• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Ақпан, 2024

Елекке химия зауыты керек пе?

172 рет
көрсетілді

Ақтөбе қаласының іргесінде, Елек өзенінен екі шақырым жерде химия зауытының салынатыны туралы хабар табиғат жанашырларын дүрліктірді. Жобаны «EASY» компаниясы тобына кіретін «Epsilon Group» ЖШС жүзеге асырып, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі өндірістік аймақта жылына 48 мың тонна тұрмыстық химия бұйымдары мен мұнай қондырғыларын шаюға арналған реагенттер шығаруды жоспарлаған.

Бас кеңсесі Астанада орналасқан «EASY» компаниясының 2015 жылы құрылғаны, ел аумағында тұрмыстық химия бұйымдарын шығарып, сататыны туралы сайтында жазылған. Ал «Epsilon Group» ЖШС Ақтөбеде мұнай қондырғыларын жуатын сілтілі қоспалар мен еріткіштерден өзге, түрлі зарарсыздандырғыштар, қақ пен тұздарды ерітетін қоспалар, хлорлы кальций, мыс сульфаты, алюминий сульфаты, май еріткіш, ағартқыш, әйнек жуатын құралдар, сұйық сабын шығармақшы. Бір назар аударарлығы, «Epsilon Group» ЖШС сайтында қазақстандық футбол командаларына үнемі қолдау көрсететінін көрсеткен. Міне, футболға деген жергілікті биліктің сүйіспеншілігі «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «EASY» компаниясын әріптестік қарым-қатынасқа итермелегені сөзсіз.

Аумағы 5 гектар «Ақтөбе» өндірістік аймағы қаланың шетінде орналасқан. Дәл жанында «Ақтөбе-Орынбор» тасжолы өтіп жатқаны болмаса, басқа жібі түзу инфрақұрылым желілері жүр­гі­зілмеген. Екі жыл бұрын дәл осы уақытта өндірістік аймақтың төрінде бит­койнмен айналысатын бір қабат­ты үй тұрғанын көзімізбен көрдік. Жер­гілікті тауар өндірушілер осы аумақ­тан тегін жер телімін ала алмай жүр­гендерін айтып шағымданған. Өндірістік аумақта жалғыз өндіріс – қыш тақтайша шығаратын кәсіпорын ғана бар. Жақсы жабдықталған бір ғимараты «Технодом» сауда үйінің қоймасы болып тұрғанын көргеніміз бар. Расында да, осыдан он шақты жыл бұрын ашылған өндірістік аймаққа жергілікті тауар өндіруші кіре алмаса да, басқаларға қақпасы ашық.

Осылайша, жаңа химия зауыты қала­ның тұрғын үйлерінен 5 шақырым, Елек өзенінен 2,5 шақырым жерде ор­наласпақшы. Арақашықтыққа сон­шалықты мән беріп отырғанымыз, компания жобасында өндірістік аймақта 53 тонна тез тұтанғыш және жанбайтын реагент­тер сақтау туралы жазылған.

Ақтөбе еліміздегі ауа сапасы нашар қалалардың алғашқы бестігіне кіреді. Қаланы айнала орағытып ағып жатқан Елек өзені – бастауын Мұғалжар қыраттарынан алып, әрі қарай Ресейге ағып жатқан шекаралық өзен. Ресей экологтері Елек суының алты валентті хроммен және бормен шектен тыс ластанғанын үнемі мәселе етіп көтеріп келеді. Ақтөбе хром қосындылары зауыты қалдық суларын көп жылдан бері іргесіндегі Елекке жіберетіні де құпия емес.

90-жылдарға дейін арнасы терең, суы мол болған Електің сағалары қайыр­ланып, жерасты суымен жалғасқан бұ­лақ көздері бітеліп, экологиялық ап­та алдында тұрғаны туралы аз жазылып жүрген жоқ. Електің таязданып, суы тартылып, аянышты күйге жетуіне Ақтөбеден 40 шақырым Алға ауданының орталығындағы химия зауыты себеп болғанын гидрогеолог Нұртас Балма­ғамбетов айтып жүр. Тәжірибелі маман қазіргі уақытта 6 компания мұнай өндіріп жатқан стратегиялық тұщы су қоры Көкжиденің Елек өзені тағдырын қайталауы мүмкін екенін де жасырмайды. Елек өзенінің негізгі саласының түбіне «Алға» химиялық зауыты қалдықтарын шөк­кен. Осындай дәлелдерді алға тарт­қан табиғат қорғаушылары онсыз да зауыт түтіндерімен тұншыққан, тал-терегі аз, ауа сапасы нашар Ақтөбеде хи­мия­лық зауыттың керегі жоқ дейді.

«Ақтөбе қаласы мен аймақтың эколо­гиялық қауымдастығы» қоғамдық бір­­лес­тігінің жетекшісі Александр Ман­­­­дры­киннің айтуынша, Ақтөбеге химия зауытының қажеті шамалы. «Аса қажет болған жағдайда өндірістік цехты қаңырап тұрған «Алға» химия зауы­тының ауласына орналастыруға болар еді. Бірақ жергілікті билік ескі зауытта жатқан улы қал­дықтарды зарарсыздан­дыру және көму жұмыстарымен айналысып жатыр», дейді А.Мандрыкин.

1934 жылы ашылған «Алға» химия зауытының өндірістік қуаты 60-жылдары артып, 90-жылға дейін тоқтаусыз жұмыс істеді. Осы күнге дейін ескі зауыт­тың аумағында 26 млн тонна улы қалдық көмусіз жатыр.

Тағы бір күрделі мәселе – жылына 48 мың тонна түрлі жуғыштар мен қоспалар, ерітінділер шығаратын жаңа цех өндіріске қажетті суды қайдан алып, қал­дықтарды қайда ағызатыны анық көр­сетілмеген. Құжатта зауыт 30 текше метр ауызсу мен 360 текше метр техникалық суды пайдаланатыны жазылған. Барлығы өндіріске 12,5 мың текше метр суды пайдалану жобаланған. Оны қайдан алады? Қаланың ағынды суларын айдайтын қондырғыдағы лас суды терең тазалаудан өткізіп, 360 текше метрін техникалық су ретінде пайдаланатындарын алға тартады. А.Мандрыкин қаланың шетіндегі су құбырлары дұрыс жүргізілмеген өндірістік аймаққа осындай көлемдегі суды қалай жеткізетінін түсінбейді.

«Фирма өндірістік аймаққа жаңа кәріз сорғылау қондырғысын жүргізе ме? Өйткені ондағы жалғыз кәріз-сор­ғылау қондырғысының қуаты өте төмен. Ме­ніңше, өндірістік аймаққа толық тек­серіс жүргізілуі керек. Сондай-ақ осы жерде 53 тонна тез тұтанғыш және жанбайтын реагенттер сақтауды жос­парлағаны ақылға қонбайтын нәрсе деп есептейміз. Адамдардың денсаулығына, табиғатқа аса қауіпті жобадан бас тар­туы­мыз керек», дейді ол.

«Epsilon Group» ЖШС зауытқа 30 текше метр ауызсу және 360 текше метр техникалық суды пайдаланады деп уәде бергенімен, онсыз да қа­лаға жетпей жатқан орталық ауызсу құ­бы­рынан көп мөлшерде суды алатынын жоққа шығаруға болмас. Осы кезге дейін өндірістік аймақты кәсіп­керлердің пайдалануына бермеген «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациясы мәселені өңір жұртшылығымен ашық талқылауы қажет деп ойлаймыз.

 

Ақтөбе облысы