• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Ғылым 29 Қараша, 2023

Тіл ғылымының тұлғасы

265 рет
көрсетілді

Қазақ тіл білімінің аға буын өкілдерінен бір керемет қасиетті байқауға болады. Ол оқымыстыларымыздың сан қырлылығы, ғылыми зерттеулердегі жан-жақтылығы дер едік. Міне, сондай ғылыми шығармашылығының ауқымы кең, әралуан салаларға тармақталған, атап айтқанда, қазақ тілі білімінің тарихы, графика, орфография мәселелерін, сондай-ақ қазақ тілінің морфология және сөзжасам салаларын зерттеумен қатар, қазақ тілін оқыту әдістемесін де зерделеп, елеулі табыстарға қол жеткізген көрнекті ғалым Қазақстан еңбек сіңірген ғылым қайраткері, педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұржамал Оралбайқызы көзі тірі болғанда 95 жасқа толар еді.

Қазақ тіл білімін дамытуға зор үлес қосып, мемлекеттік тілді өзге этнос өкіл­деріне үйре­туге еңбегі сіңген ғалым қа­ла­мынан 8 монография, 11 оқулық, 15 оқу құралы, 11 оқу бағдарламасы, 200-ден астам ғылыми мақала тууы тіл білімі тарланының əралуандығын көрсетсе керек. Соларға рет-ретімен қыс­қаша тоқта­лып өтейік.

Қазақ тіліндегі етістіктің грамматика­лық құрылысында аналитикалық фор­мант­тардың кең орын алатынын жоғары ғылыми-теориялық деңгейде зерделеп, 1971 жылы қорғаған «Қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары» атты докторлық диссертация­сында ұсынған идеялары ғылыми жұрт­шылықтың ерекше назарын аударған еді. Тек қазақ тіл білімі емес, жалпы түркологияда да шешімі əртүрлі пі­кір қайшылықтарын тудырып жүрген мə­селеде жаңа бағыт ұсынды. Оған ға­лым­ның «Қазіргі қа­зақ тіліндегі етіс­тіктің анали­тикалық формалары», «Қа­­зіргі қазақ тіліндегі аналити­ка­лық фор­манттардың құры­лысы мен мағы­насы» атты монографияларындағы ғы­лыми зерттеулері дəлел болады. Сондай-ақ «Қазақ тілін­дегі етістіктің категория­лары», «Қазіргі қазақ тілінің морфемалары жүйесі» моног­рафиялық еңбектері де грамматика теориясына қосылған ғылыми үлес деп бағаланды.

Нұржамал Оралбайқы­зы­ның елеулі еңбектері қа­зақ тілінің сөзжасам мəсе­лесімен тығыз байланыс­ты. Сөзжасам мəселесін жаңа ба­ғытта, жаңа ғылыми негізде жоғарғы дəрежеге көтер­ген жəне сөзжасамның кейінгі зерт­телуіне соны бағыт сіл­теуге, сөзжасамға көз­қарас­ты өзгертуге, жаңа идея­лар­ға бас­тауға профессор Н.Орал­бай­қызының жауапты ре­дакторлығымен 1989 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты монографиясының маңызы зор.

Монографияда қазақ тіл бі­лімінде тұңғыш рет сөз­жасамның жалпы тео­риялық мəселелерінің ғылыми не­гізі жасалды. Бұған дейін сөз­жасам жүйесі, оның жалпы заң­дылықтары сөз болған емес, зерттеулердің бəрі негізінен жеке сөз таптарының жұрнақтар арқылы жасалуы туралы болып келді. 1988 жы­лы жарық көрген профессор Н.Оралбайқызының «Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөз­жасамдық жүйесі» атты монография­сында ғалым қазақ тілінің сөзжасам жүйесіне толық сипаттама берді. Бұл қа­зақ тіл білімінде тілдің сөз­жа­сам жүйесіне берілген тұң­ғыш ғылыми сипаттама болатын. Бұған дейін ол мəселе ретінде қойылған емес. Онда қазақ тілінің қалыптасқан өзіндік жүйесі ұзақ уақыт ішінде талай өзгерістерді өткізіп, қалыптасқаны дəлел­денген. Ұзақ уақыт ішін­де сөзжасамдық бірлік­тер қалыптасып, олар­дың қол­данылуы, туынды сөздер­дің жасалу заңдылық­тары қа­лыптасқаны ғылыми тұрғыда дəлелденді, сан есімдердің сөзжасам жүйесі тұңғыш рет сипатталып, оның өзіндік ерекшеліктері көрсетілді. Сан есім сөзжасам жүйесінде негізінен ана­литикалық тəсіл қолданылады деген тұ­жы­рым еңбекке өзек болып, дəлелденіп отырады. Сан есім­нің сөзжасамдық бір­ліктері сан атаулары деп дəлелдеген ғалым сан атауларынан бас­қа сан атаула­рының жасалуы, қосылу жəне көбейту заң­дылығы арқылы жасалатын нақты тілдік деректер негізінде дəлелдеп, оның түрлі модельдерін жасаған.

Жоғарыда айтқанымыздай, сан есім сөзжасамы туралы монографияда қазақ тілінің сөзжасам жүйесі тұңғыш рет ғылыми мəселе ретінде сөз етілсе, 1989 жылғы монографияда «Сөзжасамның жалпы мəселелері» арнайы зерттеліп, онда тілдің сөзжасам жүйесі екінші рет толық сипаттамаға ие болды. Профессор Н.Орал­байқызының еңбегінде сөзжа­сам жүйесі мəселесінің ішінде сөзжасамдық талдау, туынды сөздер, сөзжасам негізді­лігі (мотивация), сөзжасамдық тізбек, сөзжасамдық ұя, сөзжа­самдық мағына, сөз­жасамдық тип мəселелері алғаш рет қарастырылды.

2002 жылы Ғылым ака­де­миясының Тіл білімі инс­титутының грамматика бөлімі дайындаған «Қазақ грам­ма­ти­касы» деген өте маңызды, құнды ең­бек жарық көрді. Мұнда сөзжасам мəселесі профессор Н.Орал­байқызының бас­шылығымен дайын­далғанын атап өткен абзал. Мұнда сөзжасам мəселесі ғылымның соңғы жетістіктеріне негізделіп, өте жоғары дəрежеде жазыл­ғанын жəне бай тілдік деректерге негізделіп берілген.

Жаңа ғылыми туындылар­дың өмірге келуіне бағыт-бағдар беретін, профессор Н.Оралбайқызының көп идеясының жас ғалымдарға ой салып, оның əрі қа­рай дамуына жол ашқанын, яғни жаңа ғылыми туындылардың өмірге келіп жатқанын қазіргі қазақ тіліндегі болымдылық-болымсыздық категория ту­ра­лы, қазақ тіліндегі зат­тың күр­делі атауларының тео­­рия­лық негіздері, қазақ тілін­дегі сөзжасамдық ұя проб­лемаларның ғы­лыми-теория­лық негіздері, қазақ тілін­дегі нөлдік морфеманың функ­циональ­дық жəне семантикалық аспектісі туралы ғана оннан астам док­торлық жəне кандидаттық диссертация қорғалғаны ғалым идеяларының жалғасын тауып жатқанын көрсетеді.

Тағы бір ерекше айта кететіні – 1989 жылы жарық көрген монография­да ғалым дəлелдеген көкейтесті мəсе­лелер ғылымда танылып, одан əрі дамы­­тылып келе жатқанын, профес­сор Н.Оралбайқызының көтерген жаңа ғылыми мəселелері ғалымның «Қазақ тілі сөзжасамы» оқулығына (2002) енгені дер едік. Сөзжасам оқулы­ғы қазақ тіл білімінің сөзжасам саласынан қазақ тілінің келешек мамандарына толық білім беруді көздейді. Сөзжасам пəнінен студеттерге жан-жақты толық білім беру оқулықтың негізгі мақсаты болып айқындалған. Оқулықта сөзжасамның жалпы теориялық негізгі мəселелерінен жеткілікті дəрежеде мағ­лұмат берілген. Ол сөзжасам теория­сының зерттелмеуімен байланыс­ты болды. Осы жағдайлар ескеріліп, оқу­лықта сөзжасамның мəселелері толық қамтылған. Сөз таптарының сөзжасамы да зерттелінген. Өйткені морфология оқулығында сөз таптарының сөзжасамы толық ашылмаған болатын. Сондықтан ұсынылып отырған оқулықта сөз тапта­рының сөзжасамы ғылымның соңғы деректері деңгейінде беріліп, əдістеме ілімінің соңғы жетістіктеріне сай модульдік жүйе негізінде жазылған.

Профессор Н.Оралбайқызының тіл білімі теориясымен қатар, тіл оқыту əдістемесі ғылымына да сіңірген еңбегі ерекше. «Орыс тіліндегі мектеп­те қа­зақ тілін оқыту əдістемесі» (1996) атты оқу­лықтың жарық көруі ұлт­тық мек­тептердегі қазақ тілін оқыту əдіс­те­месін дамытудың алғашқы бас­тауы болды деп толық айтуға негіз бар. Ғалымның бұл саладағы ілімнің ғылы­ми-теориялық негізін жасаудағы еңбегі­нің жемісі ретінде қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқытуға арналған оқу­лықтардың, оқу, оқу əдістемелік құрал­дар мен оқу бағдарламаларының көп­теп жарық көруіне ұйытқы болған. Жоғарыда көрсетілгендей, əдіскер-ғалымның қырық шақты оқулық, оқу əдістемелік құралдары мен оқу бағдар­ламалары бұл саладағы қомақты ғылыми үлес екенін айқындайды.

Қазақ тілі әліпбиін біртіндеп латын қаріпіне көшіру бойынша біршама шаруа атқарылғанын ғылыми жұртшылық жақсы біледі. Бұл мәселеде алыс-жақын елдерегі тəжірибелерді зерделеп, саралап, оның саяси, əлеуметтік-экономикалық жəне психологиялық аспектілері терең зерттеліп, мемлекеттік тілді латын əліп­биіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобы үлкен талқылаудан кейін жобаның соңғы нұсқасын ұсынғаны да белгілі. Енді тілші-ғалымдардың алдында орфография мен орфоэпия мəселесін шешу міндеті тұр. Реті келгенде, профессор Н.Оралбайқызының «Қазақ графикасы мен орфографиясы» атты монографиялық еңбегінде айтылған тың ойлар мен идеялар осы мəселені шешуде де өз септігін тигізер деген ойдамыз.

Өнегелі ұстаз – ғылыми кадрлар даяр­­лау ісіне де елеулі еңбек сіңірген қай­раткер. Тіл білімі теориясы мен əдістеме ғылымы бойынша жиырмаға жуық ғылым докторы мен алпысқа жуық ғылым кандидатын дайындады. Ғалымның шəкірттері республикамыздың жоғары оқу орындарында, ғылыми зерттеу инс­титуттарында еліміздің кемел келешегі үшін аянбай еңбек етіп келеді.

Тіл білімінің көрнекті ғалымы Нұр­жамал Оралбайқызы – өзі зерттеген салалары бойынша əрқашан да жаңа бағыт, тың идеялар ұсыну арқылы ғылымда өз мектебін қалыптастырған тұғырлы тұлға. Ғалымның соңынан қалған мұралары жоғары оқу орындарында филолог-маман дайындау ісінде әрқашан кәдеге жарар құнды еңбектер деп санаймыз.

 

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

Ұлттық құрылтай мүшесі,

 ҰҒА академигі