Астанада түркиялық ғалым, Түркияның мемлекет және қоғам қайраткері Ибраһим Калынның қазақ тілінде жарық көрген «Мен, өзге және өзгесі» кітабының таныстырылымы өтті. Автор өз еңбегінде шығыс пен батыс әлемінің қарым-қатынасына шолу жасап, бір-біріне ықпал етуші екі өркениетте қалыптасқан көзқарастарды сараптайды.
Іс-шараға Түркия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу, Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің және Түркия-Қазақстан достық тобының төрағасы Нұртөре Жүсіп, Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, Парламент Мәжілісінің депутаттары Қазыбек Иса мен Ринат Зайытов, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы, профессор Мұхитдин Шімшек, «Отандастар қоры» КеАҚ басшысы Абзал Сапарбекұлы, Назарбаев университетінің қазақ тілі және түркітану кафедрасының меңгерушісі, профессор Юлай Шамилоғлы, Еуразия ғылыми-зерттеу иниститутының директоры Суат Бейлур, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі Нұрлан Байғабылов, сондай-ақ Қазақстан мен Түркияның дипломаттары, ғалымдар мен зерттеушілер, БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шараның шымылдығы кітап авторының Түркиядан жолдаған бейнесәлемдемесінен басталды. Айта кету керек, Ибраһим Калын – түрік ғалымы, мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат. Ислам тарихы, Батыс пен Ислам әлемі қарым-қатынасы, Түркияның сыртқы саясатына қатысты бірқатар ғылыми еңбектердің авторы. Осы жылдарда ол Түркия Республикасы Президентінің ресми өкілі, Президент жанындағы Қауіпсіздік және сыртқы саясат комитеті төрағасының орынбасары және Президенттің бас кеңесшісі төрағасының орынбасары қызметін атқарса, былтырдан бастап Түркияның Ұлттық барлау қызметінің басшысы қызметін атқарып келеді. Ибраһим Калын өз еңбегін қазақ тіліне аударып, оқырмандарына жеткізуге атсалысқан ғылым ордасына зор алғысын білдірді. Сонымен қатар ол еуроцентристік көзқарастан ада болып, қос өркениеттің тарихына жаңа көзқарас орнатуға болатынын жеткізді.
Еліміздегі Түркияның Төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу тығыз жұмыс кестесіне байланысты арамыздан табыла алмаса да, оқырмандарына деген құрметін білдіріп жіберген бейнеүндеуі үшін авторға және кітаптың таныстырылымына қызығушылық танытып келгендерге алғысын білдірді. Оның айтуынша, Ибраһим Калын – академиялық және мемлекеттік салада да танымал тұлға. Жауапты қызметте жүрсе де үнемі елдік тақырыпта ғылыми еңбектер жазуды тоқтатпаған. «Кітаптың алғашқы басылымы 2016 жылы жарық көрді және бұған дейін бірнеше тілге аударылды. Автор өзінің жұмыстарында өзге деген ұғымды шексіз ұғым ретінде қарастырмайды, бары жаңаша талдап көрсеткен. Яғни «мен» және «өзге» деген ұғымдардың арасын бөліп тастау және шексіз түрде қолдану да дұрыс емес. Себебі бұл дұшпандық сезімдерді оятуы мүмкін. Кітаптың қазақ тілінде де жарық көруі қуантады. Өзінің табиғатына сай ұлттың өзіндік болмысын анықтауға, шығармаларды болашақ ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік беретін ана тіліндегі ғылыми еңбектердің болуы маңызды», дейді өкілетті елші.
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп түркітілдес елдердің бауырластығы осындай еңбектерді мұқият зерделеу арқылы нығая түсетінін тілге тиек етті. Оның айтуынша, мәдениеті мен рухы, тілі мен тұрмысы жағынан жақын бауырлас елдер ретінде бүгінгі іс-шара – Қазақстан мен Түркия қатынастарын одан әрі нығайтудың маңызды бөлшегі. Кітаптың орта тұсында айтылған кейбір деректер оқырман ретінде қызықтыра түскенін айтқан депутат: «Өткен ғасырдың басында Ақмола уәлаятындағы Науан хазірет Осман империясының соңғы сұлтаны Абдулхамидке хат жазған. Ол хатта Николайдың қазақтарды шоқындыра бастағанын айтып, құтқаруға пәрмен беруін өтінген. Бір жарым айдан кейін хат Абдулхамидке жеткен. Хатты алған сұлтан Николайға хабарласып, қазақтарды шоқындыруды тоқтатуды сұрайды. Осы сәтті пайдаланып Науан хазіретінің хаты Түркия архивтерінде сақталды ма, сақталса табуға әрекет жасасақ», деген ұсынысын жеткізді.
Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі «мен» және «өзге» деген бірімен-бірі қабыспайтын бөлініске автордың жаңаша көзқараспен қарағанына тоқталды. Оның айтуынша, осы тұрғыдан алғанда шығыс пен батыстың, соның ішінде батыс пен мұсылман әлемінің байланысына кең тарихи шолу жасалған. Жалпы, шығыс пен батыстың, соның ішінде түркі әлемінің батыспен қарым-қатынасы мыңдаған жылдарға созылатынын жеткізіп: «Бірақ автор жалпы түркілік тұрғыдан емес, мұсылмандық тұрғыдан бүкіл тарихи кезеңдердегі пікір қайшылықтары мен қақтығыстарға кең шолу жасайды», дейді. Ал профессор Мұхитдин Шімшек бүгінге дейін он рет басылып шыққан кітапты басынан аяғына дейін екі рет оқып шыққанын және әр оқығанда үлкен әсер алғанын айтты. «Өзге» ұғымы үнемі болды және солай бола беретінен айтқан ол: «Бірақ мәдениеттің шарықтау шегіне жетуге және одан әрі дамыту үшін «өзге» ұғымынан асып өту керек. Себебі «мен» деген ұғымды түсіне алу үшін «өзгені» қабылдай алуға тиіспіз. Бұл ұғымды қабылдамайынша келіспеушілік пен күрес тоқтамайды. Геосаяси қақтығыстардың орын алып жатқан кезеңінде бұл тұжырымдамаға бұрынғыдан да бетер мұқтажбыз», деді.
Бұдан кейін сөз алған оқырмандардың ой-пікірі де осыған ұқсас. Он тараудан тұратын ғылыми еңбекте Ислам мен Батыс әлемінің арасындағы өзара қарым-қатынастың қалың қатпары, қалтарысы көп тарихы зерделенген. «Өзге» ұғымын дұрыс түсінбеудің салдары геосаяси қақтығыс күн сайын қайталанып отырған бүгінгі жағдайда қайшылықтарды өршітпесе, сөндірмейді. Сан ғасырлық тайталас пен күрестің себебін іздеген ғалымның пайымынша, екі кеңістіктің қарама-қарсылығы келесі тараптың өзгені танымай тұрып, өзін тануына ықпал етуінен бастау алып отыр.