Шымкенттегі Жұмабек Тәшенов атындағы университет пен Өзбекстандағы Әндіжан мемлекеттік педагогикалық институты арасында меморандумға қол қойылып, Ж.Тәшенов жоғары оқу орнында өзбек тілі және мәдениеті орталығы ашылды. Бұл іс-шара биыл Самарқандта өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың түркі тілдес елдердің арасын жақындастыратын гуманитарлық, мәдени байланыстарды нығайту қажет деген бастамасынан кейін қолға алынып отыр.
Меморандумға қол қою барысында Ж.Тәшенов университетінің ректоры Қанат Байболов орталық Президенттің жоғарыдағы тапсырмасы негізінде ашылып жатқанын жеткізді.
– Ж.Тәшенов университетіндегі өзбек тілі мен мәдениеті орталығы жоғары оқу орындары арасында ашылған алғашқы орталық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандтағы Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде түркі елдерін бір-бірімен жақындастыру, байланысын арттыру мақсатында мәдени орталықтар ашу, бірлескен білім бағдарламаларын жасау, академиялық ұтқырлық аясында студенттермен алмасу, ғылыми жұмыстарды бірлесе атқару керек деген болатын. Президенттің осы тапсырмасын іске асыру үшін Ж.Тәшенов университеті орталық ашу идеясын бірінші болып қолға алды. Бұл жоғары оқу орнында түркі елдерінің тілі мен мәдениеті білім берудің бакалавриат, магистратура деңгейінде оқытылады. Жалпы, университеттерде білім берудің үш деңгейі бар болса, соның екі деңгейінде өзбек тілінде болашақ педагогтерді даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны – осы Ж.Тәшенов университеті. Білім ордасының ұстанатын қағидасы, стратегиялық бағыт-бағдары – «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» идеясы, – деді Қанат Байболов.
Әндіжан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Бахтиер Расулов қазақ пен өзбек тілі бір, діні бір, мазары мен базары бір, ет пен тырнақтай бөлінбейтін туысқан халық екенін айтты. Сонымен бірге талай ғасыр бірге өмір сүрген бауырлас қос халық бүгінгі заманда тәуелсіз ел атанып, халықаралық саясат сахнасында бір-бірін қолдап-қуаттап жүрген нағыз ағайынды мемлекеттер екенін мақтанышпен жеткізді. Оның жарқын мысалы ретінде Самарқандта өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіндегі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мерзиёевтің түркі халықтарының мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасын нығайтуға байланысты айтқан тың идея, ұсыныс-пікірлерін алға тартты. Соның негізінде Ж.Тәшенов университетінде өзбек тілі мен мәдениеті орталығының ашылғанын мәлімдеп, бұл идеяның іске асуына мұрындық болған ел басшыларына, университет ректоратына алғысын білдірді. Осы жағдайды пайдаланып, бауырлас елдер ғылыми, мәдени байланыстарды күшейте беру керектігін алға тартты. Бұдан бөлек Өзбекстан да кейінгі жылдары бүгінгі заманның ғылымы мен білімін дамытуға ден қойғанын, инновацияға бет бұрғанын баяндады. Осы жолда екі мемлекет те бір-бірінен ажырамай, ғылым жолында алға қойылған мақсаттарды бірге бағындыруға шақырды. Өз кезегінде Әндіжан мемлекеттік педагогикалық институтында дәл осындай қазақ тілі мен мәдениетінің орталығын ашуға алдағы уақытта жұмыс жүргізілетінін тілге тиек етті.
Жоғары оқу орнындағы өзбек тілі мен мәдениеті орталығының тұсаукесері университеттің 25 жылдығымен тұспа-тұс келді. Осы айтулы мерекеге орай университетте салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Онда Шымкенттегі жоғары оқу орындары студенттерінің қолымен жасалған дүниелерден көрме өткізілді. Оған ағаштан, сүйектен ойылып жасалған бұйымдар, теріні өңдеу арқылы жасаған қазақтың көне тұрмыстық заттары мен киім үлгілері, қарапайым қағаздан керемет дүниелер тудырған оригами, аппликация, квилинг секілді қолөнер заттары, түрлі металдан соғылған зергерлік әшекейлер, сан-алуан тоқымалар, қылқалам өнерінің шеберлері салған әдемі картиналар мен портреттер қойылды. Сонымен бірге студенттер қазақтың ұлттық киімдерін бүгінгі заман стилінде өз қолдарымен қайта жаңғыртқан жаңа топтамадағы сәнді киім үлгілерінің көрсетілімін ұйымдастырды. Бұған қоса университеттің 25 жылдығына орай әрі мәдени орталықтың ашылуымен бауырлас қос елдің ғылыми-гуманитарлық һәм рухани саладағы байланыстарын нығайтуды көздеген ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.
– Ғылыми конференцияға Өзбекстан, Қырғызстан университеттерінің ректорлары, еліміздегі жоғары оқу орындарының ғалымдары шақырылды. Басқосуда білімді дамыту, академиялық ұтқырлық аясында студенттермен алмасу, басқа да жоғары білім беру мәселелері талқыланды. Өзбекстанда да қазақ тілі мен мәдениетінің орталықтары бар. Көрші елдің Шыршық аймағында қазақ балалары қазақ мектебінде оқиды. Мектеп түлектерін жоғары оқу орнында қазақша оқыту үшін академиялық ұтқырлық бойынша Қазақстанға жіберуге болады немесе біздің оқытушылар Өзбекстанға барып сабақ бере алады. Университеттің 25 жылдығын атап өту қыркүйек айынан басталды. Содан бері көптеген іс-шара ұйымдастырылды. Қолөнер, ән, биден жоғары оқу орындарының студенттері өзара байқау өткізді. Соның қорытындысы бүгінгі ғылыми конференция аясындағы іс-шарада белгілі болды. «Тәшенов хабаршысы» деген республикалық ғылыми журнал ашып отырмыз. Бұл да университеттің ширек ғасырда жеткен жетістігінің бірі. Оның алғашқы нөмірі алдағы наурыз айында жарық көреді. Шетелдік жоғары оқу орындарымен байланысып, қосарланған білім беру бағдарламасын бекітіп жатыр. Сондай-ақ педагогика, психология мамандықтары бойынша докторантура аштық. Жуырда ғана «Психологиялық эмпатия» орталығын іске қостық. Онда студенттер өмірде кездескен түрлі қиындықтан рухани-психологиялық қолдау табады. Ал жастармен болған сырласулар құпия түрде жүреді, – деді Ж.Тәшенов университетінің ғылыми істер жөніндегі проректоры Шолпан Арзымбетова.
ШЫМКЕНТ