• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 12 Желтоқсан, 2023

Экология қауіпсіздігі – көкейкесті мәселе

126 рет
көрсетілді

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Өскемен қаласында Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссияның үшінші отырысын өткізді.

Іс-шараға қатысушылар өңірде ауаның ластануына байланысты проблемаларды және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәсе­ле­лерін талқылады. Сондай-ақ Палата төрағасы бастаған бір топ сенатор Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының депутаттарымен және өңір жұртшылығымен кездесті. Жиында Мемлекет бас­шысының тапсырмаларын іске асыру аясында Сенат пен мәсли­хаттардың өзара жұмысын жүйелі түрде жүргізу төңірегінде сөз болды.

Парламенттік комиссияның төрағасы Мәулен Әшімбаев қа­ралған мәселенің маңыз­дылы­ғы­на назар аударып, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету Орнықты даму мақсаттарындағы 17 басымдықтың бірнешеуіне тікелей қатысты екенін атап өтті. Бүгінде елімізде атмосфераға шы­ғарылатын зиянды заттарды азайту және заманауи экологиялық технологияларға көшу бағытында бірқатар шара қолға алынды. Бұл бағытта қолданыстағы заң­нама да бар. Соған қарамастан ауаның ластануы бойынша ОДМ саласындағы рейтингте Қазақстан төмен деңгейде қалып отыр.

Іс-шара барысында Сенат спикері Парламент жаңа Эколо­гиялық кодекстің қабыл­даға­нын, Мемлекет басшысы көмір­­текті бейтараптық стра­тегия­­сына қол қойғанын еске салды. Иә, Республикада «жасыл экономикаға» көшу – өзекті тақырыптардың бірі.

– Парламенттік комиссия Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тапсырмасымен құрыл­ған. Оның негізгі мақсаттары – елімізде Орнықты даму мақсат­тары­ның іске асырылуына жәр­демдесу және осы бағыттағы жұ­мыстарға мониторинг жүргізіп, ұсыныстар мен тың бастамалар әзірлеу. Осы ретте Комиссияның үшінші отырысын ауаның ластануы және экологиялық қауіпсіздік тақырыбына арнап отырмыз. Бұл мәселе Шығыс Қазақстан облысы үшін өте өзекті екенін білеміз. Сондықтан жергілікті азаматтармен, сарапшылармен және кәсіби мамандармен аталған түйткілді талқылау үшін Шығыс Қазақстан облысында Комиссияның көшпелі отырысын өткізуді ұйғардық», – деді Сенат төрағасы.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев қол­даныстағы нормативтік жүйе­нің ескіргенін, сондықтан ол елімізде ауаның сапасын дәл анық­тауға толық мүмкіндік бермейтінін атап өтті. Осыған байланысты стан­дарттар жүйесін реформалау және ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттілігі туындап отыр. Одан бөлек, Комиссия төрағасы Ор­нықты даму мақсаттары аясын­дағы жұмыстарда үйлесімнің жоқ­тығын және проблемаларды шешуде халықаралық тәжірибені қолданудың маңызды екенін айтты.

Комиссия отырысында Эко­ло­гия және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев, Денсаулық сақтау вице-министрі – еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова, Сенат депутаты, Аграрлық мәсе­лелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту коми­тетінің төрағасы Әли Бектаев, Қазақ­стандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасының Тұрақ­ты өкілі Катаржина Вавьер­ния, Парламент Мәжілісінің бірқатар депутаты және тағы басқа қатысушылар сөз сөйлеп, орнықты даму саясатын тиімді іске асыру жолындағы заңнамалық бастамаларын ұсынды.

Жиын соңында қатысушылар тарапынан бірқатар сұрақ қойы­лып, ұсыныс-пікірлер айтылды. Мәселен, Шығыс Қазақстан об­лыстық Азаматтық Альянс заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Аяужан Әшімова әлем «жасыл экономикаға»  көшіп жат­қанда, Өскеменде қатты отынмен жылытылатын жылу электр стан­сасын салу қаншалықты қажет деген мәселені көтерді. Бұл сұрақ­қа жауап берген облыс әкімі Ермек Көшербаев жылу электр стан­сасы бой көтерген жағдайда көмір­мен жылытылатындығын атап өтті. Алайда экологиялық талап­тар сақталады. Сондай-ақ газ құбы­ры жеткенде газға ауыстырып жібе­ретіндей технологияларды пай­даланады. Бұдан өзге қоршаған ортаны тұрмыстық қатты қалдық­тардың ластап тұрғаны да айтылды. Сенат төрағасы бұл мәселенің де өткір тұрғанын тілге тиек етіп, келесі отырысты осы тақырыпқа арнайтындықтарын айтты.

Сонымен қатар сенаторлар облысқа сапар барысында мәс­лихат депутаттарымен және өңір­­дің жұртшылығымен кездесті. Пала­та төрағасы жергілікті тұр­ғын­­дармен аймақты дамыту тетік­тері мен перспективаларын тал­қылады. Ол өз сөзінде ел Пре­зи­дентінің облысты қайта құру жөніндегі тарихи шешіміне тоқталып, мұндай қадам өңірдің өсіп-өркендеуіне тың серпін бергенін атап өтті.

Кездесулер кезінде Мемлекет басшысы белгілеп берген жаңа экономикалық үлгіге көшудің негізгі міндеттерін іске асыру, сондай-ақ заң шығару қызметінде Сенат пен өңірлердің өзара тиімді іс-қимылын қалыптастыру мәселелеріне баса мән берілді.

«Мемлекет басшысы биыл­ғы Жолдауында экономикалық саясаттың жаңа үлгісіне көшу­дің нақты тетіктерін белгілеп берді. Ұсынылған бар­лық шара экономикадағы құры­лым­дық өзгерістерге және азамат­тардың өмір сүру сапасын нақты жақ­сартуға арналған. Осыған байла­нысты жаңа заманауи ин­новациялық технология негізінде өңдеу өнеркәсібін және аграрлық сек­торды дамытуға бағытталған кешен­ді шаралар жүзеге асырыла­ды. Мұндай ауқым­ды жұмысты атқару кезінде мә­с­лихат депутаттарының тәжірибесі мен пікірлері ерекше маңызға ие», деген Мәулен Әшімбаев Сенат жанындағы Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің және «Өңір» депутаттық тобының жұмыстарына тоқталды. Ол аталған алаңдардың қызметі өңірлердегі проблемаларды бірлесіп шешуге ықпал етуді көздейтінін айтты.

Сенаторлар «Қазцинк» ком­паниясының және Өскемен қала­сындағы жылу электр орта­лы­ғы­ның ұжымдарымен де кез­десті. Депутаттар аталған нысан­дардың жұмыс барысымен және олардың қызметкерлерінің ең­бек жағдайымен танысты. Кез­десу­лерде өндіруші сектор кәсіп­орындарын технологиялық және экологиялық тұрғыда жаң­ғыр­ту, ұлттық бизнестің мүдде­сін қорғау, су ресурстарын ұтымды пайдалану және басқа да өзекті мәселелер талқыланды.

Бұдан басқа, Парламент делегациясы Өскемен арнаулы әлеу­меттік қызмет көрсету орта­лығына барып, мекеменің жай-күйіне назар аударды.

 

Шығыс Қазақстан облысы