• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 16 Сәуір, 2024

ҚазҰПУ-ның жас ғалымдары 30-ға жуық жобаны іске асырып жатыр

217 рет
көрсетілді

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ғылыми зерттеулерді жүргізу және ғылыми кадрларды даярлау тәжірибесінің нәтижесінде Ғылым комитетінің қаржыландыруымен университет базасында жүзеге асып жатқан 55 жобаның 28-іне жас ғалымдар жетекшілік етіп келеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Осы жобалардың қатарында 1 - мақсатты қаржыландыру бағдарламасы бойынша, 5  - гранттық қаржыландыру, 4  - жас ғалымдарға арналған гранттық қаржыландыру бойынша және 22 - «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша жобалар іске асып жатыр. Ғылыми жобалармен Д.Алиасқаров, Н. Шакирова, Д.Билялов, Д.Сабирова, Н.Үсенов, А.Өмірбекова, М.Ревшанова, А.Сыздықбаева, Э.Жанысбекова, М.Әділов, Е.Оспанбеков, Б.Атабекова, А.Рысхан, А.Сабитқызы, Б.Байжігіт, А.Құттығалиева, Д.Асымова, Г.Рахимова, Ж.Өмірбекова, А.Бейкитова, Ж.Саметова, Д. Орынбаева, Н.Қонқабаева, Е.Тілеуберді, А.Сейілхан, Ы.Бақыткәрім, Д.Садирбекова, Ж. Жұмабаева сияқты жас ғалымдар айналысып жатыр.

Былтыр университет ғалымдары Scopus деректер базасында 244 және Web of Science базасында 123 мақала жарияласа, олардың жартысынан астамын дайындауға жас ғалымдар үлес қосқан. Соңғы жылдары университеттің жас ғалымдары бірнеше республикалық және халықаралық конкурстарда топ жарды. Бұл қатарда «ЖОО үздік оқытушысы» жеңімпаздары, «Талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия» иегерлері, «500 ғалым» бағдарламасы бойынша Болашақ халықаралық стипендиясы, Тұңғыш Президент қоры ұйымдастырған «Алтын тобылғы» бәйгесінің «Драматургия» номинациясы бойынша гран-при иегері бар.

Университеттің жас ғалымдары отандық және шетелдік консультативтік-кеңесшіл және қоғамдық ғылыми ұйымдарда белсенді жұмыс істеп келеді. Осылайша, еліміздің ғылым саласында болып жатқан өзгерістерге бейжай қарамай, ғылым саласындағы заңнамалық құжаттардың, мемлекеттік бағдарламалардың, ережелердің және тағы басқа нормативтік-құқықтық құжаттардың мазмұндарына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу, жас ғалымдардың құқықтарын қорғау, қоғамда ғылымды насихаттау және талантты жастарды ғылымға тарту сияқты жұмыстарда белсенділік танытып отыр.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының үздік 50 ПОҚ бас рейтингісіне жас ғалым, постдокторант Ербол Тілеуберді енді.

Осы жылы университеттің Жас зерттеушілер кеңесінің төрағасы – Шахислам Лайсханов Президент жанындағы ҰҒА Жас зерттеушілер кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. А.Сейілхан Ұлттық ғылыми кеңестің, Ә.Байбол Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан авторлары қоғамының белді мүшесі. Сонымен қатар жас ғалымдар «Қазақстан жас ғалым-педагогтар қауымдастығының» және «Дүниежүзі қазақ жас ғалымдар платформасының» мүшелігінде белсенді еңбек етіп келеді. Бұл деректер жас ғалымдардың отандық ғылыми қауымдастықтағы белсенділігін айғақтайды.

2022 жылы университет Ғылым департаменті жанынан «Жас зерттеушілер кеңесі» құрылып, консультативтік ұйымның құрамында белсенді 26 жас ғалым жұмыс істеп жүр. Кеңес қызметі жас зерттеушілердің өзара тәжірибе алмасу алаңын құру және олардың ғылыми жұмыстарына ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетуге бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ университеттің, оның ішінде жас зерттеушілердің ғылыми жетістіктері мен еңбектерін насихаттау арқылы ғылымды танымал етуге бағытталған. Жас зерттеушілер өз жұмыс жоспарына сәйкес университеттің алға қойған мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға өз үлестерін қосып келеді.