Қаңтар туа Шығыста қыс қаһарына мінді. Қар басты, борандатты, артынша кейбір өңірлерде жаңбыр жауып, жолдар көктайғаққа айналды. Салдарынан болса керек, жол көлік оқиғалары орын алды. Адам шығыны да жоқ емес. Сондықтан да, төтенше жағдайлар департаменті алдын ала ескерту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отыр.
Әсіресе Өскемен – Тарғын – Самар және Өскемен – Рахман қайнары тас жолдары жиі жабылады. Тау арасы болған соң дағы қасат қар алып қалады, көшкін түседі тағысын-тағы. Соңғы екі-үш күнде Алтай, Самар өңірлерінде қар әдеттегі нормадан қалың түсіп, тұрғындарды әбігерге салғаны да бар. Жолға шыққаны былай тұрсын, ауладан аттап баса алмай қалған. Самардың өзінде қардың қалыңдығы 50 сантиметрден асса, кей ауылдық округтерде бір метрге жуықтаған. Бұл – ТЖД мамандарының берген мәліметі. Айта кетейік, екі күн ішіндегі қардың нормадан асып кеткенін ескерген аудан басшылығы бірден көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарын да пысықтап үлгерген. Ал ауыл тұрғындары бір-біріне қолұшын берісіп, аула мен көшелерді қардан тазартты.
– Биыл қыс жай басталғанымен, бірнеше күн қар жауып, ауылды тырп еткізбеді. Қар былтырғыдан қалың. Оның үстіне ауыр. Күн жылы. Еріп жауды. Былтыр суық болатын. Қыстың аяғы ұзарып кетпесе игі еді, – дейді Самар ауылының тұрғыны Ерназар Сауық.
Қалың қардағы халықтың жағдайын аудан әкімі Нұрлан Мұхтарұлы өзінің жіті назарында ұстады. Бүкіл округ әкімдері, төтенше жағдайлар бөлімі, полиция бөлімдері тәулік бойы қызмет етті.
Дәл мұндай қар Алтай ауданында да түскен. Қала мен даланы техникалар күн-түні қардан аршып тыным таппаған. Аудан әкімі Ренат Құрманбаев әлеуметтік желі арқылы тұрғындарға тікелей ақпарат таратып, отырды. Айтуынша, қала ішіне 20 шақты техника жұмылдырылған.
– Қаланы уақтылы қардан тазартып алдық. Тұрғындарға деген ендігі өтінішіміз, әркім өз үйінің шатырдағы қарын түсіріп отырса екен. Әйтпесе подъезден шығып бара жатқан қала тұрғынына қар құлап кеткен. Абырой болғанда, аман-сау. Ертеңгі күні қайғылы жағдай болмауы үшін қауіпсіздік шараларын бүгін жасауымыз керек, – деп ескертті Алтай ауданының әкімі Ренат Құрманбаев.
Рас, неше күн толассыз жауған қалың қар аудан жұртын әбден титықтатты. Қарды тазалағаны сол еді, 10 қаңтар күні облыс орталығы мен кейбір аудандарда жаңбыр жауып, көшелер көк мұзға айналды. Осы орайда облысты полиция мен төтенше жағдайлар департаменті мамандары тұрғындар мен жолаушыларға жолға шыққанда барынша абай болу керектігін ескертумен болды. Соның өзінде жол-көлік оқиғалары орын алған. Алтай мен Өскемен арасындағы тас жолда жеңіл автокөлік пен шағын автобус соқтығысып, бір адам көз жұмған. Оның алды 2 қаңтарда Өскемен–Глубокое бағытындағы жолда екі жеңіл көлік соқтығысып, төрт адам мерт болған. Әрине, оған боранның тікелей қатысы жоқ та шығар, десе де жүргізушілер қыстың күні аса абай болғандары жөн. Ескертуі, ескертеді ғой. Оған құлақ аспастан асығыс жолға шығып кетіп жатқан жолаушылар қаншама? Мәселен, 2 қаңтар күні Самар аудандық полиция бөліміне Самар – Өскемен тас жолында бірнеше көліктің тұрып қалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Кештен бастап өңірде жол учаскесін жабу туралы шешім қабылданғанымен, жүргізушілер күн райының қолайсыздығына және ескертуге қарамастан, ауылдан шамамен 40 шақырымдай ұзап барып, қар құрсауына қамалған. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері оларды эвакуациялауға көмек көрсеткен. Барлығы 11 адам қар құрсауынан құтқарылып, Самар ауылына жеткізілген. Оның ішінде кәмелетке толмаған екі бала бар.
Полиция департаменті ауа райының нашарлауы кезінде жолдардағы жағдай халыққа sms-хабарламалар, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы алдын ала хабарланатынын еске салады. Сонымен қатар жүргізушілерге тас жолдар жабылған кездегі полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаса, әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Шығыс Қазақстан облысы