• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Сұхбат 12 Ақпан, 2024

Қайырымды жобалар қоғамды ізгілендіреді

120 рет
көрсетілді

Халқымыздың басым бөлігі ауыл-аймақта тұрады. Сондықтан да әлеуметтік мәселелердің шешімін қарастырғанда ауылдағы жұрттың жағдайын жақсартуға баса мән беру керек. Бүгінде бұл іске қайырымдылық қорлары да атсалысып, ағайынның алтын бесігінен алыстамауы үшін әжептәуір үлес қосып жатыр. Осы орайда өңірлерде ілкімді істерді ілгерілетіп жүрген «Халық» қайырымдылық қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов біраз мағлұматты алға тартып, қор жұмысынан хабардар етті.

– Нариман Бақтыбайұлы, қазіргі кезде «Халық» қоры қандай жобалармен айналысып жатыр?

– «Халық» қоры 2016 жылы құ­рыл­ды. Қордың қызметі еліміздегі әлеу­меттік-қайырымдылық бағыттағы жобаларды дамытуға негізделген. Шет­елдердегі қайырымдылықпен айналысатын ұйымдардың тәжірибелерімен таныссаңыздар, АҚШ-тағы қайырым­дылық қорлары гуманитарлық кө­мек пен денсаулық сақтау саласына бағыт­талғанын, Германияда адам құқығын қорғауға, ал Францияда экология, ден­саулық сақтау және спорт саласына басымдық бергенін көре аласыздар. «Халық» қорының жүзеге асырған жобалары алуан түрлі. Дегенмен басты назар – әлеумет, оның ішінде денсаулық сақтау, білім және спорт салаларында.

Жалпы, қайырымдылық қорлар мемлекет пен қоғамның барлық мәселесін шешуді көздемейді. Десе де олардың өзекті мәселелерден сырт қалмай, үлес қосуы қоғамды ізгілендіре түсері сөзсіз. Мақсатымыз да – нақты мәселелердің оңтайлы шешілуіне мұрындық болу. Біз әркез мемлекеттің бастамаларын қолдап, төтенше және табиғи апаттар орын алған жағдайларда көмектесіп келеміз. Мұны Арыстағы жарылыс, Әулиекөл ауданындағы өрт, пандемиямен күрес барысында көрдіңіздер. Індет салдарымен күресуге «Халық» қоры 10 млрд теңгеден аса қаржы бөлді.

Сондай-ақ халықтың осал топтарын қолдап, білім алуына, спортпен айналысуына, қоғамнан орнын табуына жәрдемдесіп жатырмыз. Қор құрылған уақыттан бері 50 млрд теңгені құрайтын 120-дан аса жобаны жүзеге асырды.

Жоғарыда айтқанымдай, спортты дамыту, балалар мен жастарға қол­жетімді білім беру – негізгі басымдық­тарымыздың бірі. Осы тұста білім сала­сындағы жобаларға кеңірек тоқталып өткім келеді. Біз гранттар арқылы бі­лім алуға қолдау көрсетіп жатырмыз. Осы уақытқа дейін 300 млн теңге бөл­дік. Нәтижесінде, дарынды студенттер Қазақстан-Британ техникалық универ­ситеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Астанадағы IT университеті сияқты Қазақстанның үздік оқу орындарында білім алып жатыр.

Білім саласына қоса, қордың тағы бір басым міндеттерінің бірі – балалар спортын дамыту. Жобаларда спорт алаңдарын салу, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, еуропалық стандартқа сай жаттықтырушылар даярлау, дене­шынықтыру және сауықтыру орта­лық­тарын салу қарастырылған.

Өңірлердегі жобаларымыз туралы айтқанда, Қостанай облысына тоқтал­ғым келеді. Бұл аймақтың 2022 жылы өрттен қатты зардап шеккенін жақсы білесіздер. Қор Әулиекөл ауылында 1,3 млрд теңгеге 280 орындық заманауи балабақша салып жатыр. Осы жылдың сәуір айында балабақша әкімдік балансына өтеді.

– Маңғыстау облысында да атқа­рып жатқан жұмыстарыңыздан ха­бар­дармыз. Ол жақта қандай жобаларды қолға алып жатсыздар?

– Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында былтыр ауқымды жобаларды жүзеге асыра бастадық. Жаңаөзеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына жан-жақты талдау жасау барысында, ауызсуға тапшылықтың бар екенін, балалардың спортпен айналысу мүм­кіндігінің шектеулігін және жаңа жұмыс орындарын ашу қажеттігін анықтадық. Осылайша, 5 негізгі жобаны жүзеге асыру жөнінде шешім қабылдап, бұған 3,5 млрд теңге бөлдік. Соның бірі – Бей­неу астық терминалының жұмысын қайта қалпына келтіру. Жоба құны 1,8 млрд теңге тұрады. Терминалды іске қосу лайықты, тәуір жалақысы бар 200 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Екінші жобамыз Жаңаөзеннен жаңа орталық – 6 мың шаршы метрді құрайтын денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу. Еліміздің батыс өңірінде таза ауызсуға қол жеткізу мәселесінің күрделі екенін ескере келе үшінші жобаны осы салаға бағыттадық. Маңғыстау облысына қарасты Сайын Шапағатов және Ақшұқыр ауылдарына су тұщыту зауытын салып бердік. Әр ауылға 300 млн теңгеден бөлінді. Қос ауылдың 25 мыңнан аса тұрғыны үзіліссіз, сапалы, таза ауызсумен қамтылды. Тағы бір маңыз­ды жоба қолға алынып, өңірде бала­лар алаңы, воркаут орталығы жә­не футбол алаңы бар 46 ойын алаңы салын­ды. Сондай-ақ Жаңаөзенде жасыл алқаптарды суару үшін қайта өң­дел­ген суды пайдалануға арналған зауыт іске қосылды. Маңғыстауда атқа­рылған жұмыстарымызды жергілікті әкімдік жоғары бағалап, 2023 жылдың қорытындысы бойынша «Үздік меценат» атағын берді.

Осы жерде мына жайтты атап өткім келеді. Жаңаөзеннің халқы сөзге тоқ­тап, іс жүзінде орындалуын күтетінін көрсетті. Уәде беріп, кейін орындалмай қал­са, бұл жергілікті тұрғындармен қа­рым-қатынасқа, кәсіпкерлік саласына, өзге де қоғамдық салалармен байла­нысқа айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Тұрғындарға мәселесін естіп, білумен қатар, нақты шешімін тапқаны маңызды.

– Көпшілік кәсіпкерлерден қайы­рымдылық күтіп тұрады. Ұдайы қайы­­­рымдылықпен айналысу кәсіп­кер­­лердің де ынтасын жойып, ықы­ласын кемітуі мүмкін. Бірақ кәсіп­кер­­лердің өзі де көмекке мұқтаж болып қалатын жағдайлар аз емес қой?

– Кез келген мемлекетте кәсіпкерлер экономиканың қозғаушы күші екені рас. Әсіресе, шағын кәсіпкерлікті дамытуға баса мән беру маңызды. Оларды қолдау, салықты азайту, гранттар, мемлекеттік бағдарламалар мен басқа да ынталан­дыру тетіктерін мемлекеттік және сала­лық органдар жүзеге асырады. Қайы­рымдылық қорлары ең алдымен әлеу­меттік мәселелерді шешуге ден қоюы керек. Дегенмен бизнес қиын жағдайға тап болғанда ең бірінші көмекке мемлекетпен бірге қайырымдылық қорлары да келеді. Мәселен, Қаңтар оқиғасынан кейін Алматыда көптеген шағын кәсіп­керлік нысандары жабылып қала жаздады. Бұл жағдайда біздің қор 500 кәсіп­керге 500 млн теңге көлемінде қолдау көрсетті. Мысалы, солардың қатарында әбден тоналып, дымсыз қалған ұялы телефон дүкенінің иесі бар еді. Оның қаржылық жағдайы нөлде емес, минус­та болды. Несие алу кәсіпкерге айтар­лықтай салмақ салды. Кәсібін қалпына келтіріп, сәл де болса аяғына тұрып кету үшін 1 млн теңге грант бердік.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan»