы.

Г.Жауынбекова келтірген дерекке жүгінсек, 3 стационар жағдайындағы арнау­лы әлеуметтік қызметтер ұсыну орта­лығында мүгедектігі бар 755 адамға, 9 жартылай стационар жағ­да­йында мүге­дектігі бар адамдарды және бала­лар­ды оңалту және бейімдеу орта­лық­тарында 536 азаматқа қызметтер ұсы­нылған.

«Мемлекетіміздің қолдауының нәти­же­сінде кейінгі жылдары арнаулы әлеуметтік қызметтердің көлемі мен са­пасын жақсарту мақсатында қызмет­тер­ді ұсынатын мекемелердің желісін дамыту жұмыстарына айрықша ден қо­йылған. Осы жылы Сарысу ауданын­да сыйымдылығы 25 орындық мүге­дектігі бар балаларды оңалту және бейім­деу орталығы ашылса, бұған де­йін ха­бар­лағанымыздай, Тараз қала­сында 150 орындық оңалту және бейімдеу орталығының құрылысы жүр­гізіліп, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда оңалту орталығында 110 азамат қызмет алып жатыр. Ғимараттың басты ерекшелігі сол, барлық жаңа технология­лар енгізілген, заманауи талаптарға сай түрлі жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бассейн, арнайы ванналар, спорт зал, мәдени іс-шаралар өтетін мәжіліс залы бар», дейді Г.Жауынбекова.

Оның айтуынша, желтоқсан айын­да Тараз қаласында 110 орындық аутизмі бар балаларды қолдау орталығы ашыл­мақ. Қазіргі кезде ғимарат толықтай жөн­деуден өткі­зілген. «Қамқорлық» қоры­ның қол­дауымен қажетті жабдықтар то­лық­тай сатып алынған.

«Жаңадан ашылатын ғимараттың қоғамға пайдасы зор. Бұл орталық аутиз­мі және басқа да психикалық ауыт­қуы бар балалардың әлеуметтік проб­лемаларын шешуге жағдай қалып­тас­ты­рады. Сондай-ақ олардың басқа азаматтармен тең дәрежеде қоғам өміріне қаты­­суына мүмкіндіктер қарастыруға бағыт­­талған қызметтер кешенін ұсынады. Бір сөзбен айтқанда, ерекше балалардың мәселелерін шешу жолында орталықтың қызметкерлері аянбай еңбектенуге әзір. Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің ұйымдастыруымен 14 бөлімше және 1 бөлімшеден тыс қызмет қарастырылған. Қазіргі кезде үйде қызмет көрсету жағ­дайында 711 мүгедектігі бар азаматқа және балаларға арнаулы әлеуметтік қыз­меттер ұсынылып жатыр», дейді Г.Жауынбекова.

Өңірде мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау жұмыс­тарына үкіметтік емес ұйымдар да айрықша атсалысып жүр. Олар мемле­кет­тік әлеуметтік тапсырыс аясында түрлі қызметтер ұйымдастырып жатыр.

«Бұл азаматтардың табыс табуына тең мүмкіндік қарастырған абзал деп есептейміз. Өйткені олардың да еңбек етуге толықтай құқығы бар. Қазіргі кезде оларды жұмыспен қамту бағытында бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын айта кеткен жөн. Мәселен, әкімдердің қаулыларына сәйкес осы жылға 51 мекемеде 86 орынға квота аясында жұмыс орындары белгіленіп, бүгінде 68 мүгедектігі бар азамат жұмысқа орналасты. Сондай-ақ 3 024 мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Олардың 726-сы тұрақты жұмыспен қамтылса, 508-і ақылы қоғамдық жұмысқа, 18-і әлеу­мет­тік жұмыс орындарына, 45 азамат жастар тәжірибесі бойынша жұ­мыс­қа жолданды. Бұл көрсеткіш, әрине, көңіл көншітеді. Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуда «Алғашқы жұмыс орны» жобасының да пайдасы тигенін атап өткен жөн. Бүгінде 15 азамат аталған жобаның шарапатын көрсе, 43 азамат «Күміс жас» жобасына қатысып отыр. Жалпы алғанда, мүгедектігі бар азаматтардың өзін-өзі дамытуына да айрықша назар аударып отырғанымызды айта кеткен ләзім. Мәселен, қазіргі кезге дейін онлайн оқыту курстарына 77 азамат жолданып, «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздері арқылы 1 270 азамат оқудан өтсе, кәсіптік оқыту курстарына 53 азамат жолданды. 269 азамат жеке кәсібін ашуға грант алды», дейді Г.Жауынбекова.

Басқарма басшысы келтірген деректерден ұққанымыз, мүгедек азаматтарға жергілікті атқарушы билік тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл бағыттағы ізденістер алдағы жылы да лайықты жалғасын таппақ.

 

Жамбыл облысы