• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Зерде 11 Сәуір, 2024

Асланбек ҚАНСАРБАЕВ: Тарих – ұрпақты тәрбиелейтін дәйекті құрал

288 рет
көрсетілді

Ұрпақтың білім көкжиегін кеңейтіп, таным-түйсігін қалыптастыруда, ұлттық құндылықты дәріптеу мен тарихымызды танытуда әлеуметтік желінің де алар орны зор. Бізде «әлеуметтік желіде хайп қуғандар жиі отырады» деген түсінік қалыптасқан. Бірақ шындығын айту керек, мұндағы қалың жұрттың арасында халқымыздың өткеніне, ғылым мен білімге қызығатын оқырман көп. Мәселен, тарихшы Асланбек Қансарбаевтың Youtube арнасына жазылған 200 мыңға жуық жазылушы тың деректі талқылап, ұсыныс-пікірін білдіруден жалыққан емес. Жақында «АК-79» деген атаумен белгілі арна авторымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Тарих пәнінің мұғаліміне Youtube-тен арна ашуға не түрткі болды?

– Қарапайым мұғаліммін, бірақ тарихқа кездейсоқ қосылған адам емеспін. Талдықорған қаласындағы І.Жан­­сү­гі­ров атындағы Жетісу мем­ле­кеттік уни­верситеті тарих мамандығының түле­гімін. Тарих пәнінен сабақ беріп жүр­ге­німе 23 жылдан асты. Тарихқа деген қызы­ғу­шылығым бала күнімнен басталды. Кейін қызығушылығым сүйікті ісіме айналды. Youtube-тен арна ашқанға дейін өз салам бойынша бірқатар жетістікке де жеттім. Мысалы, Қазақстан тарихы бойынша мектеп бағдарламасына енген мультимедиялық презентациялар авторымын. «Хабар» телеарнасында ұлттық ойындар тарихына арналған «Ұлы дала ойындары» жобасының кеңесшісі болдым. Youtube-тен арна ашу жоспарымда жоқ еді. Бұл жобаны 2019 жылы қолға ала бастадым.

Мені қуантқаны – оқырманның та­ри­­­хын тануға деген қы­зы­ғушылығы. Ай­нал­дырған 1-2 күннің ішінде алғаш­қы шығарылымдарым 100 мыңдаған қаралым жинады. Оқыр­ман сұранысының көптігі өзімді де қызықтыра түсті. Жеке кітапханамда мыңдаған кітап бар. Осылайша, ұлт тарихын зерттеу­ге кірісіп кеттім. Зерттеу барысында қосымша көптеген мәлімет алдым. Мысалы, Алаштың ұмыт қалған қайраткерлері, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін елеусіз қалған қаһармандар мен ұмыт қалған батырлар туралы айтылмай, жазылмай жүрген тың деректерге қол жеткіздім. Бәрінен бұрын Youtube арнаның атауын қою керек болды. Басында аты-жөніммен аша салсам деген ой болды. Ойлана келе «АК-79» деген атау бердім. Бұл «Асланбек Қансарбай» деген аты-жөнімнің қысқартылған нұсқасы ғана емес, ата-бабамның кіндік қаны тамған Матай деген стансада Калашников автоматының алғашқы нобайы жасалған. Сол зауытта атам да маңдай терін төккен. Оның үстіне соғыста ата-бабамыз жау­ды Калашников автоматымен жеңіп шықты. Ал мен тарихи майданға жол салдым. Жеңіс алып келген автоматтың аты мен жеңіс дәстүрі жалғассын деп «АК» деген атауға тоқталдым. Бірінші шығарылымнан кейін-ақ мыңдаған пікір жазылды. Тарихшы ретінде оқырманның сұранысын қанағаттандыруды азамат­тық парызым деп ұқтым. Соның арқа­сында білім көкжиегімді кеңейтіп, ком­пью­­терлік бағ­дарламалармен танысып, жаңа техно­ло­гиялардың тілін үйрене бастадым.

– Арнаңыздың жұмысын жалғыз жүр­гізесіз бе? Әлде көмекшілеріңіз бар ма?

– Қаралым көбейген сайын жұмыс қарқыны өсіп отырады екен. Бірақ арнаны жалғыз өзім жүргіземін. Барлық материалды өзім жинаймын. Мәтінді де жазып, монтаж, дыбыс қою жұмысын да өзім атқарамын. Оқырмандардың сауалына жауап бергенге жұбайым көмек­теседі. Өйткені жазбаның астын­дағы әрбір пікірге жүрекше басып, жауап беріп отыру да, болмаса жазы­лу­шы­лар­дың сұрақтарын түртіп алып, маған ұсыну да кәдімгідей жұмыс.

– Оқырман пікірінің арасында қан­дай­ қызықты ұсыныс-тілек болды? Бір­ге жұмыс істеуді ұсынғандар бар ма?

– Егер байқасаңыздар, әр жазбамның алдында аңдатпа беремін. Youtube арнамды көріп жүрген бір оқырманым: «Сізге тақырыпқа сәйкес тұрақты бір аңдатпа жасап берейік» деген ұсыныс тас­тады. Сөйтіп, Серік деген бағдарламашы 2-3 түрлі бейнеаңдатпа жасап берді. Ол үшін алғысымды айтамын. Жалпы, қазір тарихымызға қатысты дерекпен көмектесетін оқырманым өте көп. Қолда бар мәліметтерін, қазақ тарихына қатысты түрлі еңбегін, тың дерек ұсынатындар бар. Олармен мүмкіндігінше кездесіп, кей­бір ой-пікірін тыңдауға тырысамын. Мысалы, қазір оқырмандарым Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, «Кеңес Одағының Батыры» атағына қолы жетпей қалған Раков деген қазақ туралы мәліметтерімен бөлісіп жатыр.

– Шындығында да, әр бейне­шы­­ға­ры­лымда тың мәліметтер көп ай­тылады. Қазақстан тарихы оқу­лық­­тарында жоқ мәліметтерге қол жет­кі­зу қиынға түспей ме?

– Кейбір деректі ашық дерек­көздерден жинаймын. Жаңа айт­қандай, жеке кітапханамдағы оқу­лықтарды қарай­мын. Сондай-ақ Алматыдағы Ж.Жабаев атын­дағы жасөс­пі­рімдер және Ұлттық кітапхананың шаң басқан мұрағатын ақтарамын. Қажетті ақпаратты толық жинастырғаннан кейін талдау жасап, көзқарасымды нақтылаймын. Білімім мен тәжірибеме сүйене отырып жасаған шығарылым – жеке талдауым мен көз­қара­сымның нәтижесі.

– Бұл деректердің барлығы кітап­хана сөресінде тұрған болса, жұрт жа­ды­нан өшіп қалған батырларымыз Қазақстан тарихы оқулықтарында неге айтылмайды?

– Өкінішке қарай, бізде «Қазақстан тарихы» оқулықтары ғылыми тілмен жазылады. Кеңес дәуірінен бері «тарих – ғылым, сондықтан ғылым тілімен жазылуы керек» деген көзқарас әбден қалыптасқан. Осы пәннен сабақ беріп келе жатқаныма біраз жыл болды. Байқағаным, оқушылардан бас­тап студенттерге дейін ғылым тілі ауыр. Сондықтан олар тарих пәніне қызығушылық танытпайды. Ал тарихты оқытудың басты мақсаты – қазақ болғанын мақтаныш ететіндей ұлттық сезімді дарыту, осы арқылы отан­шылдықты дәріптеу. Өйткені отаншылдыққа баулудың ең бас­ты құралы – тарих пәні. Жастарды жалықтырып, оқырманның ойын сан-саққа бөлмеу үшін тарихи деректерді түсінікті, жеңіл тілмен жеткізуге тырысамын. Елімізде тілі мен діні басқа көптеген этнос өкілі тұрады. Өкінішке қарай, өз тілінде емес, орыс тілінде ойлайтын отандастарымыз да бар. Олардың барлығын патриот емес деп айтуға болмайды. Сондықтан екі тілде де бейнешығарылым түсіремін. Елінің тарихын біліп, қазақ болып туғанын мақтаныш ететіндей сезім отын тұтатып жатсам, мақсатыма жеткенім. Ал өзге этнос өкілдері қандай халықтың ортасында тұрып жатқанын біліп жатса, артық болмайды.

– Көпшіліктің көзайымына айналған арнаңызға тиісті министрліктер тарапынан қызығушылық танытқан кезі бола ма?

– Өкінішке қарай, құзырлы орындардан қызығушылық танытқан ешкім жоқ. Өзім де шыққан емеспін. Бірақ мәліметтерімді сұрап, қажеттеріне пайдалануға рұқсат алатын авторлар мен мұражай қызметкерлері бар. Жақында ғана «Отрарский купец» кітабының авторы шығып, сақ тайпаларына қатысты мәліметтерімді пайдалануға рұқсат сұрады. Осындай жекеленген адамдар шығып жатады. Олардың ешқайсысын бетінен қаққан кезім жоқ. Керісінше қолдан келгенше бар білген-түйгенімді тосуға асықпын. Себебі, біздің илегеніміз бір терінің пұшпағы. Егер мемлекет тарапынан тарихымызға қатысты бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс болса, қолдан келгенді аянып қалмаймын. Алайда «мемлекет назары аумады» деп отыра да алмаймын. Білгенімді мемлекетке міндет қылатын ойым жоқ. Сондықтан әр қазақ ата-бабасын танып, өз тарихымен тыныстап өсуге тамшыдай үлесімді қосуға тиістімін деп санаймын.

– Жаңа көрші елдің оқулықтарымен таныстым деп қалдыңыз. Біздің оқулықтарға енгізілмеген белгісіз батырларымыз олардың кітаптарында айтыла ма?

– Бар. Соңғы 4-5 жылда шыққан Ресейдің екінші дүниежүзілік соғысы туралы тарих оқулықтарындағы тарауларда «Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен – Рақымжан Қошқарбаев» деген мәлімет берілген. Өзбекстанның тарих оқулықтарында қазақтан шыққан генерал Сабыр Рахимовты келтіреді. Мұнда батырларымызды мансұқтай алмай жатқан өзіміз секілдіміз. Тарих пәнінің мұғалімі, оқырман ретінде де біздегі оқулықтардағы мәліметтерге көңілім толмайды. Себебі біздегі тарих оқулықтарымен балалардың бойындағы отаншылдық сезімді ояту мүмкін емес. Оқулықтарды, сөз жоқ, мықты ғалымдар жазатын шығар. Бірақ оның оқырманы оқушы екенін естен шығармаған дұрыс.

– Тарихи деректеріңіздің арасында дау­ тудырып жүрген қандай тақырып бар?

– «Қазақ халқының Ресей империясына қосылуы» деген тақырып әлі күнге дейін итжығысқа түсіп келе жатыр. Тарихшылардың байламына сүйенсек, қазақ халқы тәуелсіздігін қорғай алмай, Ресей империясының қамқорлығына кірген. Осы пікірге қарама-қайшы келетін бірнеше бейнежазбамды шығардым. Сонда өзіміз аңыз қылып айтқан Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек батырлардың еңбегін жоққа шығарамыз ба? Әбілқайыр ханның тұлғалық қасиеттеріне қарсы келетін мысалдарды келтіре аламын. Біз тек Абылайды дәріптеп, Әбілқайырды сатқын ретінде қараймыз. Бірақ ол да – қазақтың қалың қолын бастаған бас сардары. Қарасай батырды да мойындағысы келмейтіндер бар. Орбұлақ шайқасында қазақтың бірнеше батыры қолына қару алып жоңғарларға тойтарыс берген кездері бар. Бірақ оны да жоққа шығарғысы келетін тарихшылар бар. Ал ең көп талқылауға түскен бейнежазбамның бірі «қазақ» сөзінің мағынасына қатысты тақырып. «Қазақ» сөзі ежелгі түркі сөзінен алғанда «қа» – «нағыз, шынайы», «зақ», яғни «сақ» дегенді білдіреді. Сонда «қазақ» сөзі «нағыз сақ халқының мұрагері» деген мағынаны білдіреді емес пе?..

– Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсетіп, ұмыт қалған қанша баты­ры­мыз туралы дерек жина­дыңыз?

– Соғыста көзсіз ерлік көрсетсе де, кеңес өкіметі, кейін Қазақстан билігі ұмыт қалдырған, бірақ халық өзі ұмытпаған, ұрпағы ұлықтаған 50-ге жуық батыр тура­лы айтылды. Қолымда әлі де көп дерек бар. Алайда оқырманымды жалықтырып алмау мақсатында аралас тақырыптарды да беріп отыруға тырысамын. Әйтпегенде қолымда әлі де 20-ға жуық осындай атақ-даңққа бөленуге тиіс, бірақ батыр атағы берілмеген ерлердің дерегі бар. Қазақ батырлары кеңес әскері қатарында ғана болған жоқ. Ел тәуелсіздігі үшін майданның ар жағында да қарумен, қаламмен соғысқан батырларымыз бар. Мысалы, Мұстафа Шоқайға әлі де көз­қарас әртүрлі. Ол халқының азат­тығы үшін күрескені тарихта тайға таң­ба басқандай жазылған. Түркістан легио­нын басқарған бірнеше қазақ аза­маты туралы бейнежазба бердім. Олар да қазақ тарихында лайықты баға­сын алмай отыр. Тағы бір айтарым Екін­ші дүниежүзілік соғысты «Ұлы Отан соғысы» деп атауға қарсымын. Қазақ тарихындағы «Ұлы Отан соғысы» деп қазақтың тәуелсіздігі үшін 300 жыл бойы жоңғарлармен арпалысқан соғысты атау керек.

– Жоғалған батырлар туралы мәлі­мет­­терді қай­дан аласыз?

– Тарихтың бір сиқыры осында. Мысалы, бір батыр туралы материал іздестіріп жатқанда, келесі бір батыр­дың аты-жөні алдымнан шығады. Қазір де майдан даласында ерлік көрсетіп, есімі елеусіз қалған тағы бір қазақ батырының дерегін жинап жүрмін. Ол Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, Рейхстаг алынған кезде Берлинге ең бірінші болып кірген танктің командирі болған. Кейін маршал Г.Жуковтың тікелей бұйрығымен сол қазақтың жігіті басқарған танкі Рейхстагтың алдында үлкен постаментпен бірге қойылады. Ол туралы кеңес өкіметі кезінде «Освобождение» деген үлкен драма түсірілген. Қуанғали Ихаров секілді батырымызды тарихшылар жоққа шығаруға тырысады. Алайда ол Жуковтың мемуарында айтыл­ған батыр. Сол кісінің тікелей ұрпағында батырдың марапаттары сақ­тау­лы. Өкініштісі, біз бар батырды мақтағанша, ойдан шығарып алған «батырларды» марапаттағанға әуеспіз. Ал сол Қуанғали Ихаровтың атымен аталатын суасты кемесі Ресей мұражайының алдында қойылған. Қажымұқанның Сталинге сыйға тартқан ұшағы да Кремльдің музейінде тұр. Испанияда соғысқан тұңғыш қазақ ұшқышын қалай ұмыт қалдырамыз?

Қажытай Шалабаев, Жақыпбек Мал­ды­­баев, Тәңірберген Қалилахан, Қали Әлди­­беков секілді батырлардың дерегі архивте сақталған, тікелей ұрпақтары да бар. Мәселен, Молдовада жаумен жалғыз арпалысып, ерлік көрсеткен қазақ батыры туралы мәлімет шықты. Сол кісінің тікелей ұрпағы елімізде белгілі азамат екен. Шын ниеттенсе, бұл мәліметтерді кез келген адам таба алады.

Немістердің өзі «Қара сайтан», кеңес әскерінде «Қара барыс» деп атаған Мұхамеджан Байтенов деген қазақ жауынгері болған. Өкініштісі, көзсіз ерлігі еленбеді. «Кеңес Одағының Батыры» атағын ала алмай кетті. Алаш­орда қай­рат­керінің ұлы болған Қалихан Сәрсенов кеңес өкіметінің тыңшысы болған. Ол туралы да жақ ашқымыз келмейді. Кеңес өкіметі кезінде Испанияға барып ең бірінші қазақтан шыққан жой­ғыш-ұшқыш болған, фашистердің «Легион Кон­дор» деген атақты жой­ғыш-ұшақтарына қарсы соғысып, тойтарыс берген Жақыпбек Малдыбаевты әлі күнге дейін мойындамау миға қонбайды. Оған да «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілмеді. Ал қызыл әскерде ең көп әскери ұшу жасаған Қажытай Шалабаевты кеңес өкіметі ұмыт қалдырса да, ұрпағының жадынан өшпеуге тиіс еді. Ол 600-ден аса әуеге көтеріліп, ерлік жасаған. Не деген шеберлік, ерлік десеңізші? Ең қызығы, 200–300 рет көкке көтерілген ұшқыштарға екі мәрте, тіпті үш мәрте «Кеңес Одағының Батыры» беріліп жатқанда, біздің батырға бірде-бір атақ бұйырмаған. Танк бригадасын басқарған тұңғыш қазақ Қали Әлдибеков соғыста ерлікпен көз жұмған. Әйтсе де оған генерал атағы сол бойы берілмеген. 22 жасында ерлік көрсеткен теңіз флотының ержүрек батыры Жаппасбай Нұрсейітов пен атақты мерген Ыбырай Сүлейменов бір рет емес, бірнеше рет «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылған кепілдемелері тұр. Өкінішке қарай, оларға да лайықты құрмет көрсетілмей кетті.

– Тәуелсіздігіміз қолымызда тұр­ған­да батырлардың ерлігін дәріптеуге не кедергі?

– Қазақстан тарихшылары еш­қан­дай еңбек шығарып жатқан жоқ деп айта алмаймын. Тың деректерді шы­ғарып жатыр. Бірақ зерттелген дүние дұрыс қорытылмайды, өз дең­гейінде дәріптелмейді. Сол үшін Үкімет тарапынан тарихшыларға нақты бекітілген нұсқаулық берілуі керек. Бізде тарихшыларға барынша еркіндік берілген. Мемлекет тарихты басқаруы керек. Тарих – ұрпақты тәрбиелейтін ұлттық құрал. Ал ұлттық құралға ие бола алмасақ, ертеңгі жас ұрпақтың бойындағы ұлтшылдық қасиетті жоғалтып аламыз. Салдарынан әуесқой тарихшылар көбейіп кетеді. Ал олар тарихқа дұрыс баға беріп, қорыта алмайды. Сондықтан ұлттық тарихшылардың рөлін ұлғайту керек. Бұл мемлекеттің ғана қолынан келеді. Мысалы, Алаш Республикасын кеңестің құрамындағы автономия­лы рес­публика ретінде көрсетеміз. Бұл – ең бас­ты қателік. Сол кезеңде автономия деген сөздің мағынасы басқа болды. Сол себепті Алашорда үкіметін тәуелсіз мемлекет ретінде насихаттаудан сескенбеу керек. «Алаш автономиясы» деген терминді тілдік қорымыздан да, тарихымыздан да сызып, «Алаш Республикасы» деп оқыту керек. Одан қалса Алаш тарихын зерттеу­де әлі күнге дейін репрессияға ұшыраған ғана Алаш қайраткерлерін дәріптеуге тырысамыз. Бірақ олардың репрессиядан аман қалғандары да болды. Біз тек Ахмет, Әлихан, Міржақып, Мағжанмен шектеліп қалдық. Қазіргі оқулықтар Алаш қайраткерлерінің қызметі 1919–1920 жылдан кейін тоқтап қалғандай етіп көрсетеді. Ұлт үшін күресін тастамай, ұлт-азаттық қызметін жалғастырғандар туралы неге айтпаймыз? Алаш қайраткерлеріне құрбан ретінде қарауды қойып, оларды ұлттық намыстың туы ретінде дәріптеуге тиіспіз. Мысалы, Әлихан Бөкейханмен бірге Алашорданың басшылығына та­лас­­қан Бақтыгерей Құлмановтың қай­рат­­керлігі көлеңкеде қалып қойды. 12 тіл білген Ахмет Жұбановтың ағасы Құдайберген Жұбановты, Жұмақан Күдеринді неге айтпасқа? Әліби Жан­гел­динді де кеңес өкіметі кезінде дәріптеп, қазір жоққа шығарып жатырмыз. Кезінде Голощекинге қарсы шыққан оның да қазақ еліне жасап кеткен дүниесі бар. Жұрттың жайы үшін Голощекинге ашық қарсы тұрған Жалау Мыңбаевты терең айтпаймыз.

– Білген-тергеніңізді кітап қылып шығару ойыңызда бар ма? Алдағы мақсат қандай?

– Арманым – Қазақстан тарихының бала­ма­ оқулығын шығару. Мақсатымның жү­зе­ге асарын уақыт көрсетеді. Өйткені кі­тап басып шығаруға көп қаражат керек.

– Дерек пен дәйекті іздестірудің өзіне уақыттан бөлек, қаржылай қол­дау керек екенін білеміз. Қаржылық мәсе­лелерді қалай шешіп жатырсыз?

– Рас, көбіне жинаған қаражатыма жазғы демалыс кезінде аяғым жететін жерлерге барып, керекті кітаптар мен газет-журналдарды сатып алуға тырысамын. Отбасым да бұған түсіністікпен қарайды. Байқасаңыздар, әрбір бейне­шыға­рылымның астына жеке шотымды көр­се­темін. Сол жерге халық 100, 200 теңге болса да салып жатады. Жина­л­ған қаражат көп емес. Бірақ оқыр­ман­да­рым­нан жиналған әрбір тиын тарихымызды тану­ға тамшыдай көмегін тигізіп жатыр.

– Тарихшы ретінде сізді қандай мәселе толғандырып жүр? Өзекті сұрақ ретінде нені айтар едіңіз?

– Қазақстан тарихына қатысты бір көзқарас қалыптастыратын уақыт келді. Кемінде «қазақ» деген сөзде бір мәмілеге келуге тиіспіз. Мемлекет осы мәселеге кірісіп, ең көп дәлелі бар теорияны бекітіп берсін. Қазақ хандығының құрылған уақытына да мемлекет араласып, тарихымызды дәріптеуді нақты саннан бастайық. Ресей империясына қосылғанымыз туралы тарихи деректе де мәмілеге келген дұрыс. Өйткені жастардың миы ашып кетті. Балаларымыз 5-сыныпта басқа, 6-сыныпқа барғанда мүлде басқа оқулық оқиды. Әр оқу­лықта түрлі көз­қарас. Бұл бейберекет жал­ғаса беретін болса, балалардың тарихқа де­ген қызығушылығы жо­ғалады. Сондықтан мем­ле­кеттің тарих ғылы­мын біріз­ден­діруге араласатын кезі келді. Түркілер мен сақтардың байланысына дұрыс анықтама бере алмай келеміз. Мысалы, Үйсін мемлекеті осыдан 2000 жыл бұры өздерін «қазақпыз» деп атаған. Оған Қытайдың тарихи дәлелі бар. Ал біз оны да әлі күнге дейін айтудан қорқамыз. Өзбектер Әмір Темірді бірауыздан «өзбек» деп атап кетті. Басқалардың пікірі олар үшін маңызды болған жоқ. Әмір Темірдің туған күнін ұлттық мерекеге айналдырып жіберді. Жастарын солай тәрбиелеп жатыр. Бізде де ұлт қаһарманына айналдыратын тұлға баршылық. Мысалы, бүкіл мұсылман әлемі мойындаған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың қазақ жерінде туылғаны, топырағымызда жерленгені ақиқат. Енді неге қазақ екенін айтудан қорқамыз? Шыңғыс ханның қасында жүрген қаншама серігі қазақ елін құраған тайпалардан шыққан. Соларды неге дәріптемеске? Жан-жаққа жалтақтауды қойып, жас­тар бойындағы рухты ояту үшін ұлт қаһармандарымызбен мақтана алатындай күнге жетуіміз қажет. Қазақ билігі төл тарихын өз қолына алатын кез келді. Жастарымыз жаһандану заманында өзге өркениетке жұтылып кетпес үшін ұлт тарихынан сусындап өсуге тиіс.

 

Әңгімелескен –

Жадыра МҮСІЛІМ,

«Egemen Qazaqstan»