«Еркін бейбіт ауылым-ай,Жас өрім талдай сәулім-ай.Қырдың ерке сұлуыСағындым сені, бауырым-ай», дейді Сәкен Сейфуллин «Біздің жақта» әнінде. Иә, қателескен жоқсыз, сәулем емес, сәулім болса керек. Бұл не сөз деп таңырқайтын шығарсыз, бірақ анығы – осы. Сәулім. Жалғыз-ақ ауыз сөз әннің бүкіл реңін ашқаны өз алдына, қазақтың тілдік қолданысында ертеден бар екеніне көз жеткізген соң барып айтып отырмыз.
Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында Сәулім атты кейіпкер бары бұрыннан белгілі. Айдау мен түрмеден қашып келе жатып, Баянауылдағы Балабай ауылына аялдап тыңайғанда байдың Сәулім есімді бойжеткен қызы ән салғанын жазады. «Біздің жақта» туындысын қашқылықты-қуғылықты жүргенде елді сағынып салғаны және шын. Бірақ дәл сол Сәулімге бола шықпаған ән ғой деп қоя салғанбыз. Өткенде ғана Жүсіпбек Аймауытұлының «Күнікейдің жазығы» повесін парақтағанда осы сұлу сөз қайта ұшыраса кеткенде, «Біздің жақтаның» қайырмасындағы сөз сәулем емес, сәулім екеніне анық көз жетті. Себебі бұрын оның осылай екенін Серік Оспанның «Сәкеннің музыкалық мұрасы» еңбегінен оқысақ та, тап солай деуге батылымыз бармаған.
«Күнікей тысқа шығып, есік алдында тұрып, ауылға барлай қарады. Содан кейін бармағының ұшымен шапанның жағасын көтеріп, шашының жарымына дейін жауып, сәулімдерше сызылып, түп-түзу аяңдап, Шідертінің бер жағындағы өзекке түсті.
Ой жағалап ойнақтаған шұнақ қара қасқа лақша ыршып-ыршып түскісі келеді. Бірақ Күнікей ыршымайды: ол енді өзінің сәулім болғанына көзі жетті. Сәулім болса, бала қаздай байпаңдап, салмақпен жүру керек».
Демек сәулім дегені бойжеткен қыздың зәулім биік шынардай сымбаттанған дер шағы болғаны ғой. Енді Сәкенге құлақ түрелік:
«Жылқының шетінде, текемет үстінде қотанды күзетіп Балабайдың қызы мен екеуміз ғана ояу отырмыз. Ақырын домбыра шертіп Сәулім отыр. Шалқамнан көкке қарап, жұлдыз санағандай, мен жатырмын. Қасымызда қаңтарулы бәйге күрең қасқа айғыр тұр. Сұлу, жүйрік күрең қасқа айғыр қалғып кетіп, анда-санда ішін тартып, тамсанып қояды. Төңірек тым-тырыс. Тек Сәулімнің қолындағы ыңырсып толғанған домбыраның әні ғана ақырын сыңқылдап шығады. Домбыра сарыны ыңырсып, қалтырап, ақырын толғанады. Торғын, жұмсақ тұнық ауаны дірілдетеді. Нәзік, қалтырап толғанған әдемі дыбыс маужыраған қотанды, тыныс тартқан дүниені ақырын әлдилеп, жұмсақ тербеген тәрізді... Сәулім домбырасына «Зұлқияның әнін» салады», дейді.
Негізі Балабай қызының есімі Сәулім емес, Сәкен оны өзі осылай атап алса керек шығармасында. Сәулімнің шын аты Жүпшира екенін жазады Серік Оспан. Бұл кісі Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайын басқарып тұрғанда, сәкентанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы, тағы басқа зерттеушілермен «Сәкен жүрген жолдармен» атты экспедиция ұйымдастырып, Балабай ауылына сапарлап, ұрпақтарының үйінде қонақта болғанын жазады. Ақырында сұрастыра келе Сәкенді тәнті еткен Жүпшира апамыздың көзі кетсе де, туған балаларына кездейсоқ ұшырасқанын айтады. Балабайдан Ыбырай, Гүлшира, Әжік, Жүпшира туады. Автор осы Жүпшира ападан туатын Бибітай Бақтиярқызы апаны балалары арқылы іздеп тапқанын, барып барлық мәліметке көз жеткізгенін, тіпті Жүпшира апаның фотосымен жариялаған. Сол кездесуде Тұрсынбек Кәкішұлы:
– Мен 1985 жылы Сәулім деген атпен іздестіріп, ауылына ат басын тірегенде, сөйлеспей теріс қарап жатып алатын кісі осы Жүпшира ма еді? – деп сұрады Тұрсекең.
– Дәл өзі, бірақ аты Сәулім емес, Жүпшира болатын. Әрі ол кезде ешкіммен сөйлескісі келмейтін. Ауыр бейнет, қайғы-қасірет қойсын ба, 1958 жылдары анамыз зағип боп, көзі көрмей қалған-ды. Іздеп келушілер Сәкенмен ара-қатынасын сұрап мезі ететін, – депті ұрпақтары.
«Біздің жақта» әнінің алғашқы шумағында ақын ел мен жерді суреттесе, екінші ауызында қазақтың жігіттерін, үшінші шумағында қазақ сұлуларын, яғни сәулімдерді сипаттайды. Бірге тыңдап, айтайық:
«Қыздары біздің жақтың қара қасты,
Тісіне ұқсатарсың меруерт тасты.
Сымбатты, көркем бойлы тал шыбықтай,
Мамық төс, сұңғақ мойын, сүмбіл шашты.
Еркін бейбіт ауылым-ай,
Жас өрім талдай сәулім-ай.
Қырдың ерке сұлуы
Сағындым сені, бауырым-ай.
А-ай, жан сәулем, Өрім талдай,
Жазық маңдай, Аузыңнан шыққан лебің шекер балдай».