Былтыр жол-көлік оқиғаларында 2,5 мыңнан астам адам қаза тауып, 20 мыңға жуық адам жарақат алған. Сондықтан жол қауіпсіздігі Ішкі істер министрлігінің күн тәртібінен түскен емес. Қазір министрлік тарапынан алаңдатарлық мәселеге қатысты бірқатар шара қолға алынып, жолдағы құқық бұзушылықтарды болдырмау, сондай-ақ жол апатының алдын алу бойынша жұмыс белсенді жүргізіліп жатыр.
ІІМ-нің ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, республика көлемінде өткізілген «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасына 9,5 мың полиция қызметкерімен бірге басқа да мемлекеттік органдардың мыңға жуық өкілі жұмылдырылды. Акция аясында жол қауіпсіздігі ережесін бұзған 360 мыңнан астам қатысушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ патрульдік көліктерде орнатылған автоматтандырылған бекіту құралдарының арқасында жылдамдық режімінен асып кетудің 87 мыңнан астам фактісі анықталып отыр. Бұдан басқа 9 мыңнан астам көлік айыппұл тұрағына қамалған.
Министрлік өкілінің сөзінше, жол-көлік оқиғаларына және олардың салдарының ауырлығына әсер ететін себептердің бірі – жолдардың жағдайы. Сондықтан операция аясында көше-жол желісін зерттеуге де маңыз берілді. Бұл бойынша құқық қорғау органдары қызметкерлері 8 мың тексеру жүргізіп, жол қауіпсіздігіне теріс әсер ететін 23 мыңнан астам ақауды анықтаған. Анықталған ақауларды жою бойынша тиісті қызметтерге 8 мыңға жуық ұйғарым берілді. Сонымен бірге жолдарды күтіп ұстауға жауапты 1 179 лауазымды адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасып жатқанын айтқан Шыңғыс Амангелдіұлы: «Жол үстінде адамдардың өмірі мен денсаулығына саналы түрде қауіп төндіретін мас жүргізушілердің әрекеті ерекше бақылауға алынады. Мемлекет басшысы жазаның бұлтартпастығы қағидатын сақтау қажеттігін бірнеше рет атап өтіп, көлікті мас күйінде жүргізу – қылмыс екеніне назар аударған болатын. Алайда мас күйде көлік жүргізгені үшін жауапкершіліктің қатаңдатылуына қарамастан, өңірлерде күн сайын осындай құқық бұзушылықтар жасау, оның ішінде бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған адамдардың да мас күйінде көлікті басқару фактілері анықталады. Автокөлікті мас күйінде басқарғаны үшін заңнамада 15 тәулікке қамауға алу және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру көзделген. Ал автокөлікті мас күйінде қайта басқарғаны үшін өмір бойы жүргізуші куәлігінен айыру және 10 жылға дейін түрмеде отыру қылмыстық жауапкершілігі қарастырылған. Биылдың өзінде осындай 227 адам анықталды. Олардың басым бөлігі сотталды», деді.
Оның айтуынша, мұндай қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасау жүргізушілердің белгіленген шектеулерді саналы түрде елемеуін көрсетеді. Сот басқару құқығынан айырса да қайтадан мас күйінде көлік жүргізетіндер азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп отыр. Өкінішке қарай, мұндай қылмыстар көбінесе туыстары мен жақындарының үнсіз келісімімен жасалады. Яғни құқығынан айырылған адамның қайтадан мас күйінде көлік жүргізуіне мүмкіндік береді. Әйткенмен қылмыстың соңы орны толмас өкінішке алып келетінін құқық бұзушы мен туыстары да тым кеш түсінеді. Сол үшін акция аясында полиция жүргізушілерге ғана емес, олардың туған-туыстары мен жақындарына да жауапсыздық жол үстіндегі қайғылы жағдайдың артуына алып келетінін, өзгелердің алдындағы жауапкершілікті түсіну қажет екенін ескертеді.