• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Энергетика 14 Қаңтар, 2024

Бюджеттік мекеме сауын сиыр ма? Жылу шығынының 81 пайызын қазыналық кәсіпорындар көтермек

163 рет
көрсетілді

Екібастұзда жылу бағасы көтерілді. Жеке тұтынушылардың кейбірі үшін тариф ақпан айынан бастап 41 пайызға өседі. Дейтұрғанмен станса шығынын жабудың негізгі салмағы бюджеттік мекемелердің иығына түскелі тұр. Алдағы уақытта қазыналық кәсіпорындар үшін жылу бағасы 191 пайызға дейін көбейеді.

«Екібастұз жылу-энерго» ЖШС-да тариф соңғы рет 2021 жылы өзгеріпті. Бұл 2020 жылдың нақты шығындарын есептей келе нақтыланған. Кейін бұл тариф 2022 жылы қайта қарастырылуға тиіс болған. Алайда сол жылы қараша айында Екібастұздың жылу жүйесінде үлкен апат болып, қаладағы көп үй қыстың аязында қатып қалғаны мәлім. Шаһарда төтенше жағдай орнағаны себепті тарифті қарастыру мәселесі кейінге шегерілді. Былтыр бұл мәселе қайта қозғалып, кәсіпорын жылу тарифін өсіру бойынша 2024-2028 жылдарға арналған жоба­сын ұсынды. Алғашқы екі өтінімді жер­гілікті табиғи монополияларды реттеу департаменті қарастыра келіп, оның кейбір тұстары заңға томпақ әрі негізсіз екені анықталды. Соған орай әрі қарай қарастырудан бас тартты. Бірақ жылу стансасының үшінші өтінімі құпталып, қабылданып кеткенін жергілікті тұтынушылар түсіне алмай отыр. Себебі кейінгі үш айда кеншілер қаласындағы жылу тарифін өсіру бойынша 2024-2028 жылдарға арналған жоба жұрт арасында қызу талқыланып, қала тұрғындары өзгерістерге келіспеушілік танытқан еді.

– Жылу компаниясының басшы­лы­ғы өтінімді жаңадан түзіп, жіберуге толық құқылы болған. Үшінші өті­німді қарастыра келіп, оның кәсіп­орынның негізгі шығындарын жабуға арналғанына көзіміз жетті. Табиғи монополияның кез келген түріне жаңа тариф енгізудің өзіндік экономикалық негіздері болады. Тариф мәселесін талқылағанда қарапайым тұтыну­шы­лар біле бермейтін жайттар бар. Қарапайым тілмен түсіндіріп көрейін. Мысалы, сіз үйіңізді қыста жылытқанда пешке пайдаланылатын көмір мен электр энергиясының бағасы қосымша шығын болатыны анық қой. Тариф деген – сол шығындардың жиынтығы. Көмір мен электр қуатының құны жыл санап өсіп келе жатқанын жасыра алмаймыз. Бірақ жылу кәсіпорындарында тарифқұраушы фактор көп. Оның негізгі шығындары ретінде ең әуелі сатып алынатын көмір, электр энергиясы және қызметкерлердің еңбекақысы екенін атап өткім келеді. Жылу орталықтары үшін ең негізгі стратегиялық тауар – көмір. 2021 жылы кезекті тариф бекітілгенде көмірдің бір тоннасы 2 мың теңге болса, қазіргі күні бұл 2 953 теңгеге жеткен. Ал алдағы сәуір айынан кәсіпорын көмірдің тоннасын 3 089 теңгеден сатып алады, себебі өндірушінің белгілеген бағасы – сол. Түптеп келгенде, тек көмір бо­йынша шығындар кейінгі 3 жылда 50 пайызға артқан. Бұл – бір фактор.

«Екіншіден, жылу кәсіпорнындағы жалақының орташа мөлшері отандық энергетика саласындағы жалақыдан едәуір төмен. Салдарынан стансадан білікті мамандар кетіп жатыр, кадр тұрақтамаушылығы жиілеген. Орташа жалақы – 197 мың теңге. Ал республикамыздың осы саласында статистикалық деректер бо­йынша бекітілген орташа жалақы қазіргі сәтте 321 мың теңге болуы керек. Айырмашылық – жер мен көктей. Сондықтан қызметкерлердің еңбекақысын көтеру де негізгі фактор ретінде есепке алынды. Бұған қоса электр қуатының, өндіріске қажет қосалқы жабдықтар құны­ның қымбаттауы, амортизациялық шығындар, кәсіпорынның алдағы жылға қарастырып отырған инвес­ти­циялық бағыты да ескерілді», дейді Павлодар облысы табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратов.

Жауапты департамент есептей келе, тарифтің негізгі салмағы бюд­жет­тік мекемелерге түседі деген тұжырымды ұнатқан тәрізді. Яғни тарифтің өсуінен алдағы бір жылда кәсіп­орын 2,1 млрд теңге қосымша қара­жат табады. Табиғи монополия­лар заңына сәйкес тарифтен келіп түсе­тін пайда – субъекті үшін ешбір кіріс көзі емес. Бұл – тек шығындарын жаба­­тын қаржы құралдары ғана. Тариф­­ті ұлғайту нәтижесінде кәсіп­орын­­ның қосымша шығындары қазір­гі­ 5 млрд теңгеден 7,1 млрд тең­геге арт­қалы отыр, яғни өндіріс орны­ның мүмкіндіктері кеңейеді. Ал моно­по­лия­ны реттеу комитеті өз кезегінде тарифтің өсуінен пайда болатын қо­сым­ша 2,1 млрд теңгенің іске жараты­луын бақылап, жыл аяқталған соң монополистен есеп алады. Әлгі 2,1 млрд теңге бекітілген шығындардың тек 100 млн теңгесі немесе 5 пайызы ғана жеке тұтынушыларға тиесілі. Ондай абоненттер саны – 48 106. Ал шығын­дардың 81 пайызын (1,7 млрд теңге) бюджеттік ұйымдар көтергелі тұр.

Түптеп келгенде, тарифтер былайша өсті: 1 гигакалория жылу үшін тарифтің орташа деңгейі 41,2 пайызға өсіп, 7 880,63 теңге болып отыр. Жеке тұрғындар үшін орташа­ тариф өзгеріссіз қалса, бизнес субъектілері үшін бұл 30 пайызға көте­рілді. Жаңа тариф бойынша есептегіш құралдары бар абоненттер ақпан айынан бастап қазіргі 1 807,89 теңгенің орнына 2 554,16 теңге төлейді. Тариф 41,38 пайызға немесе 746,27 теңгеге көбейіп отыр. Ал үйле­рінде ортақ есептегіш құралдары жоқ жеке тұтынушылар үшін тариф бұрын­ғыша 1 Гкал үшін 3 337,64 теңге болып қалды. Бірақ есептей келгенде, соңғы тариф тұтынушыларға бәрібір қолай­лы емес. Есептегіш қойған үйлер оларға қарағанда аз төлейді. Бұл – бір жағынан үй иелерін есептегіш құрал орнатуға ынталандырудың үлгісі.

Ал бизнес өкілдері үшін тариф мөлшері 27,6 және 69 пайызға өсті. Алғашқы аталған пайыздық өсім есептегіш құрал орнатқандарға арналған. Цифрмен айтқанда, есеп­тегіш құрал қондырғандар 1 Гкал үшін 10 712,1 теңге (қолданыстағы тариф – 8 393,63 теңге), есептегішті елемей отырғандар 14 185,3 теңге (қолданыстағы тариф – 8 393,63 теңге) төлейді.

Жоғарыда атағанымыздай, мемлекет тарифтің негізгі салмағын өзіне алып отыр. Бюджеттік ұйымдар үшін бұл орташа есеппен 94 пайызға қымбаттады. Есептеу құралы барлары 1 Гкал жылу үшін 47 701,5 теңге (қолданыстағы тариф – 25 421,46 теңге, өсім – 88%), есептегіш орнатпаған мекемелер 73 911,1 теңге (қолданыстағы тариф – 25 421,46 теңге, өсім – 191%) төлейді.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы