Еңбегінен ел күткендей нәтиже шығарғысы келген шынайы шығармашыл адам, таңдаған тақырыбына терең үңіліп, жүрегінен өткізеді. Сезініп барып, іске кіріскен шығарманың да ғұмыры ұзақ болмақ. Әйгілі суретші Илья Репин «Волгадағы бурлактар» дей-тұғын картинасын жазбас бұрын, бір топ суретшілер Еділ жағасына барып, бурлактардың өмірімен етене танысқан. Бұл полотно көпшілікке таныс.
Иә, картинаны шынайы болу үшін И.Репин ағасы Василий және суретшілер Федор Васильев, Евгений Макаровтармен бірге Еділ жағасында бірнеше эскиз жазған. Әр кейіпкермен жекелей танысып, жан дүниесін түсінуге тырысқан. Картинаға үңілсеңіз, он бір кейіпкер бар күштерін салып, ауыр кемені жағаға қарай сүйреп келеді. Айта кетейік, бурлак деп отырғанымыз – жұмысшылар. Ресей мен КСРО-да бурлак кәсібі ХХ ғасырдың басына дейін болса, Еуропада бурлактар ХХ ғасырдың ортасында болған деседі.
Суретте жұмысқа күштеп жегілген адамдарға ұқсайды. Шындығында, ақша үшін, отбасын асырау үшін өз еріктерімен жұмыс істеп жүрген ер адамдар. Басқа кәсіпке жарамаған соң да ауыр жұмысқа келген. Алайда И.Репин Ресейде техниканың дамып келе жатқан уақытында адамдардың тым ауыр жұмыс істеп жүргендеріне көңілі толмаған. Кемені пароходпен де сүйреуге болар еді деп, ойын ашық айтқан. Отызға да толмаған жас суретшінің айтқанын кім тыңдасын? Бірақ И.Репин қылқаламның құдіретімен әбден қиналған жұмысшылардың бейнесін ашып беруге тырысқан.
Репин композицияны барлық бурлактар көретіндей етіп жасаған. Олардың әрқайсысының келбеттері бір-біріне ұқсамайды, айрықша белгілері бар. Мінез-құлықтарына дейін бейнелеген. Үңіле қарасаңыз, біреуі еріншектене еріп келеді, қинала сүйрегеннің орнына темекісін тұтатқан. Алдыңғы қатардағы үшеуі қинала сүйреп келеді. Әбден шаршап-шалдыққандары түрлерінен көрініп тұр. Көздерінде мұң бар. Енді бірі маңдайындағы терін сүртіп келе жатса, жанындағысы тым жайбарақат, алаңсыз. Көппен бірге ілесіп келе жатқандай. Өмірдің ағыны секілді. Бірі нәпақасын қиналып тапса, енді бірі ауырдың үсті, жеңілдің астымен-ақ жүріп, пайда көреді. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегендей, топтың соңындағы бурлактар тіптен қиналып кеткен. Біреуінің бас көтеруге шамасы келмей қалған. Киімдері жұтаң, лас. Кейіпкерлердің кейіп-кеспірлері де жүдеңкі. Біреуі ғана саптама етік киген. Тегі, кезінде әскери адам болса керек.
Айтқандай, суретші картинадағы әр кейіпкермен жақын танысып, біліскен. Топтың ең басында тұрған сақалды поп – Канин. Көзқарасынан байсалдылықтың белгісі байқалады. Суретші сол арқылы көрерменге жұмысшылардың ішкі әлемін көрсеткісі келген. Оның дәл қасындағы теңізші көрерменге жеккөрінішті көзбен қарап тұр. И.Репин онымен әңгіме-дүкен құрғанда өмірге көңілі толмайтынын айтыпты. Әр нәрседен кемшілік көріп жүретін адамға ұқсайды. Каниннің оң жағындағы қара сақалды мұжық мықты адам. Мінезі де салмақты. Суретшінің айтқан деректеріне сүйенсек, ол Нижний Новгородтан келген жауынгер жігіт екен. Жұдырықтасуда алдына жан салмайды деседі. Алайда өздігінен ешкімге соқтықпайды. Сондай-ақ, топта иыққа байланған арқанды өзінен алып тастауға тырысып баққан ауыл баласы көзге түседі... Барлығының мақсаты бір болғанымен, әркімнің тағдыры сан түрлі. Суретшінің шеберлігі де сол, кейіпкерлерді бір-біріне ұқсастырмаған.
Ал полотноның орындалу техникасын И.Репиннің сол кездегі әріптестері де жоғары бағалаған. Суретші бұл картинаны екі рет жазған. Бірақ бірінші нұсқасы сақталмаған. Картина 1873 жылы толығымен аяқталып, наурызда Санкт-Петербургтегі академиялық көрмеге қойылды. Академиялық бағытты бірқатар сын-ескертпелер айтылғанымен, өнер академиясы Репиннің картинасына «Виже-Лебрен» атындағы алтын медаль берді. Сол жылы картина Венадағы дүниежүзілік көрмеге жіберілді. Ол жақта әйгілі картина қола медаль жеңіп алған. Сонда неміс суретшісі және өнертанушысы Фридрих Пехт «Волгадағы бурлактар» картинасын көрмедегі ең сәтті картина деп баға берген. Суретті князь Владимир Александрович 3 000 сомға сатып алып, Владимир сарайының бильярд бөлмесіне іліп қойған. Полотно тек 1918 жылы ғана мемлекеттік орыс мұражайына берілген.