Елімізде неміс этносының 226 мың өкілі тұрса, Германияда Қазақстаннан қоныс аударған 1 миллионнан аса бұрынғы жерлестеріміз тұрады. Олар жергілікті халықпен қоян-қолтық араласып, екі елдің арасында алтын көпірге айналды. Бүгінде Қазақстан – Германияның Орталық Азиядағы негізгі экономикалық әріптесі. Неміс мемлекетінің Орталық Азия елдерімен алыс-берісінің 83 пайызы біздің елге тиесілі. Ендігі мақсат пен мүдде де айқын. Бұл – жоғары деңгейде қалыптасқан саяси диалог аясында түрлі саладағы өзара тиімді қарым-қатынастың қарқынын дамыту. Осы орайда екі халықты жақындатуда еңбек сіңіріп жүрген Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Моника Иверсен таяуда газетімізге арнайы сұхбат берген еді.
– Моника ханым, екі мемлекеттің жеткен жетістігі көп екенін жиі айтамыз. Нақты қандай салада ілгерілеушілік бар немесе қай сала дамытуды талап етеді?
– Дипломат ретінде Қазақстанда қызмет етіп жатқаныма екі жыл болды. Осы аз ғана уақыттың ішінде Қазақстан мен Германия арасындағы байланыстың берік орнағанына көзім жетіп отыр. Сондай-ақ тығыз достық қарым-қатынасымыз тамырын тереңге жайып, одан сайын дами береді. Германия – Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің бірі және біз сол кезден бастап Қазақстанмен ынтымақтастықта болуды қатты қаладық. Орталық Азия елдерінің бірі ретінде Қазақстанды әрқашан қолдадық және қолдай береміз. Сондықтан екі ел экономика, мәдениет, саясат сияқты кез келген салада ортақ тіл таба білді. Қазір ғылыми саладағы қарым-қатынасымыз да жанданып келеді. Экономикадағы ынтымақтастыққа да қол жеткізе алдық. Себебі экономикалық саладағы екіжақты келісім жемісін беріп жатыр және бұл байланысты үзу мүмкін емес. Сонымен бірге азаматтық қоғам, мәдени, жоғары білім беруді зерттеу саласында да байланыс орнаттық. Мұндай қарым-қатынастың маңызы жоғары. Кейінгі уақытта климат, жаңартылған энергия көздері мен жаңа технология секілді қызықты әрі маңызды мәселеде ортақ шешімдерді табуға тырысып жатырмыз.
– Былтыр Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапармен барды. Бұл сапар мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасқа қандай серпін береді?
– Былтыр мемлекеттер басшыларының кездесулері екі халықтың арасындағы достық байланысқа жаңа серпін әкелді. Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер осында келді. Көп ұзамай Қазақстанның Мемлекет басшысы Германияға сапары барысында Федералдық Канцлер Олаф Шольцпен және Федералдық Президент Франк-Вальтер Штайнмайермен келіссөз жүргізді. Сонымен қатар сапар аясында Қазақстан Президенті халықаралық «Berlin Global Dialogue» форумына қатысып, Германияның іскерлік қоғамдастығы өкілдерімен бірқатар кездесу өткізгенін білесіздер. Кездесудің маңыздылығы да осында. Себебі мұндай сапарлар қарым-қатынастардың саяси дамуына жаңа жол ашады.
Осындай ортақ келісімдердің арқасында екі елдің университеттері арасындағы байланыста да динамикалық даму бар. Бұл – өте қуантарлық жаңалық. Германияның жоғары оқу орындарының Қазақстан университеттерімен ынтымақтастық орнатуға қызығушылығы артып келеді. Мәселен, Берлин университетінің делегациясы осындай мүмкіндіктерді қарастырып жатыр. Білім саласындағы байланыстың жандануы – жақсы үрдіс және жаңа бастамаларға екі тараптың қызығушылықпен қарап отырғаны қуантады. Бір ғана мысал, Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы университетпен ынтымақтастықта жұмыс істейтін Алматыда орналасқан Қазақстан-неміс университеті бар. Тұрақты инженерлік ғылымдарға бағытталған бұл жоба былтыр қыркүйекте басталды. Осыған ұқсас жоба Өскемендегі техникалық университетінің базасында жүзеге асады деп үміттенеміз. Елшілік техника және шикізат өндіру, инженерлік ғылымдар саласына бағытталған жобаның жемісті болуына әрқашан қолдау білдіруге дайын.
Жаңа сіз «Қай сала дамытуды талап етеді?» деп сұрадыңыз. Қазақстанда неміс тілін дамытуға келгенде олқы тұсымыз барын айтпай кете алмаймыз. Рас, сіздің елде неміс тілін тереңдетіп оқытатын мектептер бар. Бірақ қазір неміс тілі мұғалімдерінің көбі зейнет жасына келді. Сол үшін бізге неміс тілі мұғалімдерінің жаңа буынын даярлау өзекті.
– Кейбір елшіліктер тегін тіл курстарын ұйымдастырады. Сіздер неміс тілін оқығысы келетіндерге осындай мүмкіндік қарастырғансыздар ма?
– Әрине, мұндай мүмкіндік болғанын біз де қалаймыз. Алайда неміс тілінің мұғалімдерін Германиядан алдырту өте қиын, көбі шетелге келгісі келмейді. Соған қарамастан осындағы Гете институтында тіл орталығымыз бар. Сол жерде ақылы неміс тілі курстары жұмыс істеп тұр. Дегенмен елшілік тарапынан белгілі бір тақырыптарда түрлі грант ұсынамыз. Мысалы, азаматтық қоғам және ҮЕҰ саласында адам құқықтары бойынша жобаларымыз бар. Осындай мүмкіндіктерге қол жеткізгісі келетіндер болса, елшілікке келіп өтініш бере алады. Алайда олардың өзіндік шарттарын орындау керек. Сондай-ақ бізде экология бойынша шағын гранттар бар. Халықтың осал топтары мен кейбір шағын ұйымдар үшін бөлінетін гранттардың мақсаты – біздің тарапымыздан қандай да бір гуманитарлық қолдау күтетін, не болмаса жабдықпен қамтамасыз ету секілді көмекке мұқтаждарға жәрдем беру. Тағы бір мүмкіндік – Германияға тақырыптық сапарлар ұсынылады. Бұл журналистерге де қатысты. Мысалы, кино саласы мамандары Берлинале фестиваліне қатыса алады. Бізде де белгілі бір тақырыптық сапарларға жолдама байқауы бар. Бірақ бұл бүкіл әлемдегі Германия елшілігінің сынағы болғандықтан, іріктеу қатаң өтеді. Айталық, адам құқығы туралы жобада үміткерлер азаматтардың өмірі мен бостандығын сақтауда белгілі бір деңгейде үлес қосқан адам болуға тиіс.
– Қазақстанда тұрып жатқаныңызға көп болмапты. Осы уақытта қазақ пен неміс ұлтына ортақ қандай қасиетті байқадыңыз?
– Қазақстанға келгенге дейін Бішкекте төрт жыл елші болып жұмыс істедім. Сондықтан Орталық Азия өңірімен танысуым екі жылдан да көп. Ал біздің халықтарымызға келетін болсақ, ең алдымен, сөзімді сталиндік қуғын-сүргін кезінде осы топыраққа жер аударылған немістерден бастаған болар едім. Себебі Қазақстанда тұратын және тұрған неміс өкілдері – екі халықтың қасиетін байланыстырушы буын. Оларды мұнда жергілікті тұрғындар өте жылы қабылдады. Қазақ халқының осындай қасиетіне жауап ретінде олар да ел дамуына өз үлестерін қосты. Көптеген неміс Қазақстаннан Германияға қоныс аударса да, әлі күнге дейін жылы естеліктерін сағына еске алады. Сол үшін де этникалық немістер – екі ел арасын байланыстырушы алтын көпір. Меніңше, тығыз қарым-қатынаста өмір сүрген екі ұлт бір-бірінен жақсы қасиеттерін сіңіре алды. Осы бір-бірінен үйренген мәдени-рухани байланыс екі ұлттың бұдан да жақынырақ тануына мүмкіндік берді. Мысалы, немістің тәртіпсүйгіштігін қазақтан, қазақтың бойындағы дарқандықты немістің бойынан көріп жүрмін. Шыны керек, қазақ топырағындағы түрлі этнос өкілінің тату-тәтті өмірі таңғалдырады. Бұл – өте үлкен жұмыстың жемісі және қазақ халқының қасиетінен болса керек.
– Біздің елде жұмыс істейтін неміс компаниялары көп. Іскер топтардың қызығушылығы қандай салаға ауып отыр?
– Екі ел арасындағы ынтымақтастықта белгілі бір деңгейге жеттік. Соның ішінде логистика саласындағы ынтымақтастықтың үлкен әлеуеті бар. Транскаспий дәлізінің болашағы зор. Қазақстан – қазірдің өзінде транзиттік ел. Сондықтан неміс логистикалық фирмалары үшін ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп саласына үлкен қызығушылық бар. Сондай-ақ климат пен экологияға қатысты перспективаларды көріп отырмын. Себебі Қазақстан өз экономиканы декарбонизациялауға өте мүдделі. Германия да бұл стратегияны қабылдады. Бұл бизнес үшін де пайдалы болады. Қазіргі жағдайда шығарындыларды азайту маңызды мәселеге айналды. Германияда бұл салада айтарлықтай тәжірибе бар. Германия да өз ресурстарын климаттың өзгеруінен болатын зияннан қорғауға тырысады. Мұндай мәселе Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда да өткір тақырыпқа айналды. Сонымен бірге Қазақстанда жаңартылатын энергия көздеріне көп көңіл бөлініп отыр. Ал бұл салада біздің тәжірибеміз бар. Мысалы, Саранда салынған күн стансасы – елеулі өндірістің бірі. Осы жаңартылатын энергия көздері – екіжақты қатынастарды дамытуға бағытталған үлкен әлеует. Бұдан басқа коронавирустан кейін денсаулық сақтау саласында атқаратын ортақ шаруамыздың көп екеніне көзіміз жетті. Сол себепті неміс компаниялары бұл салада да ынтымақтастыққа қол жеткізуге мүдделі.
– Көлік туралы айтып қалдыңыз. Неміс көліктерінің әлемдік бәсекеде дес бермей келе жатқанын білеміз. Оның үстіне былтыр машина жасау туралы келісім болатыны қуантып қойды. Әлемдік деңгейдегі алпауыт көлік компанияларының Қазақстанда зауыты ашылатын күн жақын ба?
– Мен де дәл сіз секілді қатты қуанар едім және қос қолымды көтеріп қолдауға бармын. Бірақ мұндай шешімдерді ірі кәсіпорындардың өздері қабылдайды. Олар ең алдымен өздерінің пайдасына көбірек көңіл бөледі. Нарықтың жағдайын жан-жақты зерттейді. Мәселен, зауытты білікті кадрлар мен тиісті мамандармен толықтыру керек. Екіншіден, компаниялар экономикалық климатқа сәйкес жұмыс істейді. Сондықтан олар өз өнімдерін Орталық Азия нарығына шығара алатын мүмкіндікті молынан қарастырмай жатып, шикі шешім қабылдай алмайды. Дегенмен Германияның іскер топтарын осы жерде электр көлігін дамыту ісі қызықтырады. Біз де өз кезегімізде олар үшін бұл жерде қандай нәрсеге белсенді назар аударуға болатынын уақтылы хабардар етуге тырысып жатырмыз.
– Аймақтарды дамыту бойынша ортақ жобалар бар ма?
– Өңірлерді дамыту бойынша бірнеше жоба жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Ақтауда жасыл сутегі өндірісінің күн және жел энергетикасы негізінде қолға алынған жобаны айтар едім. Бұл – аймақтың дамуы үшін өте маңызды үлес. Таразда тағы бір неміс кәсіпорны өндіріс ашуға ниетті. Жалпы алғанда, аймақтарды дамыту саласындағы мүмкіндіктерді қарастырып жатқан неміс кәсіпорындары бар.
– Неміс халқын тәртіпсүйгіш халық ретінде танимыз. Сіздің уәде беріп, орындай алмай қалған, шақырған жерге кешігіп келген сәтіңіз бола ма?
– Қызық сұрақ, бір жағынан өткір сұрақ (күлді). Уәдені бейберекет беруге болмайды. Уәде бермес бұрын адам алдымен өзін терең тануға тиіс. Сөзімді орындай алатыныма әбден көзім жетсе ғана уәде беруге тырысамын. Кейде аймақтарға барғанда әңгімелесушілерім елші ретінде менен үлкен үміт күтетінін білемін. Алайда алдымен адами тұрғыдан, екіншіден, елші ретінде жауапкершілік артылатындықтан, уәде беруде өте сақ болу керек. Ал уәде берсем, орындауға тиіспін. Кешігуге келетін болсақ, күмілжитін кезім болады. Классикалық неміс ұқыптылығы туралы жиі айтылады. Бірақ кейде кездесулерге үнемі уақытында келе алмаймын. Бұл туралы әңгімелесушілерімнен естимін. Ондай кезде «Сіздің неміске тән ұқыптылығыңыз қайда?» деп сұрап жатады. «Германия қазір жаһанданып жатыр. Біз де өзгеріске ұмтылып жатырмыз. Әрқашан ұқыптылардың қатарында болғымыз келмейді», деп әзілдейтінім бар.
Сізге тағы бір қызық айтайын. Уақытында келіп, соңы келгенше сарғайып күткен кезім де болады. Боливияда үш жыл жұмыс істедім және сол жерде бір көрмеге уақтылы келдім. Сөйтсем, ұйымдастырушылар ең соңғы суреттерді көрмеге жаңадан іліп жатыр екен. Кешігу қалыпты болып қабылданып, Германияға оралғанда, қайтадан тәртіпсүйгіштікке бейімделуге уақыт кетіруге тура келеді. Өйткені мен үшін уақытында келу маңызды. Бұл – біздің неміс ұлтының қанына сіңген қасиет.
– Екі жылда қанша өңірге жолыңыз түсті? Қандай әсер алдыңыз?
– Алғашқы сапарым киелі Түркістан жерінде өтті. Тарихи кесенелердің рухани атмосферасы болатынын сезіндім. Одан кейін ару қала – Алматыға аялдадым. Қаланың әсем табиғатына сүйсініп қайттым. Бұл қалада көптеген неміс компаниясы жұмыс істейтіндіктен, жиі жолым түседі. Алматы секілді ландшафтысы бар әдемі қалаға қанша барсам да жалықпаймын. Павлодар мен Петропавлға да бардым. Әлі де баратын өңірлердің тізімі көп.
– Елшілердің көбі қызмет етіп жатқан елдің тілін үйренуге қызығушылық танытып жатады. Біздің елде де кейбір елшінің қазақ тілін үйренуге деген ниетін байқап жатамыз. Қазақ тілін үйренуге деген талпынысыңыз қалай?
– Оқып жүрген кезімде түрік тілін оқыдым және үш жыл бойы Түркияда дипломат болып жұмыс істедім. Түркітілдес халықтардың тілі өте ұқсас болғандықтан, кейбір қазақ сөздерін түсінемін. Ешқашан тіл үйренуден қашпаймын. Сондықтан қазақ тілін үйрену – менің келесі бір жобам.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Жадыра МҮСІЛІМ,
«Egemen Qazaqstan»