• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Кино 16 Қаңтар, 2024

Дүр сілкінткен «Дәстүр»

910 рет
көрсетілді

«Дәстүр» фильмі үлкен экранға жол тартқан күннен бастап туынды төңірегінде өрбіген түрлі пікір де толастар емес. Біреу мақтаса, екіншісі даттап әлек. Әрине, бір фильмге қатысты түрлі көзқарастың болатыны заңдылық десек те, дүмпуі басылмай тұрған «Дәстүрдің» жөні бір бөлек. Жанрынан бастап мазмұнына дейін мың түрлі ой салған картина шын мәнінде жаңалық жаршысы ма, әлде жауыздықтың жалаулатушысы ма? Көрермен пікірін екіге жарған фильмнің астарына бойлап көрсек.

Иә, «Дәстүр» – қазір біздің қоғамда ең көп талқыланып жат­қан тақырыптың бірі. Бұл – кө­рерменнің өз киносына, жалпы өнеріне бейжай қарамайтыны­­ның дәлелі. Осыған қарап киносүйер қауым­ның бұрынғыдай «барға қанағат» деп бәріне бірдей бас шұлғып, келісе бермей, кері­сінше өз қарсылығын айтып, қы­зу пікірталасқа бара алатын сауат­тылығы мен белсенділігін де айқын аңғартса керек. Ал мұның көңілге қуаныш орнатқан тұсы мол. Өйткені талқылау бар жерде таным һәм талғам да бар.

Қоғам­ның өзекті мәселесі­нің бірі – отба­сы­лық зорлық-зомбы­лық түйт­кілдеріне бой­лауға ұм­тылғаны және оны ұтымды жанр негізінде бедерлеуі жарыққа шық­қан туындының көрер­мен тарапынан ­зор қызығушылыққа ие болуының не­гізгі кіл­ті болса керек. Соңғы уақытта кино­­театрлардағы шектен тыс көбейіп кет­кен, бірі екіншісі­нен көп даралана қой­май­­тын біртектес коме­диялық фильм­дерден жалық­­қан көрерменің «Дәс­түр­ге» барып «дүр сілкінгенінің» сыры осында жатыр деп топшыладық. Себе­бі хор­рор – әу бастан-ақ көрер­менді қызық­тыра­тын негізгі жанр­­лардың бірі. Әлемдік кино­өндіріс тәжі­рибелеріне сүйенсек, аталған жанрды жандандыру­дың арқасында бір ғана Голливуд кино­сының өзі атағын ас­пан­датып, зор табысқа кенеліп отыр.

Аз-кем шегініс жасап, кино тарихы­на үңілсек, хоррор жанры бастауын әріден алады. Оның на­ғыз өнер бастауы ХХ ға­сырдың 20-жылдарындағы неміс экс­прес­­сионизмімен тығыз байла­нысты. Де­сек те кино өнері ал­ғаш пайда болған жыл­дар­да жар­қырай көрінген Жорж Мельес­тің фильмдерінен де хоррордың элемент­те­рін көруге болады. Бел­гілі кинотанушы Нәзира Рах­ман­қызының ай­туынша, қа­зақ аудиториясына аталған жанр 2020 жы­лы түсіріліп, жарыққа шыққан Ернар Нұр­ғалиевтің «Жаным, айтсам сенбейсің» атты фильмі арқылы енді. Ол фильм де кө­рерменін бейжай қалдырмады. Әрине, жанр заңдылықтарына дәл «Дәстүр­дей» тереңнен бойламағанымен әрі табыс тұрғысынан да бұл фильмдей касса­ның алдына шықпағанымен, ол картина да шама-шарқынша жақсы нәтиже көр­сетіп, прокаттан пайда әкелді. Осы уақытқа дейін халықаралық деңгейдегі 40-тан аса кинофестивальға қатысып, соның он тоғызында жүлдеге ие болды. Демек «Дәстүрге» дейін де хоррор жан­рына қазақ режиссерлері тарапынан тәжірибе жасалған. Яғни «Жаным, айтсам сенбейсің» фильмі «Дәстүрдің» дүниеге келуіне ықпал еткен алғышарттың бірі десек, қателеспейміз.

Десе де фильм жарыққа шық­қан­нан бері түсірілім тобын зор­лық-зом­бы­­лықты ашық насихаттап отыр деп айып­­таушылар да көп болды. Бірақ киноны өнегелі өнер деп ақтап, шындық­ты бүр­кемелей беру әділетті ме? Жүсіп Бала­сағұнның «Әдептілікті әдепсізге қа­рап үй­рендім» деген әйгілі сөзіне сү­йен­сек, кейде жирендіру арқылы да қо­ғам­ды тәрбиелеуге болады. Әйтпесе кү­ні бүгінге дейін «Кино – идеология­ның­ басты құралы» деп ұрандатып, түр­лі ба­ғыттағы насихаттық фильмдер түсі­руден алдына жан салмайтын қазақ қо­ғамы түзеліп кетсе, қанеки? Әрине, бір фильмнің күллі қоғамды өзгертіп жіберуі мүмкін емес. Әйтсе де теңіздің тамшыдан құралатынын ескерсек, мұн­дай түйткілдерді оқтын-оқтын қоз­ғап отыру да қажет. Мәселе тек қалай айтып, қалай жеткізе алуда.

Режиссер Қуаныш Бейсек тү­сірген фильм­­­дегі және бір дау­­лы мәселе – фильм­­­нің атауы. Қазақтың қас­терлі ұғы­мы «дәс­­түрді» желеу етіп, өз­де­рі­­нің жы­мысқы мақсаттарын жү­зеге асырғы­сы кел­ген де­ген сыңар­жақ пікір әлбетте ойлантпай қоймайды. Шыны­мен солай ма? Қазақтың дәстүрі мен фильмдегі «дәстүрдің» ара-жігін не бөледі? Әлде екеуі бір ұғым ба? Қа­лың көрерменнің алаңы қанша­лық­ты қи­сынды?.. Бірақ қалай десек те, дау­лы «Дәстүрге» барушылардың қатары қалың. Кинотеатр есебіне жүгінсек, «Дәстүр» фильмінің кас­салық табысы алғашқы аптаның өзінде бір миллиард теңгеден асқан. Ал «Тикетон» билет са­тып алу жүйесінің дерегінше, фильм прокаттың төрт күнінде (28–31 желтоқсан аралығында) 445 миллион теңге жинаған. Жарыққа шыққаннан бергі бірнеше апта бойы кинотеатр кассасының көшін бас­тап тұрған фильмнің феномені неде? Ендеше, көрермен санасын жаңа жанрмен жаңғыртқан «Дәстүр» жайын сол сала маман­дарының пікірі негізінде тарқатып көрейік.

Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ, кинотанушы, өнертану ғылымдарының кандидаты:

«Дәстүрге» қоғамның аса назар ауда­руының негізгі себебі тақырыбында жатса керек. Олай деуімізге себеп – өкінішке қарай отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі біздің қоғамға өте таныс әрі ең бір өзекті мәселелердің қатарынан екені белгілі. Фильм қазіргі қоғамда ең жиі қозғалатын проблемаларға бойлап, оны хоррор тілінде, яғни формасында көркем сараптауға ұмтылған. Біздіңше, бұл тұрғыдан келгенде картина жанр табиғатын толық сақтаған. Актерлік ойын, операторлық жұмыс, монтаж және тағы да басқа кино түсіру талаптары да діттегеніне жеткен, яғни кинематографиялық тұрғыдан тәп-тәуір шыққан фильм деуге болады. Бір жарым сағат бойы экран алдында тапжылтпай ұстап отыратын жандылығының өзі жақсы жетістік деп ойлаймын. Алайда көптеген көрермен секілді, фильмнен соң мені де бір сұрақ мазалады. Кинода бір ғана жағымды кейіпкер бар, ол – ауыл мешітінің имамы. Және соңына қарай, әсіресе кульминациясында бар басымдық имамға, ол оқитын жын-перілерді қуатын сүреге беріледі. Әрине, жын-пері хоррор жанрында жиі кездесетін мотивтердің бірі ғой. Бірақ дәл осы мотивтің шешімі бұл фильм­де қалай көрініс тапқаны ойлантып қойды. Яғни астарынан қаласаңыз да, қаламасаңыз да барлық жамандық атаулыдан құтқаратын тек мешіт, молда деген ой оқылады. Және осы ой көрерменін адастырмас па екен деген күмәннің де көңілді мазалайтыны рас. Алайда мұның екінші жағы да бар ғой, жын-шайтанды сүремен аластау мотиві арқылы жанрды халықтың дүниетанымының кейбір сәттеріне жақындатуға талпыныс та болуы мүмкін. Фильм өз жанрынан ауытқымай, қан­шалықты жақсы шықса да, осындай сәттері екіұдайылыққа ұрындырғандығын жасыр­маймын. Бұған аса мән берілмес те ме еді, егер имам фильмдегі жалғыз жағымды кейіпкер болмаса. Болат бейнесіндегі зұлымдықты құрықтауға жан адамның қауқары жетпейді, осындайда тек әлдебір тылсым күштің, яғни сүренің ғана күші жетеді деп қабылдауға да болатын шығар. Алайда фильмде жын-пері мотиві күтпеген жерден басталады, яғни оның пайда болуының алғышарттары нанымды берілмеген. Ал ол өте маңызды еді. Өйткені бұл мотивтің ұшы имамға әкеліп тірейді. Сондықтан қазір осыған байла­нысты түрлі пікір туындап жатқаны заң­ды деп ойлаймын. Осы тұста тағы бір айта кететін мәселе – фильмдегі кейіпкерлердің есімдері, ауылдың, дүкендердің аты, былай қарасаңыз, саяси мәселені қозғағандай кө­рінеді. Бірақ бұл – кинода әбден таптаурын болған тәсіл, мұнысымен туынды ешқандай жаңалық ашпағаны анық. Ал енді тақырыбы мен мазмұнына келсек, бұл жерде фильм авторлары әрбір адам үшін қастерлі халық дәстүрлерінің мазмұны емес, формасына ғана мән берілетінін айыптап, сынап отыр. Ауыл әкімінің ақылымен Болаттың ата-анасы қыздың әке-шешесіне келіп: «Бүкіл ауыл естіді. Қыздың тағдыры енді не болады, одан да дәстүріміз бойынша екі жасты қосайық», дейді. Әрине, бұл кеше ғана мектеп бітіріп, үлкен сахнаға шықсам деген үкілеген арманы бар өрімдей жас қыздың болашағына балта шапқан жалғыз ұлын түрмеден алып қалу үшін жасалған қадам екені белгілі ғой. Яғни бұл жерде өздері айтып отырған дәстүр ауыр қылмыс жасаған Болатты ақтап алу үшін ғана керек болып тұр. Әрі қарай қыздың әкесінің Болаттың әкесінен қомақты ақша алатын, мешіттегі неке қию, тойдағы түрлі көріністі есімізге түсірейікші. Ауылдарында қандай қылмыстың болғанын біле тұра, бәрі білмегенсиді. Өйткені той да, неке қию да – бәрі-бәрі «дәстүр» бойын­ша өтіп жат­қандай, бірақ шын мәнінде оның астарында қандай сұмдықтардың жасырынғанын көрсеңіз, жаныңыз түршігеді. Себебі фильм­де қазақы дәстүр емес, дәстүрдің атын жа­мылып, жымысқы әрекетін жүзеге асыр­ғысы келгендердің ниеті көрінеді. Яғни екі жасты бір-біріне атастырып, ел мен елді жа­қындатқан, мың жылдық құда болып, өрісін кеңейткен, ұрпағының, әулетінің қа­мын ойлап, болашағына алаңдатқан осынау дәстүрдің шын мәніндегі маңызының жұр­нағы да қалмаған. Оның орнына өзінен кішілерге, әлсіздерге әлімжеттік көрсету, қыз зорлау, бірақ ештеңе болмағандай әрі қарай тайраңдап жүре беру, жағымпаздана, жарамсақтана жүріп, бақай есебін түгендеп алу, көз алдарында қыздары зорланады, бірақ оны білсе де білмегенсу сынды сұмдықтар бұл ауылдың адамдары үшін шын мәніндегі дәстүрге айналған. Біздіңше, фильмнің «Дәстүр» деп аталуының астарында осындай ой жатқандай. Яғни «Дәстүр» – қазіргі қоғам көрінісі.

Бүгінде қазақы дәстүрдің мазмұны жо­ғалып, тек сыртқы формасы қалғанын сынау осыдан екі-үш жыл бұрын түсірілген Серік Апрымовтың «Ауыл» фильмінде де бар. Ол енді авторлық кино бағытында түсірілген туынды ғой. Фильмнің де негізгі нысаны – қазіргі қазақ аулы мен оның тұр­ғындары. Басты кейіпкері сол ауылдағы жал­ғыз қонақүйдің иесі, ауыл шетіндегі зират­ты трактормен сүріп, ондағы адамдардың мәйітін қазып алып, басқа жаққа жерлемекші. Мақсаты – зираттың орнына бензин сататын орын ашу. Бірақ үнемі «біз дәстүрімізді сақтауымыз керек» дейді де жүреді. Істеп жүргені – зұлымдық, аузындағы сөзі – жаңа­ғыдай. Осы фильмде кішкентай бала­ның тұсауын кесетін эпизод бар. Аулына талай зұлымдық жасап жүргендер сол жерде дәс­түр туралы жалынды сөздер айтады. Көріп отыр­ғанымыздай, бүгінгі таңдағы дәстүр та­қырыбы «Дәстүр» фильмінде тұңғыш рет қоз­ғалып отырған жоқ. Стилистикасы, формасы, жанры жағынан әрқилы екі фильмде де бір мәселенің айтылуы кездейсоқ емес. Олай болса, бұл біздің қазіргі қоғамдағы бар мәселе деген сөз ғой. 

Дана ӘМІРБЕКОВА, кинотанушы:

Фильмнің атын «Дәстүр» деп қою – өте провокациялық қадам, яғни кө­рермен назарын аудартып, жарнама жа­сауда өте ұтымды пайдаланылған айла. Фильмнің мағынасына үңілсек, келесі сұрақтар туындайды: зорланған қызды тұрмысқа беру деген қайдан шыққан, қашан пайда болған дәстүр? Дәстүр – ұлттың ежелден қалыптасқан өмір сүру қағидалары мен қоғам заңы болып негізделген, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесін құрайды. Ал қызды зорлықпен тұрмысқа беру – мыңнан бір кездесетін қасіретті жағдай. Қоғам заңдылықтарына қайшы келетін ондай жағдайларды қалайша дәстүр ретінде қарастыруға болады? Жоқ нәрсені бар деп көрсету арқылы фильм авторларының көздегені не?

Отбасылық зорлық-зомбылық тақы­рыбын жалаулатқан фильм реалистік әлеуметтік драма ретінде басталып, екінші жартысы діни мистикалық элементтері бар таптаурынға толы хоррор деңгейіне түседі. Оқиға желі­сінің жындармен шайқасқа түсетін жерінен бастап зорлық-зомбылық мәсе­лесі ұмы­тылып, фильмнің желі­сі басқа арнаға бұрылады. «На­ғыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дейміз. Алайда фильм­дегі жан түршігерлік сахналар дом­быраның үнімен сүйемелденіп, қас­терлі аспабымыздың күмбірі фильмде жауыздық пен қасіреттің символына айналған. Ал Аятул-Күрсі сүресі сол жамандықтан құтқаратын жал­ғыз жол ретінде көрсетілсе, зұлым­дықтың күрескері ретінде молда бей­несі алдыңғы планға шығарылған. Мұндай пайым ислам дінінен білімі таяз адамдардың санасын астарлы аяттар мен хадистерді тікелей қабылдайтын салафизм идео­логиясына еліктіріп, теріс ағымның то­зақтан сақтайтын жалғыз жол екеніне иландырады. Осы­лайша, сана-сезімі әлі қалыптасып үлгермеген, ақ пен қа­раның ара-жігін ажырата алмайтын жас буынның, демек фильмнің тікелей аудиториясы­ның миын улап, ұлттық болмысымыз бен дүниетанымымыздан барынша алшақтата түсері сөзсіз.

Ал енді фильмнің кейіпкерлеріне ке­лейікші. Ауыл тұрғындарын жеке­мен­шік шаруашылығы арқылы жұмыс­пен қамтамасыз етіп отырған ең сыйлы адам – Нұрсұлтан. Ол – отбасына қарағанда қорадағы малы үшін көбірек алаңдайтын, әйел затын адам қатарына қоспайтын, өз пайдасы үшін ештеңеден тайынбайтын кейіпкер. Нұрсұлтанның ұлы Болат болса, әкесінің беделі арқасында әскерден жалтарып, ойын-күлкі мен сауық-сайранға салынған, есірткіден есіріп, арақ-шарапқа берілген бейне. Ауылдың билік тұтқасын ұстап отырған әкім үшін заңды аттап, пара алып, ұрлық жасау – қалыпты жағдай. Зорлықты көре тұра көз жұма қарайтын Диананың әке-шешесі болса, қорланған қаршадай қызды қорғаудың орнына жәбірлеушінің құшағына күштеп салуды жөн санайды. Қалың малға қы­зық­қан олар үшін қыздарының бақы­тына қарағанда, ел-жұрт алдында ұятқа қал­мау маңыздырақ. Болат пен Диа­наның некесін қиған молда да еркіндік сұрап шырылдап отырған қыздың ерік­сіз келгенін көре тұра, бәрін біле тұра еш әрекет жасамайды. Ауыл тұр­ғын­дары да орын алған қылмысты көр­мегендей, ештеңе білмегендей кейіп та­­нытады. Ал азаматтардың тыныш­тығын сақтап, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздігін қамтамасыз етуі міндет полиция қызметкері болса – ауыл әкімі мен Нұрсұлтанның айтқанымен жүретін, өз пікірі жоқ, жалтақ, дәрменсіз, әлжуаз кейіпкер. Фильмдегі жалғыз жағым­ды кейіпкер – Диана. Ол ар мен ұяттан безген, адами құндылықтардан ада қо­ғамның құрбаны ретінде бейнеленген. Диана үшін бұл қоғамның қыспағынан құтылып, еркіндікке жетудің жалғыз жолы – өлім. Авторлардың пайымдауынша, дені түзу адам қалмаған бұл ауыл қанаушылар мен құрбандардың мекені екен. Күнәға батқан қоғамды қатерден құтқаруға қауқарлы жалғыз адам – молда екен. Мысалы, есінен адасып, келіншегі мен анасын өлтірген баласын көрген әкесі көмек сұрап молдаға барады. Ал полиция қызметкері болса қылмыскермен күресуге молданы жі­беріп, өзі автомобиль ішінде жасырынып, Құдайға жалбарынып отырады. Зайырлы мемлекетте тұрып, қару­лы полиция қызметкері молдадан кө­мек сұрапты дегенді естігендеріңіз бар ма? Ал фильмнің авторлары осындай миға сыймайтын қисынсыз нәрсені мил­лиондаған аудиторияға қалыпты жағдай ретінде көрсетеді.

«Болашақ» ауылын мемлекетіміз­дің моделі ретінде бейнелеген авторлар фильм барысында объективтілік­тен алыстап, тым біржақты көзқарас ұсынған. Өмір тек ақ пен қарадан тұр­майды. Адамдар да жауыз немесе періштедей пәк болмайды. Шебер драматург кейіпкер табиғатын ашуда оның болмысына үңіліп, ішкі әлемінің қатпар-қатпар қалтарысына сүңгиді. Ал бұл фильмдегі кейіпкерлердің бәрі бір­беткей, оқиғасы жүрекпен емес, есеппен баяндалғаны байқалады. Фильмдегі байлар бейнесі адами құндылықтардан ада, руханилықтан алшақ, жәбірлеуші қоғам өкілдері ретінде суреттелсе, билік ел мүддесін емес, өзінің жеке басының жай-күйін ойлайтын парақор, ал полиция бай-қуаттылардың қолшоқпары ретінде көрсетілген. Бұндай көзқарас қо­ғамды екіге бөліп, іріткі салары сөзсіз.

Фильмнің соңы Болаттың жын­­дыха­­нада отырған сахнасымен аяқ­та­­ла­­ды. Сонда алдымен қызды зорлап, ­оған мәж­бүрлік жасап үйленіп, өлім­ге ­итер­мелеп, өлікпен тө­сек қа­ты­насына түсіп, ол аз болған­дай, ана­сы­ның өлі­міне себепкер болып, әкесін пы­шақ­тап өлтірген адамға лайықты жа­засын берудің орнына жындыхана­ға жат­қызылып, оның психологиялық дағ­дарысқа ұшырауы­мен аяқталады. Де­мек кез келген қылмыс­кер істеген ісін мой­нымен көтерудің орнына, қар­ғысқа ұшырағанын айтып ақталуына болады деген ой қалыптасады. Мұндай дискурс қоғам үшін аса қауіпті. Есте­ріңізде болса, қызды зорлап, оны өлімге жеткізген сәтінде оған әлі жын кірмеген болатын.

Қазақтың дәстүрлі этикасы фильм­де таспаланғандай бодандық пен конформизмге негізделмеген. Біздің халық – еркіндікті сүйетін, ойын бұқпай айтатын демократияшыл ел. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған біздің қоғам әділет жолында ойын қаймықпай айтып, қорғансыздарға қолұшын беруге қашанда дайын. Өкініштісі, Диана сияқты жәбір көрген қыздар да жоқ емес. Алайда оны дәстүрге айнал­ған үрдіс ретінде көрсетіп, соңын­да әділдікті алға тартпау – авторлар тұрғысынан адам өміріне деген құр­метсіздік. Әрбірден соң адам өмірін құнсыздандыру, нақтырақ айтсақ, әйел өмірін аяқасты ету десек те қалт айтпаймыз. Әйел демекші, фильмдегі жауыздықтың орын алуына себепшілер – әйелдер. Бірі ешқашан бетінен қақпай еркелетіп, дұрыс тәрбие бермей өсірген ұлын түрмеден алып қалу мақсатында күйеуіне пара бергізсе, екіншісі жұрт алдында ұятқа қалмас үшін 10 мың АҚШ доллары көлемінде қалың сұратып, туған қызын жәбірлеушісіне тұрмысқа шығуға мәжбүрлейді. Естеріңізде болса, әйелді шайтанның торымен теңей­тін хадис бар. Соған сай авторлардың па­йымдауынша, зұлымдық – әйелден. Егер фильм авторлары зорлық-зомбы­лық мәселесін өтімділігі үшін емес, әйел тағ­­­дырына деген шынайы жанашырлық та­­ныт­қандықтарынан көтерсе, экраннан жын­­ның ойнағын алдыңғы планға шы­ғармай, әділдіктің жеңісін көрсетер еді.

«Дәстүр» фильмі – мазмұны мен айтар ойы, мәні мен мағынасы жағынан қо­ғам­ға кері әсер ететін, драматургия­сы қи­сын­сыз, кино тілі тұрғысынан сти­лис­тік эклектикаға толы фильм. Бұл еш­қандай да қоғамды сынға алатын немесе ой тастайтын фильм емес. Дін атын жа­мылған теріс ағымды уағыздайтын аталған дүние – бүгінгі таңдағы өтімді тақырыптарды жалаулатқан профанация. Кез келген туынды, әсіресе кино – адамның сана-сезіміне әсер ететін алпауыт күш. Сол себепті де авторлар көрерменнің назарына нені және қандай мақсатта ұсынып отырғандарына мұ­қият қарап, ұлт алдындағы жауап­кер­шілікті сезінгендері абзал.