Табиғаттың тылсым құдіреті ме, биыл бұлақтар өзен болып тасып, көлшіктер көлге айналды. Сулы алқаптардың құстары шуласып, балығы туласып қалды. Сонау Зайсан көлінің жағасындағы Ақсуат ауылына жете берістегі жазыққа жайылған суға аққу қонып, елі аң-таң.
Кенжебай көлін жағалап барып, белден асқандағы шалғынды жазықта бұрын-соңды мұншалықты су болмаған көрінеді. Биыл айнадай көл жатыр. Орта тұстағы қамыс-қамыстың арасы шулаған құс. Жағасындағы жазирада қаңқылдаған қаздары қойдай жайылып жүр. Үйректері төбеңнен тобымен ұшады. Одан бөлек ләйлек, аққұтан секілді құстар қонған. Бір қызығы, жан баласынан үрікпейді. Ал ауылға таяу беттегі айдында жұп-жұбымен аққулар жүзіп жүр. Қанаттарымен суды сабалай келіп қонып жатқандары қаншама? Жергілікті жұрт бұрындары бір жұп аққу көрсек көрдік, әйтпесе ол да жоқ болатын дейді. Биыл құстың көбеюін үлкендер жақсылыққа балап отыр. Рас, қай құс болсын, жұмыртқасын жайлы әрі тыныш жерге салады.
Көз алдымызда жүзіп жүргендерін санап көріп едік, 12 аққу екен. Жұп-жұбымен көл бетінде тербеліп жүр. Әлемде аққудың жеті түрі болса, елімізде оның екі-ақ түрі мекендейді: сыбырлақ және сұңқылдақ аққу. Құстың сырын білетіндердің айтуынша, Ақсуаттың маңайына қонып жатқандары сыбырлақ аққулар. Қандай болса да, көл бетін көрікті етіп жүзеді. Әдемі көрініс. Арғы жағынан асқарын қар басқан Алтай тауының күнгей жағы мұнартады. Желке тұсымызда Сауыр-Сайқанның сілемдері көрінеді. Ну қамыстың арасына жұптасып жұмыртқа салған аққулар күзге дейін осы маңның көркі болады.
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы