• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Кәсіпкер 20 Ақпан, 2024

Кәсіпті қолдау көгертеді

223 рет
көрсетілді

Кәсіп бастағандарды мемлекет тарапынан қолдау аясы жыл сайын артып келеді. Өткен жылы Қызылорда қаласының өзінде ғана «Кәсіпкерлікті қолдау» ұлттық жобасы аясында «Жұмыспен қамту орталықтары» арқылы берілетін 1 млн 380 мың теңгелік грантты 459 адам алыпты. Жұмыссыз немесе ісін жаңа бастаған кәсіпкер, қандас, мүгедек жандар немесе мүгедектігі бар бала асыраушылар, аз қамтылған отбасы, көпбалалы отбасының мүшелері бұл қолдауға ие болу үшін «Бастау Бизнес» сертификатын иеленді. Солардың бірі – қала іргесіндегі Сабалақ саяжайынан жылыжай ашқан Дархан Қалибеков.

Соңғы жылдары денсаулығы сыр бере бас­таған Дарханды тексерген дәрігерлер көзінің нашарлай бастағанын анықтап, 3-топтағы мү­ге­дектікке шығарады. Жүргізушілікке жара­ма­ғанымен, аяқ-қолы балғадай жігіт үй ауласынан ұзындығы – 25, ені – 5,5 метр болатын жылыжай ашты. «Болашақ» университетімен байланыс орнатып, солардан алған шылаушынды көбейтіп, биогумус өндіре бастады. Мемлекеттік қолдаудың хабары тигесін «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздері курсын оқып алды.

«Грант қаржысына жылыжайды жылытуға қажетті құрылғылар алдым. Бұрын тек нау­рыз айының бірінен бастап егетін едім. Жылу жүргізген соң биыл қаңтардың соңында дән тас­тадым. Осы күні 400 түп қызанақ, 400 түп қияр гүлдеп тұр. Көктемнің басында алғашқы өнімді дүкендерге жібере бастаймыз. Өз есебім бойынша 8 тоннадай өнім жиналады», дейді кәсіпкер.

Жылыжайдың ерекшелігі – өнім табиғи тыңайтқышта өседі. Кезінде алған бір уыс калифорниялық құрты қазір еселеп көбейген кәсіпкер жылыжайға тек биогумус салады. Сондықтан осы маңайдағы дүкен иелері қы­за­на­ғы мен қиярын таласа алып кетеді.

Кәсібін кеңейту үшін ізденісін үзбейтін Дархан көрші өңірлермен де байланыс орнатып, тәжірибе алмасып тұрады. Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы бір кәсіпкердің 800 түп лимон егіп, былтыр 67 тонна өнім алғанын естіген соң ол өнімді де өсіріп көруге бел байлаған. Қазір жылыжайдың бір бұрышында тропикалық өсімдіктің өскіндері бой көтеріп келеді. Алда ауласын жылыжайға айналдырсам деген арманы бар.

Көпбалалы Перизат Ашықбаева да грант қар­жы­сына тігін машинасын көбейтіп, «Құлыншақ» атты балалар пижамасын тіге бастапты. Сегіз жылдан бері тігіншілікпен айналысып келе жатқан кейіпкеріміз мемлекет қолдауы көп мүм­кінд­ікке жол ашқанын айтады. Балалар киіміне терлетпейтін, тоңдырмайтын, ең бастысы, аллергия тудырмайтын маталар таңдалған.

Қала іргесінен кәсіп ашқан Нұрлан Смағұлов та осыған дейін 300-400 бөдене бағып келген. Жұдырықтай ғана бұл құс өзге қанаттылардай емес, ауруға көп шалдыға бермейді. Балапан кезінен қажетті витаминін беріп, бақсаң еңбегіңді қайтаратын-ақ кәсіп. Былтыр наурыз айында «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсын аяқтаған ол ұтып алған грант қаржысын қалаға жақын Қарауылтөбе ауылдық округіндегі шаруашылығына керек-жарақ алуға жұмсады. Қазір мұнда 4 мыңға жуық бөдене бағылып, күніне 1000 дана жұмыртқа саудаға шығып отыр. Бұрын жемін тек Алматыдан алдырса, қазір жақын өңірлерде де өндіретіндер шыға бастапты.

Мұнда бөдененің «Техас», «Эстон» және «Маньчжу» атты тұқымдары бар. Алғашқысы ет, қалғаны жұмыртқа бағытында бағылады. Қырық күнде жетіліп, сойылады. Дәл осы мерзімде жұмыртқалай бастайды.

«Етінің килосын 3 500 теңгеден береміз, базарда оған кемі 500 теңге қосылады. Бізден 30 теңгеден алған жұмыртқаны 50 теңгеден саудалайды. Егер бізге базар мен сауда орындарынан орын берсе, халыққа осындай арзан бағамен сатар едік», дейді кәсіпкер.

Мансап орталығы Қызылорда филиалының директоры Жақсылық Төлегеновтің айтуынша, 2023 жылы бизнес пен қоғамдық ұйым өкілдерінен жасақталған арнайы комиссия алдында 459 тұрғын бизнес-жоспарын сәтті қорғап, грант иеленген. Мониторинг нәтижесінде 32 азаматтың қаржыны мақсатсыз жұмсағаны анықталып, істері сотқа беріліпті.

Биыл 484 адамға мемлекеттік қайтарымсыз грант беріледі деп жоспарланып отыр. Оған бөлінетін қаражат көлемі – 747 771 200 теңге.

 

Қызылорда