• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мектеп 07 Желтоқсан, 2023

Қалтарыстағы мектеп

598 рет
көрсетілді

Тағы да қазақ мектебі... Қаланың қиыр шетіндегі Дарынды балаларға арнал­ған облыстық мамандан­дырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары бө­тел­кедегі суды батареяға жылытып ба­рып жуынады. Осыдан-ақ облыс ор­та­­лығындағы физика-математика бағы­тында білім беретін лицей-интер­наттың жай-күйін бағамдай беріңіз. Шы­дамның да шегі бар деп ата-аналар хабарласқан соң «дарындылар» оқи­тын көр-қуыстағы білім ордасына мойын бұрдық. Жағдайы рас, жаға ұста­тарлықтай.

Әншейінде «болашағымыз бі­лімде, ертеңіміз ілімде» деп ұран­даудан алдымызға жан салмай­мыз. Сапалы мектепте білім ала алмай жүрген оқушы мен ата-ана алдында сан түрлі сылтау, аста-төк уәде айтудан да жалықпай келе жатырмыз. Олай дейтінім, Риддердегі «Шыңырақ» көпсалалы мектеп-гимназиясының тоз-то­зы шығып тұрғандығы мен Ал­тай ауданындағы №1 Жаңа Бұқ­тырма орта мектебінің балалары балабақша ғимаратында оқып отырғандығын айтып, жазудай-ақ жаздық. Нәтиже қане? Әлі күнге дейін бітпейтін уәде, жіптей созылған жоспар. Ендігі қозғайық деп отырғанымыз, Өскемендегі Дарынды балаларға арналған об­лыстық мамандандырылған мек­теп-лицей-интернатының шаш-етек проблемасы. Ата-аналары дабыл қақпаса, білім ордасының ішкі мәселесін қойып, ойдым-ойдым көшедегі орын тепкен жерін де білмейді екенбіз. Бізді қойып, білім басқармасының басшылары да сирек із сала ма деп қалдық.

Қоршау ішіндегі қос ғи­ма­­рат­­тың бірі – мектеп, енді бірі – ин­тернат. Жеке секторда ор­налас­қандықтан, шығар орталық­тан­дырылған жылу мен су жүйесіне қосылмаған. Екі ғи­марат та әлім­сақтан мектептің жеке қазан­ды­ғымен жылытылады. Ең әуелі бас­шы­лықтың рұқсатымен мектеп ішін араладық. 1962 жылы бой көтерген ғимараттың сыртын сайдингпен қаптап, жарқыратып қойғанымен, кіреберіс есігінен бас сұға өткен ғасырдағы ғима­раттардың атмосфе­расын сезіндік. Мағжан ақын төрден орын берген мұғалімдердің бөлмесі атымен жоқ. Қолдары қалт етсе, баспалдақтың астың­ғы жағындағы қуыста түс­кі ас-сула­рын ішеді, қағаздарын жазады. Мек­тептің тех­н­икалық персоналдарының да түс­тенетін жерлері сол қуыс. Сол қуыс­та қысқатолқынды пеш, кі­шігірім тоңа­зыт­қыштары тұр. Киім-кешектерін де сол жерге ілетін көрінеді. Санитарлық-эпи­де­миологиялық станса дәрігерлері талап­тарға қайшы деп мың жерден айыппұл салғанымен, мәселе шешілмейді. Ал психологтің ка­бинеті – бұрынғы дәретхана. Құ­быры бөлменің бұрышымен өтеді. Ол қайбір жаңа құбыр дейсіз. Көне құбырдан қоңсыған иіс шығады. Иіс шыдатпаған соң психолог терезені ашып қою­ға мәжбүр. Терезеден қарсы ал­дын­дағы қазандықтың түтіні кі­ріп, сөрелердегі ақ парақтарды қап-қара ыс етеді. Сол ыспен демалған соң да шығар, мектептің жалғыз маманы жиі сырқаттанып қалады. Дәретханада отырмаса, дәріні уыстап ішпес те еді. Тө­бесінен аққан суды сөз етпей-ақ қойдық.

Қоңырау соғылғанда біз спорт залға кіргенбіз. Сабақ аяқтала сала оқушылар шешіну бөлмесіне асыққан. Қызық, ұл-қыздардың киім ауыстыратын бөлмесі біреу. Ортасын қалқалап бөліп қойған. Дене шынықтыру пәні мұғалімі стандартқа сай келмейтін спорт залдың бір бұрышында отырып, журналын толтырады. Арнайы бөлме қарастырылмаған. Акт залы да сексен орынға шақталған. Пән кабинеттерінен интерактивті тақта секілді заманауи техникаларды да байқамадық. Ескіліктің иісі аңқып тұр. Кіреберістегі мектептің киім ілгіші де 300-ге жуық оқушыға тарлық ететін көрінеді.

Апта соңы. Интернаттағы балаларын үйді-үйіне алып кетуге ата-аналар келіп жа­тыр. Алып кетпесе, мұнда жуынып-шайы­натындай мүмкіндік жоқ. Дизельді отын­мен жылытатын қазандықтың қуаты интернатты түгелдей дерлік ыстық сумен қамтуға жетпейді. Соның өзінде жылыту маусымында 77 млн теңгенің дизель отынын шығындайды. Мектеп басшылығы бойлер орнатайын десе, электр желісі әбден тозған. Десе де бірлі-екілі бойлер әлсін-әлсін істейді. Алайда жылы суы 230 балаға жетпейді. Сондықтан да ғой оқушылар бөтелкедегі суды батареяға жылытып алып жуынып жүргендері.

– Ұстаздардың білім беруі өте жоғары. Тек мектеп ғимараты жаңа ауданда бой көтерсе дейміз. Себебі маңайы өте қорқынышты. Экологиясы да нашар ауданда орналасқан. Балаларымыз үшін алаңдаймыз. Техникалық базасы да төмен, кеңес өкіметінен қалған дүние секілді. Мысалы, мен ата-ана ретінде сабаққа қатыстым. Сонда баланың дамуы үшін заманға сай технологиялар жоқ екенін байқадым. Зертханалық кабинеттер де қарастырылмаған. Балалардың тамағы жиі ауырып, денсаулықтары сыр беріп жатады. Асханалары да тар, – дейді мектеп ата-анасы Ләззәт Төлегенқызы.

Иә, интернат асханасы баланың тамақта­нуына өте қолайсыз. Сахна секілді биік мінберде тамақ пісіріліп, оны кезекші оқушы төмендегілерге үлестіріп тұрады екен. Әйтпесе, ыдыс-аяқ салдырлатып, бас­пал­дақпен түсіп, шығу қауіпті. Ал балаларға үш уақыт ыстық тамақ беріледі. Бы­лайғы ішіп-жемі және бар.

Интернат іші. Едені сықырлаған тар дә­ліз. Шелек көтерген оқу­шылар су та­сып, тір­шіліктерін істеп жүр. Алыс өңірлер­ден келгендер сенбі-жексенбіде де интер­нат­та қалуға мәжбүр. Кезек күтіп, душқа түсе­ді, кірлерін жуады. Кір кептіре­тіндей ар­найы орын да жоқ. Сол үшін баспал­дақ­тардың жақтауларына жаяды жалбыра­тып. Оқушылардың арасында Шығыс Қа­зақ­­станнан ғана емес, білім қуып Абай, Алматы облыстарынан келгендер де бар.

– Лицей-интернатта 7-сыныпта оқимын. Интернатта тұрамын. Жуыну үшін бірінші қа­­батқа түсіп, кезекке тұрамыз. Ыстық су бол­­са, жақ­сы болар еді, – дейді сонау Үр­жар ау­данынан келіп оқып жүрген Аяла Ғалымова.

Оқушылардың алыстан ат ары­тып, бұл лицейге білім қуып ке­летін жөндері де бар. Өйткені бұл мектептің білім сапасы жоғары. Мәселен, өткен оқу жылындағы түлектердің бесеуі «Алтын белгі» иегері атанса, он бірі үздік аттес­татпен тәмамдаған. Жоғары оқу орнына тапсырғандар 100 пайыз грантқа түскен. Ел экономикасын өрге сүйрейтін білікті де білімді мамандар солардан шығады.

Оқушылар үйін аралап жүріп, кітапхана есігін аштық. Тағы көңіл түскені, кітап қорын бұрынғы дәретханада сақтап отыр. Физика-математика бағытында білім алып жатқан қазақтың дарынды балаларына тәуелсіз ел атанғалы жасап берген жағдайымыз осы. Мектеп басшылығының айтуынша, лицей ұжымы бұл ғимаратқа 1998 жылы көшіп келген. Содан бері проблемасын тіс жарып айтқан бірде-бір басшы, бірде-бір ата-ана болмаған-ау. Қазірдің өзінде де бар мәселені ақтарып салуға тартыншақтайды. Оның себебі түсінікті: жоғарыдағы басшылар мәселені көтергендердің соңынан шам алып түсуі мүмкін. Қымбатшылық қысқан мына заманда кімнің жұмыссыз қалғысы келеді? Сол үшін де ұжымды сөзге тартпай, көзбен көргенімізді тілге тиек қылып отырмыз. Лицей-интернатта сексеннан астам маман білім беріп, тәрбие жұмыстарымен айналысады. Білімнен бөлек, мұн­дағы тәрбие де темірдей. Оқу­шылар бос уақыттарында теле­фонға телмірмей, шахмат ойнайды, кітап оқиды, тағысын тағы. Ке­дейдің күйін кешкен техникалық базасына қарамастан, оқушылары білімге құштар, тәрбиелі, мәде­ниетті. Халықаралық, респуб­ли­калық байқауларда орын алып, нәтиже көрсетіп жүргендері қан­шама? Облыс мектептерінің ішінде білім нәтижесі жағынан үшінші орында. Егер осы ұжым дарынды балаларға заман талабына сай мектепте сабақ берсе, нә­тиже анағұрлым жоғарылайтыны сөзсіз. Ата-аналар айтқандай, 19-шағын аудандағы құрылысы үзіліп қалған білім ошағын аяқтап, осынау лицей-интернатына берсе, көпшіліктің көңілінен шығар еді. Жоғарыдағы мәселені айтып, облыстық білім басқармасы басшысы Инесса Чернышеваға да хабарласқанбыз. Бірақ мән-жайды орынбасары Нұртуған Маратұлы түсіндіріп берді.

– Мәселені шешудің бірден-бір жолы – Ілияс Есенберлин даңғылы бойындағы 880 орын­дық ғимаратты осы лицей-интер­нат­қа беру. Ол алғашында колледж ретінде бой көтерген. Қазіргі таңда құрылысы тоқтап тұр. Қа­телеспесем, наурыз айында «ВК Инвест компани» мердігер ком­­паниясы ол нысанды сатып ал­ған. Бірақ құрылысы мектепке ба­ғытталған. 2025 жылы аталған мер­дігер компания құрылысты аяқ­­тайды. Қазір экспертизалық жұ­­мыстар жүргізіліп жатыр. Бәрі зерт­­телген соң құрылысқа кіріседі, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Жол ортада жоспар ауысып кетпей, дітте­ген мақсат орындалса, физика-математика бағы­тында білім алатын оқушылар саны да артады. Бұл мәселені Оқу-ағарту министрлігінің ма­мандары да назарда ұстауға тиіс. Өйткені жос­­пардағы дүниенің жол ортада жалт беріп кететініне Шығыс Қазақстан жұрты әбден зәтте болып қалған.

 

ӨСКЕМЕН