• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
12 Маусым, 2010

БӘСЕКЕЛЕСТІК БӘСІ БІЛІК ПЕН БІЛІМДЕ – дейді Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА академигі Тілектес ЕСПОЛОВ

1017 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың басында бірде жарық, бірде күңгірт тірлікте өмір сүрген қазақты қайтсек өзгелердің қатарынан қалдырмаймыз, орайы келіп жатса, ілгері оздырып жібереміз деген Алаш арыстарының ту етіп көтергені білім жарысы болыпты. “Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші”, – деген Ахмет Байтұрсынұлы: “Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектің жолында жұмыс істеу керек”, – дейді. Сөйтеді де: “... білімнің нашарлығы қазір жердің молшылығында сезілмейтін шығар, жер таршылыққа айналса, тез-ақ сезілер”, – депті. Осы мысалдардан ұлтының болашағын, ұрпағының келешегін ойлаған жақсы мен жайсаңдарымыздың сол арман, мүддесі қазір тәуелсіздіктің арқасында, Елбасының тікелей қолдауымен жүзеге асырылуда. Заман тетігін барлық жағынан жетік білетін маман дайындау мәселесі қазір тайға таңба басқандай алдымыздан шығып тұр. Өмірге икемді, қоғамға қолайлы, уақыт талабына сай жұмыс істеп, кадр әзірлеп келе жатқан еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі ғана емес, бірегейі болып есептелетін Қазақ ұлттық аграрлық университеті десек, асырып айтқандық емес. Осы оқу орнының шаңырақ көтеріп, халықтың игілігіне қызмет етіп келе жатқанына 80 жыл болыпты. Осыған орай біз университеттің ректоры, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, профессор Тілектес Есполовты әңгімеге тартқан едік. – Тілектес Исабайұлы, “Қазір бой жарыс­тыратын заман емес, ой жарыстыратын заман”, деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, өркениет көшіне өрелі де өркенді іспен қосыламыз деп жатқан тұста қазақ топырағында тамыр тартуы жағынан ұлтымызға жақын қарашаңырақ, сіз басқарып отырған университет екені рас. Осы білім ордасының арғы-бергі тарихы туралы атаулы күн қарсаңында аз-кем мәлімет бере кетсеңіз. – Өткен тарих, біткен іс, шыққан биік, алар асу жайлы әңгіме қозғар болсақ, университетіміздің іргетасы аграрлық өндіріс пен ғылымды дамыту мақсатында өткен ғасырдың 30 жылдарында қаланған еді. Нақтылай түссек, 1929 жылы 1 қазанда Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институты құрылса, келесі жылдың 5 қазанында Қазақ ауыл шаруашылығы институты шаңырақ көтерді. “Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер”, деп данышпан Абай айтқандай, осы жерде мен екі оқу орнының алғашқы қадамынан нық басуға белсене кіріскен аға ұрпақтың ерен еңбегін, көрсеткен үлгісін, қилы кезеңдердегі қиындықтарға төзе отырып, жастарға білім беріп, тәрбие үйретудегі қажыр-қайратын ерекше атап айтуды азаматтық парызым деп санаймын. Әрине, бәрін бірдей тізіп шығу мүмкін емес. Алматы зо­о­тех­никалық-малдәрігерлік институтының бірінші директоры, ғалым-микробиолог И.Сай­кович десек, одан кейін Л.Атаянц, С.Арғыншиев, М.Юнусов, Е.Байғараев, А.Антипенко, М.Рудаков, С.Ефимов, Д.Зыков, А.Дзержинский, Ф.Мұхамедқалиев, Г.Қонақбаев, М.Ермеков, З.Қожабеков, Қ.Сабденов басшылық еткен еді. Қазақ инте­лигенциясы, оның ішінде ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, профессорлар А.Ермеков, Х.Нұрмұхаметов және басқалар елеулі үлес қосқан. Қазақ ауыл шаруашылығы институты шаңырақ көтергенде оның бірінші директоры, ұлтымыздың айтулы қайраткерлерінің бірі Ораз Жандосов болса, оның жақсы ісін Х.Чурин, Н.Бекетов, С.Сыздықов, А.Сембаев, Д.Андрианов, А.Жұ­ма­тов, А.Дорофеев, Е.Тайбеков, Х.Арыстанбеков, Т.Т­азабеков, Б.Шах, Е.Жұмабеков жал­ғастырған. 30-40-жылдары Ресейден, Украинадан, Бело­руссиядан келген оқымыстылар аз болмаған. Олардың қатарында академик С.Вы­ше­лес­ский, профессор И.Васильков, В.Авербург, А.Лу­кин, Б.Дом­бров­ский, М.Калмыков, Н.Ка­раваев, В.Клер, В.Кел­лерман, т.б. Сол секілді жеміс-жидек факультетіне оқытушылыққа ша­қы­рылған профессорлар А.Дра­гав­цев, С.Калмыков, ғалымдар М.Растегаев, П.Эр­инбург, инженерлік технология саласының оқы­тушы-профессорлары И.Сахаров, Е.Дыхман, Киев­тен келген А.Ва­си­ленко, В.Ведерников, орман шаруашылығын жетік меңгерген профессор А.Фе­деров, атақты эко­номист, профессор А.Чаянов және гидротехника мамандығының ірге­­тасын қалаған профессор Л.Тәжібаевтың еңбегі ерекше. Қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы академик Найля Базанованың ғылыми жолы және еңбегі қазіргі ұрпаққа үлгі. Ұлтымыздың жарқырап шыққан шоқ жұлдыздарының бірі Кәрім Мың­баевқа бүгінгі ұрпақ ерекше ілтипатпен қарайды. Ал оқу орны түлектерінің арасынан кешегі кеңес дәуірінде де, одан кейінгі тәуелсіздік жылдарында да ел дамуына ерекше үлес қосып, Отанымыздың абыройын асырған асыл ағаларымыз бен абзал әпкелеріміз аз болған жоқ. Солардың қатарында үш қаһарман – Кеңес Одағының Батыры, 30 азамат Еңбек Ері атағын алған екен. Оған қоса 80 түлегіміз КСРО Жоғарғы Кеңесінің және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары болса, 50 ғалым Қазақстан Респуб­ли­касы Ұлттық Ғылым академиясының акаде­ми­гіне сайланған, 12 адам Мемлекеттік сыйлықтың лау­­реаты атанып отыр. Мұның өзі білім орда­сы­ның мәр­тебесін көтеріп қана қоймай, білім мен ғы­лым­ның жоғары сапалы көрсеткіші болып табылады. – Мұны өткен күндердің бел-белесі десек, екі оқу орнын бір арнада тоғыстырып, тәуелсіз Отанымыздың қарқынды дамуына қажет деп қайта жаңғыртқан Қазақ ұлттық аграрлық университетті туралы ой сабақтасаңыз. – Университет тарихының екінші кезеңі 1996  жылдан басталады. Сол жылы жоғарыда айтқан екі институттың негізінде Қазақ мемл­екет­тік аграрлық университеті құрылды. Оны басқару бел­гілі қоғам қайраткері, қазіргі Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі экономист-ғалым, академик Кенжеғали Сағадиевке жүктелді. Аграр­лық кешенді нарық талабына сай дамыту жолында білікті кадр әзірлеу үшін оқу орнының беделін арттыру ниетінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арнайы Жарлықпен ұлттық мәртебе берді. Сөйтіп, Қазақ ұлттық университеті деген дәрежеге көтерілді. – Осындай абыройға ие болған ұлттық универ­си­тетке қойылар талап та, жүктелер міндет те аз бол­маса керек. Мұнымен қатар, білім беру ісінде оқытушы-профессорлардың рөлі ерекше екені де белгілі ғой. – Сұрағыңыздың төркінін түсініп отырмын. Профессор-оқытушылардың сапалық құрамы қандай дегенді меңзейтін боларсыз. Білім ордасының басты құндылығы – адам капи­та­лы­нан тұратыны, оның алтын діңгегі оқытушылар екені еш талас тудырмайды. Оқу орнында 7 факультет жұмыс істейді. Оның құрамында 40 кафедра бар. Сол кафедраларда 600-ден астам Ота­нымызға танылған профессор, ғылым докторлары мен кандидаттар қызмет етеді. Жекелеген кафедра оқы­тушыларының барлығы дерлік 100 пайыз ғылыми атаққа ие болғандар. Отанымыздың Ұлттық ғылым академиясының аграрлық ғылым­дар жөніндегі бөлімшесі біздің университетте орналасқан. 37 академик осы бөлімшені ортақ іске жұмылдырып, аграрлық білім мен ғылымды дамыту мәселелерін жан-жақты зерттеп, зердеден өткізуде. Оқытушылар талапкерлерге білім беріп, тәрбие үйретумен қатар, жас ізденушілердің ғылыммен айналысуына қолұштарын созып отырады. Алты диссертациялық кеңесте олардың ғылыми жұ­мыстарын қорғауға, біліктілігін арттырып, білім­де­рін жетілдіруге жанашырлық танытады. Ел эко­но­микасының қарқынды дамып, халықтың әлеу­меттік жағдайының көтерілуінен болар, соңғы жыл­д­ары кандидаттық және докторлық дис­сер­тация қорғауға талпынған ізденушілер саны артып келеді. Республикалық сараптау кезінде өздерінің ғылымдағы, білім беру ісіндегі жетістіктерімен танылған 57 профессор-оқытушылар “Үздік оқы­ту­шы” грантын жеңіп алып, соның нәти­же­сінде олар студенттерді білім мен ғылым ин­но­ва­циясына баулу үстінде. Бір жылда 20 оқытушының “Үздік оқы­тушы” мемлекеттік грантына ие болуы респуб­ли­камыздағы ең жоғары көрсеткіш және уни­верситетіміздің зор мақтанышы болып табылады. Бұған қоса бүгінгі таңда университет ұжымы бака­ла­вриаттың – 39, магистратураның – 38, PhD док­торантураның 15 мамандығы бойынша білім беруде. 2009 жылғы желтоқсан айында университет Ұлттық аккредиттеу орталығынан инсти­ту­цио­нал­­дық аккредитациядан, ал биылғы жылдың сәуір айында мемлекеттік аттестациядан табысты өтті. – Бір оқу орнының 80 жылдық тарихын бір сұхбаттың аясына сыйғызу мүмкін емес. Дегенмен ауыл шаруашылығы білімі мен ғылымының көшбасшысы саналатын оқу орны қандай үлгі-өнегесімен өзгелерді тәнті етіп отыр? – Бұл саладағы негізгі міндет – агро­өнер­кә­сіптік кешенге маман дайындайтын Отаны­мыз­дағы жо­ғары оқу орындарының оқу-әдістемелік жұ­мыстар бойынша өзара қарым-қатынасын үй­лес­тіру, бағыт-бағдар беру. Университетте рес­пуб­ликалық оқу-әдістеме кеңесі, оқу-әдістеме сек­циясы құрамында “Егіншілік”, “Мал­ ша­руа­шылығы”, “Агроинженерия”, “Ветеринария”, “Орман және жер шаруашылығы” бағытындағы мамандықтар бойынша 5 сектор құрылды. Аграр­лық салаға маман дайындайтын барлық жоғары оқу орындарының белді ғалым-оқытушылары осы секторлардың мүшесі. Атқарылған салмақты жұмыстардың бірі ретінде айтар болсам, осы оқу-әдістеме секциясының тікелей ұсынысымен мамандықтарды жіктеу кезінде заман талабына сай төрт жаңа мамандық енгізілді. Олар “Жеміс-көкөніс шаруашылығы”, “Жерді мелиорациялау, баптау және қорғау”, “Өсімдік қорғау және карантин”, “Ауыл шаруашылығын энергиямен қам­тамасыз ету”. Республикамыздағы барлық агроөнеркәсіп саласына мамандар даярлайтын жоо біздің университетімізде дайындалған бакалавриат бойынша 39, магистратура бойынша 38 маман­дығынан мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары мен 300-ден астам пәндердің типтік оқу бағдарламалары негізінде білім береді. Білімнің қайнар көзі – кітап, яғни оқулықтар мен оқу құралдары екені анық. Осы орайда оқу-әдістеме секциясы тарапынан баспаға әзірленген қолжазбаларға ерекше талап қойылуда. Ғылым жетістіктері мен оқыту үрдісі ұштасып, ол өмірдегі шындықпен жалғасса, тәжірибелік тағылымдар жан-жақты қамтылып, мұның бәрі түсінікті баяндалса, ондай оқулықтың жемісті болатыны сөзсіз. Біздің университеттің профессор-оқы­ту­шы­лары мемлекеттік тілде дайындалатын оқу­лық­тардың сапасына баса назар аударуда. Аграрлық университеттерде негізінен – бәріміздің алтын тұғырымыз саналатын ауыл жастары оқиды. Олардың көбі қазақ мектептерінің түлектері. Сол себепті, жоғарыда айтқандай, мемлекеттік тілде жарық көретін оқу-әдістемелік материалдардың сапасына көңіл бөлу содан туындап отыр. Әрбір қолжазба оқу-әдістемелік секцияда жан-жақты сараптамадан өтіп, әр тарау, тармағы талқыланып, талапқа сай болған жағдайда ғана баспаға ұсынылады. – Жоғары оқу орнының негізгі мақсаты – салаға қажет білімі мықты, сол мықты білімді тәжірибеде мүлтіксіз жүзеге асыратын маман дайындау ғой. Дайындалған маман ел көлемінде қалып қоймай, әлемдік деңгейге бірте-бірте көтеріліп, заман талабына жауап беруін қоғам қажетсініп отыр. Әсіресе Еуропалық білім кеңістігі елімізде кең қанат жайып келеді. Бұл тұрғыда сіздердің университет қандай істер атқарып жатыр? – Томаға-тұйықтық жаһандану заманында аяққа тұсау болатынына көз жетті. Барыс-келіс, алыс-беріс дәуірінде елдік бейнеңді сақтап қалудың жолы – дамыған елдердің жақсысын ала отырып, соны жетілдіріп қолдана білуде болып тұр. Мұндай игі­лікті істі жүйелі атқарған мем­лекеттердің келешегі кемелденген үстіне кемел­деніп келді. Біздің Отанымызда тәуелсіздіктің арқасында бұрынғы құрсауды лақтырып тастап, төрткүл дүниедегі оң өзгерістердің өзімізге тікелей қатысы барын ел дамуына кіріктіріп жатырмыз. Бұл тұрғыдан келгенде, білім саласына қатысты дү­ние­лерді елдік менталитетімізге, ұлттық ерек­ше­лігімізге орайластырып, орнықтыра бастадық. Өркениет көшіне бет бұрған елге мұндай қасиет аса қажет. Ғылыми-техникалық және эко­но­ми­калық прогрестің негізгі қозғаушы күші білім мен ғылымда жатыр ғой. Білім беру саласында артта қалу мемлекет­тің бәсекеге қабілеттілігіне кері әсер етеді. Әлемдегі 47 мемлекеттің бірі болып Отанымыздың Болон процесіне қосылуы соның әдемі көрінісі болса керек. Және біздің ел – Орталық Азия мемлекеттері арасында еуропалық білім беру үрдісіне еніп, толыққанды мүше болған алғашқы мемлекет. Болон декларациясына қол қою жоғары білім сапасын жаңа деңгейге көтеріп, мамандардың әлемдік еңбек нарығында өз орнын іркілмей табуына жол ашады. Біздің университет осы үдерістің негізі болып табылатын Университеттердің Ұлы Хартиясына еліміздегі 30 жоғары оқу орнының арасынан алғашқылардың бірі болып 2003 жылы қол қойған еді. Бұл шара білім ордасында дайындалатын мамандықтардың оқу бағдарламалары мен оқу жоспарларын еуропалық стандарттарға сәй­кес­тендіруге, академиялық дәрежелердің халықаралық деңгейде мойындалуына, кредиттік технология бойынша сынақтардың бірлік жүйесін енгізу арқылы академиялық ұтқырлықты қам­тамасыз етуге, екі дипломдық білім бағдарламасының жүзеге асуына мүмкіндіктер тудырды. Қазір біздің оқу орнындағы факультеттерде бакалавриаттың 39 және магистратураның 38 мамандығы бойынша 10 мыңнан астам студент білім алуда. Университеттің 80 жылдық тарихында 135 мыңға жуық аграрлық саланың сапалы мамандарын дайындап, сапқа қостық. Жалпы, университет көп жақты, өте күрделі құрылым. Мұнда білім беру, кәсіпкер дайындау, ғылымды ұйымдастыру, оқу әдістемелік жұмысты жолға қою, білімді өндіріспен ұштастыру және ғылыми жаңалықтарды тәжірибе жүзінде орындау секілді сан-сала бір арнада тоғысып жатады. Осының бәрін жүзеге асыруда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген стратегиялық басым бағыттар біз үшін темірқазық тәрізді. Мәселен, биылғы Қазақстан халқына Жолдауында Президент: “Жоғары білім сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға жауап беруі тиіс. Елдегі жоо-лар әлемнің жетекші университеттерінің рейтингіне енуге ұмтылулары керек”, деп міндет жүктеді. Бұл дегеніміз, маман дайындау мен ғылымды дамыту жолындағы ұмтылыстарға бағыт-бағдар ғой. Осындай үлкен істерді атқару жолдарын ұсынған Мемлекет басшысы елімізді индустриялық-инновациялық дамытудың 10 жылдығына арналған бағдарлама тәуелсіз елдің 18 жылда жасаған жұмысынан салмақты екенін атап өтіп, тек қана шикізатқа сеніп отыратын болсақ, онда жағда­йымыздың мүшкіл болатынын әлемдік дағдарыс көрсетіп бергенін жеткізіп, бұл істе жұрт болып жұмылу қажеттігін алға тартты. Отанымыз 2020 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруға кірісті. Үстіміздегі жылы 5 миллиард доллардан астам қаражат жұмсалатын 144 жоба аяқталатыны мәлім. Ал құны 26 миллиард долларды құрайтын 47 жоба жүзеге асады. Мұндай жіті қимыл еліміздің шикізат өндіруден құтылып, өндірісті елге айналуына септігін тигізеді. Осындай ауқымды істі атқару кезінде білікті маман дайындау мәселесін Нұр­сұлтан Әбішұлы таяуда өткен Шетел инвесторлар кеңесінің кезекті 23-пленарлық оты­рысында атап өтті. Әсіресе, заман талабына сай жаңа мамандық иелерін оқыту жайын қозғаған Елбасы “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы аясында алдағы жылы шешілетін үш мәселеге көңіл аударды. Ол – кадрлар даярлау, біліктілікті арттыру және жастар тәжірибесін жүзеге асыру. Президент өз елімізде дайындалған мамандарды бірте-бірте барлық саланың тұтқасын ұстайтын тұғыры мықты етіп қалыптастыру керектігін де тілге тиек етті. Ендеше, бұл жұмыстарды болашақта дөңгелентіп әкететін жастарды бәсекеге қабілетті етіп шығару қажеттігі күн санап артып келе жатыр. – Әлемдегі белді де беделді оқу орындарымен байланыстарыңыздың бар екенінен хабардармыз. Осы туралы таратып айта кетсеңіз. – Айтайын. Халықаралық байланыс дегенде дүниежүзінің көптеген аграрлық саладан білім беретін, ғылыммен айналысатын универ­си­тет­те­рімен табысты байланыстар баршылық. Жалпы саны 500-ге тарта университет студенттері мен ұс­таздары, жас ғалымдар қауымы шетелдік тә­жіри­беден өтті. Әлемдік 300 аграрлық университеттің жаһандық консорциумының мүшесі болып табы­ла­мыз. 157 элиталы жоғары оқу орындары ара­сында меморандум қабылданып, 53 универ­си­тетпен нақ­ты тәжірибе алмасу жұмыстары жүзеге асы­ры­луда. Атап айтқанда, Германияның Вайнш­те­фан университетімен біріккен екі дипломдық магистрлық курс өз нәтижесін берді. Әсіресе, ше­тел­дік экономиканы басқару, инновациялық технологияларды, ғылыми зерттеулерді жүргізу бойынша жаңа әдістерді меңгерген 59 магистр оқуларын бітіріп шықты. Бұл курсты Герма­ния­ның тәуелсіз аккредитациялық комиссиясы заңдас­ты­рып, біздің елдің дипломымен қоса, өздерінің дипломын, сертификатты бітірушілерге салтанатты түрде тапсырды. Курсқа сабақ берген оқытушылар Германияның, Украинаның және Ресейдің іргелі оқу орындарында дайындықтан өткен екен. Халықаралық TEMPUS жобалары бойынша біз Голландия, Польша, Австрия, Гер­мания, Испания, Бельгия, АҚШ, Венгрия және Ресей аграрлық университеттерінің оқу үрдісімен, тәжірибелерімен терең таныстық. Соның негізінде біздегі оқу сапасына баға берудің өзіндік жүйесі жасалды. Бұл жүйе республиканың негізгі 6 жоғары оқу орнына таратылды. TEMPUS жобасы шеңберінде “Қазақ­стан­ның ауыл­ ша­руа­шылығына PhD бағдарламасын жасау” іске асы­рыл­ды. Қазіргі сәтте 15 PhD докторантура білім беру бағдарламалары бойынша 28 докторант оқуда. Оларға ғылыми жетекшілер болып Венгрия, Польша, Голландия, Бельгия, АҚШ, Ресей жоғары оқу орындарының профес­сор­лары бекітіліп отыр. Докторанттар тәжірибелік дайындықты шет елдерде өтуде. Қазіргі уақытта университетімізде Араб, Египет, Финляндия елдерінің докторанттары мен магистранттары білім алуда. Келер жылы Финляндия, Қытай, Болгария, Түркия, Италиядан докторанттар келеді. Таяу мерзімде “Табиғатты пайдалану эко­но­ми­касы”, “Аграрлық экономика” магистратура маман­дықтары бойынша АҚШ-тың Невада және Солтүстік Дакота университеттерімен 2 дипломдық білім беру бағдарламасы жолға қойылады. Осындай бағдарламалар “Аграрлық инжиниринг” маман­ды­ғынан Венгрияның Әулие Иштван атындағы уни­вер­ситетімен, “Су ресурстарын тиімді пайдалану” ма­ман­дығынан Италияның Аликанте уни­вер­ситетімен бірлікте жұмыс жасауды қолға алмақпыз. Академиялық мобил­ділікті қамтамасыз ету мақ­са­тындағы шаралар да іске асырылуда. Білім бағ­дар­ламаларын, оқу әдістемелерін жетілдірудегі,  сту­дент­терге дәріс оқудағы жетістіктері ескеріліп, АҚШ, Канада, Германия, Болгария, Үндістан, Жа­пония, Қытай мемлекеттерінің 30 оқытушысына уни­верситеттің “Құрметті профессоры” атағы берілді. Халықаралық байланыстар саласындағы ең басты жетістіктеріміздің бірі – “Эрасмус Мундус: ашық ынтымақтастық терезе” халықаралық бағдарлама грантына ие болуымыз. Аталмыш бағдарлама негізінде университет ұстаздары мен жас ғалымдары Еуропа және АҚШ-тың элиталы жоғары оқу орындарында халықаралық бағдар­ламалар негізінде тәжірибеден өтетін болады. – Білім мен ғылым таразы басында бірін-бірі толықтырып отыратын рухани құндылық екеніне ежелден қанықпыз. Бұл бағыттағы атқарылған жұмыс, алдағы міндет аз емес болар. – Инновациялық және индустриялық жоба бағыттарын басшылыққа алған ұжым ғалым­да­рының ізденістері атап өтерлік. Соның нә­ти­жесінде қол жеткен жетістіктеріміз де нақ­ты­лығы­мен дәйектелуде. Университетіміздегі 3 ғылыми-зерт­теу институты мен 3 ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми-педагогикалық әлеуеті жоғары, жан-жақты дамыған оқымыстылары Отан әлеуетін арттыру жолында тың қадамдарға, ел мен жердің, халықтың болмысына сай келетін зерттеулерге жете мән беріп, тамыры тереңде жатқан зерделеу жұмыстарына ұмтылу үстінде. – Республикамыздағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жолы қайсы? Осы тұрғыда сіздердің тараптарыңыздан қандай жұмыстар атқарылуда? – Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында халықтың денсаулығы – ол Қазақстанның стратегиялық мақсаттарына жетудегі табысының ажырамас құрамдас бөлігі екенін ерекше атап көрсетті. Осыған байланысты көтерме сауда саласында азық-түлік сапасын қадағалауды күшейту басты назарға алынды. Жоғарыда аталып өткендей, біздің университет ғалымдары халықтың денсаулығын сақтау, келешек ұрпақтың тәнінің таза, жанының мұңсыз болуы жолында, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ғылыми оңтайлы тәсілдерін жасауда. Жапонияның Sumadse компаниясымен қол қойылған меморандумға байланысты азық-түлік қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау жөнінде жаңа ғылыми зертхана ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл Алматы қаласының сауда орындары мен базарларына түсетін өнімдердің гендік моди­фи­кацияланған организмдердің құрамын анықтау жөніндегі зертхана ретінде жұмыс жасайтын болады. Аталған зертхана қазірдің өзінде ірі жобалармен айналысып жатқан инженерлік бейін­дегі “Электронды микроскопия” зерт­ханасымен тікелей байланысты жұмыс жүргізеді. Ол зертханада университет ғалымдарына нано деңгейінде жұмыс жасауға, ауылшаруашылық және тамақ өнімдерінің құрамын толық анықтауға мүмкіндік береді. Онда орнатылған микроскоп дән, ет, сүт, жүн, металл және басқа да өнім үлгілерін 50 мыңнан миллион есеге дейін ұлғайтып көрсетеді. Әрі өнімнің ішкі құрылымын сақтай оты­рып, тоңазытылған және ылғалды нысан­дардың бір уақытта бес үлгісін зерттеп, зерделейді. JEM-1011 электронды микроскопта ульт­ра­рентген сәулесінің көмегімен материалдың құрамын, кристалдар мен бөліктерінің мөлшерін анықтау, кристалдық бөлшекті идентификациялау, аморфты дененің сандық ара қатынасын жүйелеу, криомикроскопия, патология жұмыстарын орындап шығуға болады. Сол сияқты JSM-6510 LA көшіретін микроскоптың көмегімен нақты аумақ үлгісінде сапалық және сандық талдау, одан алынған элементтердің профильдік құрылымын бөлу, учаске элементтерінің карталық бөлі­німдерін, бөлшектерді, клеткалы томография арқылы оның түйінін шешу зертханаға пай­далануға берілген соң еш қиындық туғызбайды. Аталған шаралар елімізге сырттан келетін өнімдердің сапасын қадағалауға зор мүмкіндіктер туғызып қана қоймай, халық денсаулығы – басты байлық деген қағиданы орнықтыруға кеңінен септігін тигізеді. – Оқу орнының арғы-бергі тарихынан, атқарылып жатқан кәделі істерінен мағлұмат бердіңіз. Әл-Фараби бабамыз тәрбиесіз берген білімнің құмға құйған сумен тең болатынын өсиет етіп айтып кеткен екен. Осы арада жастар тәрбиесі туралы айтар ой-байламдарыңыз бар шығар. – Қазіргі күрделі қоғамда білім беру қаншалықты өзекті болса, тәрбие үйрету де сон­шалықты маңызды. Сондықтан мен университет басшысы ретінде білім мен тәрбиені қатар жүргізуді дұрыс деп санаймын. Маман білімді бола тұрып тәрбиесіз болса, онда қоғамға пайдасы шамалы. Білім мен тәрбиенің таразы басындай тең тұруы даусыз формула. Мен ректор ретінде студенттерге ерекше құрметпен қараймын. Әрқайсысын өз ұлым, өз қызым деп есептеймін. 11 оқу корпусында, 10 жатақханада, 2 спорттық сауықтыру кешенінде, 2 стадион, 6 асхана мен қоғамдық тамақтандыру орындарында жиі болып, кездесулер өткізіп, жағдайларымен танысып отырамын. Ауылдан келген жастардың көздерінен маған деген сенімді және құрметті көрген сайын олар да болашақ қазақ зиялысы екені ойға оралғанда өзіме жүктелген жауапкершіліктің арта түсетінін үнемі сезініп жүремін. Мысалы, университетімізде оқитын шетелдік қандас бауыр-студенттер ұсынысымен 80 жылдық мерекеге орай 500-дей жастар қазақтың ұлттық құндылықтарын паш ететін “Қара жорға” биін үйренуде. Тәубе, қазақ жастары қазақ білімін, ғылымын, өнерін жаңа биіктерге көтеретіні сөзсіз. Олардың бақыты мен келешегі еліміздегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімге байланысты деп білемін. Президентіміз осы тұрғыда жүргізіп отырған саясатына жастар әркез қолдау көрсетіп келеді. Отанымыздағы ел тыныштығын, жастардың бақытты өмірін баянды ету мақсатында біздің студенттер “Қазақстандық патриотизмді қалып­тастыру – Қазақстан қоғамындағы тұрақ­тылық пен гүлденудің негізі” атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіп, соның нәтижесінде “Қазақ ұлттық аграрлық университеті студенттері республиканың күллі студент жастарына үндеу” қабылдады. Бұл үндеу мерзімдік басылымдарда жарық көріп, студенттердің қолдауына ие болды. Оқу жүйесі Еуропа стандарттарына бейім­делгенмен – ұлттық үлгіміз бір сәтте назардан тыс қалмай, тәрбие жұмысы өз салт-санамызға сай жүргізіліп келеді. Ғасырлар қойнауынан келе жатқан халықтық үлгі мен өнеге, тәлім мен тәрбие ғана қазақты, оның ішінде жаһанданудың жағымсыз жақтарынан сақтап қалмақ. Біз мұны сөз жүзінде емес, студенттерді қатыстыра отырып, білім жарысында әлемдік жетістіктердің озығын алып, ұлттық құндылықтарды жаңғыртудың жолдарын қарастырамыз. Рухани әлемі озық үлгіге негізделген тәрбие мазмұнды болмақ. Оның үстіне университет түлектері еліміздің әр алуан өңіріне барып қызмет етеді. Онда қаймағы бұзылмаған, тілін, мәдениетін қызғыштай қорғап отырған қара- шаңырақтың иесі – халқымыз отыр. Универ­ситетіміздің тәрбие жұмысы және жастар саясатын жүзеге асыру шаралары “2010-2014 жылдарға арналған оқу-тәрбие жұмысының перспективалық жоспары”, “ҚазҰАУ-да Қазақстан Республикасы жастар саясатын іске асыру концепциясы”, “ҚазҰАУ-да студенттерге патриоттық тәрбие беру концепциясы” аясында атқарылады. Рухани құндылықтарымыздың бір парасы өнер десек, “Алтын дән” ансамблі, академик А.Жұбанов атындағы халық аспаптар оркестрі, “Гүлбану” бишілер тобы, КВН командалары құрамында студенттер өз өнерлерін елге танытып келеді. Жаз айларында 500-ден астам студент “Жасыл ел” бағдарламасына тартылады. Университетіміздегі шоқтығы биік сала – спорт саласы. Спортпен айналысқан студенттер жат қылықтан аулақ жүреді. Сондықтан да басшы ретінде мен бұл салаға ерекше назар аударамын. Алматыда 40-қа жуық жоғары оқу орындары бар. Солардың ішінде тек біздің университеттің гандболл, волейбол, баскетбол командалары жоғары лигада ойнап жүр. Ал ерлер волейбол командасының еліміздің жоғары лигасының “А” тобында ойнауы үлкен жетістік. Осындай жұмыстардың басы-қасында жүрген ауыл балалары екенін айта кетсем деймін. Біздің баскетболшылар қалалық, республикалық жарыстарда алаңды дүбірге бөлеп жүргені анық. Тіпті, ардагерлер арасында волейбол командасы жұмыс істейді. Онда ойнайтындардың жас мөлшері 40-тан асып, 70-ке таяғандар. Ардагерлердің бұл қажыр-қайраты қаншама жастарға үлгі болып жүр десеңізші. Олардың ойын мәнерін көрген студенттердің серпілмей қалуы әсте мүмкін емес. Мен осы арада кешегі Бейжің олимпиадасында ел қоржынына алтыннан олжа салған Бақыт Сәрсекбаевтан бастап әлемдік, еуропалық, азиялық ойындардың талай жеңім­паздары болған азаматтар біздің университетіміздің түлегі екенін мақтанышпен айтамын. Иә, тәрбие тағылымды болған жерде білімге де, білікке де, бәсекеге де кең жол ашылады. ХVІІІ ғасырда француз ғалымы Роберт Оуэннің: “Жастарға берілетін тәрбие күштілігінің арқасында ғана жетілген қоғам пайда болады” деген сөздері қазір де өзектілігін жойған жоқ. Университет белсенді студенттер мен оқуда озат атанғандарға беретін “Жастар” сыйлығын тағайындады. Мен жастарға 20 жас пен 30 жас аралығында білім мен ғылымда биік асуларды бағындыруға болатынына мысалдар келтіріп жүремін. Соның бірі біздің білім ордасының алғашқы ұстаздарының қатарында болған Мұхтар Әуезов 20 жасында “Еңлік-Кебек” пьесасын жазған. 21 жасында жалпы қазақ жастарының Омбы қаласында өткен құрылтайына қатысып, оның атқару комитетіне мүшелікке сайланған. Ал Шоқан Уәлиханов 23-25 жасында әйгілі “Манас” жырын қағазға түсірген. Саттар Ерубаев 23 жыл өмір сүріп, қазақ әдебиетіне атын алтын әріппен жазып кетті. Осы жерде қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының: “Жиырма жас – нағыз тарихи ерліктер жасайтын кез”,  деген сөзі ойыма оралып отыр. Жалпы, “Елің үшін аянба – ерлігіңе сын, жұртың үшін аянба – жігіттігіңе сын” деген сол ұлы тұлға Б.Момышұлының аталы сөзіне жүгінер болсақ, жаңа әлемдегі – жаңа Қазақ елінің жас буыны – БІЛІМДІ, ЕҢБЕКСҮЙГІШ, МАҚ­САТКЕР, ӨРШІЛ, НАМЫСШЫЛ, ОТАНШЫЛ, ЖАЛЫНДЫ, РУХЫ МЫҚТЫ, ЕЛІНЕ АДАЛ, ЖҰРТЫНА ЖАНАШЫР, ЖІГЕРЛІ болуы керек. Бұл кешенді тәрбие арқылы ғана бойға дарып, ойға бекиді. Осы тұрғыдан келгенде, жастар ара­сында атқарылып жатқан іс-шараларды бір сұх­баттың аясыда толығымен қамти алмай­тынымыз анық. Әңгімемізді қорыта айтқанда, 80 жылдық мерейтой университетіміздің даму тарихын жүйелі саралау, болашаққа басым бағдар жасауға негіз қалайды. Және университеттің агроөндіріс саласына қажет кәсіби мамандар даярлау әлеуеті, жетістіктерді бағындырудың 80 жылдық тәжірибесі дамудың нақты моделі болып табылады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.