• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 04 Наурыз, 2024

Мектепке бала сыймай жатыр

337 рет
көрсетілді

Өскеменде қазір қазақ ұлтының үлес салмағы 52 пайызды құрап, қазақ мектеп­терінде бала сыймай жатыр. 19 шағын аудандағы мемлекеттік тілде білім беретін 1000 орындық мектептердің әрқайсысында екі ауысымда 2 жарым мыңға жуық оқушы білім алып жүр. Ал орталықтағы Л.Н.Гумилев атындағы №38 орыс мектебі бір ауысымда ғана оқиды. Мәселен, аузы-мұрнынан шығып жатқан екі ауысымдағы мектептің оқушыларын бала саны аз мектептерге бөлуге болмай ма? Бәлкім, халық тығыз орналасқан шағын аудандарға жаңа мектеп қажет шығар.

Бұл мәселені әуелде мектептердің ата-аналары көтерген. Рас, бірінші ауысым оқушылары сабақтан шығып жатқан сәтте екінші ауысымның балалары мектепке ентелей кіріп, абыр да сабыр болады. Оның үстіне, екінші ауысымдағы бастауыш сынып оқушыларына дейін кешкі жетілерде шығады. Қыстың күні жеті дегенің, жеті қараңғы түн. Көше бойындағы жарықтың жоқтығы мен иесіз иттің көптігін айтпай-ақ қойдық. Мәселе ол да емес, білім сапасында. Ата-аналардың көкейіндегі сауал, сынып саны көбейген сайын білім сапасы төмендей бермей ме? Бұл тығырықтан шығу үшін 19 шағын ауданға тағы бірнеше мектеп салу қажет.

Жуық арада аталған ауданда «жайлы мектеп» жобасы аясында екі мектептің құрылысы басталатын көрінеді. Алайда қала ішіндегі бірқатар мектепте бала саны азайып, түс ауа кабинеттер бос қалып жатқан жоқ па? Сөзіміз дәлелді болуы үшін, Өскемендегі Лев Гумилев атындағы №38 мектепке түс ауа барып көрдік. Құлаққа ұрған танадай ты­ныштық. Сыйымдылығы 1005 орын­дық мектепте 1 261 бала бір-ақ ауысымда оқиды. Ал бұл уақытта жоға­рыда аталған №46, №48 сынды қазақ мек­тептеріндегі тіршілік құж-құж қай­нап жатады. Бастауыш сыныптарда дене шынықтыру пәні бірде спорт залда өтсе, енді бірде дәлізде өтеді. Заң демекші, бұл қаншалықты заңды? Спорт залда өткен жағдайда, бір мезетте жоқ дегенде екі сыныпқа қатар өтеді. Бұл да мектеп бағдарламасына сай емес сияқты. Қалай десек те, оқушы сыймайды деп, тең жартысын қала ішіндегі бос мектептерге жөнелтіп жіберу тағы заңға сай емес. Ол туралы зейнеткер ұстаз, «Білім беру ісінің үздігі», «Құрмет» орденінің иегері Оралхан Тілеукенов пікір білдірген.

– Заңға салсақ, әр бала таңдаған мектебінде оқуы керек. Ал мектептерге бала сыймай жатса, сол ауданға жаңа мектеп салынсын. Президент «жайлы мектепке» көп көңіл бөліп жатыр. Жайлы дегеніміз, баланың алаңсыз білім алуына жан-жақты жасалған мектеп болуға тиіс. Шүкір, қазақ ұлтының үлес салмағы артып жатқаны қуантады. Бұрын қазақ мектептері санаулы ғана еді. Кейін ауыл-ауылдағы ағайын қалаға жылыстады. Қазақ сыныптарына сұраныс артты, бара-бара таза қазақ мектептері ашылды. Қазір жағдай жақсы. Бір ғана Жібек маталар комбинаты шағын ауданында бес қазақ мектебі бар. Соның өзіне бала сыймай жатыр. Заман тыныш болсын! Әлі де көбейеміз. Ал босап жатқан мектептерге сол маңайдағы оқушыларды орналастыра берейік. Орыс мектебі болса, қазақ сыныптарын ашып, аралас мектепке айналдырайық. Ол практикада бар. Білемін, аралас мектепке қатысты әр түрлі пікір айтылады. Бірақ амалымыз жоқ. Жалпы, аралас мектептерде қазақ тілді оқушылар үшін еркіндік болмайды. Өз ортасының қалыптасуына кедергілер кездеседі. Қалай десек те, орыс тіліне басымдық беріліп тұрады. Оны қойып, өзіміз орыс тілді ортада «ойымызды жеткізе алмай қаламыз ба» деп тұншығып отырамыз. Оның қасында еліміздің ертеңі үшін рухты жастарды тәрбиелесек жөн. Патриоттық тәрбиені шынайы беруіміз керек, – дейді білім берудің қыр-сырын әбден меңгерген ардагер ұстаз Оралхан Рақымжанұлы.

Жалпы, Өскемен қаласы бойынша 48 мемлекеттік білім беретін мектеп болса, оның 20-сы аралас, 16-сы орыс мектебі, 12-сі қазақ тілінде білім беретін мектеп. Қазақ ұлтының үлес салмағы 52 пайызды құрағанымен, білім ошақтары теңеспей тұр. Әрине, ол уақыт еншісіндегі мәселе. Дәл қазіргі уақытта бала саны аузы-мұрнынан шығып тұрған мектептердің мәселесін оңтайлы жолмен шешу үшін жүйелі жұмыс жүргізілсе жөн. Ол туралы мектеп директорлары не дейді?

– Өскемендегі №48 мектеп 2019 жылы ашылған. Айта кетейін, мектептің қосымша білім беру мәртебесі бар. Алайда мың орынға лайықталған мектепте 2060 оқушы білім алады. Ұзын саны 83 сынып отыр. Сол себепті, қо­сымша білім беруге кабинет жетпей қалады. Мәселен, Д.Серікбаев атындағы техникалық университеттен 18 мұғалім келіп сабақ береді. Сондай кездері кабинет таппай сабыламыз. Тығырықтан шығу үшін қосымша сабақтарды сенбіге жылжыттық. Жалпы, 19 шағын ауданға тағы мектеп керек-ақ, – дейді «№48 мектеп-қосымша білім беру орталығы» директоры Шынар Тілегенқызы.

Айта кетейік, Өскемен қаласында дәл осы секілді қосымша білім беру дәрежесінде тағы екі мектеп бар; бірі №29 орыс мектебі болса, екіншісі №19 аралас мектеп. Аралас мектеп болғанымен, қазақ сыныптарының саны 9 ғана. Ал орыс сыныптары – 43. Ең бастысы, бұл екі мектепте орын саны жеткілікті. Қысылып-қымтырылып отырған жоқ көрінеді. Сол секілді №48 мектептің оқушылары да алаңсыз білім алуға тиіс еді. «Білімді ұрпақ – ел болашағы» деп ұрандатамыз. Өкінішке қарай, алаңсыз білім ала алып отыр ма? «Жайлы мектеп» жобасы созбалаңға салынбай, жедел жүзеге асса, түйінді проблемалар шешілер еді. Әзірше, бір ауысымдық мектептердің жүктемесін зерттеп, екі ауысымдық ету керек шығар. Әрине, әр ата-ана баласын үйінің іргесіндегі мектепке бергісі келеді. Алайда қазіргі таңда мектеп автобусы кідіріссіз жүріп тұрса, қаланың қай нүктесіне болмасын жеткізер еді. Ал қосымша білім ордалары бой көтеріп жатса, кім қуанбасын?!

– №46 мектеп заман талабына сай үлгіде салынған сәулетті ғимарат. Ұстаздары да білімді. Сонымен қатар таза қазақ мектебі. Біз бұл мектептен анағұрлым алыс тұрсақ та, қызымның аралас мектептен гөрі таза қазақ мектебінде оқығанын қалаймын. Бірақ бұл қазақ мектебінде бала саны екі есе көп. Сынып саны да жыл сайын көбейіп барады-ау деймін. Себебі 19 шағын аудан­да тұратындардың көбі жас отбасылар. Оның үстіне, тағы көпқабатты үйлер бой көтеріп жатыр. Бұған әлбетте, қуанамыз. Қазақтың баспаналы, балалы болып жатқаны бақыт қой. Дегенмен, тұрғын үйлермен қатар балабақшалар, мектептер де көбейсе екен, – дейді №46 мектептің ата-анасы Ақерке Мұқанова.

Мәселе күрделі болғанымен, болашақ ұрпақтың білімінен аянып қалуға әсте болмайды. Мектеп соға салу бір күндік шаруа емес. Сондықтан кейбір мектептерде қазақ сыныптарын ашып, уақытша аралас мектепке айналдыруға болатын шығар. Жоғарыда айтылғандай, құзырлы органдар мектептерге мониторинг жүргізіп, бала саны шамадан асып бара жатқан білім ордаларындағы жағдайды заң аясында реттеген абзал. Әйтпесе, кабинет таппай сабылып жүрген оқушылардың сапалы білім ала алмасы анық.

 

Өскемен