Уақыттың сындарлы белесінен абыроймен өтіп, білім мен ғылым әлеміне қаракөз қарлығаштарымыздың қанатын самғатқан білім ордасы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті бүгінде еліміздің білім саласына 70 мыңнан астам педагог кадрлар даярлады.
Республикада бірнеше педагогикалық жоғары оқу орнының болғанына қарамастан, университетке оқуға түскісі келетін талапкерлердің саны жыл сайын артып келеді. Оның жарқын дәлелін 80 жылдық тарихы бар білім ордасының осы жылдардағы сапалы білім, білікті кадр даярлау үдесіне қойылатын талаптың жоғарылығы мен білікті профессор-оқытушылар жұмысының нәтижесінен нақты көреміз.
– Мәртебелі парасат ордасының тарихы ел басына күн туған ІІ дүниежүзілік сұрапыл соғыс жылдарынан басталып, ерлер қан майданға аттанғанда ел бейнеті туған жерде қалған әйелдер мен қыз-келіншектердің мойнына артылғаны белгілі. Сол тұста, 1944 жылдың тамыз айында республика басшылары Ж.Шаяхметов пен Н.Оңдасыновтың бас болуымен әсем Алматыда білім ордасы шаңырақ көтерді. Халқымыздың ардақты азаматтары Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, І.Омаров қолдап, білім ордасының ашылуына көмек қолын созды. Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов «Тәңір жазса, бұл институт қазіргі және болашақтағы қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі ешқашан сөнбесін дейік» деп ақ батасын берген еді. Тек қазақтың қыздарына арналған қазақ тілінде жоғары білім беретін, оларды жатақханамен, тегін тамақпен қамтамасыз ететін институтты ашу бастамасы сол кездегі республика басшылары мен зиялы азаматтарының батыл қадамы, өз ұлтына деген шынайы жанашырлығы болатын. Сол жылдарда оқуға түскен жастарға Ә.Марғұлан, Ғ.Құрманғалиев, Т.Тәжібаев, А.Жұбанов, О.Жәутіков, Н.Сауранбаев секілді халқымыздың айтулы тұлғалары сабақ берді. Соғыс жылдарындағы қиындыққа қарамастан, білім беру ісіне жете көңіл бөлінді, – дейді Қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай.
Гоголь және Лесная көшелерінің қиылысындағы бұрынғы педагогика училищесінің ғимаратында орналасқан институтта алғашқыда 125 студент қабылданып, 20 оқытушы дәріс берген болса, 1948 жылы кафедралар саны 11-ге жетіп, студенттер саны 600-ден асқан. Бүгінгі таңда университеттің бес институтына қарасты 24 кафедрада бакалавриаттың – 46, магистратураның – 25, докторантураның 12 білім беру бағдарламалары бар. Қазіргі кезде оқу орнында 9 мыңнан аса студент, магистранттар мен докторанттар білім алып жатыр.
Университет басшылығы ауыл мен қала білімінің аражігін жалғап, болашақ мұғалімдердің білікті маман ретінде қалыптасуына баса назар аударып отыр. Осы орайда университетте ауыл мектептеріндегі білім сапасын зерттеу орталығы ашылды. Орталықта ұстаздардың көшбасшылығы мен мәдениетін дамытуға басымдық бере отырып, ауыл мұғалімдері орталық мамандарының бағдар беруімен әдістемелік көмек алып келеді. Мұнымен қоса «Ғылыми серіктестік: университет-мектеп» бағытында жүргізілетін тәжірибелік семинарлар мектептермен ғылыми серіктестікті дамытатын маңызды кәсіби алаң ретінде жұмыс істеп отыр.
Жуырда университет ғалымдарының Алматы қаласының ауасын тазартатын инновациялық әдісін ойлап табуы оқу орнындағы ғылыми зерттеу жұмыстарының басымдыққа ие екенін көрсетті. Физиолог-генетиктер жоба аясында зиянды заттарды бойына сіңіріп алатын өсімдіктер өсіруді қолға алып отыр. Қала экологиясын жақсартуға бағытталған ғылыми-өндірістік жұмыстар биыл көктемде басталады. Алматы облысындағы Көлді агробиостансасының базасында шамамен 5 гектар жерге арнайы сұрыптаудан өткен өсімдіктер егіліп, көшеттер қаланың халық көп шоғырланған аумақтарына отырғызылмақшы. Жоба жетекшісі, ғалым-физиолог Асқар Қалекешов атап өткендей, Көлді агробиостансасы тәжірибе алаңы ретінде кездейсоқ таңдалған жоқ. Мұнда биолог зерттеушілер мен болашақ биология мұғалімдері зоология, ботаникадан далалық зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Ғалымдар өсімдіктерді өсіруден бөлек, адам ағзасын тазартатын биологиялық белсенді препараттар да дайындайды. Осы орайда ғалымдар Шығыс Қазақстан облысына арнайы экспедициямен барып, емдік өсімдіктерді, атап айтқанда, Алтай үш қатын Алматы облысына жерсіндіру арқылы алынған өнімді ағзаны сауықтыруға пайдаланады. Генетика және физиология ғылыми зерттеу институтымен бірлесіп іске асатын жоба университет тарапынан қаржыландырылады.
Бүгінде университеттің жаһандық және ұлттық рейтингтерде көрсеткіштері жоғары. Былтыр әлемнің 1500 университетінің ішінде 1001 + орынды иеленіп, Қазақстанның «Үздік 10» жоғары оқу орнының қатарына енген болса, оқу орнының 15 білім беру бағдарламасы Германиядағы халықаралық ACQUIN аккредиттеу агенттігінің аккредитациясынан өтті. Бұл университет түлектерінің шетелдерде жұмысқа орналасуына тың мүмкіндікке жол ашады.
Қыздар университетінде білім сапасын арттыру және тәжірибе алмасу мақсатында жыл сайын шетелдік ғалымдарды шақыру дәстүрге айналған. Мәселен, Алабама университетінің профессоры, доктор Ванг Харрис Сандра Эшин Жаратылыстану институтының білім алушыларына «Өсімдіктер биотехнологиясы», «Медициналық биология», «Өсімдіктер физиологиясы» пәндері бойынша бір жыл бойы ағылшын тілінде дәріс оқитын болса, Кореядағы Пучон университетімен әріптестік қарым-қатынас орнату жоспарланып отыр. Сонымен бірге Американың Джорджтаун университеті ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Лакиша Эдвартс «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша білім алып жатқан 3-курс студенттеріне сабақ береді. Ұлыбританияда ханзада мен ханшайым күтушілерін және балабақша тәрбиешілерін даярлайтын Норланд колледжімен мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мәселелері талқыланған болса, Сассекс университетімен магистратура және докторантура бойынша қос дипломды бағдарламасы басталмақ. Осы әріптестік аясында педагогика саласында қосымша білім алуға мүмкіндік беретін PGCE in Pedagogy and Practice халықаралық бағдарламасы да іске асатын болады. Сондай-ақ профессорлар мен оқытушылардың біліктілігін арттыратын орталық құру жоспарда тұр. Ал өткен жылы қараша айында америкалық белгілі ғалым Дуглас Хартманның, «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығының 2020-жылғы иегері Ранжит Дисаленің университетке келуі, Малайзия халықаралық мәдени коммуникация орталығы басқарушы директорының орынбасары Бэнджамин Леонг Так Хангпен меморандумға қол қою рәсімі де кәсіби мамандар даярлау бағытындағы ілкімді қадамдар екені белгілі.
Парасат ордасының мақсаты сапалы мұғалімдер даярлау ғана емес, отбасының ұйытқысы болар қаракөздерді де тәрбиелеу. Осы бағытта «Қыз Жібек» клубы, «Қазақ аруы» курсының тұрақты ұйымдастырылуы ұлт руханиятының, мәдениетінің озық үлгілерін паш етуге ықпал етеді десек, халықтық дәстүр, ұлттық киімдер үлгілерін насихаттау ісіне де баса көңіл бөлініп отырғандығы дизайнер Ұлжан Бегешованың «Qashgari» коллекциясының көркем стилінен айқын көрініс береді. Университет түлектері әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға, сондай-ақ алған білімдерін мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жалғастырып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу ісіне барынша атсалысып келеді.
АЛМАТЫ