Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің студенті Мырзахан Ерзат құрастырған инновациялық асатаяқ өте жеңіл әрі қарапайым. Әмбебап асатаяқтың екі бұрандалы тұтқасын қысып ұстап, баспалдақпен жоғары қабатқа жылдам әрі жеңіл көтерілуге болады.
Бүгінде Ұлттық университет басшылығы студенттердің өнертабыстық бастамаларына тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Жаңалыққа жаны құмар факультет деканы, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Спатай Сартаев өнертабыстың зертхана деңгейінде қалып қоймауына мән беріп, студенттерді әр кез жігерлендіріп отырады. Жоба жетекшісі, деканның ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары, PhD Қанат Келдебековтің айтуынша, әрбір өнертабыс үлкен ізденіске, сараптау, зерттеу жұмыстарымен тығыз байланысты. «Факультетімізде қоғамға пайдалы әрі заманауи идеялар топтамасы жасақталған. Бастысы, жас зерттеушілер тарапынан құлшыныс болса болғаны. Біздің зерттеулерімізге қарағанда, әзірге Мырзахан Ерзат құрастырған әмбебап асатаяқтың баламасы жоқ. Студентіміз, әсіресе робот техникасы саласына машықтанған. Алдағы уақытта да қоғам сұранысына қажетті бұйымдар құрастырып шығаратынына сенім мол. Бұл асатаяқ қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға аса қажетті құрал. Әлем пандемиядан кейін адам денсаулығының бәрінен де маңызды екеніне көз жеткізді. Әсіресе қоғамда қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық күшейе түсті. Осы орайда факультетте жасалған балдақтың прототипі заманауи жаңашылдығымен ерекшеленеді», дейді Қ.Келдебеков.
Қарапайым материалдардан құрастырылған балдақта GPS қондырғысы орнатылған. Серуенге шыққанда құрылғы арқылы балдақ ұстаған адамның бағытын қадағалап отыруға болады. Абайсызда құлап қалса, жақындарына дереу хабарлама жетеді. Ал балдаққа орнатылған арнайы лазерлік шам бөгеттерді, кедергілерді анықтап, қарт адамға дыбыстық белгі беріп отырады. Балдақ қозғалысты жеңілдетіп қана қоймайды, көңіл күйді де көтереді. Өйткені онда радио құрылғысы жұмыс істейді. Салмағы – 300-400 грамм, ұзындығы 1 метрге дейін созылатын балдақтың нарықтағы бағасы көпшілікке қолжетімді болмақ.
«Деректер бойынша дүние жүзінде, әсіресе Жапония, Қытай елдерінде қарттар саны көбейіп барады. Қартайған сайын қозғалыс үшін қосымша саймандар да қажет екені анық. Әсіресе қарт адамдар үшін баспалдақтан түсіп, шығу қиындайды. Осылайша, біз баспалдақтан еш қиындықсыз көтерілуі үшін заманауи балдақ шығаруды ойластырдық. Оның алғашқы үлгісінде темірді қолдандық. Ендігі кезекте салмағын жеңілдетуге басқа да материалдарды қарастырып, әртүрлі баспалдаққа бейімдеуді жобалап отырмыз. Университет басшылығының қолдауымен өнертабысты нарыққа шығару да жоспарымызда бар. Патент құқығы жобаланып, алдағы жоспарларды да талқылау үстіндеміз. Еліміз ғана емес, халықаралық нарыққа ұлттық өнімдер шығару, қазақы брендті дамыту басты мақсат болғандықтан, бұл іске құлшынысымыз жоғары», дейді өнертапқыш.
«Ғылымды игеріп, жаңалық жаратсам» деген ой Мырзахан Ерзатты көптен мазалап жүрген-ді. Ол осы мақсатына жету үшін ұлттық университеттің Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетіне оқуға түседі. Талапты жасқа қолдау білдірген ұстаздары да оның идеяларын тұрақты қолдап келеді.
Бұл өнертабыс Мырзахан Ерзаттың алғашқы жобасы емес. 2018-2022 жылдарда Шыңжаң университетінде механикалық инженерге маманданған ол кейінгі екі жылда Астана LRT құрылыс жобасында техника саласының маманы болып істейді. Былтыр күз айында Xinjian(Shenzhen)Technology Co., Ltd компаниясын ашып, қоғамға пайдалы кәсіп істесем деп алдына үлкен мақсат қояды. Талапты жас бұған дейін бидай түюге арналған электронды, мұз қыратын электр машинасын, көтергіш стенд, қалалық аумақтарда жерасты кешенді құбырларында қолданатын құрылғы, көкөніс отырғызып, тамыр дақылын себетін және құрылысқа арналған құрылғы құрастырып, патентін алған.
АЛМАТЫ