Алматыдағы Қ.Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрына биыл 90 жыл толады. Көрерменге ізгілік идеясын арқау еткен туындыларын ұсынып келе жатқан театр ғасырға жуық уақыт ішінде қанатының астына бірнеше шығармашылық топты шоғырландыра отырып, драма, ән, би секілді өнердің әр саласын биік деңгейде өркендеткен белсенді шеберханаға айналды.
Елімізді мекендеген барлық этностың өнерін дәріптеуге ден қойған театр ұлтаралық келісімді негізге ала отырып, халықты толғандыратын өзекті мәселеге мән беріп, өнер тілімен суреттеп келеді. Тарихын өткен ғасырдың 30-жылдарынан тарқататын ұйғыр музыкалық комедия театры төл руханиятының көркем шежірешісі ғана емес, ел өнерінің бір бөлшегі ретінде мәдениеттерді жақындастыруға өз үлесін қосып келеді. Биыл аталып өтетін тоқсан жылдық торқалы тойына да тиянақты дайындалып, жақында театр тарихынан сыр шертетін өз музейін жасақтады.
Театр шежіресін жинақтаған музейдің ашылу салтанатында алғашқы ақжарма тілегін білдірген театрдың басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дилмурат Бахаров, белгілі сахна майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рихангуль Махпирова мен М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек өнер тарихындағы айтулы оқиғаның театр ұжымдары арасындағы байланыстың нығаюына себепкер болатынын атап өтті. Қызыл лентаны қию рәсіміндегі құттықтаудың келесі легін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алымжан Айсаев пен Т.Жүргенов атындағы ұлттық Өнер академиясының профессоры Аман Бекенұлы жалғады. Театр тарихындағы маңызы зор шараға арнайы шақырылған қонақтар музейді тамашалап, оларға театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Гулбахар Насирова сахна өнерінің қалыптасуы мен дамуына еңбек сіңірген ұйғыр халқының талантты ұл-қыздары туралы әңгімелеп берді. 1934 жылы құрылған театр, ғимараттың сыртқы бейнесі, репертуардағы қойылымдар, сол кездегі актерлердің суреттері мен сахналық костюмдері, бутафориялық бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ театр есімін иеленген КСРО Халық әртісі Құдыс Қожамияровтың өмірі мен шығармашылығына арналған бұрыш ашылып, әйгілі композитордың пайдаланған жеке бұйымдары мен жазбалары қойылды. Бұдан әрі меймандар Кіші зал мен жас суретшілердің шығармалары қойылған «Дүние-арт» галереясын тамашалады. Мереке соңы театр әртістері әзірлеген думанды кешпен түйінделді.
АЛМАТЫ