• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Еңбек 12 Наурыз, 2024

Бигелді әулетінің ауызбірлігі

212 рет
көрсетілді

Өмірдің қалтарыс-бұлтарыстарында екі қолға бір күрек табылса деп ниеттенген азаматтар кей-кейде сол сертін берік ұстанады. Уақыт сәтімен шаруаға әбден машықтанып, саланың ой-шұқырына үңілгендер бөгде мақсат-мұраттың жетегіне ілесіп те жатады. Астана қаласындағы тазалыққа жауапты мекемеде табанды еңбек етіп жүрген Бауыржан Бигелдинов те әрненің басын бір шалмай, бірден дұрыс бағытты таңдағанын кейінірек түсінген.

Бауыржан Бигелдинов 2006 жылы әкесі Ойратпен бірге Көкшетаудан Астанаға жұмыс істеуге келген. Ол кез қазіргідей ойын-сауық, сауда орындары көп емес, смартфон атымен жоқ. Қызмет көрсету саласы жетілмеген. Сол жылы техникадан хабары бар Ойратқа бірден жұмыс табылса, 21 жас­қа кеше толған Бауыржан қол қусырып отырмай, таза­лыққа жауапты мекемеге жұмысқа орналасқан. Сондағы көздегені мекемеде бірер жыл уақытша жұмыс істеп, аяққа тұрып алған соң, басқа салаға ауысу еді. Бауыржан жұмысқа бірден кірісіп, жол бойындағы сүрілген-бүлінген асфальт, бордюрларды жамап-жасқап, қыстыгүні қар тазалайтын топпен бірге еңбек еткен. Тек 2008 жылы мекеменің атауы «Астана тазалық» серіктестігі болып өзгерген соң, асфальт, бордюрдың шаруасы басқа компанияға жүктелген.

– Әне-міне дегенше жұмыс­та біраз ширап, ысылған соң, 2008 жылы басшылық меха­никалық тазалау тобына бригадир болуды ұсынды. Бірер жыл осында жұмыс істеп, кейін басқа салаға ауысам деген ойым­­нан айныдым. Кейін автог­рейдерде шебер болдым. Учаске бастығы, қолмен жинау жөніндегі шебер қызметін де атқардым. Содан 2017 жылы Алматы ауданынан Есіл ауда­нына жұмыс ауыстырып, қолмен жинау жөніндегі шебер атандым. 2019 жылы бас директор шақыртып, маған Есіл ауданының учаске басшысы болуды ұсынды. Учаске басшысының жұмысынан хабарым болған соң, бірден келісе кеттім. Қазір өзімізге жүктелген тапсырманы күнделікті адал, лайықты орындауға барынша тырысып жүрген жайымыз бар. Біздің учаскеде 10 шебер, 13 бригадир, 250-ге шамалас жұмысшы еңбек етеді. Есілдің сол жағалауы болған соң жұмыс қауырт. Таңертең 6.00-де жұмысты бастап, кешкі 17.00-ге дейін байыз таппаймыз, – дейді Б.Бигелдинов.

Бауыржан Көкшетауда заңгер мамандығы бойынша әуелі колледжде оқып, кейін Жоғары оқу орнында сырттай білім алған. «Астана тазалық» серіктестігінде осыған дейін әкесі мен інісі жұмыс істесе, қазір анасы осында жол жұмысшысы болып еңбек етіп жүр. Бір сөзбен айтқанда, бірлігі жарасқан отбасы мүшелеріне тазалыққа жауапты мекеменің тыныс-тіршілігі таңсық емес.

Сондай-ақ мекемеде 10-15 жылдай жұмыс істеп, зейнетке шығып жатқандар да көп екен. Жастар жағы болса, қыста тазалыққа жауапты мекемеге уақытша жұмысқа келіп, көктем шыға өздерінің маусымдық жұмыстарына аттанады екен. Жұмысшылардың көбі Астанаға іргелес және қашық ауылдардан келеді. Оларға мекеме арнайы маршрут бекіткен. Сол себепті де кейбір қашық ауылдан қатынайтын жұмысшылар кейде түнгі 2.00-ден бастап жұмысқа қамдана бастайтын көрінеді.

– Қазір біздегі техникалар­дың көбі – жаңа. Жыл сайын ауыстырып, толықтырып отырады. Биыл жұмысшылардың жалақысы 20 пайызға көтеріл­гені абырой болды. Иә, жұмыс­қа жастар көп келе бермейді. Оның үстіне біздің учаскедегі жұмысшылардың шамамен 60 пайызы – әйелдер. Жылдар бойы еңбек етіп, бригадир, шебер болған келіншектер бар. Жақын ауыл болса мейлі, Қарағанды облысына қарасты ауылдан келетіндер көп. Оларды тасы­малдайтын көліктер бекі­тіл­ген. Жұмысшылар түскі ас­пен қамтылған. Қазір басшы­­лық қызметке ауысқан азамат­тардың барлығы дерлік бұрын­нан осы мекемеде жұмыс істеп, еңбегі сіңген азаматтар деп ай­тар едім. Жұмыс оңай емес. Өзім учаскеде жол жұмысына, қолмен жинайтын топқа жауап беремін. Жұмысшыларға, техникаларға жауаптымыз. Мысалы, бүгін 5.30-да барлы­ғымыз жиналдық. Мен де ертерек оянып, әуелі түнгі ауысымда тазалаған көшелерді шарлап шықтым. Сосын тағы күн тәртібін бекітіп, шеберлермен кездесіп, тапсырманы нақтыладық. Күнде – осы  тіршілік. Жаздыгүні ойын-сауық сауда орталықтарының маңында қоқыс көбейеді. Оны біздің жұмысшылар уақтылы жинап алады. Қаланың өзі таза болған соң, тұрғындардың да көшені ластамауға тырысатынын байқаймыз. Бірлі-екілі жағдайлар болмаса, қала тұрғындары тазалыққа жақын. Жұмысшылар күнделікті өзі­нің жұмысын атқара береді ғой. Әйткенмен «Тазалық – таза­ланған жерде емес, тазалық сақ­та­ған жерде болады» деген. Сон­дықтан біз де қала тұрғындарын тазалық сақтауға шақырудан жалықпаймыз, – дейді учаске басшысы Б.Бигелдинов.

Отбасында бес бала тәрбие­леп отырған Бауыржан бірнеше жыл бұрын мемлекеттік бағдар­лама шеңберінде үйлі болыпты. Қала тазалығына күн-түн демей, асқан жауапкершілікпен кірісіп жүрген ана мен ұлдың жұмысы табысты болсын дестік.