Қазіргі талап бойынша мұғалімдік мамандықты жаңа бітіргендер 4 жыл бойы оқығанына қарамастан, жұмысқа тұру үшін біліктілік тестін тапсырады. Осыған қоса бірнеше кезеңнен тұратын конкурстан өтуге тиіс. Бірақ жақында педагогикалық мамандықта оқымағандарды жазғы курстан өткізіп қана жұмысқа жіберетін бағдарламаның барын білдік. Бұл қалай болғаны?
«Teach for Qazaqstan» деп аталатын бағдарламаға білім саласында тәжірибесі жоқ мұғалімдер мен осы мамандықты бітіргелі жүрген студенттер ғана емес, педагог болғысы келетін басқа саланың мамандары да қатыса алады екен. Бағдарлама бойынша жалпы екі ай, соның ішінде бір ай онлайн, бір ай офлайн сертификатталған университетте қайта даярлау курсынан өткізіп, жұмысқа тұруға жолдама береді. Офлайн оқу кезінде курс оқушыларға 300 мың теңге стипендия тағайындалады. Осы стипендия жұмысқа тұрғаннан кейін де жалақыға қосымша беріледі. Ең қызығы, тәжірибесіз, мұғалім мамандығы туралы дипломсыз, екі айлық курспен ғана жұмысқа тұрғызатын бағдарлама педагог жетіспейтін шалғай аудандар мен ауылдарға жіберіледі.
Бұл онсыз да қаладағы құрдастарына қарағанда сапа жағынан төмен білім алып жатқан ауыл балаларын, шалғайдағы мектеп оқушыларын кемсіту немесе одан сайын жағдайды нашарлату емес пе? Одан қалды, «Teach for Kazakhstan» жобасымен педагогикалық мамандықты бітірмегендер бірнеше айлық курспен мұғалім бола алса, мұғалімдік мамандықты бітіргендер төрт жыл бойы оқығанымен қоймай, мектепке тұру үшін арнайы сынақтан өтеді. Бұл әділетсіздік болып саналмай ма? Ең әрісі, мұндай мамандарды жұмысқа қабылдау қалай жүргізіледі? Олар да сынақ тапсыра ма?
Осы сұрақтың бәрін орта білім саласына жауапты Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа қойдық. Аталған министрліктің Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Н.Қалиева жұмысқа қабылдауға қатысты сауалымызға ғана жауап беріпті. Жауабын сөзбе-сөз келтірейік: «Педагогтерді жұмысқа қабылдауда «Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі №338 бұйрығы басшылыққа алынады. Осы бұйрықтың 66-тармағына сәйкес, барлық мамандықтың пән мұғалімдеріне қойылатын талаптар: тиісті бейін бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық немесе техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі педагогикалық білім немесе тиісті бейін бойынша өзге де кәсіптік білім я жұмыс өтіліне талап қоймастан, педагогикалық қайта даярлығын растайтын құжаттың бар болуы. Қайта даярлау – басқа кәсіпті немесе мамандықты игеруге мүмкіндік беретін кәсіптік оқыту нысаны».
Иә, қайта даярлау педагогикалық мамандықты бітіргенімен, жұмыс істеп көрмегендерге нәтижелі көмектесетін секілді. Өйткені олар бәрібір педагогикалық әдіс-тәсілдерді, педагогикалық психологияны, жас ерекшелік психологиясын оқыған ғой, тек жұмысқа орналасу үшін қайта жаңғыртуды қажет етуі мүмкін. Ал педагогикалық мамандықтан бейхабар адамды әкеліп бірнеше айлық курспен қызметке алу, оның үстіне онсыз да қалалық құрдастарынан үлгерімі қалып бара жатқан ауыл балаларына сабақ беруге рұқсат беру алдымен балаға, одан кейін жылдарын сарп етіп оқыған, оған қоса біліктілік тестін және сынақ тапсырып жұмысқа тұратын әріптестеріне қиянат секілді қабылданады. Тағы бір мәселе, басқа мамандық игерудің қалыптасқан, заңды және айлық курсқа қарағанда тиімді, қай жағынан да әділетті деп қабылданатын жолы бар, бұл – екінші жоғары білімді екі жыл немесе колледжден кейін үш жыл қысқартылған жоғары білім алу. Бірақ министрліктің жауабынан ұққанымыздай, бірнеше айлық курс жылдар бойғы оқумен тең бола алатын сыңайлы.
«Teach for Qazaqstan» қоғамдық қорының директоры Гүлнар Салмен аталған жобамен бірнеше айлық курстан өткендердің төрт жыл оқып бітіргендермен бірдей жұмысқа тұруын әділетсіздікке жатқызбайтынын жеткізді.
– Жоқ, біз мұны әділетсіз деп санамаймыз. Біріншіден, «Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес, бағдарламаның барлық қатысушысы жоғары білімге ие және педагогикалық қайта даярлаудан өтеді. Жоғарыда аталған заңға сай лингвистика, ағылшын филологиясы, аударма бағытындағы мамандықтарды бітірген адамдар ағылшын тілі мұғалімі болу үшін педагогикалық қайта даярлаудан өтуі керек. Біздің жобаға қатысушылар Сүлеймен Демирель атындағы университетте қайта даярлау бағдарламасынан өтеді, онда педагогикалық қайта даярлаудың білім беру бағдарламасы Боллон орталығында мемлекеттік стандартпен аккредиттелген, арнайы педагогикалық мамандандыру бойынша оқыту әдістері мен тәсілдері, сондай-ақ қайта даярлау үдерісінде тәрбиелік-дамыту психологиясын зерттейді. Оқуды сәтті аяқтаған соң, диплом алып, мектептерде сабақ беру құқығына ие болады. Екіншіден, оқу орындарына жұмысқа қабылдау кезінде олар барлық қажетті құжатты ұсынады және мемлекеттік оқу орындарында қолданылатын тәжірибеге сай басқа үміткерлермен тең шарттарда конкурстық іріктеуден өтеді. Егер бос орынға үміткерлердің арасында біздің қатысушыларымыздың қасиеттерінен асатын адамдар болса, онда мектеп әрқашан ең қолайлы үміткерді таңдайды, – деді Г.Салмен.
Қор директорының айтуынша, бағдарламаға қатысушылар көпсатылы (мотивациялық эссе жазу және кейстерді шешу, бейнесұхбат, бетпе-бет іріктеу және пәнді білу емтиханы) конкурстық іріктеуден өтеді. Былтыр бірінші лекке аймақтарда мұғалім болғысы келетіндерден 3 мыңнан аса өтініш түскен, яғни сұраныс бар. Іріктелгендердің 49-ы қайта даярлаудан өтуге жолдама алған. Кейбір елді мекендерде мұғалімдік орынға он үміткердің біреуін таңдаса, «Teach for Qazaqstan» бағдарламасында ұйымдастырушылар мыңнан бір үміткерді таңдапты. Осыған қоса міндетті талаптардың бірі – педагогтің білімін бақылау тестiн тапсыру болып тұр. Аталған бағдарламаның барлық қатысушысы былтыр мұғалімнің кәсіби құзыреттілік деңгейін анықтайтын сол тестіні сәтті тапсырған.
Тағы бір мәселе, бағдарламаны ұйымдастырушылар жобаны ауыл мен қала мектептерінің білім сапасындағы алшақтықты жою мақсатында қолға алғанын көрсетіпті. Білім сапасы нашар өңірлерге, шалғай елді мекендерге, ауылдарға, керісінше, тәжірибесі бар, өзін салада мықты маман ретінде мойындатқан кадрларды тарту керек емес пе еді? Оның үстіне «Teach for Kazakhstan» бағдарламасы бойынша ауылдарға мұғалім болып барған адаммен тек екі жылға келісім жасалады. Екі жыл адамның бір орынға тұрақтауына немесе барған ұйымын сапалық жағынан көтеруіне жете ме?
– Бұл кемсітушілік болуы мүмкін емес. «Teach for Qazaqstan» бағдарламасының миссиясы білім берудегі теңсіздіктерді азайтуға бағытталған. Өңірлерде мұғалім жеткіліксіздігіне байланысты көптеген бос жұмыс орны ашық қалады. Ал біздің бағдарлама, керісінше, осы бос жұмыс орындарын толтыру арқылы аталған мәселені шешеді. Жоғарыда айтылғандай, қатысушылар өз салаларында пәндік білім бойынша іріктеуден өтеді. Сонымен қатар олар халықаралық деңгейдегі мұғалімдерден екі жылдық әдістемелік қолдау алады. Әрине, екі жыл айтарлықтай өзгерістер енгізуге аздық етеді. Сондықтан да біздің мектептермен серіктестік жұмысымыз кем дегенде 5 жылдық ынтымақтастықты қамтиды. Бағдарламаның жалғастыру жүйесі бойынша жұмысын аяқтаған қатысушы өзінің тәжірибесін, әзірлеген жобалары мен әдістерін келесі қатысушылар легіне беріп, студенттердің ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз етеді. «Teach for All» желісіндегі серіктестеріміздің халықаралық тәжірибесі бойынша қатысушыларының 70%-ы екі жылдық қатысу кезеңі аяқталғаннан кейін білім беру саласында қалатынын растайды, бұл біздің көзқарасымыздың тиімділігін көрсетеді, – деді жоғарыдағы сауалымызға жауап берген қор басшысы.
Негізі бізде мұғалім тапшылығын жоюға бағытталған арнайы мемлекеттік бағдарлама бар. Оны Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының мәселеге қатысты тапсырмасына орай әзірлеп, іске қосқан. Еліміздегі кадр тапшы өңірлерге жай емес, үздік мұғалімдерді тартуды көздейтін арнайы бағдарлама нақты әрі кешенді шараларды қамтиды. Мысалы, осы бағдарламамен байқаудан өтіп, кадр жетіспейтін жаққа жұмысқа барған мұғалімге өз жалақысының 250% мөлшерінде ынталандыру төлемі тағайындалады, тұрғын үйді жалдау ақысы және коммуналдық төлемдер шығыны өтеледі. Арнайы бағдарлама қатысушыларына да қойылатын талаптар айтарлықтай жоғары. Мәселен, бұл бағдарлама бойынша байқауға тиiстi бейiндер бойынша жоғары педагогикалық, жоғары кәсiптiк бiлiмi бар, «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» бiлiктiлiк санаты бар мұғалімдер, сондай-ақ жоғары оқу орындарының педагогика мамандықтарының оқу үлгерiмi жақсы түлектерi қатыса алады. Ең маңыздысы, мұғалім тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тартуға бағытталған мемлекеттік арнайы бағдарламамен жұмысқа тұрғандар 5 жылға келісімге отырады. Яғни 5 жыл бойы сол өңірдің білім саласын жақсарту жолында табан алдырмай жұмыс істеуге міндеттеледі.
Айтып-айтпай не керек, кадр тапшылығын жоюға бағытталған мемлекеттік бағдарлама болса да, мәселе түбегейлі шешілмей тұр. Соның себебінен де «Teach for Qazaqstan» секілді бағдарлама пайда болған болар. Оның болашағы (арнайы заң, мемлекеттік бағдарлама, жалақыны көтеру, мұғалім мамандығындағы стипендияны көбейту сынды) кешенді шаралар арқылы сапалық тұрғыдан енді ғана «аяққа тұрып» келе жатқан білім жүйесін қайтадан шатқаяқтатып жібермей ме? Балалардың ғана емес, олар арқылы елдің келешек дамуына әсер ететін салаға алаңдаудан туған бұл сұрақтың басы ашық күйінде қалғандай...