• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Саясат 26 Ақпан, 2024

«Data lakes» не үшін қажет?

135 рет
көрсетілді

Мемлекеттік органдар үшін шешім қабылдауға көмектесетін «Data lakes» деректер базасын құру – аса көкейкесті мәселе. Бұл туралы Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерт­­теулер институтында өткен Өңірлік сарапшылар кеңесінің оты­ры­сында айтылды. Сондай-ақ жиында аймақтардағы түйінді мәсе­ле­лер­ді шешудің жолы талқыланып, ұсыныстар алға тартылды.

Басқосуға зерттеушілер, ЖОО оқытушылары, заңгерлер, журналистер, еріктілер қозғалысы, ТКШ, әлеуметтік сала, бизнес өкілдері және тағы басқа білікті мамандар қатысты. Кеңесте инс­титут директоры Еркін Тұқымов сарапшы қатысушылардың назарын мемлекеттік саясат қалып­тасатын қағидатқа аударды.

– Күні бүгінге дейін мемле­кеттік ұйымдармен немесе ірі компаниялармен байланыс­тағы ұлттық сарапшыларға басым­дық берілді. Салдарынан аймақ деңгейінде талдау жасай­тын сарапшылардың жетіспеуші­лігі мәселесі туындады. Осы рет­те басты мақсатымыз – өңір­лер­де сараптаманы дамытуға жәрдемдесу және республиканың түкпір-түкпірінде ел дамуының тиімді тетіктерін әзірлеу, қабыл­данып жатқан іс-шаралар туралы ел басшылығын барынша объективті және өзекті ақ­паратпен қамтамасыз ету. Яғни түпкі меже – мемлекеттің зияткерлік әлеуетін біріктіру. Ал ҚСЗИ шешім қабылдаушы органдар мен тұлғалар арасында ерекше мәртебеге ие. Сондықтан біз бірлескен аймақтық зерттеу­лер жасап, ұсыныстар енгізіп, өңірлердің сапасын көтеруге көмектесеміз. Институт басын қосқан өңірлердегі сарапшыларымыз жан-жақты білім мен бірегей тәжірибесі бар мамандар. Әрі бүгінде мемлекеттік саясаттың бағытын «Top down approach» немесе «жоғарыдан төмен» қағидатын «Bottom up approach» немесе «төменнен жоғарыға» қағидатына алмастыру жолында жұмыстанамыз, – деді ҚСЗИ басшысы.

Жалпы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында мемлекеттік саясаттың талдамалық сүйемелдеу сапасын арттыру міндетін жүктеген-ді. Осылайша, ҚСЗИ жанын­дағы Өңір­лік сарапшылар кеңесі жасақ­талған. Мұндағы зерт­теу­шілер, оқытушылар, мем­лекеттік қызметшілер, азамат­тық қоғам институттары, журналис­тер және белсенді азаматтар өңірлердің зияткерлік әлеуетін, өзекті мәселелерді анықтап, талдау жасап, ұсыныс­тар әзірлеуге атсалысады.

– Мұндай бастаманың маңы­зы зор. ҚСЗИ-дан Қазақстан­ның сарапшылар қауымдасты­ғын біріктіруді және әртүрлі салалардағы сарапшылардың ақпараттық базасын құруды сұраймын. Біз бір-бірімізді біліп, бірге жұмыс істеуіміз керек. Сарапшылар қауымдастығы көп жағдайда әріптестерінің не істеп жатқанын білмейді. Бірлескен ғылыми зерттеулер мен бірлес­кен монографиялар шығаруды ұйымдастыруға болар еді. ҚСЗИ сарапшылардың бас қосатын алаңға айналса дұрыс болады, – деді Қостанай облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы Денис Качеев.

Спикердің сөзін жалғаған журналист Ботагөз Омарова институт базасында журналис­тер пулын құру қажет деген пікірін ортаға салды. Оған бас­ты себеп – жасалған жұмыстың халық арасындағы насихатының аздығы. Ал Алматы даму орталы­ғының басқарушы директоры Руслан Бармашев арнайы сайт жасақтауды ұсынды.

– Кеңестің дұрыс жұмыс іс­теуі үшін өзіңіздің веб-сайтыңыз­­ды, талдаулар мен зерттеу нәти­желерін жариялауға болатын пор­тал құруды ұсынамын. Ана­литика ең алдымен, дерек­терді талдау, сондықтан веб-сайт тек бірінші қадам, ал болашақта сарапшылар мен мемлекеттік органдарға шешім қабылдауға көмектесетін, жақсы аналитика жүргізуге негіз болатын «Data lakes» деректер базасы ауадай қажет, – деді ол.