Алматыда халықаралық кітап сыйлау күніне орай Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхананың ұйымдастыруымен «Шығармашыл интеллигенция – Қазақстан балаларына» тақырыбында республикада жарық көретін балаларға арналған газет-журналдардың редакторларымен кездесу өтті.
«Оқуға құштар мектеп» жобасы, «Балалар кітапханасы» бағдарламасы аясында өткен кездесу балалар журналдары мен газеттері арқылы кітап оқу мәдениетін насихаттау, оқу белсенділігін арттыруды мақсат етеді. Басқосуға «Балалар әдебиеті» баспасы, «Қазақ газеттеріне» ЖШС-на қарасты «Ұлан», «Дружные ребята» газеті, «Балдырған», «Ақжелкен», журналдары, сондай-ақ жекеменшік «Айгөлек», «Балбұлақ», «Жыл он екі ай», «Алтын сақа», «Хан талапай», «Ыбырай», «Білім шыңы – ғылым сыры», «Ақылды балалар», «Білімді ұлт», «Bala Bi», «Farabi shakirti», «Ақылдым», «Балақан», «Балалар әлемі», «Ертегілер әлемінде», «Alan&kids», «Балапан бағы», «Мөлдір бұлақ», «Жеті әлем», «Ертегілер елінде», «Білім академиясы», «Асыл сөз», «Әл Жәбірдің атасы» сияқты отызға жуық мерзімді басылымдардың редакторлары, қаламгерлер мен қала мектептерінің директорлары, мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар қатысты.
Алқалы жиын барысында газет-журналдардың шығу тарихы, балаларды қызықтыратын тақырыптар төңірегінде қызу пікірталас болды. Ақпараттық технологиялардың көмегі арқылы балаларға қолжетімді контентті газет-журналдар бетінде ұйымдастыру бүгінгі күннің талабы. Осы бағытта баспасөз өнімдерін мейлінше қызықты етіп шығаруға еңбектеніп жүрген редакция қызметкерлері жазылым мәселесінің өзекті болып тұрғанын алға тартты. Ал жазылым көрсеткішін жақсарту үшін мұғалімдермен қатар ата-аналардың да белсенділігі қажет.
Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана директоры Әлия Сайдембаеваның айтуынша, кездесу балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруды мақсат етеді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Оқу-ағарту министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан көтеріліп, осы ауқымды мәселені шешудің жолдары іске асып жатқаны белгілі. Ендігі кезекте Алматыдан бастау алған маңызды шара республика өңірлерінде де жалғасын табатын болады. Балалардың кітапқа, газет, журналдарға деген қызығушылығын дамыту қоғамға ортақ мәселе. Бүгінде байқап қарасақ, балалардың сөзге, сөйлеуге шорқақтығын байқауға болады. Ол үшін балаларды кітап оқуға, қазақтың шұрайлы бай тілінің көркем қасиетін тануға баулуымыз қажет. Ал оларды кітап оқуға қызықтыратын бірден-бір коммуникация құралы – балаларға арналған басылымдар, – деп атап өтті Ә.Сайдембаева.
Биыл Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана 250-ден астам басылым түріне жазылған. Алдағы уақытта жазылым санын көбейтуді жоспарлап отырған кітапхана мамандары жылдан-жылға келушілер санының да артып келе жатқандығын айтады. Бүгінде кітапханаға келушілер саны 6 мыңнан асады. Педагогикалық бейінді кітапхана қорында қазіргі кезде газет-журнал мен кітапты қосқанда 400 мыңға жуық экспозиция бар. Ал электронды кітапхана қоры 3 мыңнан асады.
Кітапхана қоры осы жолы кітап авторлары, баспа өкілдері сыйға тарқан жаңа басылымдармен толықты.
АЛМАТЫ