Кеше Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Қырғыз Республикасының Президентін Ақордада салтанатты жағдайда қарсы алды. Келіссөз алдында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұраны шырқалды.
Ықпалдастық мәселесі талқыланды
Бұдан кейін Президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасы Президенті сапарының екі тарап үшін де мән-маңызы айрықша екенін атап өтіп: «Бүгін біз одақтастық қатынастарды нығайту және кеңейту туралы тарихи келісімге қол қоямыз. Осы маңызды құжат қазақ-қырғыз байланыстарының дамуына тың серпін беретініне сенімдімін. Ел аузында «Қырғыз бен қазақтай бір-біріне жақын халық жоқ» деген сөз бар. Бұл – дұрыс айтылған тұжырым», деді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанның бұрын-соңды болмаған су тасқынымен күресіп жатқанына тоқталды. Осындай қиын-қыстау кезде гуманитарлық көмек көрсеткені үшін Қырғыз Республикасының Президентіне және барша қырғыз халқына алғысын білдірді.
Бүгінде қазақ-қырғыз қатынастары қарқынды дамып келе жатыр. Президенттің пікірінше, бұған белсенді саяси диалог, үкіметаралық және парламентаралық тығыз байланыстар ерекше серпін беріп отыр. Екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық жылдан-жылға нығайып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 1,5 миллиард долларға жетіп, 26 пайызға өскен. Алдағы уақытта алыс-беріс көлемін 2 миллиард долларға жеткізу үшін болашағы зор бірқатар жоба қолға алынған. Маңыздысы, сауда-экономикалық саладағы уағдаластықтар өз деңгейінде орындалып жатыр.
Сонымен қатар келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарға да назар аударылды.
– Өзара мәдениет күндерін өткізу игі дәстүрге айналды. Жастар арасындағы ықпалдастық күшейді. Білім беру саласында тәжірибе алмасып жатырмыз. Бүгін өзіңізбен бірге Астанада әйгілі Манастың ескерткішін ашамыз. Осының бәрі қазақ-қырғыз қарым-қатынасы жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Біз оны жаңа белеске көтеруге мүдделіміз, – деді Мемлекет басшысы. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекет арасындағы дәстүрлі достық пен татукөршілік қатынастарды нығайтуға қосқан Қырғыз басшысының үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді. Өз кезегінде Садыр Жапаров қырғыз делегациясына қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстан тарапына ризашылығын білдірді.
– Қазақстан – біздің ең жақын көршіміз. Сыртқы саясатымызда ерекше артықшылықтарға ие болған бауырлас мемлекет әрі негізгі сауда серіктестеріміздің бірі. Екі ел арасында ешқандай саяси, аймақтық қайшылық жоқ. Мемлекет басшысы лауазымына келгелі бері қырғыз-қазақ қарым-қатынасы болсын, халықаралық құрылымдарда болсын, маған қолдау көрсетіп келесіз. Біз бауырлас қазақ халқына су тасқыны салдарынан туындаған қиын кезде қолдан келген көмекті беруге дайынбыз. Екі елді ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық, бауырластық, тату көршілік байланыстар, сондай-ақ ортақ мәдени, рухани және діни құндылықтар біріктіреді. Өзара ынтымақтастығымыз бен стратегиялық серіктестігіміздің одан әрі нығая беретініне сенімдімін, – деді Садыр Жапаров.
Бұдан бөлек, келіссөз барысында тараптар саяси, көлік-транзиттік, энергетикалық салалардағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселелерін талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібін қарастырды.
Стратегиялық байланыс рухы
Бұдан соң екі ел басшыларының төрағалығымен Қазақстан мен Қырғыз Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесінің алтыншы отырысы өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ-қырғыз қатынастары стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатыр. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз одақтастық байланысты нығайтуды қолға алдық. Бүгін тарихи келісімге қол қоямыз. Осы маңызды құжат қазақ-қырғыз қатынастарының дамуына тың серпін беретініне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан біз бұл келісімге үлкен үміт артып отырмыз. Оған біздің мүмкіндігіміз де, ынта-жігеріміз де жеткілікті. Жоғары мемлекетаралық кеңестің отырысы ынтымақтастық аясын кеңейтуге жол ашады деп санаймыз», деді.
Сондай-ақ Президент бірлескен отырыс барысында екі ел ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланатынын айтты. Ал бұл уақыт сынағынан өткен ықпалдастығымыздың болашағы зор екеніне сенім отын ұялатып қана қоймай, бұл бағытта бір кісідей күш жұмылдыруды қажет етеді. Осы орайда Мемлекет басшысы жоғары мемлекетаралық кеңестің жұмысы қазақ-қырғыз қарым-қатынастарын дамытуға ерекше серпін беретініне сенім білдірді.
Жиында Қырғыз Республикасының Президенті сан алуан бағыт бойынша серіктестікті одан әрі нығайту маңызды екенін жеткізді. «Келіссөздердің дәстүрлі одақтастық және стратегиялық байланыс рухында өтіп жатқаны қуантады. Қырғызстан Қазақстанмен екіжақты байланыстарды тереңдетуге бағытталған сыртқы саясат жүргізіп отыр. Бір-бірімізді қолдап, келешекті ойлап, барлық мәселені бірлесіп шешкен дұрыс деп санаймын. Қырғызстанның атқарушы билік органдары екі ел арасындағы Жоғары мемлекетаралық кеңестің шешімдерін іске асыру үшін тиісті шараларды жүзеге асырып жатыр. Бүгінгі кездесулеріміз екі елдің өзара ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенімдімін», деді Садыр Жапаров.
Президенттер бүгінгі талқылаулардың табысты болғанын, екіжақты ықпалдастықтың басымдықтары мен алдағы міндеттері айқындалғанын атап өтті. Қос елдің басшысы Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы қатынастарды мүлде жаңа деңгейге көтеруге өзара ниетті екенін айтты. Сонымен қатар жиын барысында сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Жиында Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин, Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті төрағасының бірінші орынбасары Адылбек Касымалиев, Қазақстанның Көлік министрі Марат Қарабаев, Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының бірінші орынбасары – Шекара қызметінің директоры Уларбек Шаршеев, Қазақстанның Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Қырғыз Республикасы Энергетика министрлігінің бірінші орынбасары Назгүл Усенова, Қырғыз Республикасы Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және өңдеуші өнеркәсіп министрінің орынбасары Алмазбек Сокеев, Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Максутов сөз сөйледі.
Болашаққа бірге қадам басамыз
Жиын соңы қос халықтың арасындағы мәдени-рухани байланысты паш еткен рәсіммен жалғасты. Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасы Президенті Садыр Жапаровты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Салтанатты рәсім барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға және нығайтуға зор үлес қосып отырғанын атап өтті.
– Қырғыз Республикасы – біздің ежелден еншісі бір, тамырлас туысымыз. Ең жақын әрі сенімді стратегиялық серіктесіміз. Қос халықтың бауырластығы – өзара тиімді қарым-қатынастың алтын арқауы. Бұл іске Сіз зор үлес қосып келесіз. Мен оны жоғары бағалаймын, – деді Президент. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан Қырғыз елімен стратегиялық әріптестік пен одақтастыққа негізделген ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, біз болашаққа бірге қадам басамыз. Мәңгілік достығымыз бен мызғымас бауырластығымыз жалғаса бермек.
– Сіз халықтарымыз арасындағы өзара тиімді байланыстарды нығайтуға зор еңбек сіңірдіңіз. Мен осыны ескере отырып, Сізді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – ерекше құрмет пен шынайы ризашылықтың белгісі. Осы марапат екі елдің қарым-қатынасын одан әрі дамытуға ықпал етеріне сенімім мол. Қазақстан мен Қырғыз Республикасының достығы мәңгі жалғаса берсін! – деді Мемлекет басшысы. Ал Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа шын жүректен алғыс айтып, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайтуға бар күш-жігерін салуға дайын екенін жеткізді.
Тарихи келісім
Бұдан кейін екіжақты келіссөздер мен Жоғары мемлекетаралық кеңес отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан және Қырғыз Республикасының президенттері бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жасады.
Алдымен сөз кезегін алған Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасы басшысының бұл жолғы сапарының екі ел үшін мән-маңызы зор екеніне назар аударып, тарихи келісімге қол қойылғанын мәлімдеді:
– Бұл – Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтастық қатынастарды нығайту және кеңейту туралы шарт. Осы құжат өзара байланыстарды одан әрі дамытуға жол ашады. Екі елдің мүддесіне толық сай келеді. Яғни ғасырлар бойы қалыптасқан бауырластық байланысты сақтауға мүмкіндік береді. Елдеріміздің дәстүрлі достық және татукөршілік қатынастарын нығайтуға Садыр Нургожоевич зор үлес қосты. Сол үшін қадірлі әріптесіме алғыс айтамын, – деді.
Президенттің айтуынша, тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жөнінде жан-жақты пікір алмасып, нақты әрі маңызды келісімдерге қол жеткізген. Бұл бойынша, қос тарап бауырлас екі ел арасында шешімін таппаған түйткілді мәселе болмауы керек деген ортақ байламға келген. Сонымен бірге сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән беріліп отыр. Себебі Қазақстан – Қырғыз Республикасының сауда және инвестиция саласындағы негізгі серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1,5 миллиард долларға жетсе, ендігі жерде тараптар келіссөздер барысында бұл көрсеткішті 2 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр. Жалпы, өзара сауда айналымын қысқа мерзімде едәуір арттыруға мүмкіндік бар екені де айтылды. «Біз өнеркәсіп өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайынбыз. Қазақстан Қырғызстанға қазірдің өзінде 195 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайта алады. Оның жалпы құны – 260 миллион доллар. Қырғыз елінің де Қазақстанға шығаратын өнімдері аз емес», деді Мемлекет басшысы. Бұл орайда қолда бар мүмкіндікті барынша пайдалану, әсіресе, Үкіметаралық кеңес пен Аймақаралық форумның жұмысын жандандыру, шекарада салынып жатқан Сауда-логистикалық индустриялық кешенді тез арада іске қосу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілген.
Бұдан бөлек, келіссөздер барысында агроөнеркәсіп секторындағы мүмкіндіктер жан-жақты талқыланды.
– Былтыр екі мемлекеттің осы саладағы тауар айналымы 10 пайызға артып, 300 миллион долларға жетті. Біздің елдеріміз үшін өнім көлемін ұлғайту, бірлескен кәсіпорындар ашу, ғылыми-зерттеу институттары арасында байланыс орнату өте маңызды. Осы орайда екі елдің Үкіметіне Жол картасын қабылдау туралы тапсырма берілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президенттің айтуынша, қазақ инвесторлары қырғыз экономикасының маңызды секторларын дамытуға үлес қосып келеді. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қазақстан кәсіпкерлерінің қаржысына Ыстықкөл облысында күн энергиясы стансасын салу жоспарланғанын, сондай-ақ Жалал-Абад облысында ферроқорытпа зауытын салу жөнінде келіссөз жүріп жатқанын мысалға келтірді.
Алыс-берісті жандандыру – маңызды міндет
«Бірлескен кәсіпорындар тиімді жұмыс істеу үшін қолайлы жағдай жасауға келістік. Осы орайда бүгін Өзара инвестицияларды қорғау жөнінде келісімге қол қойылды. Оған өздеріңіз куә болдыңыздар. Сондай-ақ электронды үкімет жүйесін енгізуге және дамытуға уағдаластық. Экономиканы цифрландыру үшін тәжірибе алмасу және ақпарат саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы келістік. Екі ел арасындағы алыс-берісті жандандыру – маңызды міндеттің бірі. Осы орайда шекара арқылы жүк өткізу мүмкіндігін арттыру және оны рәсімдеуді жетілдіру үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Мысалы, еліміз «Қарасу», «Бесағаш», «Аухатты», «Сартөбе» «Айша бибі», «Сыпатай батыр», «Кеген» бекеттерін жаңғыртуға кірісті. Осы бекеттердің бәрінде цифрлық технология енгізіледі. Бұл ауқымды жұмысты 2028 жылға дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев, су-энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестіру маңыздылығына да ерекше тоқталды.
– Кейінгі жылдары трансшекаралық су ресурстарын тиімді әрі әділ пайдаланудың өзектілігі арта түсті. Осы орайда өзара үйлесімді жұмысты жалғастырамыз деп келістік. Бұл бағыттағы түйткілдерді тезірек шешу үшін бірлескен шаралар қабылдау қажет. Сондықтан мемлекетаралық су шаруашылығы құрылымдарының жұмыс кестесін жақын арада бекітуге және оны уақтылы орындауға уағдаластық. Қазақстан барлық міндеттемені толық орындауға және маңызды жобаларды бірлесе іске асыруға дайын, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, жоғары мемлекетаралық кеңес барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарға да баса мән берілген. Осы күндері Астанада өтіп жатқан мәдени шаралар ортақ рухани құндылықтарымызды одан әрі байыта түсері сөзсіз.
– Бауырлас екі елді жақындастыратын құндылықтардың тамыры тереңде жатыр. Халықтарымыздың тарихи, мәдени және рухани бастауы да – ортақ. Жамбыл мен Тоқтағұлдың, Кенен мен Османқұлдың шынайы достығы қазақ пен қырғыз қатынасын нығайта түсті. Қырғыз даласында туып, екі елге бірдей еңбегі сіңген азаматтар аз емес. Қазақ қаламгерлері «Адамзаттың Айтматовы» деп атап кеткен заңғар жазушының шығармасын оқымаған адам кемде-кем. Толомуш Өкеев, Болот Шамшиев, Сүйменқұл Чокморов сынды қырғыз киносының көрнекті өкілдері Мұхтар Әуезовтің туындыларын экранға шығаруға елеулі үлес қосты. Қырғыз мемлекеттілігінің негізін қалауға зор еңбек сіңірген Абдыкерим Сыдықов, Қасым Тыныстанов сынды тұлғалар Алаш идеясына адал болды. Әлемдегі ең көлемді эпос ретінде танылған «Манас» жыры – күллі түркі жұртының құнды қазынасы. Манас – бауырлас қырғыз халқының берекелі бірлігінің символы. Өздеріңізге мәлім, осыдан үш жыл бұрын Бішкекте Абайдың, ал Астанада Манас пен Шыңғыс Айтматовтың ескерткіштерін орнату туралы мәмілеге келдік. Осыған орай бүгін Елорда төрінде әйгілі Манасқа арналған ескерткіш ашылады. Ортақ тарихымызға құрмет көрсетіп, Қырғыз Республикасының мәдени мұрасын паш еткені үшін Садыр Нургожоевичке және барша қырғыз халқына ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, екі елдің мәдени-гуманитарлық, туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастығы табысты жүзеге асып келеді. Атап айтқанда, Бішкекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы, Ош қаласында Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бөлімшесі жұмыс істей бастады. Бұдан бөлек, Қазақстан Үкіметі қырғыз студенттері үшін 50 грант бөліп отыр. Мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту үшін жыл сайын екі ел зиялыларының форумы да тұрақты өтіп келеді.
Жеті құжатқа қол қойылды
Сондай-ақ Мемлекет басшысы екі елдің халықаралық түйткілді мәселелерге қатысты ұстанымдары ортақ екенін атап өтіп, келіссөз барысында Орталық Азиядағы ықпалдастықты тереңдетуге назар аударылғанын жеткізіп:
– Биыл Астанада өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті 6-шы Консультативтік кездесуіне белсене атсалысуға уағдаластық. Қазақстанның бірқатар халықаралық ұйымның төрағасы ретінде көтерген бастамаларын қолдағаны үшін қырғыз бауырларға ризашылық білдіреміз. Бүгінгі сапар екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетіні анық, – деді.
Өз кезегінде Садыр Жапаров Астанаға ресми сапармен келуге шақырып, қырғыз делегациясына көрсетіліп жатқан меймандостық сый-құрметі үшін алғыс айтты. Қырғыз Президенті бүгінгі кездесу екі мемлекет арасындағы одақтастық және стратегиялық серіктестікті мүлдем жаңа деңгейге шығаруға әрі оның мазмұнын байытуға ықпал ететініне сенім білдірді.
– Біз құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлымен бірге саяси-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық мәселелерді кеңінен талқыладық. Жоғары мемлекетаралық кеңестің кезекті жиынын өткізіп, өзара серіктестігімізді нығайтуға және күн тәртібіндегі мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік. Бүгінгі келіссөздердің нәтижесінде екі елдің түпкі мүдделеріне сай келетін одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту жөніндегі келісімге қол қойдық. Экономика, сауда, инвестиция және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастығымызды одан әрі өркендету, көлік және коммуникация, цифрландыру бағыттарында бірлескен жобаларды іске асыру, аймақтағы су-энергетика ресурстарын бірлесе тиімді пайдалану мәселелерін қарастырдық, – деді Садыр Жапаров.
Қырғыз елінің басшысы Астанаға ресми сапары қарсаңында өткен Қазақстан-Қырғызстан бизнес-форумы шеңберінде, сондай-ақ былтыр Таразда өткен қос мемлекеттің Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында іскерлік байланыстар нығайып, маңызды инвестициялық келісімдер жасалғанын айтты. Сонымен қатар келесі Өңіраралық ынтымақтастық форумы биыл Қырғыз жерінде өтетінін жеткізді.
Мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесінен кейін екіжақты келіссөздің, сондай-ақ Қазақстан мен Қырғыз Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесі алтыншы отырысының қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды.
1.Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шарт;
Қазақстан Республикасының және Қырғыз Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесінің алтыншы отырысының шешімі; Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім; 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттама; Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы Жеке деректерді қорғау жөніндегі мемлекеттік агенттігі арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум; Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы Мемлекеттік сәулет, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігі арасындағы Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум; Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасында автомобиль өткізу пункттерін дамыту жөніндегі 2024-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары (Жол картасы).
Манас жыры – тұтас түркі жұртының қазынасы
Түстен кейін Қазақстан мен Қырғыз Республикасының президенттері Астанадағы Айкөл Манас ескерткішінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Мемлекет басшысы шарада сөйлеген сөзінде елордада мұндай еңселі ескерткіштің бой көтеруі, ең алдымен, қазақ халқының қырғыз ағайынға деген риясыз құрметінің белгісі екенін атап өтіп: «Екі жыл бұрын Бішкекте ұлы Абайдың ескерткіші ашылғанын білесіздер. Мен сол іс-шараға арнайы барып қатыстым. Мұндай игі бастамалар екі елдің достық байланысын нығайта түсері сөзсіз», деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев мыңжылдық тарихы бар Манас жырын барша адамзат руханиятында өзіндік орны бар бірегей мұра ретінде атап өтіп, оны тек қырғыз халқының ғана емес, тұтас түркі жұртының баға жетпес қазынасы деген бағасын берді. – Әйгілі жырдың заман сынағынан аман өтіп, бүгінгі күнге жетуіне қазақ ғалымдары зор үлес қосқан. Осы орайда Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сияқты біртуар тұлғаларды атап өтуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен бірге Қазақстан Президенті екі елдің мәдени мұраларының тамыры бір екеніне назар аударып, қазақ пен қырғыздың әйгілі тұлғалары қай кезде де өзара тілектес, ниеттес болғанына тоқталды. Мемлекет басшысы еліміздегі су тасқынына қарсы күресте көмек қолын созған барша қырғыз жұртына қазақ елінің атынан тағы да зор ризашылығын білдірді.
– Бас қаламызда бой көтерген осы сәулет туындысы түбі бір түркі жұртының бірлігін көрсетеді. Бұл – Манасқа ғана емес, қазақ пен қырғыздың мәңгілік бауырластығына қойылған ескерткіш. Мен екі елдің достығы ешқашан мызғымайды деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров та Манас жыры қырғыз халқының тарихи және рухани мұрасына айналғанын атап өтіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткеніне тоқталды.
– Дүниежүзілік ауыз әдебиетінің ең ұлы туындысы болған Манас эпосын зерттеуде қазақ халқының біртуар тұлғаларының қосқан үлесі зор екенін айту – тарихи әділеттілік. Бұл орайда талантты зерттеуші Шоқан Уәлиханов Манас эпосына қызығып, қағаз бетіне түсіріп, ғылыми айналымға енгізді. Сондай-ақ ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің Манас туралы алғашқы монографиялық еңбек жазғаны қазақ-қырғыз арасында кеңінен мәлім. Сондықтан бүгін Қырғызстан мен Қазақстан қарым-қатынасындағы тарихи күн. Айкөл Манас ескерткішінің қазақ жерінде ашылуы екі елдің бауырластығын тағы бір мәрте дәлелдеді, – деді Қырғыз басшысы. Сондай-ақ Садыр Жапаров та барша қырғыз елінің атынан Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Айкөл Манас ескерткішін ашуға үлес қосқан азаматтарға ризашылығын білдірді.
Салтанатты іс-шараға Қырғызстанның ресми делегация мүшелері және екі елдің зиялы қауым өкілдері қатысты.