Мемлекет басшысы былтырғы 7 қарашада Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында өңір жұртшылығымен кездесуінде: «Қазақтың Адай жылқысын Маңғыстаудың бірегей байлығы деуге болады. Бұл арғымақтар шөлге ерекше шыдамды, алыс жолға төзімді. Маңғыстау тұлпарлары алысқа шабатын халықаралық марафондарда әрдайым бәйге алып жүр. Адай жылқысын әлемге таныта алсақ, бұл біздің тағы бір тамаша брендімізге айналады. Сондықтан Үкіметке оны ғылыми түрде асыл тұқымды мал ретінде тану және көбейту үшін тиісті жұмыстарды жедел қолға алуды тапсырамын», деген еді.
Өткен жылы еліміздің 19 өңірінің шабандоздары қатысқан, «Ұлы дала жорығы» республикалық марафонында Маңғыстау облысының «Көкмойнақ» командасы Адай жылқысымен 1 200 шақырым қашықтықты бәсекелестерден шапшаң жүріп өтіп, бірінші орынды иеленген еді. Биылғы осы марафонда Адай есімді атқа мінген маңғыстаулық шабандоз Астана қаласынан Түркістан қаласына дейінгі 1 300 шақырым қашықтықты 98 сағат 44 минут 47 секундта бағындырып, рекорд орнатты. Ал сол жылғы 4 қарашада Маңғыстау өңіріндегі Кендірлі шығанағында Адай жылқысына асыл тұқымды жануар мәртебесін беру мақсатында халықаралық ұзақ қашықтықтағы ат жарысы турнирі өткізілді. Оған Ақтөбе, Жетісу, Маңғыстау облыстарынан 31 ат қатыстырылды. Бәйгеге Халықаралық ат спорты федерациясының Біріккен Араб Әмірліктерінен (БАӘ) және Алматы қаласынан келген төрешілері қазылық етті. Халықаралық стандарттарға сәйкес шабандоздардың жасы 18-ден, салмағы 70 килодан кем болмау талабы қойылды. Осындай талапқа сәйкес келген шабандоз мінген Көкжебе есімді Адай жылқысы тұқымды тұлпар 100 шақырымды 4 сағат 48 минут 36 секундта артта қалдырып, әрі жүрек соғысы халықаралық стандартқа сәйкес минутына 64 реттен аспағандығын көрсетіп, жеңімпаз атанды. Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазақстандық төрешілер ғана емес, БАӘ-ден келген халықаралық төреші де Адай жылқысының шапшаңдығы мен шыдамдылығына көз жеткізген.
Адай жылқысы ежелден Арал-Каспий даласында өсіп-өнген. Оның асқан жүйріктігі мен қажырлылығына арқа сүйеген жауынгер ата-бабаларымыз байлық тұнған Маңғыстау түбегін көз алартқан дұшпандардан қорғап қалған. Қамбар атаның осы бірегей түлігінің Каспий ойпатының қатал климаттық жағдайына әбден бейімделген төзімділігі мен алысқа шабатын алапат күш-қуаты ғалымдарға да, жылқы өсірушілерге де көптен мәлім. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында Ұлттық ғылым академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Игорь Нечаев пен оның шәкірті, биология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Нұрышев бірегей Адай жылқысының қанын басқа тұқыммен араластырмай, таза сақтау бастамасын көтерді. Бұл бастама Ауыл шаруашылығы министрлігі (АШМ) тарапынан қолдау тауып, М.Нұрышев тиісті мемлекеттік бағдарламаның жауапты орындаушысы болып тағайындалды. Аталған ғалымдар өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, 2008 жылы АШМ-нің Мемлекеттік комиссиясы олардың селекциялық жетістігін – Амандықторы, Есболайторы және Есболайжирен текті айғырларынан тараған өнімділігі жоғары айғырлар мен биелердің үш зауыттық желісі сынақтан өткізілгенін ресми түрде таныды. Осы селекциялық жұмыстардың нәтижелері М.Нұрышевтың 2005 жылы жарық көрген «Адай жылқысы: эволюциясы, қазіргі жағдайы және өсіру перспективасы» монографиясында егжей-тегжейлі баяндалған. Ол – Адай жылқысы туралы алғашқы докторлық диссертацияны қорғаған ғалым.
Әйтсе де АШМ 2008 жылдан бастап ғылыми жобаларды қаржыландыруды тоқтатып, ғалымдарды әлемдегі бірегей жылқы тұқымын жасау жөніндегі селекциялық жұмыстан шеттетіп тастаған. Мұның өзі арада он үш жыл уақыт өткенде өкінішті жағдайға әкеліп соқты.
– Адай жылқысының ерекше қасиеті – Арал-Каспий ойпатының шөлейтті жерінде өмір сүруге бейімделгендігінде. Соны жете ескермегендіктен, 2021 жылғы жаздың қатты құрғақшылығында көптеген жануар, соның ішінде талай ғалым-селекционер өз ғұмырын сарп еткен Адай жылқысының біразы аштан қырылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі ғылыми жобаларды қаржыландыруды тоқтатпаған жағдайда ғалымдар мұндай жұттың ауыр зардабына жол бермес еді. Өйткені жұт жылдары бұрын да болған, алдағы уақытта да болмай қоймас. Ата-бабамыздың тәжірибесіне сүйенсек, сондай тығырықтан шығу жолы – «Жайлау – қыстау – жайлау» әдісімен малды жүздеген шақырым жерге апарып жаю. Мұны жаңа көшпенділік, немесе неономадизм деуге болады. Баяғыда Каспий ойпатынан Орынбор облысының шекарасына дейін баратын, Сағыз, Ембі және басқа өзендердің бойында мал жаятын жеті бағыт болған. Егер біз осыны еліміздің Жер кодексінде ескермесек, құрғақшылық жылдары тағы да жұтқа ұшыраймыз. Шынтуайтында, көшпелі өмір салтының арқасында ата-бабамыз мал басы мен жайылымдардың құнарлылығын сақтап қалды. Ал осындай негіздерді білмеген Африка, Латын Америкасы және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің халықтары өздерінің құнарлы жерлерін құлазыған шөлге айналдырып алды, – дейді М.Нұрышев.
Ғалымның айтуынша, қазіргі заман жағдайында шалғайдағы жайылымдарды пайдалануға басқа тәсіл қажет. Мысалы, автономды жаңартылатын энергия көздерін қолдану жайлаудағы жылқы және қой шаруашылығы сияқты дәстүрлі кәсіптерді қайта өркендетуге мүмкіндік береді. Себебі шағын жел немесе күн стансасы бар малшы өзін мобильді баспанамен және байланыспен қамтамасыз ете алады. Жайлаудағы мал шаруашылығын жаңаша ұйымдастыру мал өнімдерін мол өндіруге жол ашады.
– Тағы бір ескеретін жайт – Адай жылқысын асыл тұқымды жануар ретінде әлемге таныту жобасының орындаушысы Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты сияқты еліміздің жылқы шаруашылығын дамытуға тікелей қатысқан ғалымдар мен мамандар ұжымы болуға тиіс. Біз Адай жылқысы тұқымы таяу келешекте Маңғыстау облысының ғана емес, Қазақстанның әлемге танымал бренді болатынына сенімдіміз, – дейді М.Нұрышев.
Парламент Сенатының Маңғыстау облысынан сайланған депутаты Бекбол Орынбасаров биылғы сәуір айында мүдделі мемлекеттік органдардың Мемлекет басшысы берген, Адай жылқысын әлемге таныту жөніндегі тапсырманы орындау барысының баяулығын сынап, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған еді. Оған берілген ресми жауапта 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында «Адай қазақ жылқылары мен Қостанай тұқымының салт мініс қасиеттерін сақтау және жетілдіру» ғылыми-зерттеу бағдарламасына 3 жылға 682,5 млн теңге бөлінетіндігі мәлімделіпті. Аталған бағдарламаның нәтижесі бойынша Адай жылқысы тұқымын тану жүзеге асырылмақшы. Қазіргі уақытта Маңғыстау облысында Адай жылқысы тұрпатындағы 1,6 мың бас жылқы ғана қалған көрінеді.
Осы орайда өткен жылдың соңында бір жағымды жаңалықты естідік: Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК Ауыл шаруашылығы министрлігі Апробация жөніндегі мемлекеттік комиссиясының қорытындысы негізінде Адай тұқымдас жылқылардың 6 түрін жаңа ұлттық бренд ретінде тіркепті. Әрине, бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Адай арғымағын әлемге таныту бағытында атқарылатын ауқымды жұмыстың басы ғана.
Бұл ретте түбі бір түркітілдес ел – Ресей Федерациясының Саха Республикасында (Якутия) 2003 жылы «Табындық жылқы шаруашылығы туралы» заң қабылданғанын айтқан жөн. Онда табындық жылқы шаруашылығын дамыту, саланы өркендеуге бағытталған ғылыми жұмыстарды қаржыландыру көздері, жылқышы кәсібінің беделін арттыру шаралары қарастырылған, сондай-ақ жылқының жаңадан шығарылған екі тұқымына ұлттық қазына мәртебесі беріліп, олар мемлекеттің қорғауына алынған. Атакәсібіміз бен қасиетті түлігімізді қадірлеуді саха ағайындардан үйренсек, артық болмас.