Мұрат Мөңкеұлының біз қараған жазба деректерде жеті айтысы ғана бар. Айтыс ауызша таралатын өнер болғандықтан кейбір айтыстары бізге жетпеген болуы да мүмкін. Мәселен, Бәленей мен Қалнияз, Шолпан ақындармен сөз таластырғаны деректерде болғанымен мәтіні сақталмаған. Кейбір мәліметтерде алты айтысы бар делінген. Оның төртеуі бір қайырыммен, яғни Мұраттың қарсыласын алғашқы кезекте сөзден тоқтатуымен аяқталады. Осы жеті айтысының өзінен-ақ оның заманында алдына жан салмаған өлең жүйрігі, айтыстың абаданы болғаны көрінеді. Мұрат Мөңкеұлын алғаш зерттеген Халел Досмұхамедұлы: «Мұрат бала күнінен-ақ өлең айта бастаған. Он бестен асқан соң той-тобырда өлең айтуды мүсе етпей, заманындағы айтқыштардың барлығын айтысып, жеңген. Айтысқа өте шебер болған. Мұраттың өмірінде айтыстан жеңілген орны болмаған. Айтыстың көбі Мұраттың жігіт күнінде болған», деп жазады.
Ақынның шығармашылығын зерттеген академик Бауыржан Омаров Мұраттың анасы Қырықжылқы мен ағасы Матайдың да ақын болғанын атап өтеді. Ауызша деректерде Жылқышы ақынмен айтысқа алдымен Мұрат емес, Матай дайындалған көрінеді. Бірақ Есет бидің ұйғарымымен айтысқа Мұрат шыққан.
Мұраттың алғашқы айтысқа талпынысы жеті жасында байқалады. Қаратоқай руының Барахат деген белгілі адамымен сөз қағысы – соның дәлелі. Қайым айтыс үлгісіндегі бұл қағысуда бала Мұраттың суырыпсалма өлеңге ес жиып, етек жапқан кезінен бейім болғаны байқалады.
Айтыстың заңдылығында айтысатын қарсыласы даңқты болса айтыстың да, ақынның да бағасы биіктей түседі. Бұл ретте Мұраттың үш жүзге аты мәлім Қашаған Күржіманұлымен кездесуін айтуға болады. Бұл айтыс дегеннен гөрі сөз қағыстыруға келеді. Бір қайырыммен, бір-бір шумақпен ғана аяқталған қысқа қағысуда Мұраттың:
«Аман-есен жүрмісің,
Қашаған аға – заңғарым,
Қайдан білсін мына жұрт,
Қашаған мен Мұраттың
Анттасып дос болғанын.
Біліп келе жатырмын,
Кейбір жылпос қулардың,
Айдап салып біздерді,
Айтыстырмақ арманын», деген сөзінен сол уақыттағы екі даңқты ақынды айтыстырып, қызық көрмек болған қулардың әрекетіне наразылығын, Қашағанға деген ерекше құрметін аңғарамыз. Бұл сол уақыттағы кеу-кеулеген кейбіреудің Балуан Шолақты Қажымұқанмен күрестірмек болған әрекетіне ұқсас. Қашағанның да Мұраттың ақындығын ерекше бағалағаны өлеңінен аңғарылады:
«Бармысың менің жүйрігім,
Алдыңа қара салмаған.
Айыбым бар, білемін,
Іздеп сені бармаған...
Қу тірліктің қамымен,
Ініден хабар алмаған».
Кейбір зерттеушілердің есебіне енбей жүрген – осы айтыс. Ақындардың бір-біріне тілектестігі, жүз көріскенде дәстүр бойынша өлеңмен амандасқаны деп есептесе керек. Бұл сөз қағысында басқа айтыстарындағыдай сауалға уәж қайтарып, сөзбен шарпысу жоқ.
Ғалым Бауыржан Омаровтың Мұраттың айтыскерлігі туралы: «Мұрат есейе келе айтысқа ден қойған. Ол туып-өскен Атырау өңірі айтыс ақындарынан кенде емес еді. Жасынан ойын-сауыққа араласып, сал-серілерге ілесіп, жиын-тойдан қалмайтын Мұрат солардың сөз сайысынан нәр алып, айтысқа бейімділігін көрсете бастайды. Ал ақын деген қадірлі атақты алу үшін сол кездегі қазақ дәстүрі бойынша белгілі деген бірнеше ақынмен айтысып, сыннан өту, жүлде алу шарт еді. Мұраттың айтысқа шығуы үшін бойына біткен ақындық қабілеті, тапқырлығы аздық етеді», деп басталатын көлемді зерттеуі оның ақындық жолының қалай басталып, қалай өрбігенінен ақпарат береді.
Негізі, айтыс ақынының үнемі жеңуі міндетті емес. Ахмет Байтұрсынұлының: Айтысқанда екі күрескен балуандар сияқты бірін-бірі аңдиды, бірін-бірі бағады. Күрескендегі бірін-бірі жығу үшін істейтін әдіс-амалдарды, тәсілдерді мұнда да істейді. Айтысқанда жай сөзбен айтыспай, өлеңмен айтысады. Сондықтан өлеңмен ғана айтысу айтыс деп аталады, – деген тұжырымына сүйенсек, айтыс ақыны балуандар сияқты бірде жеңіп, бірде жеңілуі қалыпты жағдай (Байтұрсынұов А. Әдебиет танытқыш. Алматы: Атамұра, 2003.). Бірақ бұл ойымызды Мұрат сияқты мықты ақындарға таңа алмаймыз. Өйткені ол – үнемі жеңімпаз. Әрбір айтысында мерейі үстем тұрады. Қарсыласын салған бетте жыға салатын, жауырыны жер иіскемеген балуан сияқты ақын.
Ол алғаш Жылқышы деген ақынды сөзден сүріндірген. Жылқышы жеңіле салатын осал ақын емес. Ысық деген үлкен рудың сол аймаққа аты белгілі, белді ақынның бірі болған. Оны айтыстың үстіндегі:
«Мен кімнен айтар сөзге қорғалайын,
Ойықтың тізгін үзген бұлбұлымын», деген сөзінен-ақ байқауға болады. Атақты «Біржан-Сара» айтысында Біржанның Сараға «Сайраған Орта жүздің бұлбұлымын» деп өз даңқын әспеттеп доқ көрсете сөйлеуі айтыс дәстүрінде ертеден бар әдіс. Жылқышы ақын соны пайдаланып Мұраттан мықты екенін көрсеткісі келеді. Мұратты жеңетініне сенімді сөйлейді. Айтыстың мазмұны Біржан мен Сараның, Сүйінбай мен Қатағанның айтыстары сияқты әркім өз елінің мықтыларын мадақтап, қарсылас елінің осал тұстарын айтумен өрбиді. Бірақ бұл жағдайда Мұраттың өлеңінің бәсі биік болады. Өйткені ол Жылқышы руының осал тұстарын әбден зерттеп, үлкен дайындықпен келген. Қарсыласының рулық тарихын тарата отырып, адымын аштырмай сөзбен матап тастайды.
Деректерде Мұраттың екінші айтысы 1863 жылы жиырма жасында таз руының ақыны Бала Оразбен болғаны айтылады. Бұл сөз барымтасы талаптарын толық орындамаса да қайым айтыс үлгісіне келеді. Қарсыласының аты Бала Ораз болғанмен жасы Мұраттан үлкен. Оны айтыс барысындағы сөзінен аңғарамыз:
«Мұратжан бала сен бе едің,
Жоқ еді бұрын көргенім.
Көрмегеннің белгісі –
Жасың үлкен аға деп,
Көрісіп сәлем бермедің».
Дәстүрлі қайым айтыстарда он бір буынды, төрт жолды өлеңмен жауаптасады. Төрт жолды шумақтың алдыңғы екі жолын қайталай отырып, соңғы екі жолымен қарсыласқа жауап қайтару керек. Айтыс жеті-сегіз буынды жыр үлгісінде болғанымен, алдыңғы алты жолында Бала Ораздың алғашқы жолдарын қайталап жауап беруі қайым айтыстың үлгісіне келеді.
«Мұратжан бала мен едім,
Жоқ еді бұрын көргенім.
Көрмегеннің белгісі,
Жасың үлкен аға деп
Көрген соң сәлем бермедім».
Айтыста Мұраттың жауабы нақты, уәжі мығым екені анық көрінеді. Бұл айтыста екі ақын да бауыр жазып, еркін көсіле алмаған. Бір қайырумен ғана тәмам болған тайталаста Мұраттың жеңісі шыққан күндей айқын көрінеді.
Дәл осы Бала Оразбен айтысы сияқты Жаскелеңмен айтысы да бір жауаптасумен тоқтаған. Деректерде айтыс 1868 жылы болғаны айтылады. Кете Бекберген жыраудың баласы Жаскелеңнің:
« Жылқыға кедей ел ме едің,
Қаңғырған Байұлының баласы», деген шабуылына Мұрат жұлып алғандай:
«Жылқыға кедей ел емен,
Жөніңді тап та жылқыңды ал», деп асқақ жауап береді. Ескі айтыс дәстүрінде рудың кемшілігін бетке басып айту қалыпты жағдай болған. Ол кемшіліктерге ақынның тапқыры, кемел білімдісі ғана тосылмай жауап беретін болған. Бұл айтыста да Мұрат бәсекелесінен ақындығы мен қарым-қабілеті артық екенін дәлелдейді.
Келесі Ізім ақынмен айтысы да бір қайырыммен аяқталатын айтыстарының қатарына кіреді. Ізіммен, Жаскелеңмен айтыстарының құрылымы жоғарыда айтылған Бала Оразбен айтыстарына ұқсас. Ақын қарсыласының алғашқы жолдарын іліп алып, өз сөзін өзіне жауап қылып қайтарады. Бұл да – айтыста бар үрдіс. Бірақ оған ақынның ойының ұшқырлығы, жүйелі өлең құрауға шеберлігі аса қажет. Ізіммен айтысында толық жеті буынмен жырлайды. Үш айтыста да қарсыластары сөз бастап, Мұрат бір дегеннен тоқтатып отырған. Басқа қарсыластары бір-бірін білгенімен, Ізімнің салған жерден аты-жөнін сұрағанына қарағанда Мұратпен бұрын таныс болмағанын, кездейсоқ жолыққанын аңғарамыз.
Мұраттың Тыныштық, Жантолы, Шолпан деген әйел ақындармен айтысқаны туралы дерек бар. Алдыңғы екеуінің айтыс мәтіндері болғанымен соңғысын таба алмадық. Соған қарағанда, Шолпан ақынмен айтысының мәтіні сақталмаған болар деп топшылаймыз. Жылқышымен, Жантолымен және Тыныштықпен айтыстары басқа айтыстарға қарағанда кезектесіп, жауаптасып айтысқан толыққанды дәстүрлі айтыс деуге болады.
Жантолымен айтысы мазмұны әзіл-қалжыңға құрылған қыз бен жігіт айтысы болғанымен, құрылымы жағынан бір шумақпен ғана жауаптасатын түре айтысқа және қарсыласының шумағының алғашқы екі жолын қайталап, соңғы екі жолымен жауап беретін қайым айтысқа да жатады. Жантолы екеуі жас күндерінен әзілдесіп айтысып, бірақ жеңісе алмаған құда бала мен құдаша екенін айтыстағы ауанынан байқауға болады. Мұрат жолаушылап кеткенде, Жантолы ұзатылған екен. Мұрат қыздың артынан іздеп барып айтысады. Жантолыны тиген күйеуінің бала кезде бұзаутаз болып ауырып, орны қалып қойғанын естіп соны бетіне басады:
«Аз еді қыдырып көрмегенім,
Ойымда тағы да бар көздегенім.
Таз бенен ақбас қотыр бір нәсілді,
Ақ басты көрмеймін бе емдегенін».
«Біржан-Сара» айтысында да адуынды ақын Сараны сөзден жеңу үшін Жиенқұлдың кемтарлығын айтып тоқтататыны бар. Бұл айтыс та соған ұқсас.
Ал Тыныштықпен айтысы баспасөз бетіндегі кейбір деректерде қазіргі Қызылқоға ауданының аумағында болғаны айтылады. Сүре айтыс үлгісіндегі бұл сөз барымтасының қысқаша мазмұны былай. Тоқтамыс ауылына Шеркеш руының қыз ұзату тойына шақырылған Мұратты жұрт Тыныштық деген әйелмен айтыстырады. Сөзді бастаған Мұрат төкпелетіп келіп былай дейді:
«Даусымды тыңдайды әркім тосынында-ай,
Ай жарық, әні сұлу қосылуға-ай.
Кемпірмен елудегі айтыс деген
Шеркештер, қорлық білдім осыныңды-ай».
Тыныштық та жасын айтып кемсітпек болған Мұрат елінің біраз кемшіліктерін біледі. Екі ақын да бір-бірінің руларындағы кейбір адамдарының жасаған іс-әрекеттерін айтып, бір-бірінің бетіне басады. 1856 жылдар шамасында Тілеубай мен Шолым деген беріш руының ағайынды екі жігітінің Хан Жәңгірдің екпініне шыдамай Бөкейдегі барлық бауырларын жинап, Жайықтан өтіп Қызылқоғадағы Тайсойған құмына келіп бас сауғалағанын мін қылып айтады.
«Өлеңге сен де дайын, мен де дайын,
Зырқырар айқын жүйрік шапқан сайын.
Ерікті онша Беріш мықты болсаң,
Шолым мен қайда қаңғырды Тілеубайың?
Ар жақтан Шолым, Тілеубай қашып өткен,
Нарыннан күн көре алмай сасып өткен.
Бір жылы Баймағанбетке қоңсы қонып,
Ішінде Қаракемпірдің кәсіп еткен.
Қаңғырған Байұлының қорғанындай,
Ағаңа Тәңірберген нәсіп еткен».
Тыныштықтың ағайынын қаралап сөйлегеніне күйінген Мұрат бастырмалатып:
«Аржақтан Тілеубай мен Шолым өткен
Жерінде көкжал бөрі болып өткен
Нарында хан баласын итше сабап
Ер еді дүниеге қолы жеткен.
Зырғанап хан Ордада тұра алмады,
Қаймығып Қайыпбай мен Құтымбеттен!
Сен Шолымды білетін бе едің, не ғып өткен?!
Жайықты талқан қылып жарып өткен
Нарында хан баласын итше сабап
Астына табанының салып өткен!» деп сөзбен тұқыртып тастайды. Мұрат интеллектісі ғана емес, мәдениеті де жоғары ақын. Әйелдің тілі тигеннен кемшіліктерін тізбектеп кеттім деп, жиналған шеркештерден кешірім сұрауы оның мәдениеттілігін көрсетеді. Тойда шапан киемін деп келген Тыныштықтан Мұрат оза шауып, осылайша ел алдында тоқтатады. Уәжден жеңілгенін білген Тыныштықтың шешесі Мұратқа шапан жауып, ерекше құрмет көрсетеді.
Айтыс ақындарына тән тағы ерекшелік әртүрлі жиындарда арнау өлең шығару. Мұраттың бірқатар арнау өлеңдері де бар. Олар елдегі атқамінерлердің жағымды-жағымсыз мінездеріне шығарылған жырлар. Халел Досмұхамедұлы: «Мұрат мақтау өлең айтып мал таппаған. Заманындағы ұлықтарға шығарған асқақ сөзі көп», деп оның арнау өлеңдерінің өзі сынға құрылған бірбеткей ақын екенін жазады. Мәселен, Мұратқа өзін мақтатпақ болған Қарақожа деген болысқа былай деген екен:
«Әкеңіз бізге мағлұм Құлбас еді,
Тыпырлап қолды-аяққа тұрмас еді.
Шілдеде қой жұмырқұрт болады деп
Көк дәрі, күкіртпенен қоймас еді.
Тарттың да нағашыңа адам болдың,
Сондай ұл қашқыншыдан тумас еді.
Тартамын домбыраны қызыл күйлеп,
Қарақожа хакім болдың елді билеп.
Қашқыншы бес Қойыстың азығы едің,
Қайрекем бір шығарды қырға сүйреп».
Қайранбай деген бай нағашыңның арқасында болыс болдың деп сынаған Мұратқа Қарақожа жалынып, өлең тарап кетпесін деп айып төлепті. Бірақ ауыздан шыққан өлең елге тарап кетіпті.
«Турабай болыстыққа таласқанда айтқаны», «Бегалыға айтқаны», «Айжарыққа айтқаны», «Енеғалиға айтқаны», т.б. арнаулары да айтыс өлеңдерінің қатарына жатады.
Мұрат Мөңкеұлының өлеңдері көркем әрі әсерлі. Адамның жан дүниесінің бұлқынысы да айқын бейнеленіп отыратын шебер ақын. Академик Қажым Жұмалиев: «Мұрат Мөңкеұлы – өз дәуіріндегі тілі бай, күшті ақындардың бірі. Әлеумет өмірінде болған әртүрлі қайшылықтарды көрсетуі, елін сүюшілігі, халықтың ісі үшін күрескен батыр ұлдарын жыр етіп, ерлік өмірі мен ісін кейінгі ұрпаққа үлгі етуі, өнегелі тіл байлығы біздер үшін керек», дейді.
Мұрат Мөңкеұлы – Бұқар жырау, Дулат, Шортанбай, Әбубәкір Кердері ақындар сияқты заманының әлеуметтік жағдайын молынан толғаған кең тынысты шайырлардың бірі. Тек әлеуметтік толғауларын ғана емес, оның айтыстарын да Сүйінбай, Орынбай, Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Бақтыбай, Майлықожа сынды суырыпсалма саңлақтардың қатарына қоюға әбден болады.
Серікзат Дүйсенғазы,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты