• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 20 Сәуір, 2024

Қарым-қатынастың алтын арқауы – еншісі бөлінбеген бауырластық

159 рет
көрсетілді

Кеше Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Қырғыз Республикасының Президентін Ақордада салтанатты жағдайда қарсы алды. Келіссөз алдында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұраны шырқалды.

Ықпалдастық мәселесі талқыланды

Бұдан кейін Президенттер шағын құ­рамда келіссөз жүргізді. Өз кезе­гінде Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қыр­ғыз Республи­касы Президенті сапарының екі тарап үшін де мән-маңызы айрықша екенін атап өтіп: «Бүгін біз одақтастық қа­тынастарды нығайту және кеңейту туралы тарихи ке­лісімге қол қоямыз. Осы маңызды құжат қазақ-қырғыз байланыстарының дамуына тың серпін беретініне сенімдімін. Ел аузында «Қырғыз бен қазақтай бір-біріне жақын халық жоқ» деген сөз бар. Бұл – дұрыс айтылған тұжырым», деді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанның бұрын-соңды болмаған су тасқынымен күресіп жат­қанына тоқталды. Осындай қиын-қыстау кезде гуманитарлық көмек көрсеткені үшін Қыр­ғыз­ Республикасының Президентіне және бар­ша қырғыз халқына алғысын білдірді.

Бүгінде қазақ-қырғыз қатынастары қарқынды дамып келе жатыр. Президент­тің пікірінше, бұған белсенді саяси диалог, үкіметаралық және парламентаралық тығыз байланыстар ерекше серпін беріп отыр. Екіжақты сауда-экономикалық ынты­мақтастық жылдан-жылға нығайып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 1,5 мил­лиард долларға жетіп, 26 па­­йызға өскен. Алдағы уақытта алыс-беріс кө­лемін 2 миллиард долларға жет­кізу үшін бола­шағы зор бірқатар жоба қолға алынған. Маңыз­дысы, сауда-эконо­микалық саладағы уағда­лас­тықтар өз деңгейінде орындалып жатыр.

Сонымен қатар келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарға да назар аударылды.

– Өзара мәдениет күндерін өткізу игі дәстүрге айналды. Жастар арасындағы ықпалдастық күшейді. Білім беру саласында тәжірибе алмасып жатырмыз. Бүгін өзіңізбен бірге Астанада әйгілі Манастың ескерткішін ашамыз. Осының бәрі қазақ-қырғыз қарым-қатынасы жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Біз оны жаңа белеске көтеруге мүдделіміз, – деді Мемлекет басшысы. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекет арасындағы дәстүрлі достық пен татукөршілік қатынастарды нығайтуға қосқан Қырғыз басшысының үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді. Өз кезегінде Садыр Жапаров қырғыз делегациясына қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстан тарапына ризашылығын білдірді.

–  Қазақстан  –  біздің ең жақын көр­шіміз. Сыртқы саясатымызда ерекше артық­шылықтарға ие болған бауырлас мемлекет әрі негізгі сауда серіктестеріміздің бірі. Екі ел арасында ешқандай саяси, аймақ­тық қайшылық жоқ. Мемлекет бас­шысы лауазымына келгелі бері қыр­ғыз-қазақ қарым-қатынасы болсын, халық­аралық құрылымдарда болсын, маған қолдау көрсетіп келесіз. Біз бауырлас қазақ халқына су тасқыны салдарынан туындаған қиын кезде қолдан келген көмекті беруге дайынбыз. Екі елді ға­сыр­лар бойы жалғасып келе жатқан достық, бауырластық, тату көршілік байланыстар, сондай-ақ ортақ мәдени, рухани және діни құндылықтар бірік­тіреді. Өзара ынты­мақтас­ты­ғы­мыз бен стратегиялық серіктес­тігіміздің одан әрі нығая беретініне сенімдімін, – деді Садыр Жапаров.

Бұдан бөлек, келіссөз барысында тараптар саяси, көлік-транзиттік, энерге­тикалық салалардағы өзара ықпалдас­тықты нығайту мәселелерін талқылап, өңірлік және халық­аралық күн тәртібін қарастырды.

 

Стратегиялық байланыс рухы

Бұдан соң екі ел басшыларының төраға­­лығымен Қазақстан мен Қыр­ғыз Республикасының Жоғары мемлекет­аралық кеңесінің алтыншы отырысы өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ-қырғыз қатынастары стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатыр. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз одақтастық байланысты нығайтуды қолға алдық. Бүгін  тарихи келісімге қол қоямыз. Осы маңызды құ­жат қазақ-қырғыз қатынастарының дамуына тың серпін беретініне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан біз бұл келісімге үлкен үміт артып отырмыз. Оған біздің мүмкіндігіміз де, ынта-жігеріміз де жет­кілікті. Жоғары мемлекетаралық кеңестің отырысы ынтымақтастық аясын кеңейтуге жол ашады деп санаймыз», деді.

Сондай-ақ Президент бірлескен отырыс барысында екі ел ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланатынын айтты. Ал бұл уақыт сынағынан өткен ықпал­дастығымыздың болашағы зор еке­ніне сенім отын ұялатып қана қоймай, бұл бағытта бір кісідей күш жұмылдыруды қажет етеді. Осы орайда Мемлекет бас­­шысы жоғары мем­лекетаралық кеңес­­тің жұмысы қазақ-қырғыз қарым-қаты­настарын дамытуға ерекше серпін бе­ретініне сенім білдірді.

Жиында Қырғыз Республикасының Президенті сан алуан бағыт бойынша серіктестікті одан әрі нығайту маңызды екенін жеткізді. «Келіссөздердің дәстүрлі одақтастық және стратегиялық байланыс рухында өтіп жатқаны қуантады. Қырғызстан Қазақстанмен екіжақты байланыстарды тереңдетуге бағытталған сыртқы саясат жүргізіп отыр. Бір-бірімізді қолдап, келешекті ойлап, барлық мәселені бірлесіп шешкен дұрыс деп санаймын. Қырғызстанның атқарушы билік органдары екі ел арасындағы Жоғары мемлекет­аралық кеңестің шешімдерін іске асыру үшін тиісті шараларды жүзеге асырып жатыр. Бүгінгі кездесулеріміз екі елдің өзара ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенімдімін», деді Садыр Жапаров.

Президенттер бүгінгі талқылаулардың табысты болғанын, екіжақты ықпалдас­тықтың басымдықтары мен алдағы мін­деттері айқындалғанын атап өтті. Қос елдің басшысы Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы қатынастарды мүлде жаңа деңгейге көтеруге өзара ниетті екенін айтты. Сонымен қатар жиын барысында сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалар­дағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.

Жиында Қазақстан Премьер-министрі­нің орынбасары Серік Жұман­ғарин, Қырғыз Республикасы Министрлер каби­неті төрағасының бірінші орынбасары Адылбек Касымалиев, Қазақстанның Көлік министрі Марат Қарабаев, Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік жөнін­дегі мемлекеттік комитеті төрағасының бірінші орынбасары – Шекара қызметінің директоры Уларбек Шаршеев, Қа­зақ­­станның Энергетика министрі Ал­масадам Сәтқа­лиев, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұр­жігітов, Қырғыз Республикасы Энер­гетика министрлігінің бірінші орынбасары Назгүл Усенова, Қырғыз Республикасы Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және өңдеуші өнеркәсіп министрінің орынбасары Алмазбек Сокеев, Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Максутов сөз сөйледі.

 

Болашаққа бірге қадам басамыз

Жиын соңы қос халықтың арасын­дағы мәдени-рухани байланысты паш еткен рәсіммен жал­ғасты. Мемлекет басшысы Қыр­ғыз Республикасы Президенті Садыр Жапаровты І дәрежелі «Достық» орде­німен марапаттады. Салтанатты рәсім ба­рысында Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың екіжақты қарым-қатынас­тарды дамытуға және нығайтуға зор үлес қосып отырғанын атап өтті.

– Қырғыз Республикасы – біздің ежел­ден еншісі бір, тамырлас туысымыз. Ең жақын әрі сенімді стратегиялық серік­тесіміз. Қос халықтың бауырластығы – өзара тиімді қарым-қатынастың алтын ар­қауы. Бұл іске Сіз зор үлес қосып келесіз. Мен оны жоғары бағалаймын, – деді Президент. Сондай-ақ Мемлекет бас­шысы Қазақстан Қырғыз елімен стра­тегиялық әріптестік пен одақтастыққа негіз­делген ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, біз болашаққа бірге қадам басамыз. Мәңгілік достығымыз бен мызғымас бауырластығымыз жалғаса бермек.

– Сіз халықтарымыз арасындағы өзара тиімді байланыстарды нығайтуға зор еңбек сіңірдіңіз. Мен осыны ескере отырып, Сізді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – ерекше құрмет пен шынайы ризашылықтың белгісі. Осы марапат екі елдің қарым-қатынасын одан әрі дамытуға ықпал етеріне сенімім мол. Қазақстан мен Қырғыз Республикасының достығы мәңгі жалғаса берсін! – деді Мемлекет басшысы. Ал Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа шын жүректен алғыс айтып, екі ел ара­сындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайтуға бар күш-жігерін салуға дайын екенін жеткізді.

 

Тарихи келісім

Бұдан кейін екіжақты келіссөздер мен Жоғары мемлекетаралық кеңес отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан және Қырғыз Республикасының прези­денттері бұқаралық ақпарат құрал­дары үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Алдымен сөз кезегін алған Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасы басшысының бұл жолғы сапарының екі ел үшін мән-маңызы зор екеніне назар аударып, тарихи келісімге қол қойылғанын мәлімдеді:

– Бұл – Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтастық қатынастарды нығайту және кеңейту туралы шарт. Осы құжат өзара байланыстарды одан әрі дамытуға жол ашады. Екі елдің мүд­десіне толық сай келеді. Яғни ғасырлар бойы қалыптасқан бауырластық байланысты сақтауға мүмкіндік береді. Елдеріміздің дәстүрлі достық және тату­көршілік қатынастарын нығайтуға Садыр Нургожоевич зор үлес қосты. Сол үшін қадірлі әріптесіме алғыс айтамын, – деді.

Президенттің айтуынша, тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жөнінде жан-жақты пікір алмасып, нақты әрі маңызды келісімдерге қол жеткізген. Бұл бойынша, қос тарап бауырлас екі ел арасында шешімін таппаған түйткілді мәселе болмауы керек деген ортақ байламға келген. Сонымен бірге сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән беріліп отыр. Себебі Қазақстан – Қырғыз Республикасының сау­да және инвестиция саласындағы негізгі серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1,5 миллиард долларға жетсе, ендігі жерде тараптар келіссөздер барысында бұл көрсеткішті 2 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр. Жалпы, өзара сауда айналымын қысқа мерзімде едәуір арттыруға мүмкіндік бар екені де айтылды. «Біз өнеркәсіп өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайынбыз. Қазақстан Қырғызстанға қазірдің өзінде 195 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайта алады. Оның жалпы құны – 260 миллион доллар. Қырғыз елінің де Қазақстанға шығаратын өнімдері аз емес», деді Мемлекет басшысы. Бұл орайда қолда бар мүмкіндікті барынша пайдалану, әсіресе, Үкіметаралық кеңес пен Аймақаралық форумның жұмысын жандандыру, шекарада салынып жатқан Сауда-логистикалық индустриялық ке­шенді тез арада іске қосу жөнінде уағда­ластыққа қол жеткізілген.

Бұдан бөлек, келіссөздер барысында агроөнеркәсіп секторындағы мүм­кіндіктер жан-жақты талқыланды.

– Былтыр екі мемлекеттің осы саладағы тауар айналымы 10 пайызға артып, 300 миллион долларға жетті. Біздің елдеріміз үшін өнім көлемін ұлғайту, бірлескен кәсіп­орындар ашу, ғылыми-зерттеу инс­титуттары арасында байланыс орнату өте маңызды. Осы орайда екі елдің Үкіметіне Жол картасын қабылдау туралы тапсырма берілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президенттің айтуынша, қазақ инвесторлары қырғыз экономикасының маңызды секторларын дамытуға үлес қосып келеді. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қазақстан кәсіп­керлерінің қаржысына Ыстықкөл облысында күн энергиясы стансасын салу жоспарланғанын, сондай-ақ Жалал-Абад облысында ферроқорытпа зауытын салу жөнінде келіссөз жүріп жатқанын мысалға келтірді.

 

Алыс-берісті жандандыру – маңызды міндет

«Бірлескен кәсіпорындар тиімді жұмыс істеу үшін қолайлы жағдай жасауға келістік. Осы орайда бүгін Өзара инвестицияларды қорғау жөнінде келісімге қол қойылды. Оған өздеріңіз куә болдыңыздар. Сондай-ақ электронды үкімет жүйесін енгізуге және дамытуға уағдаластық. Экономиканы цифрландыру үшін тәжірибе алмасу және ақпарат саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы келістік. Екі ел арасындағы алыс-берісті жандандыру – маңызды міндеттің бірі. Осы орайда шекара арқылы жүк өткізу мүмкіндігін арттыру және оны рәсімдеуді жетілдіру үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Мысалы, еліміз «Қарасу», «Бесағаш», «Аухатты», «Сартөбе» «Айша бибі», «Сыпатай батыр», «Кеген» бекеттерін жаңғыртуға кірісті. Осы бекеттердің бәрінде цифрлық технология енгізіледі. Бұл ауқымды жұмысты 2028 жылға дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев, су-энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестіру маңыздылығына да ерекше тоқталды.

– Кейінгі жылдары трансшекаралық су ресурстарын тиімді әрі әділ пайдаланудың өзектілігі арта түсті. Осы орайда өзара үйлесімді жұмысты жалғастырамыз деп келістік. Бұл бағыттағы түйткілдерді тезірек шешу үшін бірлескен шаралар қабылдау қажет. Сондықтан мемлекет­аралық су шаруашылығы құрылым­дарының жұмыс кестесін жақын арада бекітуге және оны уақтылы орындауға уағдаластық. Қазақстан барлық міндет­темені толық орын­дауға және маңызды жобаларды бір­лесе іске асыруға дайын, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, жоғары мемлекетаралық кеңес барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарға да баса мән берілген. Осы күндері Астанада өтіп жатқан мәдени шаралар ортақ рухани құндылықтарымызды одан әрі байыта түсері сөзсіз.

– Бауырлас екі елді жақындастыратын құндылықтардың тамыры тереңде жатыр. Халықтарымыздың тарихи, мәдени және рухани бастауы да – ортақ. Жамбыл мен Тоқ­тағұлдың, Кенен мен Османқұлдың шынайы достығы қазақ пен қырғыз қатынасын нығайта түсті. Қырғыз даласында туып, екі елге бірдей еңбегі сіңген азаматтар аз емес. Қазақ қаламгерлері «Адамзаттың Айтматовы» деп атап кеткен заңғар жазушының шығармасын оқымаған адам кемде-кем. Толомуш Өкеев, Болот Шамшиев, Сүйменқұл Чокморов сынды қырғыз киносының көрнекті өкілдері Мұхтар Әуезовтің туындыларын экранға шығаруға елеулі үлес қосты. Қырғыз мемлекеттілігінің негізін қалауға зор еңбек сіңірген Абдыкерим Сыдықов, Қасым Тыныстанов сынды тұлғалар Алаш идеясына адал болды. Әлемдегі ең көлемді эпос ретінде танылған «Манас» жыры – күллі түркі жұртының құнды қазы­насы. Манас – бауырлас қырғыз халқының берекелі бірлігінің символы. Өздеріңізге мәлім, осыдан үш жыл бұрын Бішкекте Абайдың, ал Астанада Манас пен Шыңғыс Айтматовтың ескерткіштерін орнату туралы мәмілеге келдік. Осыған орай бүгін Елорда төрінде әйгілі Манасқа арналған ескерткіш ашылады. Ортақ тарихымызға құрмет көрсетіп, Қырғыз Республикасының мәдени мұрасын паш еткені үшін Садыр Нургожоевичке және барша қырғыз халқына ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, екі елдің мәдени-гуманитарлық, туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастығы табыс­ты жүзеге асып келеді. Атап айтқанда, Бішкекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы, Ош қаласында Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бөлімшесі жұмыс істей бастады. Бұдан бөлек, Қазақстан Үкі­меті қырғыз студенттері үшін 50 грант бөліп отыр. Мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту үшін жыл сайын екі ел зиялыларының форумы да тұрақты өтіп келеді.

 

Жеті құжатқа қол қойылды

Сондай-ақ Мемлекет басшысы екі елдің халықаралық түйткілді мәселелерге қатысты ұстанымдары ортақ екенін атап өтіп, келіссөз барысында Орталық Азиядағы ықпалдастықты тереңдетуге назар аударылғанын жеткізіп:

– Биыл Астанада өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті 6-шы Консультативтік кездесуіне белсене атсалысуға уағдаластық. Қазақстанның бірқатар халықаралық ұйымның төраға­сы ретінде көтерген бастамаларын қол­дағаны үшін қырғыз бауырларға ризашы­лық білдіреміз. Бүгінгі сапар екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетіні анық, – деді.

Өз кезегінде Садыр Жапаров Астанаға ресми сапармен келуге шақырып, қырғыз делегациясына көрсетіліп жатқан меймандостық сый-құрметі үшін алғыс айтты. Қырғыз Президенті бүгінгі кездесу екі мемлекет арасындағы одақтастық және стратегиялық серіктестікті мүлдем жаңа деңгейге шығаруға әрі оның мазмұнын байытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

– Біз құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлымен бірге саяси-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық мәселелерді кеңінен талқыладық. Жоғары мемлекетаралық кеңестің кезекті жиынын өткізіп, өзара серіктестігімізді нығайтуға және күн тәртібіндегі мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік. Бүгінгі келіссөздердің нәтижесінде екі елдің түпкі мүдделеріне сай келетін одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту жөніндегі келісімге қол қойдық. Экономика, сауда, инвестиция және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынты­мақтастығымызды одан әрі өркендету, көлік және коммуникация, цифр­ландыру бағыттарында бірлескен жобаларды іске асыру, аймақтағы су-энергетика ресурстарын бірлесе тиімді пайдалану мәселелерін қарастырдық, – деді Садыр Жапаров.

Қырғыз елінің басшысы Астанаға ресми сапары қарсаңында өткен Қазақстан-Қырғызстан бизнес-форумы шеңберінде, сондай-ақ былтыр Таразда өткен қос мемлекеттің Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында іскерлік байланыс­тар нығайып, маңызды инвестициялық келісімдер жасалғанын айтты. Сонымен қатар келесі Өңіраралық ынтымақтастық форумы биыл Қырғыз жерінде өтетінін жеткізді.

Мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесінен кейін екіжақты келіс­сөздің, сондай-ақ Қазақстан мен Қыр­ғыз Республикасының Жоғары мемлекет­аралық кеңесі алтыншы отырысының қоры­тындысы бойынша мынадай құжат­тарға қол қойылды.

1.Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шарт;

Қазақстан Республикасының және Қырғыз Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесінің алтыншы отырысының шешімі; Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім; 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттама; Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы Жеке деректерді қорғау жөніндегі мемлекеттік агенттігі арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум; Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы Мемлекеттік сәулет, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігі арасындағы Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум; Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасында автомобиль өткізу пункттерін дамыту жөніндегі 2024-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары (Жол картасы).

 

Манас жыры – тұтас түркі жұртының қазынасы

Түстен кейін Қазақстан мен Қырғыз Республикасының президенттері Астанадағы Айкөл Манас ескерткішінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Мемлекет басшысы шарада сөйлеген сөзінде елордада мұндай еңселі ескерт­кіштің бой көтеруі, ең алдымен, қазақ халқының қырғыз ағайынға деген риясыз құрметінің белгісі екенін атап өтіп: «Екі жыл бұрын Бішкекте ұлы Абайдың ескерткіші ашылғанын білесіздер. Мен сол іс-шараға арнайы барып қатыстым. Мұндай игі бастамалар екі елдің достық байланысын нығайта түсері сөзсіз», деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев мыңжылдық тарихы бар Манас жырын барша адамзат руханиятында өзіндік орны бар бірегей мұра ретінде атап өтіп, оны тек қырғыз халқының ғана емес, тұтас түркі жұртының баға жетпес қазынасы деген бағасын берді. – Әйгілі жырдың заман сынағынан аман өтіп, бүгінгі күнге жетуіне қазақ ғалымдары зор үлес қосқан. Осы орайда Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сияқты біртуар тұлғаларды атап өтуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен бірге Қазақстан Президенті екі елдің мәдени мұраларының тамыры бір екеніне назар аударып, қазақ пен қырғыздың әйгілі тұлғалары қай кезде де өзара тілектес, ниеттес болғанына тоқталды. Мемлекет басшысы еліміздегі су тасқынына қарсы күресте көмек қолын созған барша қырғыз жұртына қазақ елінің атынан тағы да зор ризашылығын білдірді.

– Бас қаламызда бой көтерген осы сәулет туындысы түбі бір түркі жұртының бірлігін көрсетеді. Бұл – Манасқа ғана емес, қазақ пен қырғыздың мәңгілік бауырластығына қойылған ескерткіш. Мен екі елдің достығы ешқашан мызғымайды деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров та Манас жыры қырғыз халқының тарихи және рухани мұрасына айналғанын атап өтіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткеніне тоқталды.

– Дүниежүзілік ауыз әдебиетінің ең ұлы туындысы болған Манас эпосын зерттеуде қазақ халқының біртуар тұлғаларының қосқан үлесі зор екенін айту – тарихи әділеттілік. Бұл орайда талантты зерттеуші Шоқан Уәлиханов Манас эпосына қызығып, қағаз бетіне түсіріп, ғылыми айналымға енгізді. Сондай-ақ ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің Манас туралы алғашқы монографиялық еңбек жазғаны қазақ-қырғыз арасында кеңінен мәлім. Сондықтан бүгін Қырғызстан мен Қазақстан қарым-қатынасындағы тарихи күн. Айкөл Манас ескерткішінің қазақ жерінде ашылуы екі елдің ба­уыр­ластығын тағы бір мәрте дәлелдеді, – деді Қырғыз басшысы. Сондай-ақ Садыр Жапаров та барша қырғыз елінің атынан Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Айкөл Манас ескерткішін ашуға үлес қосқан азаматтарға ризашылығын білдірді.

Салтанатты іс-шараға Қырғызстанның ресми делегация мүшелері және екі елдің зиялы қауым өкілдері қатысты.