Көрнекті ақын, жазушы, драматург, публицист, педагог, психолог, сыншы, аудармашы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Жүсіпбек Аймауытұлы 1889 жылы 8 наурызда Семей губерниясына қарасты Кереку уезінің Қызылтау болысындағы №1 аулында (қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Жүсіпбек Аймауыт атындағы ауыл) дүниеге келген. Жергілікті адамдардың айтуына қарағанда, әкесінің азан шақырып қойған аты Оймауыт екен. Жазушының өзі: «Мен Сиыр жылының аяғында (1890 жылдар) Қызылтаудың баурындағы Қараның адыры деген жерде Дәндебай аулында тусам керек. Руым Сүйіндік, соның ішінде Күлік. Айдабол мен Күлік бір туысады. Ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлы – Айдаболдан. Екеуміз сегізінші атадан қосыламыз. Қазақтың фольклоршы публицисі, шежіреші ақыны Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлымен жетінші атадан қосыламыз. Кереку уезі, Семей губерниясы», дейді.
1918 жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясын Қаныш Сәтбаевпен бірге бітірген. 1919–1920 жылдары Семей губерниялық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі, «Кедей таңы» газетінің редакторы болып қызмет істеген. Сол жылы Орынбордағы Қазақ автономиялық республикасы Халық-ағарту халық комиссарының орынбасары, «Еңбек туы» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің редакторы, 1921 жылы Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі, «Қазақ тілі» газетінің редакторы және журналистер бюросының хатшысы қызметін атқарған.
1922–1923 жылдары Қарқаралыдағы қалалық мектепте, 1923–1924 жылдары Орынбор халық ағарту институтында, 1924–1925 жылдары Ташкенттегі қазақ-қырғыз халық ағарту институтында, 1925–1926 жылдары Орынбор әскери мектебінде дәріс оқыған. Ташкенттегі «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі, «Сәуле», «Шаншар» әдеби журналдарының редакторы болған. Бірқатар газет-журналдарға әдеби-көркем шығармалары мен мақалаларын бастырып тұрған. 1926–1929 жылдары Шымкент педагогикалық техникумы директорының орынбасары болып қызмет атқарған.
1929 жылы сол кездегі Қазақстанның астанасы Қызылордаға ауысып, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінде қызмет істеуге барған. Бірақ көп кешікпей жалаға ұшырап, 14 мамыр күні ГПУ тарапынан тұтқындалған. «Революцияға қарсы жасырын ұйымның мүшесі» деген айып тағылып, 1931 жылы 21 сәуірде Мәскеудегі Бутырка түрмесінде атылған. 1988 жылы 4 қарашада республиканың Жоғарғы соты оны толық ақтады.
Жүсіпбек Аймауытұлы сыншы ретінде ақын Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын талдағанда, «ақынның кім екеніне емес, ақындық күшінің неде екеніне үңілу қажет» десе, сыншының бұл пікірі жазушының қасаң, тұрпайы тұжырымымен ымыраға келе алмағанын көрсетеді.
Жүсіпбек Аймауытұлы «Сұлтанмахмұт Торайғырұлының сөздерін жинау науқанына атсалысыңдар» («Еңбекші қазақ», 19 қараша, 1926 жыл), «Сұлтанмахмұт Торайғырұлының жиналған сөздері» («Еңбекші қазақ», 18 қаңтар, 1927 жыл) деп аталатын ашық хаттар жазған. Оның толық мәтіндері 1996–1999 жылдары жарық көрген бестомдық шығармалар жинағының бесінші томының 233–237 беттерінде жарияланған. 1933 жылы жарық көрген Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалар жинағына алғысөз жазған.
ХХ ғасырдың 20-жылдарының аяғында кеңестік мемлекет, саяси, мәдениет қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы сол тұстағы қалам қайраткерлеріне бірнеше сұрақ беріп (анкета түрінде), олардың өмірі, еңбектері туралы мағлұмат жинауды мақсат етіпті. Солардың бірсыпырасы Мұхтар Әуезовтің архивінде сақталып қалған. Жүсіпбек Аймауытұлы, Ілияс Жансүгірұлы, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов өзінің өмірбаяндық («Өз жайымнан мағлұмат» деп аталады) қолжазбаларын бір кезде Смағұл Сәдуақасұлының зайыбы Елизавета Әлиханқызы Бөкейханова Мұхаңа табыс еткен екен. Жүсіпбек Аймауытұлының қайтарған жауабын сол архивтен алып, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1988 жылғы 23 желтоқсандағы санында жариялаған – ғалым Талапбек Әкімов.
«Қартқожа» (Қызылорда – Ташкент, 1926), «Ақбілек» (Ташкент, 1926) романдары қазақ ұлттық әдебиетінің кең тынысты реалистік романға бет алған тұсының елеулі туындылары болып саналады. Аталған романның бастапқы нұсқасы «Жұлдыз» журналының 1989 жылғы №6, 7, 8, 9 сандарында Бейсенбай Байғалиев пен Марат Хасанаевтың әзірлеуімен жарық көрген. Сонымен қатар сол жылы «Жазушы» баспасынан шыққан біртомдық шығармаларына енді (роман нұсқасын әзірлеген – Хасен Өзденбаев).
Сыншы ретінде «Абайдан соңғы ақындар» (1918, Мұхтар Әуезовпен бірігіп жазған), «Мағжанның ақындығы туралы» (1923), «Аударма туралы», Максим Горькийдің шығармашылығына арнаған «Сұңқар жыры» (1925) деп аталатын еңбектері – автордың әдебиет жөніндегі, оның ерекшеліктері туралы, қаламгер шығармашылығын түсінудің қағидаттары туралы ұғым-түсінігін, көзқарасын көрсететін елеулі туындылар. Сонымен қатар Жүсіпбек Аймауытұлының театр, музыка, өнер тарихына қатысты жазғандары да баршылық.
Ғалым, педагог, психолог ретінде ол «Тәрбиеге жетекші» (Бала оқытушыларға, Орынбор, Қырғыз мемлекеттік баспасы, 1924), «Психология» (Қызылорда – Ташкент, 1926), «Жан жүйесі және өнер таңдау» (Мәскеу, Қазақстан мемлекеттік баспасының Күншығыс бөлімі, 1926) ғылыми, оқу-әдістемелік еңбектері, «Сабақтың комплекстік жүйесінің әдістері» («Комплексті оқыту жолдары», мұғалімдерге, қайталама курстарға, тәрбие техникумдарына көмек, Қызылорда, Қазақ баспасы, 1929), «Жаңа ауыл» (1930) атты зерттеулер мен оқулықтардың авторы.
Жүсіпбек Аймауытұлының аудармалары қаламгер шығармашылығында елеулі орын алады. Ол – тәржіме табиғатын терең түсініп, аударма өнерінің өрістеуіне сүбелі үлес қосқан айрықша дарын иесі. Әлем классиктерінің 30-ға тарта шығармасын кәсіби шеберлікпен аударған. 1925 жылы қазақ оқығандарының арасында алғаш болып «Аударма туралы» арнайы мақала жазған. Қаламгер-аудармашының тілі өте шұрайлы да бай. Ол түпнұсқа авторларына тән жеке стильдік ерекшелікті барынша сақтауға ұмтылған. Бұл талапты аударма жасау барысында ұстанатын негізгі өлшемшарт ретінде таныған қаламгер.
Ол келесі әдеби көркем шығармаларды қазақ тіліне аударған: орыс ақыны, классикалық орыс әдебиетінің негізін салушы Александр Пушкиннің «Скупой рыцарь» («Сараң сері»), «Каменный гость» («Тас мейман») шағын трагедияларын; орыс жазушысы, драматург Николай Гогольдің «Ревизор» («Бақылаушы») комедиясын; орыс жазушысы, драматург Максим Горькийдің әңгімелері мен «Песня о Соколе» («Өлең сұңқарға») өлеңін; орыс жазушысы Антон Чеховтың «Комажнек» («Күмәжиек»), тағы басқа бірқатар әңгімесін; Қырғызстаннан шыққан орыс кеңес кескіндемешісі Семен Чуйковтың «Тау еліндегі оқиға»; америкалық жазушы, әскери журналист Джек Лондонның «Сила сильных» («Күштілердің күші»), «Неслыханное нашествие» («Теңіз, телегей аттаныс»); үндінің ұлы ақыны, Нобель сыйлығының лауреаты Рабиндранат Тагордың «Шубха» («Балжан»); француз жазушысы Фердинанд Дюшеннің «Тамилла» («Дәмелі»); француз жазушысы, ақын Виктор Гюгоның «Отверженные» («Бейшаралар»); француз жазушысы Ги де Мопассанның «На реке» («Су жүзінде»); француз жазушысы Александр Дюманың бірқатар туындысын; Румыниядан шыққан америкалық новеллашы, сценарийші Конрад Берковичтің «Әкесі мен баласы», «Заң білместің зары», «Өрбике», «Мұрда», «Мұрданың өлімі», «Тұқым»; парсылық ұстаз, аты әлемге әйгілі сопы ақын Жалаладдин Румидің «Сказки Мулли Ирамэ» («Молда Ирамидің кітап жазуға қалай кіріскені туралы»); орыс ертегісі «Паранджа» («Перде»); Қабарда ертегісі «Әйелдер»; «Интернационал» әнұранын; тағы басқа шығармаларды қазақ тіліне тәржімелеген.
Осылардың ішінен Семен Афанасьевич Чуйковтың «Тау ішіндегі оқиға» шығармасы 1925 жылы Ташкентте жеке кітапша болып шыққан.
Академик Серік Қирабаевтың «Жүсіпбек Аймауытов», «Көркем шығарма шебері» атты кітаптарынан көп мағлұмат алуға болады.
1926–1929 жылдары Жүсіпбек Аймауытұлының Шымкенттегі педагогикалық техникумда директор болып қызмет істегенін жоғарыда тілге тиек еттік. Ол қаланың ескі орталығындағы Қошқарата өзеніне жақын маңдағы Крегер көшесі, №8 мекенжайындағы бірқабатты үйде тұрған екен. Өкінішке қарай, бұл үй 2000 жылдары бұзылып, орнына көпқабатты тұрғын үй салынып кеткен. Осылайша, оны музейге айналдыру жұмыстары аяқсыз қалған.
Бір жұбанарлық жайт, Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрына, Астана, Алматы, Семей, Павлодар, Көкшетау қалаларындағы көшелерге Жүсіпбек Аймауытұлының есімі берілген. Керекудегі облыстық театр ғимаратының алдына ескерткіші, ал Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ғимаратының алдына кеудемүсіні орнатылған. Егемен еліміздің үшінші мегаполисінде Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы көше, мектеп, колледж бар. Қаладағы №64 мектеп-гимназиясы мен Өзбекәлі Жәнібек атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің құрамындағы педагогикалық колледжге оның есімі берілген. Жүсіпбек Аймауытұлы туралы 1994 жылы «Қазақтелефильм» студиясы «Алаш туралы сөз», 2009 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» студиясы «Алашорда» атты деректі фильмдер түсірген. Режиссері Қалила Умаров. Жазушы туралы Герольд Бельгер «Аймауытов айшықтары» деп аталатын еңбек жазды.
Қаламгер «Ақбілек» романын, «Паранджа» («Перде») атты орыс ертегісінің аудармасын Шымкентте жазған екен. Бұдан бөлек биыл бір ғасырлық мерейтойын атап өткелі отырған облыстық «Ońtústik Qazaqstan» газетінің бастауындағы басылымдарға да етене араласқан. Олардың бәрін зерттеп-зерделеу алдағы уақыт еншісінде деп санаймыз.
Әбдісаттар ӘЛІП,
журналист, ақын, аудармашы
Шымкент