• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Алматы 26 Қаңтар, 2024

Мемлекеттік стипендия тапсырылды

245 рет
көрсетілді

Былтыр Мемлекет басшысының Жарлығымен мәдениет сала­сындағы Мемлекеттік стипендия әдебиет пен өнердің 75 қайрат­керіне тағайындалды. Алматыда «Дос­тық үйінде» өткен салтанат­ты іс-шарада Мәдениет және ақ­па­рат министрі Аида Балаева сти­пен­дия иегерлерін марапаттады.

Жыл сайын тағайындалатын Мем­лекеттік стипендия мәдениет пен өнер, шығармашылық саласы­ның өкілдері және дарынды жастарды қол­дауға бағытталғаны белгілі. Министр марапаттау іс-шарасын жас қа­ламгерлерге мемлекеттік қол­дау көр­сету, дарынды ақын-жазушы­лардың жаңа буынын қалыптастыру мақсатында тұңғыш рет берілген Президенттік арнаулы әдеби сыйлықты тапсыру рәсімімен бастады.

«Әдебиет пен өнер саласы өкіл­дері­не Мемлекеттік сыйлық беру еліміз­де дәстүрлі іс-шараға айналды. Әр саланың талантты өкілдеріне қолдау білдіру қоғамның алға басуына, салаға келген жастарға серпін беруге ықпал етеді. Бұл – жазушының да, өнер адамының да жанкешті еңбегіне жасалған құрмет пен қолдау. Еліміздің қай өңірінде де болмасын қоғамның дамуына атсалысып жүрген әр азаматтың еңбегі бағалануы қажет. Бұл жолғы марапат осы үдеден шықты деген сенімдемін. Бүгінде елімізде қай саланы алсақ та түйткілді мәселе жоқ деп айта алмаймыз. Қазіргі кезде тиісті министрлік өңірлер бойынша арнайы сараптама жүргізіп, нақты мәселелер­ді анықтау бағытында жұмыстар­ды жалғастырып келеді. Дегенмен кітапхана ісі, кітап шығару, білім беру саласын жақсартуға бағытталған барлық іс-шараны нәтижелі ету аса маңызды. Ал әдебиет пен өнерге жаңа қадам басып, өз еңбектерімен еленген жастарға деген сенім зор. Өткен жылдан бастап «Халық жазушысы» мәртебесі қайта жанданды. Бұл мәртебе жас қаламгерлер үшін биік шың іспетті дейтін болсақ, жастардың осы биік шыңға көтерілуіне тілектестік білдіремін», деді министр.

Жиын барысында министр қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржеке, Кәдірбек Сегізбаев, Иранбек Оразбаев, Марфуға Айтқожа, Ханбибі Есенқарақызы, Бахытжан Қанапиянов, Нұрғали Ораз, Бауыржан Жақып, өнер саласы­ның қайраткерлері Асанәлі Әшімов, Нұрғали Нүсіпжан, Тұңғышбай Жаманқұлов, Нүкетай Мышбаева, Есмұқан Обаев, Амандос Ақанаев және басқалар­ға Мемлекеттік стипендияны табыс етті. Сонымен қатар жеңімпаз жас­тар қатарында Канн халықара­лық фестивалінің жүлдегері, актриса Самал Есләмова, камералық ансамбль әртісі Толқынхан Самғар, скрипкашы Еркебұлан Сапарбаев, суретші Ренат Елубаев, Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі Андрей Трегубенко, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрының солисі Назым Сағынтай, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актері Максим Ященко марапатталды.

Президенттік арнаулы әдеби сый­лық­қа үміткер 18-35 жас аралы­ғын­дағы қаламгерлерге арналған бай­қау «Проза», «Поэзия», «Драматургия» және «Балалар әдебиеті» аталым­дары бойынша өткені белгілі. Байқауға қатысқан 50-ден астам қатысушының ішінен 17 талапкер – «Балалар әдебиеті», 9 қатысушы – «Дра­матургия», 13 қатысушы – «Поэзия», 14 қатысушы «Проза» аталымы бо­йынша өтінім берген.

Осы бәйгеден оза шапқан жеңім­паз­дар қатарында комиссияның ше­шімі­мен «Проза» аталымы бойынша «Квант» туындысы үшін Досхан Жылқыбай, «Поэзия» аталымында «Қалалық құстар» өлеңдер топтамасы үшін Еділбек Дүйсенов, «Балалар әдебиеті» аталымы бойынша «Атың озсын, азамат!» топтамасы үшін Олжас Қасым, «Драматургия» аталымы бойынша «Тау көтерген Толағай» драмалық туындысы үшін Айтолқын Әшімова Президенттік сыйлықтың иегері атанды.

Осы орайда мемлекеттің әдебиет және өнер саласында жүрген жастарға қол­дау білдіріп жатқанын зор қуаныш­пен қабылдап, оларға жылы лебізін біл­дірген Қазақстанның халық жазушы­сы Бексұлтан Нұжеке әсіресе балалар әдебиетіне көрсетілген қол­даудың маңыздылығына тоқталып, Президенттік арнаулы әдеби сыйлыққа деректі шығармалар аталымын қосу қажет деген ұсынысын білдірді. Ал ақын, Мемлекеттік «Дарын» жас­тар сыйлығының лауреаты Ерлан Жүніс жас қаламгерлерді құттықтап, олардың бойындағы жастық жігер, сыншылдық, отансүйгіштік қасиеттер ұлттық әдебиетіміздің кемелденуіне жұмсалса деп тілек айтты.

 

АЛМАТЫ