Сюрреалистік жанрда жазылған Сальвадор Далидің «Естің тұрақтылығы» деп аталатын картинасы көпшілікке белгілі туынды. Бұл бағытта картина жазатын суретшілердің қиялы ерекше ұшқыр, ойлары жүйрік болады. Сондықтан да шығар, пәлсапалық ойға толы тақырыптық картинаға көпшілік суретшінің көңілі ауа бермеген.
«Естің тұрақтылығы» атты картинаны Испанияның суретшісі Сальвадор Дали 1931 жылы салыпты. Әуелде көлемі 22х33 болатын шағын картинаны бәлендей пәлсапалық оймен бастамаған. Еріген ірімшікті көріп, қолына қылқалам ала салған көрінеді. Шығармашылық жұмысқа кіріскені сол, еріп бара жатқан ірімшікті сынаптай сырғыған уақытпен салыстырған. Оның сурет академиясына түскен кезден-ақ бағыты басқа еді. Қатарластарынан қиялы ұшқыр, ойлау қабілеті өзгеше болыпты. Өзіне сабақ беретін ұстаздармен пікірі қарама-қайшы келе берген соң оқудан шығып, тұңғыш рет Парижге аттанған. Ондағы мақсаты, өзіне тән стиль табу. Бейнелеу өнерінде өзгеден ерекшеленгісі келгенін өзі де жасырмаған. Сөйтіп, Пабло Пикассомен танысып, шеберлігін шыңдаған. Онымен бірлесе жүріп, 1929 жылы дауыссыз фильм шығарды. Қысқаметрлі фильм Париж жұртына ғана ұсынылыпты. Араға екі жыл салып, сюрреализм жанрындағы «Естің тұрақтылығы» атты картинасын жазып шыққан. Картинаға терең үңілсеңіз, әр деталь мағынаға ие. Әлбетте, әркім әртүрлі көріп, өзінше ой түйетін шығар. Алайда өнертанушылардың ой-пікірі шынайылыққа, нақтылыққа жетелейді.
Шағын картина. Ортада шығармаға арқау болған ірімшік бейнесі дерсіз. Дұрысы, терезенің алдында күнге балқыған ірімшік. Бір жағынан көзге елеусіз қарапайым заттан сұлулық көрген суретшінің өмірге деген құштарлығын, іңкәрлігін байқауға болады. Алайда ортадағы ноқатты суретші өзінің автопортреті ретінде бейнелепті. Суретке зер салсаңыз, кірпіктері айқаса ұйықтап жатқан Сальвадор Далидің автопортреті. Бір қарап, ақ көрпенің астында жатыр деп те ойлап қалуыңыз мүмкін. Туындыдағы элементтердің дені қоңыр фонға бейнеленген. Арғы планда ғана шексіз теңіз аспанмен астасып жатыр. Одан бері етегін толқын тепкілеген жағалаудағы жарқабақ мұнартады. Ортаға суретші өзін ұйқыдағы кейіпте бейнелеп, үстіне балқыған сағатты қондырған. Картинадан балқып бара жатқан сағаттың тағы үшеуін көруге болады. Оның бірі қураған ағаштың состиған бұтағына ілінген де, екіншісі төмендегі төрт қырлап ойылған жерде бейнеленген. Оның жанында ери қоймаған сағаттың сынығы және жатыр. Ерекше картинаға көз тоқтатпай өте шығу мүмкін емес. Астар іздеп, суретшінің жан дүниесін ақтарып салғың келеді. Қарап отырсақ, автордың ғана емес, тұтас бір әлемнің құбылысы көрсетілген туынды. Сайып келгенде, әркім бағасына жете алмай жүрген – уақыт. Уақыт – өмір. Сексеннің сеңгірінен асып барып, дүниеден өткен Сальвадор Далидің артында жүздеген картинасы, көптеген мүсіні қалды. Мультфильм жанрының майталманы Уолд Диснеймен кино саласында да елеулі еңбек етті. Одан басқа түрлі кәмпит қағаздарының дизайнын жасады. Ал шығармашылық жұмыстарының көбі Нью-Йорктегі өнер музейінде сақталған. Аталған картинадан басқа сюрреализм бағытындағы «Түс», «Отқа оранған жираф», «Аққулардың піл болып түскен бейнесі» сынды көптеген жұмысы бар. Дегенмен суретші, жазушы Сальвадор Дали ғұмырын өнерге арнағанымен, «Естің тұрақтылығы» атты әйгілі картинасында өзін ұйқыдағы кейіпте бейнелеуінде не сыр бар дерсіз. Бәлкім, өзінің еңбекқорлығына, шығармашылығына көңілі толмаған шығар. Өзін бейнелей отырып, тоқтауы жоқ өмірде көпшіліктің бейғам жатқандығын көрсеткісі келді ме? Рас, көптеген істі ертеңге қалдыратынымыз, қалдырып жүріп ұмыт болып кететіні жасырын емес. Алтын уақыттың қадіріне жете алмай жүргеніміз де шындық. Өмірді өтпестей көретініміз бар.
Картинаға қараңызшы, анау солған ағаштың өзімен-ақ өмірдің өлшеулі екенін көрсетіп тастаған. Ағаш қурағанымен, әлемнің ештеңесі кетпейді. Ол ойын анау жатқан көк теңіз бен зеңгір аспан арқылы айтқан. Мейлі, кім болсын, дүниеден өткенімен, мына әлем, мына адамдар бәз-баяғы кейіпте тіршілік ете бермек. Иә, қалай дегенмен, уақыт шіркін өз дегенін алады. Жер барда, әлем барда Сальвадор Далидің бұл картинасы мағынасы мен құндылығын жоғалтпақ емес. Енді картинадан көзіңізді алып, жан-жағыңызға бір қараңызшы, уақытыңыз ірімшіктей балқып бара жатқан жоқ па?