• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Әдебиет 18 Наурыз, 2024

Тағдырмен астасқан туынды

173 рет
көрсетілді

Әдебиетте өзін «үлкен адамға» баламайтын, мақтау-мадақ, жағымпаздық сынды «шығармашылық» ғадеттерден ада жазушыларды кездестіру өте қиын. Қазақ прозасына «Аспанқора», «Шал мен жылқы», «Құралайдың салқыны» сияқты классикалық шығармаларды сыйлаған жазушы Жұмабай Шаштайұлы – сол саптағы аздаған қаламгердің бірі. Жалпы, Жұмабай Шаштайұлының есімі өзінен бұрын танылып, әдебиет босағасын аттар-аттамастан биліктің қырына іліккенін көпшілік біледі. Қияндағы малшы өмірінің шындығын көтерген «Қызыл қар» повесі Орталық комитеттің қатаң сынына ұшырады. Есімі елді дүрліктірген бейтаныс жас қаламгердің атышулы сол шығармасын жұрттың бәрі жапа-тармағай оқи жөнелген де сол тұс еді.

Бірнеше жыл бұрын Жұмабай Шаштайұлы «репрессияға ұшыраған» «Қызыл қарды» қайта жазып, романға айналдырды. Отыз жылдан кейін өз­геше түрленген шығарма кітап болып, оқырманымен қайта қауышты. Жа­зушымен бір сұхбатымда: «Көп жыл­дарды араға салып барып «Қызыл қарды» қайта жазған екенсіз, естуімізше. Динамикасы жақсы, бірақ ә дегеннен «жолы болмаған» бұл шығармаға оралудың қажеті бар ма еді?» дегенімде былай деп жауап беріп еді: «Дос әрі бауыр Рафат деген әде­биет­шінің Мақсұт деген бірге оқыған жігіті күндердің бір күні хабарласып: «Жұмеке, «Қызыл қарды» неге ұлғайт­пайсыз? Рафат толық көріну керек қой деп ойлаймын» деп базынаға ұқсас ұсынысын айтып қалды. Рафаттың жазуыма да шарапаты көп тиіп, кемшіліктерді көзіме бақырайтып қойып бүкпесіз айтып салатын. Бірақ «Қызыл қарда» өзінің прототип екенін білсе де, ол турасында бірауыз тіс жа­рып, тіл қатқан емес. Оның өмірдегі орны аса қымбат көрінді ме, курстас досы­ның қолқасы себепкер болды ма, әйтеуір қолыма қалам алғызған еді».

Шығарманы бастамай жатып, алдымен тақырыбына еріксіз үңілесіз. Қардың қызылы болушы ма еді? Тақырыптың астарында бір сырдың бары анық. Жалпы, бұл романда қой өсіруші жастардың қажыр-қайраты көрсетілген деп жиі айтылады. Аталған пікірмен толыққанды келісуге болмас. Неге десеңіз, автордың айтпағы қой шаруашылығымен ғана байланысты емес. Қаламгер қой бағуды әдеби фон ретінде алып, сол арқылы әке мен бала арасындағы кіршіксіз қарым-қатынасты және оқу-білімге құштар жас кейіпкердің ішкі психологиясын жеткізіп отыр. Қой өсіруші әке мен баланың образы сол қоғамның келбетінен һәм тынысынан хабар береді. Сансызбай қарт пен ұлы Жайлаудың тынымсыз және қайталама тіршілігі бір қарағанда, кеңес өкіметінің саясатын аңдатса, тереңдеп үңілсеңіз, әке сеніміне селкеу түсіргісі келмейтін ұл мен соқыр саясаттың айдауымен қой соңына ілескен қарияның мұңлы шеріне жолығасыз. Сол уақыттағы қоғамның анық бет-бейнесі атакәсіпке тікелей бай­ланып тұрғанын автор шығармада әдемі суреттейді. Мәселен, Шандоздың Жайлауға айтқан мына бір сөзінде өз заманының табы білініп тұрғандай: «Әй, әкең баққан қойды Қақан (Жайлаудың туған ағасы) бақты. Қақан баққан қойды сен бақтың. Тұқымдарыңа бұдан басқа кәсіп жазбады ма? Айтшы соны».

Жайлау – жас образ. Белгілі бір себептермен жоғары білім ала алмай, қой бағуға жастығын сарп етіп жүрген қазақ. Қойшы әкесіне өз арман-қиялдары туралы бірауыз сөз айта алмаған ол ата-анаға қарсы шықпаудың астарын ашып тұрғандай. Десек те Жайлаудың ойында мүлдем басқа дүние бардай көрінді. Еш­кімге тиегін ағыта алмайтын сыр оны болашаққа жетеледі. Қызығы сол, Жайлау қой соңынан таяқ ұстаған сауатсыз қойшы емес. Көкірегі ояу, көзі ашық азамат. Олай дейтініміз, кейіпкердің кітапқұ­марлығында. Ол оқыған Тургеневтің «Қар­саңда» романы немесе Джек Лон­донның кітаптары сөзімізге айғақ. Әдет­те, қойшы десек, санамызда малдан бас­қа ештеңеге қызықпайтын һәм түсін­бейтін адамның елестейтіні рас. Кеңес одағы тұсында оқуға түсе алмай қайт­қан жастардың ұжымшар шаруашылығына атсалысуы қалыпты жағдай еді. Қазіргі тәуелсіз қоғаммен салыс­ты­рар болсақ, ауылдағы қой бағып жүр­ген жас қазақтың қолынан Джек Лондон­ның кітаптарын көру ғажайыппен тең. Шығармадағы кейіпкер ширек ғасыр бұрынғы қазақ қоғамының бүгінгі күнге қарағанда сауатты, кітапқұмар болғанын айғақтап тұрғандай.

Шығарма мазмұнындағы әсерлі штрихтер сәтті қолданылған. Жемшөпке ұмтылған қойлардың әке мен баланы таптап өтуі, біріншіден, жоқшылықты білдіріп тұрса, екіншіден, қоғамдағы адамнан гөрі малдың маңызын жоғарылатып тұрғандай. Әрине, ол уақытта билікке халық емес, олардың мал басының саны керек болды. Мал атаулының мемлекет үшін қаншалықты керек екенін атал­ған роман бүкпесіз айтып тұрғандай. Мұнда әділетсіздік те жоқ емес. Қойдың аман­дығы мен көбеюін қалайтын өкімет сол дәрежеде оларға көмек көрсете алмады. «Еш­теңені білмеймін. Бастысы, мал басы аман болсын» деген ниеттегі адамдар шығар­маның өңін кіргізіп, заман келбетіне бояу қосып тұр. Шығармадан мысал келтірсек, бастықтың Сансызбай қартқа айтқан: «Қойдың шөбін жылқыңа беріп тауыстың. Кулаксың. Сотталасың, білдің бе!» сөзі жазықсыз жапа шегудің айқын көрінісі емей немене?! Бұл жоқшылықтың сипатын көрсетумен қатар мемлекеттің сол кезеңдегі экономи­калық ахуалын аңдатса керек. Сансызбай қарттың «Сұм­дық-ай, малдың да есі ауады екен! Осылар өзімізді жеп қоймаса де, әуелі!» деген назалы сөздері және «алқымы іскен саулық қатарындағы мәңгірген қойдың жүнін жұлып жеп; қаужаңдап тұрғандағы» оқырманның әсері сіз ойлағандай бір­қалыпты болмауы мүмкін. Оқып отырып, шошыңқырап қалғанымыз рас.

Шығарманың өн бойына үңілсеңіз, адами қасиеттердің түр-түрін және адами күйлерді байқайсыз. Жалғыздық сарыны әр кейіпкерге ортақ. Мәселен, Сансызбай қарттың кемпірі алыс ауылда, ол өзінше жалғыз. Ағасы Қақанның мінезі бір қызық, ол даралықты жақсы көреді. Сондықтан жалғыз. Ал Жайлау бар ойы Шандоздың үйін­дегі Жанарды ойлаумен, одан қалса, қаладағы оқуын қиялдаумен, өз ойымен өзі жалғыз.

Иә, әдебиетті тағдыр жасайды. Өмір көрмей тұрып үлкен шығарма тудыру қиын. Жылқышының баласы, (өзі де қой баққан) Жұмабай Шаштайұлы да 1968-1969 жылғы көрген қысты өмірде өзінен басқа ешкім көрмеген жұт сияқты қабылд­аған болар. Ал әкесі өте қиын қыс бол­ғанын білсе де, «көрмегеніміз жоқ қой» деп жан баласына мұңын шақпайтын адам. Бұл – қазақы мінездің соншалықты айта қаларлықтай ірілігі емес шығар, бәлки. Сан ғасырдан бері қалыптасқан өмір салтынан ажырай алмайтын ұстаным ғана шығар. Жалпы, жазушы жасаған әке образдарында ортақ бір мінез бар: бәрі де еңбексүйгіш, ұстамды, «балам» деп еміренбейтін салқын адамдар (әсіресе, «Қызыл қар» мен «Шал мен жылқыда»). Әрине, бұл жерден бұрынғы қазақ әкелерінің мінезін көреміз. Алайда осы әке мен баланың ағынан жарылып сөйлесе алмауы, екеуара жақындықты тек үнсіз ұғысуы немесе баланың әке алдында ақтарыла алмауының салдары үлкен бір трагедияға ұласпаса да, белгілі бір деңгейде мінез кембағалдығына әкелуі мүмкін бе дейсің.